Студенттерді, магистранттарды және докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін анықтау әдістемесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2018 жылғы 14 қыркүйектегі № 465 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 18 қыркүйекте № 17380 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 2-4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Студенттерді, магистранттарды және докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін анықтау әдістемесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Бюджеттік жоспарлау департаменті (С.А. Жақыпова) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін қағаз және электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Б.А. Асыловаға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
міндетін атқарушы
Б. Асылова

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
міндетін атқарушысының
2018 жылғы 14 қыркүйектегі
№ 465 бұйрығымен бекітілген

Студенттерді, магистранттарды және докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін анықтау әдістемесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Студенттерді, магистранттарды және докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін анықтау әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 2-4) тармақшасына сәйкес әзірленді және студенттерді, магистранттарды және докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін есептеу алгоритмін айқындайды.

      2. Әдістемеде мынадай ұғым пайдаланылады:

      1) студенттерді, магистранттарды және докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыс (бұдан әрі – мемлекеттік тапсырыс) – мемлекеттік білім беру тапсырысына байланысты студенттер, магистранттар мен докторанттар үшін жатақханаларда жаңа орындарды қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерге арналған ақшалай төлемдер.

2-тарау. Студенттерді, магистранттарды және докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін анықтау алгоритмі

      3. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру шеңберіндегі қаржыландыру көлемі жатақханадағы орындардың саны мен жатақханадағы бір орынға өтемақы мөлшерінің көбейтіндісі ретінде анықталады. Бұл ретте мемлекеттік тапсырысты орналастырудың алғашқы күнтізбелік кезекті он екі айы ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер түзету коэфициентін ескере отырып, ал кейін студенттер, магистранттар және докторанттардың жатақханада орналасқан нақты орындары үшін жүзеге асырылады. Егер төлем айы қысқы және жазғы каникулдар кезеңіне сәйкес келген жағдайда мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер студенттердің, магистранттардың және докторанттардың студенттердің, магистранттардың және докторанттардың қысқы немесе жазғы каникулдарының алдындағы соңғы оқу айындағы жатақханадағы нақты орналасқан орындары туралы ақпарат негізінде жүзеге асырылады.

      4. Әдістеменің 3-тармағында көрсетілген алғашқы күнтізбелік кезекті он екі айы, мемлекеттік тапсырыстың ай сайынғы мөлшерін есептеу жатақхана салу және реконструкциялау кезінде мынадай формулалар бойынша есептеледі:

      ҚОС = ЖНОО × ТК,

      мұнда:

      ҚОС – Әдістеменің 3-тармағында көрсетілген алғашқы күнтізбелік кезекті он екі айда қаржыландырылатын орындар саны, оның ең жоғарғы мөлшері жатақханадағы орындардың жалпы санынан аспайды;

      ЖНОО – жатақханадағы нақты орналасқан орындар;

      ТК – түзету коэффициенті, оның мөлшері екіге тең;

      АМТМ = МТЖМ × ҚОС / АС,

      мұнда:

      АМТМ – Әдістеменің 3-тармағында көрсетілген алғашқы күнтізбелік кезекті он екі айдағы ай сайынғы мемлекеттік тапсырыстың мөлшері;

      МТЖМ –салу кезінде республикалық бюджет туралы заңда жатақхананы пайдалануға енгізудің тиісті жылына сәйкес келетін қаржы жылына белгіленген 122 еселік, реконструкциялау кезінде 47 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерін құрайтын жатақханадағы бір орын үшін мемлекеттік тапсырыстың жылдық мөлшері;

      АС – он екі айды құрайтын жылдағы ай саны.

      5. Әдістеменің 3-тармағында көрсетілген алғашқы күнтізбелік кезекті он екі ай аяқталғаннан кейінгі ай сайынғы мемлекеттік тапсырыс мөлшерін есептеу мына формула бойынша жүзеге асырылады:

      АМТМ1 = АМТМ × ЖНОО / АС,

      мұнда:

      АМТМ1 – Әдістеменің 3-тармағында көрсетілген алғашқы күнтізбелік кезекті он екі ай аяқталғаннан кейінгі ай сайынғы мемлекеттік тапсырыстың мөлшері.