Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервтері және зиянды өтеу резерві есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін және "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамының комиссиялық сыйақыны алу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы № 199 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 20 қыркүйекте № 17396 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің БасқармасыҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Мыналар:

      1) Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервтері және зиянды өтеу резерві есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес;

      2) Комиссиялық сыйақыны алу қағидалары осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Банктік емес қаржы ұйымдарын реттеу департаменті (Көшербаева А.М.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ж.Б. Құрмановқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2018 жылғы 27 тамыздағы
№ 199 қаулысына
1-қосымша

Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервтері және зиянды өтеу резерві есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі

      1. Осы "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Қор) сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервтері және зиянды өтеу резерві есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы" 2003 жылғы 3 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервтері және зиянды өтеу резерві есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін белгілейді.

      2. Қор "жалпы сақтандыру" саласы бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервінің, "өмірді сақтандыру" саласы бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервінің, зиянды өтеу резервінің (бұдан әрі –резервтер) қаражатын мынадай қаржы құралдарына орналастырады:

      1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіндегі салымдар;

      2) мынадай талаптардың біріне сәйкес келетін:

      күмәнді борыштар бойынша резервтерді шегергенде негізгі борыш және есептелген сыйақы сомаларын ескере отырып, Standard & Рооr's агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВ-"-тен төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі немесе Standard & Рооr's ұлттық шкаласы бойынша "kzВВ"-ден төмен емес рейтингтік бағасы немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің ұлттық шкаласы бойынша ұқсас деңгейдегі рейтингі бар;

      күмәнді борыштар бойынша резервтерді шегергенде негізгі борыш және есептелген сыйақы сомаларын ескере отырып, олардың бас банк-бейрезиденттерінің Standard & Рооr's агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "А-"-дан төмен емес шетел валютасында ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі бар немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар еншілес банктер-резиденттер болып табылатын Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған салымдары;

      3) күмәнді борыштар бойынша резервті шегергенде негізгі борыш және есептелген сыйақы сомаларын ескере отырып, Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің заңнамасына сәйкес шығарылған, Standard & Рооr's агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВ-"-тен төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас рейтингі немесе Standard & Рооr's ұлттық шкаласы бойынша "kzВВ"-ден төмен емес рейтингтік бағасы немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің ұлттық шкаласы бойынша осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар Қазақстан Республикасы заңды тұлғаларының (олардың эмитентінің) борыштық бағалы қағаздары;

      4) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған Қазақстан Республикасының мемлекеттік (басқа мемлекеттердің заңнамаларына сәйкес шығарылғандарды қоса алғанда) бағалы қағаздары, акцияларының жүз пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес жеке тұлғалардың ипотекалық қарыздарын сатып алуды жүзеге асыратын заңды тұлғалар шығарған бағалы қағаздар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің кепілдігімен шығарылған бағалы қағаздар;

      5) күмәнді борыштар бойынша резервтерді шегергенде негізгі борыш және есептелген сыйақы сомаларын ескере отырып, қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын қор биржасының ресми тізіміне енгізілген, Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары шығарған борыштық бағалы қағаздар;

      6) шет мемлекеттердің орталық үкіметтері шығарған, күмәнді борыштар бойынша резервті шегергенде, Standard & Рооr's агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВВ-"-ден төмен емес тәуелсіз рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар мемлекеттік мәртебесі бар бағалы қағаздар.

      Standard & Poor's агенттігінің рейтингтік бағаларынан басқа, қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті орган Moody's Investors Service және Fitch агенттіктерінің, сондай-ақ олардың еншілес рейтингтік ұйымдарының рейтингтік бағаларын да таниды.

      Осы тармақтың 1), 2) 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген қаржы құралдарына резервтерді барлық орналастыру көлемі резервтердің кемінде 80 (сексен) пайызын құрайды.

      3. Қаржы құралдарына резервтерді барлық орналастыру көлемі мынадай мәндерден аспайды:

      1) Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВ-"-тен төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар немесе оның бас банк-бейрезидентінің Standard & Рооr's агенттігінің "А-"-дан төмен емес шетел валютасында ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар еншілес банк-резидент болып табылатын екінші деңгейдегі бір банкте және осы банктің үлестес тұлғаларында салымдарға, ақшаға (күмәнді борыштар бойынша резервтерді шегергенде) және бағалы қағаздарға ("кері репо" операцияларын есепке алғанда) – резервтер мөлшерінің 20 (жиырма) пайызынан аспайды;

      2) Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларының (Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерін қоспағанда) және осы заңды тұлғаның үлестес тұлғаларының борыштық бағалы қағаздарына ("кері репо" операцияларын есепке алғанда) – резервтер мөлшерінің 20 (жиырма) пайызынан аспайды;

      3) күмәнді борыштар бойынша резервтерді шегергенде, шет мемлекеттердің орталық үкіметтері шығарған, мемлекеттік мәртебесі бар бағалы қағаздарға ("кері репо" операцияларын есепке алғанда) – резервтердің 10 (он) пайызынан аспайды;

      4) резервтердің қатысуымен жасалатын "кері репо" мәмілелері - резервтердің 10 (он) пайызынан аспайды;

      5) борыштық бағалы қағаздарға – бір эмиссияның борыштық бағалы қағаздарының жалпы көлемінің 25 (жиырма бес) пайызынан аспайды.

      "Кері репо" мәмілелері резервтер есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарымен 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімге автоматты тәсілмен жасалады.

      Резервтерді жиынтық орналастыру бойынша талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарына, акцияларының жүз пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес жеке тұлғалардың ипотекалық қарыздарын сатып алуды жүзеге асыратын заңды тұлға шығарған борыштық бағалы қағаздарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің кепілдігімен шығарылған бағалы қағаздарға қолданылмайды.

      4. Резервтер есебінен сатып алынатын қаржы құралдары мынадай мәндер шегінде ұлттық және шетел валюталарында орналастырылады:

      1) шетел валютасындағы қаржы құралдары – резервтердің 20 (жиырма) пайызынан аспайды;

      2) ұлттық валютадағы қаржы құралдары – резервтердің кемінде 80 (сексен) пайызынан және 100 (жүз) пайызынан аспайды.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2018 жылғы 27 тамыздағы
№ 199 қаулысына
2-қосымша

Комиссиялық сыйақыны алу қағидалары

      1. Осы Комиссиялық сыйақыны алу қағидалары (бұдан әрі –Қағидалар) "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы" 2003 жылғы 3 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және резервтерді инвестициялаудан алынған инвестициялық кірістің есебінен "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Қор) комиссиялық сыйақыны алу тәртібін белгілейді.

      2. Қор жыл сайынғы аудиттің нәтижесі бойынша комиссиялық сыйақы алады, оның шекті мөлшері резервтерді инвестициялаудан алынған инвестициялық кірістің 7,5 (жеті жарым) пайызынан жоғары болмауға тиіс.

      3. Инвестициялық кірістен түскен комиссиялық сыйақы нақты кірістілік пен инфляция деңгейінің арасындағы айырманың Қағидалардың 2-тармағында белгіленген мөлшерінде Қордың ағымдағы шотына аударылуға тиіс.

      4. Комиссиялық сыйақыны алу нақты кірістілік пен инфляция деңгейінің арасындағы айырма өткен қаржы жылы ішінде оң болған жағдайда жүзеге асырылады.

      5. Егер резервтерді инвестициялау нәтижесінде теріс инвестициялық кіріс қалыптасса, Қор инвестициялық кірістен комиссиялық сыйақы алмайды.