Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі қазыналық кәсіпорындарының басшыларына сыйлықақы беру, лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу және материалдық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2018 жылғы 6 қыркүйектегі № 616 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 27 қыркүйекте № 17438 болып тіркелді.

Жаңартылған

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 16.07.2019 № 547 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі қазыналық кәсіпорындарының басшыларына сыйлықақы беру, лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу және материалдық көмек көрсету қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 16.07.2019 № 547 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Экономика және қаржы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықтың көшірмесін мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қағаз және электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерінің эталондық бақылау банкiнде ресми жариялау және оған енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты алғашқы жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі
Н. Ермекбаев

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2018 жылғы 6 қыркүйектегі
№ 616 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі қазыналық кәсіпорындарының басшыларына сыйлықақы беру, лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу және материалдық көмек көрсету қағидалары

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 16.07.2019 № 547 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі қазыналық кәсіпорындарының басшыларына сыйлықақы беру, лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу және материалдық көмек көрсету қағидалары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі қазыналық кәсіпорындарының (бұдан әрі - кәсіпорын) басшыларына сыйлықақы беру, лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу және материалдық көмек көрсету тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 16.07.2019 № 547 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Сыйлықақы беру және лауазымдық айлықақыларға ынталандыру үстемеақыларын белгілеу шарттары

      Ескерту. 2-тарау тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 16.07.2019 № 547 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Кәсіпорын басшысын көтермелеу және жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында мынадай жағдайларда сыйлықақы беруге жол беріледі:

      1) оның жарғысына сәйкес кәсіпорынға жүктелген функцияларды тиісті түрде орындағаны үшін;

      2) мерейтой және мереке күндеріне.

      3. Сыйлықақы беруге жол берілмейді:

      1) алынбаған тәртіптік жазасы бар болған кезде;

      2) оқиға болған күні кәсіпорында бір айдан аз жұмыс істегендерге;

      3) өткен кезеңде залал болған кезде.

      4. Лауазымдық айлықақыларға ынталандыру үстемеақылары басшылар жұмысының нәтижелері бойынша мынадай жағдайларда белгіленеді:

      1) өткен кезеңде кәсіпорынның табысқа қол жеткізгені үшін;

      2) тиісті кезенге арналған кәсіпорынды дамыту жоспары шеңберінде мемлекеттік тапсырыс пен міндеттемелерді уақтылы орындағаны үшін.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 16.07.2019 № 547 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Сыйлықақы беру және лауазымдық айлықақыларға ынталандыру үстемеақылары Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі оң шешім қабылдаған кезде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 16.07.2019 № 547 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

3-тарау. Материалдық көмек көрсету тәртібі

      6. Кәсіпорынның басшыларына материалдық көмек көрсетуге оның ауыр материалдық жағдайына байланысты, атап айтқанда мынадай жағдайларда жол беріледі:

      1) оның отбасы мүшелері, жақын туыстары (ерлі-зайыптылар), ата-аналары, балалары, асыраушылары, асырап алынғандары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), аталары, әжелерi, немерелерi) немесе жекжаттары (ерлі-зайыптылардың) аға-інілері, апа-сіңлілері, ата-аналары мен балалары) қайтыс болғанда – жеті базалық лауазымдық айлықақыдан аспайтын мөлшерде;

      2) алып тасталды – ҚР Қорғаныс министрінің 26.11.2020 № 662 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3) оған қатысты құқыққа сыйымсыз іс-қимылдардың жасалуы (тонау, ұрлық және басқалар), сондай-ақ табиғи зілзала (өрт, су тасқыны, жер сілкінісі және басқалар) салдарынан мүліктік залал келтірілгенде – бес базалық лауазымдық айлықақыдан аспайтын мөлшерде;

      4) некеге тұрғанда – төрт базалық лауазымдық айлықақыдан аспайтын мөлшерде;

      5) баласы туғанда, ұл немесе қыз бала асырап алғанда – төрт базалық лауазымдық айлықақыдан аспайтын мөлшерде (әрбір балаға);

