"Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі Заңының 3-1-бабының 2-тармағына, "Қазақстан Республикасының Патент заңы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі Заңының 4-бабының 2-тармағына, "Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 26 шілдедегі Заңының 3-бабының 2-тармағының 2) тармақшасына және "Интегралдық микросхемалар топологияларын құқықтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 29 маусымдағы Заңының 4-бабының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Апелляциялық кеңестің қарсылықтарды қарау қағидалары бекітілсін.
2. Зияткерлік меншік құқығы департаменті заңнамада белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің интернет-ресурсына орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет Вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр | М. Бекетаев |
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 28 тамыздағы № 1317 бұйрығымен бекітілген |
Апелляциялық кеңестің қарсылықтарды қарау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Апелляциялық кеңестің қарсылықтарды қарау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі Заңына (бұдан әрі – Селекциялық жетістіктер туралы заң), "Қазақстан Республикасының Патент заңы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі Заңына (бұдан әрі – Патент заңы), "Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 26 шілдедегі Заңына (бұдан әрі – Тауар таңбалары туралы заң) және "Интегралдық микросхемалар топологияларын құқықтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 29 маусымдағы Заңына (бұдан әрі –Интегралдық микросхемалары туралы заң) сәйкес әзірленді және қарсылықтарды апелляциялық кеңесте қараудың тәртібін белгілейді.
2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) Апелляциялық кеңес - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің жанындағы алқалы орган;
2) қорғау құжаттары - Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік саласындағы заңдарына сәйкес берілетін құжаттар (өнертабыстарға патент, өнеркәсіптік үлгілерге, пайдалы модельдерге, тауар таңбаларына, қызмет көрсету таңбаларына, тауар шығарылған жердің атауына куәліктер, селекциялық жетістіктерге патенттер);
3) Мадрид келісімі - 1891 жылғы 14 сәуірдегі Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісімі;
4) Мадрид келісіміне хаттама - 1989 жылғы 28 маусымдағы Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісіміне хаттама;
5) өнеркәсіптік меншік объектілері - өнертабыстар, пайдалы модельдер, өнеркәсіптік үлгілер, тауар таңбалары мен қызмет көрсету таңбалары, тауар шығарылған жердің атаулары, селекциялық жетістіктер;
6) өтініш беруші - Апелляциялық кеңес қарсылық берген тұлға;
7) патенттік сенім білдірілген өкіл – Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жоғары білімі және кемінде төрт жыл еңбек өтілі бар, аттестаттаудан өткен және патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінде тіркелген Қазақстан Республикасының әрекетке қабілетті азаматы;
8) сараптама ұйымы - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Ұлттық зияткерлік меншік институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны;
9) тараптар - Апелляциялық кеңесте қарсылықтарды қарауға қатысатын жеке және (немесе) заңды тұлғалар;
10) уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі.
2-тарау. Қарсылықтарды апелляциялық кеңесте қарау тәртібі
1-параграф. Қарсылықтарды беру
3. Апелляциялық кеңеске мынадай:
1) сараптама ұйымының тауар белгісін тіркеуден бас тарту, оның ішінде Мадрид келісіміне хаттаманың 5-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес мәлімделген тауар белгісіне құқықтық қорғауды беруден бас тарту туралы шешімдеріне;
2) сараптама ұйымының тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығын тіркеуден және (немесе) табыстаудан бас тарту туралы шешімдеріне;
3) тауар белгісін, оның ішінде Мадрид келісіміне хаттаманың 5-бабының 6-тармағына сәйкес тіркеуге;
4) тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығын тіркеуге және (немесе) табыстауға;
5) сараптама ұйымының өнеркәсіптік меншік объектісіне патент беруден бас тарту туралы шешіміне;
6) сараптама ұйымының селекциялық жетістікке патент беруге арналған өтінімді қараудан бас тарту туралы шешімдеріне;
7) сараптама ұйымының селекциялық жетістікке патент беруден бас тарту туралы шешімдеріне қарсылықтар беріледі.
4. Тауар белгісін тіркеуге, егер ол Тауар таңбалары туралы Заңының 7-бабының 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларын қоспағанда, 6 және 7-баптарында белгіленген талаптар бұзыла отырып жүзеге асырылса, бүкіл қолданылу мерзімі ішінде немесе, егер ол Тауар таңбалары туралы Заңының 7-бабының 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында белгіленген талаптар бұзыла отырып жүзеге асырылса, тауар белгісі тіркелген күннен бастап бес жыл ішінде дау айтылуы және ол толық немесе ішінара жарамсыз деп танылуы мүмкін. Осы тармақта көрсетілген негіздер бойынша тауар белгісін тіркеуге қарсылықты Апелляциялық кеңеске кез келген мүдделі тұлға береді.
