Жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектерді және уранды өндіру кезеңінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 31 мамырдағы № 222 және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 мамырдағы № 244 бірлескен бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 19 маусымда № 17096 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертуі!
      Осы бірлескен бұйрық 29.06.2018 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 129-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына және 178-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектерді және уранды өндіру кезеңінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бірлескен бұйрықты мемлекеттік тіркеген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бірлескен бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспасөз басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;

      4) осы бірлескен бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бірлескен бұйрық 2018 жылғы 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялауға жатады.

Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
___________Е. Сағадиев

Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
_________Қ. Бозымбаев

 

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      __________________Б. Сұлтанов

      2018 жылғы 1 маусым

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2018 жылғы 31 мамыр
№ 244 және
Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2018 жылғы 31 мамыр
№ 222 бірлескен бұйрығымен
бекітілген

Жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектерді және уранды өндіру кезеңінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектерді және уранды өндіру кезеңінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 129-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына және 178-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектерді және уранды өндіру кезеңінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ғылыми-зерттеу жұмысы - бар білімді кеңейту және жаңа білім алу, ғылыми гипотезаларды тексеру, табиғат пен қоғам дамуының заңдылықтарын анықтау, жобаларды ғылыми жинақтау, ғылыми негіздеу мақсатында ғылыми ізденіспен, зерттеулер, эксперименттер жүргізумен байланысты жұмыс;

      2) ғылыми зерттеулер - ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне қол жеткізу мақсатында ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстар шеңберінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері тиісті ғылыми әдістермен және құралдармен жүзеге асыратын қолданбалы, іргелі, стратегиялық ғылыми зерттеулер;

      3) ғылыми қызмет - зерделенетін объектілерге, құбылыстарға (процестерге) тән қасиеттерді, ерекшеліктер мен заңдылықтарды анықтау мақсатында қоршаған болмысты зерделеуге және алынған білімді практикада пайдалануға бағытталған қызмет;

      4) ғылыми-техникалық қызмет - технологиялық, конструкторлық, экономикалық пен әлеуметтік-саяси және өзге де міндеттерді шешу үшін ғылымның, техника мен өндірістің барлық саласында жаңа білім алуға және оны қолдануға, осы зерттеулерді жүргізу үшін қажетті нормативтік-техникалық құжаттама әзірлеуді қоса алғанда, ғылымның, технологияның және өндірістің біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған қызмет;

      5) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері - ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;

      6) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет туралы есеп - ғылыми-техникалық жұмыстың, ғылыми, ғылыми-техникалық, тәжірибелік-конструкторлық, маркетингтік зерттеулердің іске асырылуы туралы ақпаратты, сондай-ақ жоспарланған жұмыстардың әрі қарай жүргізілуінің орындылығы туралы не аяқталған ғылыми, ғылыми-техникалық жоба нәтижесі туралы ақпаратты қамтитын құжат;

      7) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар - өнімді жасау немесе жаңғырту кезінде орындалатын жұмыстар кешені, тәжірибелік үлгілерге арналған конструкторлық және технологиялық құжаттаманы әзірлеу, тәжірибелік үлгілер мен пайдалы модельдерді дайындау және сынау;

      8) іске асырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет туралы есептерді мемлекеттік есепке алу – Қазақстан Республикасының ғылым саласындағы заңнамасына сәйкес ғылыми-техникалық ақпараттың ұлттық ресурсын қалыптастыру және Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық әлеуетінің серпінін мониторингтеу мақсатында ғылым саласындағы уәкілетті орган жүзеге асыратын есепке алу.

      3. Жер қойнауын пайдаланушы ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды екінші жылдан бастап өндіру кезеңі барысында жыл сайын жүзеге асырады.

      4. Жер қойнауын пайдаланушы ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды жер қойнауын пайдаланушы алдыңғы жылдың қорытындысы бойынша өндіруге жұмсаған шығыстардың бір пайызы мөлшерінде жүзеге асырады.

      5. Жер қойнауын пайдаланушы алдыңғы жылдың қорытындысы бойынша өндіруге жұмсаған шығыстардың бір пайызынан артатын мөлшерде ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемі жер қойнауын пайдаланушының келесі жылы тиісті міндеттемелерді орындауы есебіне жатқызылады.