      6) зейнеткерлікке шыққанда – бір лауазымдық айлықақы мөлшерінде.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қорғаныс министрінің 26.11.2020 № 662 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Материалдық көмек еркін нысанда жасалған өтініш негізінде көрсетіледі. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1) оның отбасы мүшелері, жақын туыстары (ерлі-зайыптылар), ата-аналары, балалары, асыраушылары, асырап алынғандары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), аталары, әжелерi, немерелерi) немесе жекжаттары (ерлі-зайыптылардың) аға-інілері, апа-сіңлілері, ата-аналары мен балалары) қайтыс болған жағдайда:

      Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      оның отбасы мүшелерінің, жақын туыстарының (ерлі-зайыптылардың), ата-аналарының, балаларының, асыраушыларының, асырап алынғандарының, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілерінің (қарындастарының), аталарының, әжелерiнің, немерелерiнің) немесе жекжаттарының (ерлі-зайыптылар) аға-інілерінің, апа-сіңлілерінің, ата-аналары мен балаларының) қайтыс болғанын растайтын құжаттардың көшірмелері;

      қайтыс болған адаммен туыстығын растайтын құжаттардың көшірмелері;

      2) алып тасталды – ҚР Қорғаныс министрінің 26.11.2020 № 662 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3) оған қатысты құқыққа сыйымсыз іс-қимылдар (тонау, ұрлық және басқалар) жасалу салдарынан мүліктік зиян келтірілген жағдайда:

      Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      оны жәбірленуші ретінде тану туралы қаулының көшірмесі;

      табиғи зілзала (өрт, су тасқыны, жер сілкінісі және басқалар) салдарынан мүліктік зиян келтірілген жағдайда:

      Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      мүліктік зиян келтірілгенін растайтын Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарынан құжаттардың көшірмелері;

      4) некеге тұрған кезде:

      ерлі-зайыптылардың Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      некеге тұру туралы куәліктің көшірмесі;

      5) бала туғанда, ұл немесе қыз бала асырап алған кезде:

      Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      баланың (балалардың) туу туралы куәлігінің көшірмесі;

      ұл немесе қыз баланы (балаларды) асырап алғанын растайтын құжаттардың көшірмелері;

      6) зейнеткерлікке шыққан кезде:

      Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      зейнеткерлік жасқа толуына байланысты қызметтен шығару туралы бұйрықтан үзінді.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қорғаныс министрінің 26.11.2020 № 662 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

4-тарау. Сыйлықақы беру, лауазымдық айлықақыларға ынталандыру үстемеақыларын белгілеу және материалдық көмек көрсету тәртібі

      Ескерту. Қағида 4-тараумен толықтырылды – ҚР Қорғаныс министрінің 16.07.2019 № 547 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Сыйлықақы беру, лауазымдық айлықақыларға ынталандыру үстемеақыларын белгілеу және материалдық көмек көрсету шығыстардың мынадай түрлері бойынша үнемдеу есебінен жүзеге асырылады:

      1) жыл ішінде даму жоспары бойынша үнемделген қаражаттың жалпы көлемінің 30 %-інен асырмай, ал желтоқсанда - бір жылда үнемделген қаражаттың толық көлемінде шығыстардың мынадай түрлері бойынша:

      іссапар шығыстары;

      коммуналдық көрсетілетін қызметтер;

      электр энергиясы;

      жылу;

      байланыстың көрсетілетін қызметтері;

      көліктік көрсетілетін қызметтер;

      негізгі құралдарды ағымдағы жөндеу;

      негізгі құралдар бойынша жалға алу ақысы;

      кредиттер бойынша сыйақыларды (мүдделерді) төлеу бойынша шығыстар;

      басқа да ағымдағы шығыстар;

      2) даму жоспары бойынша үнемделген қаражаттың толық көлемінде шығыстардың мынадай түрлері бойынша:

      жалақы;

      салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер.

      9. Шығыстардың қалған түрлері бойынша даму жоспары бойынша үнемделген қаражатты сыйлықақы беруге, лауазымдық айлықақыларға ынталандыру үстемеақыларын белгілеуге және материалдық көмек көрсетуге жұмсауға жол берілмейді.