"Жүйелі тіркеуді жүзеге асыру үшін халықты хабарландыру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің міндетін атқарушының 2007 жылғы 24 тамыздағы № 246 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2018 жылғы 31 шiлдедегi № 1191 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 6 қыркүйекте № 17343 болып тіркелді

Қолданыстағы

      Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" 2007 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 57-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жүйелі тіркеуді жүзеге асыру үшін халықты хабарландыру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің міндетін атқарушының 2007 жылғы 24 тамыздағы № 246 бұйрығына (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 4940 болып тіркелген, 2007 жыл, қыркүйек-қазан Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтін өзгермейді:

      "Жүйелі тіркеуді жүзеге асыру үшін халықты хабарландыру қағидаларын бекіту туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтін өзгермейді:

      "1. Қоса беріліп отырған Жүйелі тіркеуді жүзеге асыру үшін халықты хабарландыру қағидалар бекітілсін.".

      Осы бұйрыққа сәйкес Жүйелі тіркеуді жүзеге асыру үшін халықты хабарландыру қағидаларын қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілінде көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің міндетін атқарушы
Н. Пан

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ақпарат және коммуникациялар

      министрі

      ____________ Д. Абаев

      2018 жылғы "___" _____________

  Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2018 жылғы 3 шілдедегі № 1191
бұйрығына қосымша
  Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
міндетін атқарушының
2007 жылғы 24 тамыздағы
№ 246 бұйрығымен бекітілген

Жүйелі тіркеуді жүзеге асыру үшін халықты хабарландыру қағидаларын

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жүйелі тіркеуді жүзеге асыру үшін халықты хабарландыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" 2007 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 57-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді.

      2. Тіркеуші орган жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы болып табылады.

      3. Осы Қағида жүйелі тіркеуді жүзеге асыру үшін халықты хабарландырудың тәртібін белгілейді.

      Жүйелі тіркеу құқықтық кадастрды жылжымайтын мүлікке бұрын пайда болған құқықтар (құқықтық ауыртпалықтар) туралы мәліметтермен толықтыру мақсатында жүзеге асырылады және есепке алу сипатында болады.

2- тарау. Хабарландырудың мақсаты және міндеттері

      4. Халықты хабарландыру жүйелі тіркеуді жеделдету мақсатында құқықтық кадастрды жылжымайтын мүлікке бұрын пайда болған құқықтар (құқықтық ауыртпалықтар) туралы мәліметтермен толықтыру үшін жүзеге асырылады.

      5. Хабарландыру жүйелі тіркеуді жүргізудің қажеттігін халықтың назарына жеткізу үшін талап етіледі.

3-тарау. Халықты хабарландыру тәртібі

      6. Құқықтық кадастры жүгеге асырушы тіркеуші органдар халықты бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, халық көп жиналатын орындарда ақпараттық сетндттерді орналастыру арқылы да хабардар етеді.

      7. Халықты жүйелі тіркеудің қажеттігі турлаы хабарландыру мемлекеттік және орыс тілінде облыстық, республикалық маңызы бар, қалалық және аудандық маңызы бар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

      8. Хабарландыруда мынадай мәліметтер:

      1) жылжымайтын мүлікке құқықтарды жүйелі тіркеу үшін құжаттарды қабылдауды және беруді жүзеге асыратын органның орналасқан жері;

      2) жүйелі тіркеуді жүргізу үшін қажетті құжаттардың тізбесі қамтылуы тиіс.

      9. Тіркеуші органдар халықты жүйелі тіркеуді жүзеге асыру қажеттігі туралы жылына кемінде екі рет хабарландырады.