      6. Ғылыми зерттеулерді қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерді есептеу мақсатында алдыңғы жылдың қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушы өндіруге жұмсаған шығындарды айқындау жер қойнауын пайдаланушылар Кодекстің 132 және 180-баптарына сәйкес көмірсутектер және уран өндіру саласындағы уәкілетті органға ол бекітетін тәртіппен ұсынатын көмірсутектер саласындағы жер қойнауын пайдаланушы үшін лицензиялық-келісімшарттық (келісімшарттық) талаптардың орындалуы туралы есептің деректері немесе уран өндіру саласындағы жер қойнауын пайдаланушы үшін келісімшарттық талаптардың орындалуы туралы есеп негізінде жүзеге асырылады.

      7. Ғылыми-техникалық ақпараттың ұлттық ресурсын қалыптастыру және Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық әлеуетінің серпінін мониторингтеу және қаржыландырудың қайталануын болдырмау мақсатында ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыратын субъектілер осы Қағидалардың шеңберінде қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды және олардың орындалуы бойынша есептерді мемлекеттік есепке алуға ұсынады.

2-тарау. Жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми зерттеулерді қаржыландыру бағыттары

      8. Жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа сәйкес ғылыми зерттеулерді қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерді осы Қағидалардың қосымшасында көрсетілген ғылыми зерттеулерді жүргізу үшін басым салалық бағыттар тізбесіне сәйкес мына бағыттар бойынша орындайды:

      1) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберіндегі қызметпен байланысты ғылыми зерттеулер;

      2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберіндегі қызметпен байланысты емес ғылыми зерттеулер.

      9. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген міндеттемелердің мөлшері шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы осы Қағидалардың 8-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген бағыттар бойынша ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемдерін өз бетімен айқындауды жүзеге асырады.

3-тарау. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберіндегі жер қойнауын пайдаланушының қызметімен байланысты ғылыми зерттеулерді қаржыландыру

      10. Жер қойнауын пайдаланушының тапсырмасы бойынша ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын субъектілерді заңнамада белгіленген тәртіппен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері арасынан қызметтерді сатып алу арқылы ғылым саласындағы уәкілетті орган аккредиттеген ұйымдар, сондай-ақ автономдық білім беру ұйымдары мен олардың ұйымдарының арасынан жер қойнауын пайдаланушы айқындайды.

      Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушы тиісті көрсетілетін қызметтерді сатып алу жүргізілгенге дейін күнтізбелік отыз күн бұрын көмірсутектер және уран өндіру саласындағы уәкілетті органға және ғылым саласындағы уәкілетті органға олардың ресми интернет-ресурстарында жариялау үшін атауы мен қысқаша сипаттамасын, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушының байланыс деректерін (телефон, электрондық пошта мекенжайы) көрсете отырып, ғылыми зерттеудің жоспарланып отырған сатып алуы туралы ақпарат жолдайды.

      Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберіндегі қызметтерге байланысты ғылыми зерттеулерді қаржыландыру шеңберінде "Инновациялық технологиялар паркі" инновациялық кластері туралы Қазақстан Республикасының Заңыңа сәйкес "Инновациялық технологиялар паркі" инновациялық кластері қатысушыларының жобаларын қаржыландыру үшін автономдық кластерлік қорға қаражат бағыттай алады.

      11. Көмірсутектер және уран өндіру саласындағы уәкілетті орган мен ғылым саласындағы уәкілетті орган осы Қағидалардың 10-тармағына сәйкес жер қойнауын пайдаланушыдан алынған ақпаратты оны алған сәттен бастап күнтізбелік бес күннің ішінде өздерінің ресми интернет-ресурстарында жариялайды.

