Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу мерзімдерін белгілеу туралы

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 13 маусымдағы № 262 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 15 маусымда № 17082 болып тіркелді

Қолданыстағы

      "Телерадио хабарларын тарату туралы" Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 18 қаңтардағы Заңының 42-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу мерзімдерін келесідей анықтау:

      1) бірінші кезең, 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін: Маңғыстау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары;

      2) екінші кезең, 2019 жылдың 1 шілдесіне дейін: Атырау, Қызылорда, Алматы облыстары;

      3) үшінші кезең, 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін: Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстары;

      4) төртінші кезең, 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін: Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе облыстары, Астана және Алматы қалалары.

      2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік саясат департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және енгізу үшін жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ақпарат және коммуникациялар министрі
Д. Абаев