РҚАО-ның ескертуі!
Осы бірлескен бұйрық 29.06.2018 бастап қолданысқа енгізіледі.
"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі 129-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына және 178-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектерді және уранды өндіру кезеңінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бірлескен бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бірлескен бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;
4) осы бірлескен бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
5) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бірлескен бұйрық 2018 жылғы 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялауға жатады.
|
|
КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
__________________Б. Сұлтанов
2018 жылғы 24 мамыр
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 17 мамырдағы № 211 және Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 15 мамырдағы № 185 бірлескен бұйрығымен бекітілген |
Жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектерді және уранды өндіру кезеңінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектерді және уранды өндіру кезеңінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 129-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына және 178-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектерді және уранды өндіру кезеңінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру тәртібін айқындайды.
2. Жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық кадрлардың оқуын қаржыландыру деп Қазақстан Республикасының азаматтарын оқыту, біліктілігін арттыру және қайта даярлау (бұдан әрі - оқыту) түсініледі.
3. Жер қойнауын пайдаланушы оқытуды қаржыландыруды өндіру кезеңі ішінде екінші жылдан бастап жыл сайын, алдыңғы жылдың қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушының өндіру үшін шеккен шығындарының 1 (бір) пайызы мөлшерінде жүзеге асырады.
4. Жер қойнауын пайдаланушы алдыңғы жылдың қорытындысы бойынша өндіру үшін шеккен шығындарының 1 (бір) пайызынан асатын оқытуды қаржыландыру көлемі жер қойнауын пайдаланушының келесі жылғы тиісті міндеттемелерін орындауы есебіне ескеріледі.
5. Оқытуды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерді есептеу мақсатында алдыңғы жылдың қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушы өндіру үшін шеккен шығындарды айқындау жер қойнауын пайдаланушы Кодекстің 132 және 180- баптарына сәйкес көмірсутектер және уран саласындағы уәкілетті органға олар бекітетін тәртіппен ұсынатын лицензиялық-келісімшарттық талаптардың орындалуы туралы есептің деректері негізінде жүзеге асырылады.
2-тарау. Қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру тәртібі
6. Кодекске және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа сәйкес қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелердің орындалуы ретінде жер қойнауын пайдаланушының мыналарға нақты жұмсалған шығыстары танылады:
1) жер қойнауын пайдаланушының қызметкерлері болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтарын жер қойнауын пайдаланушының өндірістік қызметімен байланысты мамандықтар бойынша оқытуға;
2) жер қойнауын пайдаланушының қызметкерлері болып табылмайтын Қазақстан Республикасының азаматтарын оқытуға;
3) Қазақстан Республикасының азаматтарын оқыту үшін мемлекеттік бюджетке аударылған ақшалай қаражат;
4) облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары ұсынған және көмірсутектер және уран саласындағы уәкілетті органмен келісілген тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумағында жер қойнауын пайдалану саласымен байланысты мамандықтар бойынша кадрларды даярлауды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарының (оның ішінде қолданыстағы кен орындарында орналасқан оқу (тәжірибелік-зерттеу) полигондары объектілерінің) материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін қажетті тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі бойынша сатып алу түріндегі жұмсаған нақты шығыстар.
7. Кодексте және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелердің мөлшері шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы осы Қағидалардың 6-тармағының 1) – 4) тармақшаларында көрсетілген бағыттар бойынша қаржыландыру көлемін дербес айқындауды жүзеге асырады.
8. Жер қойнауын пайдаланушы Кодексте және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта жер қойнауын пайдаланушының қызметкерлері болып табылмайтын Қазақстан Республикасы азаматтарының төменде көрсетілген санаттарын оқытуға белгіленген міндеттемелер мөлшерінің 30 % (пайызына) дейін оқытуды қаржыландыруды жүзеге асыруы мүмкін:
1) 1-ші, 2-ші және 3-ші топ мүгедектері;
2) жетім балалар және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, жиырма бір жасқа толмаған, кәмелет жасына дейін ата-анасынан айырылған балалар;
3) көпбалалы отбасылар;
4) толық емес отбасылар.
9. Осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген тұлғаларды қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушының қызметкерлері болып табылмайтын Қазақстан Республикасының азаматтарын оқытуды қаржыландыру:
1) Энергетика саласына аса қажетті мамандықтар тізбесіне (бұдан әрі – Тізбе) сәйкес. Тізбені көмірсутектер және уран өндіру саласындағы уәкілетті орган білім беру саласындағы уәкілетті органның келісуімен қалыптастырады және өзінің интернет-ресурсында орналастырады және оны тиісті жылдың 25 қаңтарына дейін жыл сайын өзектендіруге тиіс.
2) институционалдық немесе мамандандырылған аккредиттеуден өткен білім беру ұйымында немесе "Білім туралы құжаттарды тану және нострификациялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 10 қаңтардағы №8 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 5135 болып тіркелді) сәйкес білім туралы құжаттарды нострификациялау рәсімінен өткізу қажеттілігімен шетел оқу орындарында (оның филиалдарында) жүзеге асырылады.
10. Алдыңғы жылдың қорытындысы бойынша оқытуды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерді орындау шеңберінде қаражатты игермеу фактілері анықталған жағдайда, көмірсутектер және уран саласындағы уәкілетті орган жер қойнауын пайдаланушыны электрондық пошта және/немесе ресми хат арқылы аталған фактілер туралы хабардар етеді.
11. "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 1-тарауы 1-бабының 59) тармақшасына сәйкес төлем құжаттары және оқу орнына алыну туралы ресми құжаттың көшірмесі көмірсутектерді және уранды өндіру кезеңіндегі жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыруы жөніндегі міндеттемелерін орындауын растайтын құжаттар болып табылады.