      12. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жобалау құжаттарын әзірлеуді, сараптауды, сондай-ақ жобалау құжаттарына өзгерістер мен толықтыруларды әзірлеуді (көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы барлау жұмыстарының жобасы және сынамалы пайдалану жобасы, көмірсутек кен орнын игеру жобасы, көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы техникалық жобалық құжаттар, уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасы және уран кен орнын игеру жобасы), сондай-ақ авторлық қадағалауды жүргізу, әзірлемені талдау жөніндегі жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында және көмірсутектер мен уранның жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген міндеттемелердің шеңберіндегі ғылыми зерттеулерге жатқызылмайды.

      13. Қазақстан Республикасының төлем және төлем жүйелері туралы заңнамасына сәйкес заңнамада белгіленген тәртіппен ғылым саласындағы уәкілетті орган аккредиттеген ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері және жер қойнауын пайдаланушының тапсырмасы бойынша автономдық білім беру ұйымдары және олардың ұйымдары жүзеге асыратын ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды растайтын төлем тапсырмалары, сондай-ақ "Инновациялық технологиялар паркі" инновациялық кластер қатысушыларының жобаларын қаржыландыру үшін автономдық кластерлік қорға қаражат бағыттау жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде жер қойнауын пайдаланушының қызметімен байланысты ғылыми зерттеулерді қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерді орындауын растайтын құжаттар болып табылады.

4-тарау. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберіндегі жер қойнауын пайдаланушының қызметімен байланысты емес ғылыми зерттеулерді қаржыландыру

      14. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберіндегі қызметпен байланысты емес ғылыми зерттеулерге осы Қағидалардың қосымшасында көрсетілген мұнай-газ, мұнай-газ өңдеу, мұнай-газ химиясы өнеркәсібі, көмірсутек шикізатын тасымалдау, уран кен орындарында сирек және сирек кездесетін жер металдарын ілеспе өндіру мен қайта өңдеу, ядролық-отын циклінің жаңа бөліністерін дамыту және құру, экология, қоршаған ортаны қорғау, табиғат пайдалану, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, "жасыл экономиканы" дамыту салаларында басым салалық бағыттар бойынша ғылыми зерттеулер жатады.

      15. Жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберіндегі қызметіне байланысты емес ғылыми зерттеулерді қаржыландыру осы Қағидалардың 14-тармағына сәйкес ғылым саласындағы уәкілетті орган аккредиттеген, ғылым саласындағы қызметті жүзеге асыратын, дауыс беруші акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан артық пайызы мемлекетке тиесілі, ал акциялардың мемлекеттік пакетін (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) иелену және пайдалану құқықтарын көмірсутектер және уран өндіру саласындағы уәкілетті орган жүзеге асыратын заңды тұлғаның (бұдан әрі – Заңды тұлға) шотына ақша аудару арқылы жүзеге асырылады.

      16. Осы Қағидалардың 15-тармағына сәйкес Заңды тұлға жер қойнауын пайдаланушылардан алған ақша осы Қағидалардың 14-тармағында көрсетілген ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға, сондай-ақ аталған ақшаның қозғалысымен байланысты салық міндеттемелерін орындауға жіберіледі.

      Бұл ретте Заңды тұлға:

      1) осы Қағидалардың 15-тармағына сәйкес Заңды тұлғаның шотына жер қойнауын пайдаланушылардан аударылған ақшаны депозитке салу және кейіннен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті қаржыландыру үшін жеке арнайы шот ашады;

      2) әрбір жер қойнауын пайдаланушы бойынша ақшаны жеке есепке алуды, сондай-ақ ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға ақшаның пайдаланылуын есепке алуды жүргізеді.

      17. Заңды тұлғаның салық міндеттемелерін орындауы Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      18. Заңды тұлға ғылыми зерттеулерді жүргізу жөніндегі қызметті жоспарлау және мониторингілеу мақсатында, есепті кезеңнен кейінгі айдың жиырма бесінен кешіктірмей тоқсан сайын көмірсутектер және уран өндіру саласындағы уәкілетті органға осы Қағидалардың 16-тармағының 2) тармақшасына сәйкес ескерілетін ақша туралы ақпарат ұсынады.