Тауар белгісін тіркеуге, егер ол Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж конвенциясына қатысушы елдердің бірінде бірдей немесе айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас тауар белгісінің иесі болып табылатын өкілдің атына жүргізілсе, қатысушы елдердің рұқсатынсыз бүкіл қолданылу мерзімі ішінде дау айтылуы және ол толық немесе ішінара жарамсыз деп танылуы мүмкін. Осы тармақта көрсетілген негіз бойынша тауар белгісін тіркеуге қарсылықты Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж конвенциясына қатысушы елдердің бірінде тіркелген тауар белгісінің иесі (құқық иеленуші) береді.
5. Тауар белгісін тіркеуге, егер тауар белгісі біртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге қатысты айрықша құқығы Қазақстан Республикасында тауар белгісінің басымдығы күнінен ерте туындаған басқа тұлғаның фирмалық атауымен бірдей немесе айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас болып табылса, дау айтылуы және ол толық немесе ішінара жарамсыз деп танылады.
Осы тармақта көрсетілген негіз бойынша тауар белгісін тіркеуге қарсылықты Апелляциялық кеңеске фирмалық атауы біртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге қатысты тіркелген тауар белгісімен бірдей немесе айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас болып табылатын заңды тұлға береді.
6. Патенттік сенім білдірілген өкіл өтініш берушінің немесе патент иеленушінің өкілі ретінде зияткерлік меншік объектілерін құқықтық қорғау мәселелері бойынша Апелляциялық кеңеспен іс жүргізуге байланысты қызметті жүзеге асырады. Апелляциялық кеңеспен іс жүргізуді сондай-ақ өтініш беруші және (немесе) тауар таңбасының иесі және (немесе) патент иеленуші дербес жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жеке тұлғалар немесе шетелдік заңды тұлғалар патенттік сенім білдірілген өкілдер арқылы өздерінің өтініш беруші, тауар таңбасының, қызмет көрсету таңбасының және тауар шығарылатын жер атауының иесі, патент иеленуші ретіндегі құқықтарын, сондай-ақ мүдделі тұлға ретіндегі құқықтарын және патент алу және олардың күшінде болуы жөніндегі істерді жүргізуді жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, бірақ уақытша одан тыс жерде жүрген жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының шегінде хат-хабар алмасу үшін мекенжайларын көрсеткен кезде патенттік сенім білдірілген өкілсіз-ақ өздерінің өтініш беруші, тауар таңбасының, қызмет көрсету таңбасының және тауар шығарылатын жер атауының иесі, патент иеленуші ретіндегі құқықтарын, сондай-ақ мүдделі тұлға ретіндегі құқықтарын және патенттермен байланысты істерді жүргізуді жүзеге асырады.
7. Қарсылық Апелляциялық кеңеске еркін жазбаша нысанда қазақ және орыс тілдерінде уәкілетті органның кеңсесі арқылы жіберіледі. Қарсылыққа қоса тіркелген құжаттар қазақша және орыс тілдерде ұсынылады.
8. Қарсылықта қарсылық берген жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) және заңды тұлғаның атауы, олардың тұратын немесе орналасқан жері, байланыс телефоны, электрондық мекен-жайы, сондай-ақ хат алысу үшін мекен-жайы көрсетіледі.
9. Берілетін қарсылыққа:
1) қарсылықтың мәтінінде сілтеме жасалатын материалдар қоса беріледі;
2) қарсылықты патенттік сенім білдірілген өкіл немесе өзге өкіл арқылы берген жағдайда сенімхат. Сенімхат мемлекеттік және орыс тілдерінде беріледі, егер сенімхат шет ел тілінде берілсе, онда оның нотариус растаған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы ұсынылуға тиіс. Сенімхаттың көшірмесін ұсынған жағдайда, өтініш беруші Апелляциялық кеңеске келген кезде сенімхаттың түпнұсқасын ұсынады (түпнұсқалылығы расталғаннан кейін сенімхаттың түпнұсқасы қайтарылуға жатады);
3) иесі (құқық иеленуші) үшін құжаттармен қарсылықтың көшірмесі қоса берілген қоса тіркеледі.
10. Қарсылыққа қарсылық беруші тұлға қол қояды. Заңды тұлға атынан қарсылыққа ұйым басшысы немесе лауазымын көрсете отырып уәкілетті тұлға қол қояды.
