Кандидатура алып тасталған, кандидат етіп ұсыну туралы шешімнің күші жойылған, кандидаттарды, партиялық тізімдерді тіркеу туралы шешімнің күші жойылған жағдайларда сайлау бюллетеньдеріне өзгерістер енгізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2018 жылғы 19 қыркүйектегі № 16/209 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2018 жылғы 22 қыркүйекте № 17404 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық Заңының 12-бабы 6-2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Кандидатура алып тасталған, кандидат етіп ұсыну туралы шешімнің күші жойылған, кандидаттарды, партиялық тізімдерді тіркеу туралы шешімнің күші жойылған жағдайларда сайлау бюллетеньдеріне өзгерістер енгізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының ұйымдастырушылық-құқықтық қамтамасыз ету бөлімі:

      1) осы қаулының Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулының Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы қаулының ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
Төрағасы міндетін атқарушы
К. Петров
      Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау
комиссиясының хатшысы
С. Мұстафина

  Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
2018 жылғы 19 қыркүйектегі
№ 16/209 қаулысымен бекітілген

Кандидатура алып тасталған, кандидат етіп ұсыну туралы шешімнің күші жойылған, кандидаттарды, партиялық тізімдерді тіркеу туралы шешімнің күші жойылған жағдайларда сайлау бюллетеньдеріне өзгерістер енгізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Кандидатура алып тасталған, кандидат етіп ұсыну туралы шешімнің күші жойылған, кандидаттарды, партиялық тізімдерді тіркеу туралы шешімнің күші жойылған жағдайларда сайлау бюллетеньдеріне өзгерістер енгізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық Заңының (бұдан әрі – Конституциялық заң) 12-бабы 6-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және кандидатура алып тасталған, кандидат етіп ұсыну туралы шешімнің күші жойылған, кандидаттарды, партиялық тізімдерді тіркеу туралы шешімнің күші жойылған жағдайларда сайлау бюллетеньдеріне өзгерістер енгізу тәртібін айқындайды.

      2. Сайлау бюллетеньдеріне өзгерістер енгізу олар әзірленіп және сайлау учаскелеріне жеткізілгеннен кейін жүргізіледі.

2-тарау. Сайлау бюллетеньдеріне өзгерістер енгізу тәртібі

      3. Сайлау бюллетеньдеріне олар әзірленгеннен кейін өзгерістер енгізу туралы шешімді:

      1) Президентті, Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау кезінде –Орталық сайлау комиссиясы;

      2) Парламент Сенатының депутаттарын сайлау кезінде - облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың сайлау комиссиясы;

      3) мәслихат депутаттарын сайлау кезінде - партиялық тізімді тіркеген аумақтық сайлау комиссиясы;

      4) аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін, өзге жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлау кезінде аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) сайлау комиссиясы қабылдайды.

      Сайлау бюллетеньдеріне өзгерістер енгізу туралы шешім жоғары тұрған сайлау комиссиясына жіберіледі.

      4. Егер Конституциялық Заңда белгіленген тәртіппен кандидат өз кандидатурасын алып тастаса немесе республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы кандидатты ұсыну туралы өз шешімінің күшін жойса немесе Орталық сайлау комиссиясы кандидатты тіркеудің күшін жою туралы шешім қабылдаса, Президент сайлауы бойынша дауыс беруге арналған сайлау бюллетенінен кандидаттың тегі, аты және әкесінің аты алып тасталады.

      5. Егер Конституциялық Заңда белгіленген тәртіппен кандидат өз кандидатурасын алып тастаса немесе кандидатты ұсынған мәслихат (мәслихаттар) кандидатты ұсыну туралы өз шешімінің күшін жойса не облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың сайлау комиссиясы кандидатты тіркеудің күшін жою туралы шешім қабылдаса, Парламент Сенатының депутаттарын сайлау бойынша дауыс беруге арналған сайлау бюллетенінен кандидаттың тегі, аты және әкесінің аты алып тасталады.

      6. Егер Конституциялық Заңда белгіленген тәртіппен Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімді тіркеудің күшін жою туралы шешім қабылдаса, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша дауыс беруге арналған сайлау бюллетенінен саяси партияның атауы алып тасталады.

      Егер Конституциялық Заңда белгіленген тәртіппен Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі кандидатураны кері қайтарып алса не Орталық сайлау комиссиясы кандидатты тіркеудің күшін жою туралы шешім қабылдаса, Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша дауыс беруге арналған сайлау бюллетенінен Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидаттың тегі, аты және әкесінің аты (болған кезде) алып тасталады.

      7. Егер Конституциялық Заңда белгіленген тәртіппен тиісті аумақтық сайлау комиссиясы партиялық тізімді тіркеудің күшін жою туралы шешім қабылдаса, мәслихат депутаттарын сайлау бойынша дауыс беруге арналған сайлау бюллетенінен саяси партияның атауы алып тасталады.

      8. Егер "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен әкімдікке кандидат өз кандидатурасын алып тастаса немесе кандидатты ұсынған ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі кандидатты ұсыну туралы өз шешімінің күшін жойса не аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) сайлау комиссиясы кандидатты тіркеудің күшін жою туралы шешім қабылдаса, аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) сайлау комиссиясы аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін сайлау бойынша дауыс беруге арналған сайлау бюллетенінен кандидаттың тегі, аты және әкесінің аты (болған кезде) алып тасталады.

      9. Сайлау бюллетеньдеріне өзгерістер енгізуді учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы айқындаған учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері жүзеге асырады.

      10. Осы қағидалардың 3-тармағында көрсетілген шешімді қабылдау кезінде учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері көк түсті сиялы шарикті қаламмен саяси партияның атауын немесе кандидаттың тегін, атын, әкесінің атын (болған кезде) және олардың оң жағында орналасқан шаршыны сызып тастайды және сызып тасталған саяси партия атауының не кандидаттың тегін, атын, әкесінің атын (болған кезде) және шаршының оң жағына өз қолын, тегін және аты-жөнінің бірінші әріптерін кояды. Сызу сызықтары (сызығы) тік болуы керек және саяси партия не кандидат туралы деректердің әр жолының бойымен және шаршы арқылы жүргізілуі тиіс.

      Сайлау бюллетеньдеріне өзгерістер дауыс беру күнінен кешіктірмей енгізіледі.