      19. Көмірсутектер және уран өндіру саласындағы уәкілетті органның ғылыми-техникалық кеңесі жыл сайынғы негізде Заңды тұлғаға ағымдағы жылғы ақпан айының жиырма бесіне дейін осы Қағидалардың 14-тармағында көрсетілген ғылыми зерттеулерді қаржыландыру бойынша ағымдағы жылға арналған жұмыс жоспарын жолдайды, сондай-ақ оны көмірсутектер және уран өндіру саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында жариялайды.

      20. Заңды тұлға қаржыландырылуға жоспарланып отырған ғылыми зерттеудің техникалық тапсырмасын әзірлейді және көмірсутектер және уран өндіру саласындағы уәкілетті органның ғылыми-техникалық кеңесінің қарауына, ұсынымдар жасауы мен келісуіне ұсынады.

      21. Осы Қағидалардың 14-тармағында көрсетілген ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын субъектілерді айқындауды Заңды тұлға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына, сондай-ақ Заңды тұлғаның ішкі құжаттарына сәйкес осы Қағидалардың 20-тармағында көрсетілген техникалық тапсырманың негізінде ашық конкурс өткізу арқылы заңнамада белгіленген тәртіппен ғылым саласындағы уәкілетті орган аккредиттеген ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің, сондай-ақ автономдық білім беру ұйымдары мен олардың ұйымдарының арасынан жүргізеді.

      22. Қазақстан Республикасының төлем және төлем жүйелері туралы заңнамасына сәйкес Заңды тұлғаның ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға ақша аударуын растайтын төлем құжаттары жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың шеңберінде жер қойнауын пайдаланушының қызметімен байланысты емес ғылыми зерттеулерді қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерді орындауын растайтын құжаттар болып табылады.

      23. Қажеттілік туындаған жағдайда осы Қағидалардың қосымшасында көрсетілген ғылыми зерттеулерді жүргізу үшін басым салалық бағыттардың тізбесін көмірсутектер және уран өндіру саласындағы уәкілетті органның ғылыми-техникалық кеңесі өзектендіруге тиіс.

  Жер қойнауын
пайдаланушылардың
көмірсутектерді және уранды
өндіру кезеңінде
ғылыми-зерттеу, ғылыми-
техникалық және (немесе)
тәжірибелік-конструкторлық
жұмыстарды қаржыландыру
қағидаларына қосымша

Ғылыми зерттеулерді жүргізу үшін басым салалық бағыттардың тізбесі

      1-бөлім. Зерттеудің геологиялық-физикалық әдістері

      1. Сейсмикалық зерттеулер және деректерді өңдеу

      1) Жетілдірілген сейсмотүсірілім технологияларын енгізу (құрлықта, теңізде, таяз суда)

      2) Сейсмикалық деректерді өңдеудің жетілдірілген технологиялары мен алгоритмдерін енгізу

      2. Ггеологияны, литологияны және қанығуды түсіндіру тәсілдері

      1) Геологиялық үлгілеудің жаңа амалдарын енгізу

      2) Гидродинамикалық үлгілеудің жаңа амалдарын енгізу

      3) Тұзасты шөгінділердегі және карбонаттардағы сейсмодеректерді түсіндірудің жетілдірілген әдістерін енгізу

      3. ҰГЗ және ұңғымаларды мониторингілеу

      1) Коллектордың серпінін қадағалау үшін ұңғымаішілік мониторингтің жаңа әдістерін енгізу

      2) Ұңғыма деректерін түсіндірудің жетілдірілген әдістерін енгізу

      4. Жынысөзек деректерін талдау

      1) Жынысөзек материалын арнайы зерттеудің жаңа әдістерін таңдау

      5. Флюидтердің қасиеттерін зерттеу

      1) Флюидтерді зерттеудің жаңа әдістерін таңдау

      6. Көмір қабаттарынан метан өндірудің жаңа әдістерін енгізу

      7. Битум кен орындарын геологиялық зерттеу әдістемесін әзірлеу

      8. Тақтатас газын геологиялық зерттеу әдістемесін әзірлеу

      9. Геологиялық барлау, геотехнология және уран саласының минералдық базасын кеңейту.

      1) Геологиялық барлаудың жаңа әдістерін әзірлеу және игеру – Жерді қашықтықтан зондпен тексеру, үш өлшемді үлгілеу және т.б.

