"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық, банктік заңнаманы жетілдіру және кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2017 жылғы 27 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Іскерлік қатынастар қашықтықтан орнатылған жағдайда қаржы мониторингі субъектілерінің клиенттерді тиісінше тексеруіне қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Қаржы нарығының әдіснамасы департаменті (Әбдірахманов Н.А.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;
3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк Төрағасы |
Д. Ақышев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
_______________ Б. Сұлтанов
2018 жылғы 18 шілде
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 маусымдағы № 140 қаулысымен бекітілді |
Іскерлік қатынастар қашықтықтан орнатылған жағдайда қаржы мониторингі субъектілерінің клиенттерді тиісінше тексеруіне қойылатын талаптар
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Іскерлік қатынастар қашықтықтан орнатылған жағдайда қаржы мониторингі субъектілерінің клиенттерді тиісінше тексеруіне қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – КЖТҚҚ туралы заң) 5-бабының 9-тармағына сәйкес әзірленді және КЖТҚҚ туралы заңның 3-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 11) және 12) тармақшаларында көрсетілген қаржы мониторингі субъектілеріне (бұдан әрі – қаржы мониторингі субъектілері) қолданылады.
2. Қаржы мониторингі субъектісі клиенттермен іскерлік қатынастарды қашықтықтан орнату туралы шешімді қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру (бұдан әрі – КЖТҚ) тәуекелі дәрежесінің бағасын клиенттердің типтері бойынша, елдік (географиялық) тәуекелді, қызметтер (өнім) және (немесе) оны беру тәсілі тәуекелін ескере отырып, дербес қабылдайды.
3. Қаржы мониторингі субъектілері мынадай талаптарға сәйкес келетін клиенттермен ғана іскерлік қатынастарды қашықтықтан орнату тәсілмен орнатады:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сәйкестендіру нөмірі берілген жеке тұлға не заңды тұлға;
2) клиент (оның өкілі) және бенефициар меншік иесі терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген тұлға болып табылмайды;
3) клиент (оның өкілі) және бенефициар меншік иесі Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сәйкес халықаралық санкциялар (эмбарго) қолданылған белгіленген тұлға не ұйым болып табылмайды;
4) клиент КЖТҚҚ туралы заңның 5-бабының 7-тармағына және ішкі бақылау ережелеріне сәйкес тиісінше тексерудің күшейтілген шараларын қолдану талап етілетін тәуекел деңгейі берілген тұлға болып табылмайды.
4. Қаржы мониторингі субъектілері бірмезгілде мынадай талаптарды сақтаған кезде клиентпен іскерлік қатынастарды қашықтықтан орнату тәсілмен орнатады:
1) КЖТҚҚ туралы заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1) және 4) тармақшаларында көзделген мәліметтерді Талаптардың 8-тармағына сәйкес тіркеу;
2) жеке тұлға клиенттің дербес деректерін жинауға, өңдеуге, сақтауға және беруге, оның ішінде қажет болған кезде үшінші тұлғаларға беруге оның сәйкестендіру құралы арқылы расталған келісімінің болуы;
3) жеке тұлға клиенттің (оның өкілінің) және бенефициар меншік иелерінің дербес деректерін жинауды, өңдеуді, сақтауды, беруді және қорғауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін автоматтандырылған ақпараттық жүйелердің болуы;
4) қаржы мониторингі субъектісінде іскерлік қатынастардың мақсаты операцияларды КЖТҚ мақсатында жасау болып табылатыны туралы күдіктің болмауы.
2-тарау. Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін тиісінше тексеру үшін қажетті мәліметтерді тіркеу
5. Клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді тіркеу іскерлік қатынастарды қашықтықтан орнату тәсілмен орнатқанға дейін КЖТҚҚ туралы заңның 6-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Клиентпен іскерлік қатынастарды қашықтықтан орнату тәсілмен орнату үшін мыналар міндетті шарттар болып табылады:
1) клиенттің қаржы мониторингі субъектісінің қашықтан қол жеткізу жүйесіне өзінің жеке не бизнес-сәйкестендіру нөмірін енгізуі;
2) клиентті сәйкестендіру және аутентификациялау;
3) КЖТҚҚ туралы заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1) және 4) тармақшаларында көзделген клиент бойынша мәліметтерді тіркеу.