Қарсылық патенттік сенім білдірілген өкіл немесе өзге өкіл арқылы берілген жағдайда қарсылыққа тиісінше патенттік сенім білдіруші немесе өкіл қол қояды.
2-параграф. Қарсылықтарды тіркеу және қабылдау
11. Келіп түскен қарсылық тіркеледі және оған кіріс нөмірі беріледі. Қарсылық түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде Патент заңымен, Тауар таңбалары туралы заңымен, Селекциялық жетістіктер туралы заңымен, Интегралдық микросхемалары туралы заңымен және осы Қағидалармен қойылатын қарсылықты беруді ресімдеу, мазмұндау және рәсімдеу талаптарының сақталуын тексеру жүзеге асырылады.
Егер қажетті материалдар жоқ болған жағдайда, қарсылық берген тұлғаның мекен-жайына, қарсылықты қарауға қабылдаудан бас тарту туралы хабарлама жіберіледі.
Қайтаруға негіз болған мән-жайларды жойғаннан кейін қайтадан жолдаған жағдайда мүдделі тұлғаның қарсылығы жалпы тәртіпте қаралады.
12. Егер:
1) қарсылық апелляциялық кеңесте қаралуға жатпаса;
2) қарсылыққа қол қойылмаса не оған қол қоюға өкілеттігі жоқ тұлға қол қойса;
3) қарсылық белгіленген мерзімді бұза отырып берілсе және көрсетілген мерзімді ұзарту мен қалпына келтіру мүмкіндігі жоқ болса;
4) өтініш беруші қарсылық беруді ресімдеуге, мазмұндауға және рәсімдеуге қойылатын талаптарға қатысты кемшіліктерді белгіленген мерзімде жоймаса, қарсылықты қарауға қабылдаудан бас тартылады.
Көрсетілген мән-жайлар болған жағдайда, қарсылық берген тұлғаға алынған қарсылықты қарауға қабылдауға болмайтыны және ол берілген жоқ деп есептелетіні туралы хабарлама жіберіледі.
13. Осы Қағидалардың 3-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген қарсылықты қарауға қабылдағаннан кейін қорғау құжатының иесіне қорғау құжаттарының дау тудырған себептері бойынша өздерінің өтініштерін ұсыну үшін қарсылықтың көшірмесімен қоса қарсылықтың түскені туралы хабарлама жіберіледі.
Дау тудырған туралы өтініштер Апелляциялық кеңеске бес жұмыс күн бұрын Апелляциялық кеңестің алқа отырысы жоспарланған күнге дейін ұсынылады.
Мадрид келісіміне сәйкес тіркелген тауар таңбасының иесіне, аталған хабарлама, егер осыған дейін иеленуші осы тауар таңбасын тіркеуге байланысты іс жүргізуді Қазақстан Республикасының патенттік сенім білдірілген өкілге тапсырмаған болса, оның мекен-жайына тікелей жіберіледі. Бұл орайда хабарламада қарсылыққа пікір білдіру, сондай-ақ апелляциялық кеңесте қарсылықты қарауға қатысу Қазақстан Республикасының патенттік сенім білдірілген өкілі арқылы жүзеге асырылатын екендігі хабарланады.
14. Қарсылық берген тұлға немесе оның өкілі берілген қарсылықты, апелляциялық кеңес алқасының шешімі жарияланғанға дейін кері қайтарып ала алады.
3-параграф. Қарсылықты қарау мерзімдері
15. Осы Қағидалардың 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген қарсылықтар Апелляциялық кеңеспен олардың келіп түскен күнінен бастап төрт ай ішінде қаралады.
Осы Қағидалардың 3-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген қарсылықтар Апелляциялық кеңеспен олардың келіп түскен күнінен бастап алты ай ішінде қаралады.
Осы Қағидалардың 3-тармағының 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген қарсылықтар Апелляциялық кеңеспен олардың келіп түскен күнінен бастап екі ай ішінде қаралады.
Осы Қағидалардың 3-тармағының 7) тармақшада көрсетілген қарсылықтар Апелляциялық кеңеспен олардың келіп түскен күнінен бастап үш ай ішінде қаралады.
16. Қарсылық беруге арналған мерзім өткізіп алынған кезде Апелляциялық кеңес ұсынылған құжаттардың негізінде мерзімді өткізіп алу себептері дәлелді деп танылған жағдайда, оны қарауға қабылдайды.