      2) Жаңа жоғары тиімді және жоғары жылдамдықты бұрғылау әдістерінің сапасын анықтау және игері, ұңғымаларды салу

      3) Геотехнология және кен орындарын компьютерлік үлгілеудің заманауи әдістерінің жетістіктері негізінде жер асты ұңғымалық сілтісіздендіру әдісімен игерілетін уран кен орындарын кешенді геологиялық-экологиялық бағалау

      4) Уран қорларын бағалау, қайта бағалау, саралау және мониторингілеу үшін геологиялық және геофизикалық зерттеулердің деректерін өңдеу кезінде уран кен орындарын және заманауи математикалық әдістерін геофизикалық зерттеудің су жаңа әдістерін енгізу

      5) Жинақталған геологиялық-геофизикалық деректердің негізінде технологиялық блоктарды және полигондарды ашудың оңтайлы тәсімдерін болжалау әдістемелерін әзірлеу және пайдалану, кендерді жерасты сілтісіздендіру кезінде орын алатын барлық гидрогеохимиялық үдерістерді үлгілеу, жер қойнауы күйінің серпінін болжалау.

      2-бөлім.Кәсіпішілік жабдық

      1. Жаңа жабдықтар мен материаллдардың тәжірибелік-конструкторлық зерттемелері

      1) Коррозияға төзімді жаңа материалдар мен жабдықтарды әзірлеу

      2) Ағуды анықтаудың және оларды жоюдың жаңа әдістерін енгізу

      3) Коррозияға қарсы жаңа химиялық реагенттерді әзірлеу

      2. Мұз жағдайындағы және төмен температуралар жағдайындағы жұмыстың жаңа әдістерін бейімдеу

      4) Мұз жағдайларына арналған жаңа материалдар мен жабдықтарды әзірлеу

      5) Мұз жағдайларында теңіз қондырғыларын салудың жетілдірілген технологияларын енгізу

      6) Ауа райын және мұз жағдайын үлгілеу мен болжаудың жаңа әдістерін таңдау

      3. Күкіртті кәдеге жарату

      7) Өндірілген мұнай мен газдан күкіртті бөлудің жаңа технологияларын енгізу

      8) Күкіртті кәдеге жаратудың жетілдірілген технологияларын енгізу

      4. Ғылым саласындағы уәкілетті орган аккредиттеген білім беру ұйымдарының және ғылым ұйымдарының әрекет ететін көмірсутек кен орындарының жанында орналасқан тәжірибелік-зерттеу (оқу) полигондарында пайдаланылатын инновациялық әдістерді, көмірсутектердің шығарылымын, мұнай операцияларының тиімділігін арттыру жөніндегі жабдықтарды, аспаптарды әзірлеу және енгізу

      3-бөлім. Флюидтердің серпінін және оларды дайындауды реттеу

      1. Флюидтердің серпінін қамтамасыз ету және құмаршылықты бақылау

      1) Ағындарды үлгілеудің және олардың серпінін мониторингілеудің жаңа әдістерін енгізу

      2) Көпфазалы ағындарды есепке алуға арналған жаңа жабдықтарды әзірлеу (экстремалды жағдайларға арналған, өздігінен калибрленетін шығын өлшегіштер және т.б.)

      3) Ұңғымалардағы құмаршылықпен күресудің жетілдірілген технологияларын енгізу

      4) Ағындардың серпініне арналған жаңа химиялық реагенттерді әзірлеу

      2. Суландыруды бақылау

      1) Суландыруды бақылаудың жетілдірілген технологияларын енгізу

      2) Суландыруды бақылауға арналған жаңа технологияларды және реагенттерді әзірлеу

      4-бөлім. Кен орнын және ұңғыманы игеруді басқару

      1. Ұңғымаларды бұрғылау және пайдалану

      1) Ауытқыған жағдайларда және агрессивті орталарда ұңғымаларды салуға арналған жаңа материалдар мен жабдықтарды әзірлеу

      2) Ауытқыған қысым, жоғары температура және Н2S жағдайында бұрғылаудың жаңа технологияларын әзірлеу