7. Клиентті сәйкестендіру және аутентификациялау үшін мынадай тәсілдер қолданылады:
1) жеке немесе заңды тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасы;
2) немесе биометриялық сәйкестендіру құралдары;
3) немесе екінші деңгейдегі банктер немесе қаржы мониторингі субъектісі ақпарат алмасу туралы келісім жасаған Ұлттық пошта операторы шығарған жеке тұлғаны сәйкестендіру және аутентификациялау кезіндегі төлем карточкасының деректемелері (төлем карточкасының нөмірі, қолданылу мерзімі, төлем карточкалары жүйесінің атауы), егер жеке тұлғаны қаржы мониторингі субъектісі бұған дейін жеке қатыса отырып сәйкестендірген жағдайда;
4) немесе бірегей сәйкестендіруші немесе клиентті сәйкестендіру үшін және онымен келісілген қаржы мониторингі субъектісі белгілеген әріптердің, цифрлардың немесе таңбалардың комбинациясын білдіретін өзге сәйкестендіруші.
Клиентті аутентификациялаудың осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) тармақшасын қоспағанда, осы тармақтың бірінші бөлігінде айқындалған бір немесе бірнеше тәсілінің жиынтығын пайдалануға рұқсат етіледі, ол Талаптардың осы тармағының бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларының бірінің немесе бірнешеуінің жиынтығымен ғана қолдануға болады.
Клиентті аутентификациялау тәсілін таңдауды қаржы мониторингі субъектісі жүзеге асырады.
8. Клиентті сәйкестендіруді растайтын және КЖТҚҚ туралы заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1) және 4) тармақшаларында көзделген мәліметтерді тіркеу:
1) клиенттің оның Талаптардың 7-тармағында көрсетілген сәйкестендірудің расталған тәсілдерімен сәйкестендіру деректерін;
2) не қаржы мониторингі субъектісінің Талаптардың 7-тармағында көрсетілген тәсілдермен клиентті аутентификациялау рәсімдерін кейін өткізуі арқылы жүзеге асырылады.
3-тарау. Клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтердің анықтығын тексеру
9. Клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтердің анықтығын тексеру КЖТҚҚ туралы заңның 5-бабы 3-тармағының 6) тармақшасына және ішкі бақылау ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
10. Клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтердің анықтығын тексеруді қолжетімді дереккөздерінен алынған деректермен салыстыру арқылы жүргізген кезде қолжетімді дереккөздерінен алынған мәліметтер бар дерекқорлардан алынған ақпарат, үзінді-көшірмелер де растайтын құжаттардың көшірмелері болып табылады.
4-тарау. Іскерлік қатынастарды қашықтықтан орнату тәсілімен орнатудан бас тарту, қашықтықтан орнату тәсілімен орнатылған іскерлік қатынастарды бұзу
11. Қаржы мониторингi субъектiсі:
1) клиент Талаптардың 3-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген;
2) клиент Талаптардың 4-тармағының 2) тармақшасында және 6-тармағында көрсетілген шарттарды орындамаған жағдайда;
3) қаржы мониторингi субъектiсінде клиенттің КЖТҚ мақсатында операция жүргізуі туралы күдік болған кезде;
4) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексінде, КЖТҚҚ туралы заңда, "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өзге де негіздер бойынша іскерлік қатынастарды қашықтықтан орнату тәсілмен орнатудан және (немесе) операцияларды жүргізуден бас тартады.
Қаржы мониторингi субъектiсі клиентке іскерлік қатынастарды қашықтықтан орнату тәсілмен орнатудан бас тартқан кезде клиентті іскерлік қатынастарды келу тәртібімен орнату мүмкіндігі туралы хабардар етеді.