17. Селекциялық жетістіктер туралы заңының 22-3-бабының 3-тармағына, Патент заңының 32-2-бабының 3-тармағына және Тауар таңбалары туралы заңының 41-2-бабының 3-тармағына сәйкес қарсылықты қарау мерзімі өтініш берушінің жазбаша өтінішхаты бойынша үш айға дейін ұзартылады.
4-параграф. Қарсылықты апелляциялық кеңес отырысында қарау
18. Өтініш беруші, иесі (құқық иеленуші) және өнеркәсіптік меншіктің тиісті объектісіне сараптама жүргізген сараптама жасау ұйымының өкілі қарсылықты қарауға қатысады.
Өтініш беруші, иесі (құқық иеленуші) осы Қағидалардың 6-тармағының ережелерін ескере отырып, қарсылықты қарауға тікелей, сондай-ақ өз өкілі арқылы қатыса алады. Өкілдің өкілеттігі сенімхатпен расталады.
Уәкілетті органның және сараптама жасау ұйымының қызметкерлері аталған тұлғалардың өкілдері бола алмайды.
19. Апелляциялық кеңес:
1) қарсылықты мәлімдеуші қарсылықты өзінің қатысуынсыз қарау туралы өтінішхат берген жағдайды қоспағанда, өзі келмеген;
2) өтініш беруші қосымша дәлелдемелерді ұсыну үшін уақыттың қажеттігі туралы өтінішхат берген жағдайда, отырыс өткізілетін күнді ауыстырады.
20. Қарсылықты мәні бойынша қарау істі төрағалық етушімен басталады.
Істі одан әрі қарау мынадай тізбекпен жүргізіледі:
1) қарсылықты қарау туралы ъатшысының сөз сөйлеуі;
2) қарсылық берген тұлғаның және (немесе) оның өкілінің сөз сөйлеуі;
3) қорғау құжаты (тауар таңбасын тіркеу) иесінің және (немесе) оның өкілінің сөз сөйлеуі;
4) сараптама жасау ұйымы өкілінің сөз сөйлеуі;
5) тараптардың Апелляциялық кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап беруі.
21. Қарсылықты қарауға қатысушы тұлғалар:
1) іс материалдарымен танысуға, олардан көшірме жасауға, олардың көшірмесіне тапсырыс береді және алады;
2) дәлелдемелерді береді;
3) дәлелдемелерді зерттеуге қатысады;
4) Апелляциялық кеңеске қатысушыларға сұрақтар қояды;
5) өтініш айтады;
6) алқа мүшелеріне ауызша және жазбаша түсінік береді;
7) қарсылықты қарау барысында туындаған барлық мәселелер бойынша өзінің дәлелдері мен пайымдауларын ұсынады;
8) іске қатысушы басқа тұлғалардың өтініштеріне, дәлелдері мен пайымдауларына қарсылық білдіреді.
22. Іске қатысушы тұлғалар өздеріне тиесілі құқықтардың барлығын адал пайдаланады.
5-параграф. Қарсылықтарды қараудың нәтижелері бойынша Апелляциялық кеңеспен шығаратын шешімдер
23. Апелляциялық кеңес мынадай шешімдердің бірін шығарады:
1) қарсылықты қанағаттандыру туралы;
2) қарсылықты ішінара қанағаттандыру туралы;
3) қарсылықты қараудан бас тарту туралы;
4) қарсылықты қанағаттандырудан бас тарту туралы.
Апелляциялық кеңес қарсылықтың нысанасын немесе негізін өз бастамасы бойынша өзгертпейді.
24. Апелляциялық кеңестің барлық мүшелері қарсылықты қараған кезде тең құқықтарды пайдаланады. Апелляциялық кеңестің шешімі оның мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
Қабылдаған шешімнің қарарлық бөлігін төрағалық етуші қарсылықты қарауға қатысушы тұлғаларға жария етеді.
25. Қабылданған шешім шығарылған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қарсылықты мәлімдеушіге жіберіледі. Апелляциялық кеңестің шешімі жазбаша нысанда баяндалады және ол кіріспелік, сипаттамалық, дәлелдемелік және қарарлық бөліктерден құралады.
Шешім Апелляциялық кеңестің барлық мүшелерімен қол қойылады.
26. Апелляциялық кеңес қарсылықты мәлімдеушінің өтінішхаты бойынша қарсылықты қараусыз қалдырады. Қарсылықты қараусыз қалдыру туралы шешім апелляциялық кеңес отырысының хаттамасымен ресімделеді.