      3) Ұңғымалардың сағасында қысымды бақылау мен басқаруға арналған жаңа жабдықты әзірлеу

      4) Ұңғымаларды бұрғылаудың жаңа қауіпсіз және үнемді әдістерін әзірлеу (құрлықта, теңізде, таяз суда)

      5) Ұңғымаларды бұрғылаудың үнемді әдістерін енгізу

      6) Көлбеу бағытта бұрғылаудың жетілдірілген технологияларын енгізу

      2. Кен орнын игеруді басқару. Мұнай алуды оңтайландыру, оның ішінде мұнай алуды арттыру әдістері/мұнай өндіруді қарқындату әдістері (МАӘ/МӨҚӘ)

      1) Ұңғымаға ағынды қарқындатудың жаңа әдістерін енгізу

      2) Суландырудың жетілдірілген әдістерін және МАӘ енгізу (полимерлер және т.б.)

      3) Қабатты сумен жарудың жаңа технологияларын әзірлеу

      4) Резервуар серпінін қадағалау үшін ұңғымалық мониторингтің жаңа әдістерін енгізу

      5) Геохимияны және маркерлерді қолданумен резервуарды мониторингілеудің жаңа әдістерін енгізу

      6) Кен орындарын игеруді оңтайландырудың жаңа әдістерін енгізу

      7) Кен орындарын "цифрландыру" (smart-field)

      8) Кен орындарының және кәсіпорындардың инфрақұрылымын "цифрландыру"

      3. Табиғи уранды өндіру және уран концентратының өндірісі. Ядролық отын элементтерінің және отын құрастырымдарының өндірісі, уран кен орындарынан бағалы металдарды ілеспе алу.

      1) Жерасты ұңғымалық сілтісіздендіру кеніштерін жобалаудың автоматтандырылған компьютерлік жүйелерді әзірлеу және енгізу

      2) Уранды жерасты ұңғымалық сілтісіздендіру үдерістерін қарқындату әдістерін әзірлеу және игеру (уранды селективті сілтісіздендіру үшін тотықтырғыштардың жаңа түрлерін, электрохимиялық, акустикалық, гидравликалық әдістерді, жаңа тиімді реагенттерді қолдану)

      3) Өнімді ерітінділерді қайта өңдеу үшін жаңа өнімділігі жоғары жабдықты әзірлеу және енгізу, ҚЖЖ жүргізу үшін уран өндіру жөніндегі модульдік және ұтқыр кешендерді, жылжымалы қондырғыларды енгізу

      4) Жаңа буындағы аспаптардың және құралдардың (рентген талдауыштардың, бұзбай бақылау құралдарының, қысым тетіктерінің, инновациялық шығын өлшегіштердің және т.б.) негізінде ТҮ АБЖ, ЭТЕАЖ әзірлеу және енгізу

      5) Ақпаратты сақтау және өңдеу үшін заманауи ақпараттық технологияларды енгізу, Компанияның бірыңғай ақпараттық кеңістігін құру

      6) Кәсіпорындардың ғылыми-техникалық аудитін жүргізу және лицензиялық шарттарды жасасу және кәсіпорынның ғылыми-техникалық қызметінің өнімдерін коммерциялау арқылы жаңа технологиялар мен техниканы енгізу бойынша ұсыныстар дайындау

      7) Түрлі дизайндағы реакторлар үшін төмен байытылған уранның отын таблеткаларын, қайта қалпына келтірілген ураннан алынған UO2 ұнтақтарын сынау және сертификаттау

      8) 3+ буынындағы қолданыстағы жеңіл сулы реакторлар және 4-ші буындағы реакторлар үшін перспективалық дизайнды отынды алу технологиясын әзірлеу (композитті оксидті уран-бериллийлі және уран-гадолиндік отын, құрамдастырылған отын таблеткалары - байыту, бидай өлшемі, жанып кететін сорғышты үлестіру жөніндегі кескінделген отын)

      9) Отынды сертификаттау және жаңа отын нарықтарына шығу үшін оның қажетті және жеткілікті перспективалық реакторлық біліктілік сынақтарын өткізу

      10) Уран өндіру кен орындарында сирек кездесетін, сирекжер элементтерді және асыл металдарды ілеспе алудың жоғары тиімді технологияларын әзірлеу және енгізу

      11) СМ және СЖМ негізінде жаңа функционалды материалдарды алу технологияларын әзірлеу және енгізу

      5-бөлім.Еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және өндірістік операциялар

      1. ТЖ ден қою және олардың салдарын жою

      1) Тәуекелдерді және басқаруды сандық бағалаудың, бақылау мен мониторингілеудің жаңа әдістерін енгізу

      2) Теңізде және құрлықта мұнайдың төгілуін жою жөніндегі жаңа технологияларды әзірлеу, процестерді үлгілеу және басқару жүйелерін құру. Заманауи халықаралық жетістіктерді бейімдеу

      3) ТЖ (шығарындылар, жану және т.б.) жою жөніндегі жаңа технологияларды әзірлеу

      4) Табиғи ТЖ туындау тәуекелдерін бағалау жөніндегі сандық технологиялардың және үлгілеудің ғылыми-қолданбалы әдістерін енгізу

      5) Жер қойнауын пайдалану учаскелерінде және олардың шегінен тыс жерде жер бетіндегі деформацияларды мониторингілеудің жаңа әдістерін енгізу

      2. Күкіртті орталар жағдайында жұмыс істеу кезінде ЕҚ, ӨҚ және ҚОҚ тәуекелдерін төмендету

      1) Персоналды қорғауға арналған жаңа жабдықтар мен технологияларды (ЖҚҚ және т.б.) әзірлеу

      2) Өндірісте қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жаңа технологияларды әзірлеу

      3. Қоршаған ортаға әсерді төмендету

      1) Қоршаған ортаға әсерді мониторингілеудің жаңа әдістері мен технологияларын енгізу

      2) Өнеркәсіптік қалдықтарды (қоқырлар, топырақ, жану өнімдері, ағын сулар және өндірістік қалдықтардың басқа түрлері) тазарту жөніндегі жаңа технологиялар мен жабдықтарды енгізу. Заманауи халықаралық жетістіктерді бейімдеу 3) Қоршаған ортаның күйін бағалау мен мониторингілеудің жаңа ғылыми-қолданбалы әдістерін енгізу, әлемнің озық технологияларын бейімдеу, ақпаратты басқару, геоақпараттық жүйелер

      4) Су басу және теңіздегі су басу аймағында орналасқан ұңғымалардың күйін бағалау мен мониторингілеудің жаңа ғылыми-қолданбалы әдістерін енгізу. Оларды консервациялау/жою технологияларын әзірлеу.

      5) Қоршаған ортаны қорғау бойынша табиғат қорғау технологияларын бағалау, мониторингілеу және үлгілеу негіздері ретінде бедердің цифрлық үлгілерін құрудағы жаңа ақпараттық технологияларды енгізу

      6) Жасанды аралдардың Каспий теңізінің қоршаған ортасына тигізетін әсерін бағалаудың жаңа әдістерін енгізу

      7) Жайық-Каспий су шаруашылығы бассейнінің үстіңгі су және биологиялық ресурстарының экологиялық күйін бағалау мен Каспий теңізінің қазақстандық секторында биоалуантүрлілікті сақтау бойынша жетілдірілген әдістер мен технологияларды енгізу

      4. Экология және уран кен орындарының құнарлығын қалпына келтіру, пайдаланылған ядролық отынды (ПЯО), радиобелсенділігі төмен қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу

      1) Ұңғымаларды жою технологияларын оңтайдандыру, пайдаланылған полигондар аумақтарының құнарлығын қалпына келтіру, радиобелсенділігі төмен қалдықтарды көму пунктілерін консервациялау

      2) Қоршаған ортаны қорғаудың және радиациялық қауіпсіздіктің күйін бағалаудың автоматтандырылған жүйесін әзірлеу

      3) ПЯО және материалдарды, радиобелсенділігі төмен қалдықтарды залалсыздандыруды (деактивациялауды), сақтауды, кәдеге жаратуды қамтамасыз ететін әдістерді, технологияларды және нормативтік-техникалық құжаттаманы әзірлеу