27. Қабылданған шешімге Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес сотқа шағым жасалуы мүмкін.
28. Апелляциялық кеңес, егер:
1) қарсылық берген, Апелляциялық кеңес отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы тиісінше хабар берілген, қарсылықты өзі болмағанда қарау туралы мәлімдемеген тұлға Апелляциялық кеңестің отырысына екінші рет шақырғанда келмесе;
2) қарсылық берген тұлғаның өзінің қарсылығын кері қайтарып алу туралы өтінішхаты болса, қарсылықты қараусыз қалдырады.
29. Қарсылықты қараусыз қалдыру туралы шешім Апелляциялық кеңес отырысының хаттамасына түсіріледі.
3-тарау. Бейнетүсіруді қолдану тәртібі
30. Техникалық себептерге байланысты қолдану мүмкін болмаған жағдайды қоспағанда, Апелляциялық кеңестің әрбір отырысы барысында бейнетүсіру жүргізіледі.
31. Апелляциялық кеңес отырысының барысында бейнетүсіру құралдары үздіксіз пайдаланылады. Отырыста қатысып отырғандарға үзіліс туралы немесе тараптардың кетуі туралы хабарлаған сәттен бастап және оны хабарлаған сәтке дейінгі бейнетүсіру құралдарының тоқтап тұруы үзіліс болып табылмайды.
32. Апелляциялық кеңес отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін бейнетүсіру құралдарын пайдалануды отырысының хатшысы іске асырады.
33. Апелляциялық кеңес отырысының хатшысы отырыс басталғанға дейін отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін бейнетүсіру құралдарының жұмысқа жарамдылығын тексереді.
34. Бейнетүсіру құралдарын қолдану мүмкін болмаған жағдайда бейнетүсіруді қолданбау себебін хаттамада міндетті түрде көрсете отырып, бұл туралы төрағалық етушіге баяндайды.
35. Бейнетүсіру құралдарын қолдануға мүмкіндіктің болмауы Апелляциялық кеңес отырысын жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығармайды.
36. Хатшы бейнежазу құралдары жүйесінде отырыстың бейнетүсіруінің жазылуын, сондай-ақ қысқаша хаттамасынан кейін тізбеде көрсете отырып, іске қоса тіркелген материалдық (электрондық) жеткізгіштің бір дана көшірмесін жазуды қамтамасыз етеді.
37. Отырыста бейнетүсіру құралдарын пайдаланғаны туралы Апелляциялық кеңестің хаттамасында бейнежазба жазылған файлдың атауы көрсетіледі.
38. Апелляциялық кеңестің отырысы аяқталғаннан кейін автоматты режимде бейнежазба хатшының электрондық цифрлық колы қойылып бейнежазба құралдары жүйесінің серверінде сақталады.
39. Бейнежазба бар материалдық (электрондық) жеткізгіштер орамада хаттаманың номері, Апелляциялық кеңес отырысының күні көрсетіліп, оралған күйінде (конвертте) іс материалдарына қоса тіркеледі, сондай-ақ хатшының қолы қойылады.
40. Отырыс барысының бейнежазбасын одан әрі жазу мүмкін болмаған жағдайда, бұл туралы Апелляциялық кеңестің қатысушыларына хабарланады.
41. Егер техникалық ақаулықтар салдарынан бейнежазба құралдарын пайдалану арқылы хаттамалау мүмкін болмағаны немесе Апелляциялық кеңес отырысының бейнежазбасы жүргізілмегені анықталса, акт жасалады.
42. Актіге хатшы, төрағалық етуші және Апелляциялық кеңес мүшелері қол қояды және Апелляциялық кеңес отырысының хаттамасына қоса тіркеледі.
43. Отырыстың бейнежазбасын заңсыз тоқтатуға немесе түзетуге тыйым салынады.
44. Апелляциялық кеңес отырысының бейнетүсірілуін қамтамасыз ететін сервер, жабдық, оларға қол жеткізуге мүмкіндік бермейтін шаралармен қамтамасыз етіледі.
45. Іске қоса тіркелген Апелляциялық кеңес отырысының бейнежазба көшірмелерінің сақталуына, істі мұрағатқа өткізгенге дейін хатшысымен қамтамасыз етеді.
46. Мұрағатшы істі қабылдаған кезінде іс материалдарына қоса тіркелген материалдық (электрондық) жеткізгіште отырыстың бейнежазба көшірмелерінің болуын тексереді.
47. Апелляциялық кеңес отырыстарының бейнежазбалары 1 (бір) жылдан кем емес уақыт сақталады.