Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясы туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 15 мамырдағы № 330 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 31 мамырда № 16970 болып тіркелді.

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 29.06.2018 бастап қолданысқа енгізіледі және 01.01.2024 дейін қолданыста болады

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 141-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясы туралы ереже бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссия және пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі өңіраралық комиссиялар туралы ережелерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 21 сәуірдегі № 472 бұйрығының 1-тармағы 1) тармақшасының (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11200 болып тіркелген, 2015 жылғы 18 маусымда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған);

      2) "Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссия және пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі өңіраралық комиссиялар туралы ережелерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 21 сәуірдегі № 472 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2016 жылғы 5 шілдедегі № 539 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14173 болып тіркелген, 2016 жылғы 9 қыркүйекте "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз тасығыштағы және электрондық нысандағы көшірмелерін Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің электрондық бақылау банкінде ресми жариялау және енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық 2018 жылғы 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болады.

      Қазақстан Республикасының
      Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрі

      ____________ Қ. Бозымбаев

      2018 жылғы 16 мамыр

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің 2018 жылғы
15 мамырдағы
№ 330 бұйрығымен бекітілді

Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясы туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы ереже (бұдан әрі - Ереже) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексінің 141-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясының (бұдан әрі - Комиссия) қызметін ұйымдастыру мәселелерін, олардың құрамын, жұмыс регламентін және іс жүргізуін айқындайды.

      2. Комиссия жер қойнауын зерделеу жөніндегі уәкілетті органның жанынан құрылады және көмірсутектері және кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда пайдалы қатты қазбалар бойынша жер қойнауын мемлекеттік сараптаманы (бұдан әрі - сараптама) жүзеге асыратын алқалы орган болып табылады.

2-тарау. Комиссияның қызметін ұйымдастыру

      5. Комиссияның негізгі міндеті сараптама жүргізу болып табылады. Комиссия сараптама жүргізу кезінде мыналарды:

      1) пайдалы қазбалар қорларының саны, сапасы, құрамы, технологиялық қасиеттері, сондай-ақ жер қойнауының ерекшеліктері туралы деректердің дұрыстығын;

      2) пайдалы қазбаларды өндіру шарттары үшін геологиялық, тау-кен техникалық, гидрогеологиялық, инженерлік-геологиялық, техникалық-экономикалық деректердің толықтығы мен дұрыстығын;

      3) кен орындарын қазудың экономикалық тиімділігінің техникалық-экономикалық негіздемесін, көмірсутек шикізатын алу коэффициенттерін, минералдық-шикізаттық базаны кеңейту жөніндегі қорытындылар мен ұсыныстарды, пайдалануға арналған қорлар мен жер қойнауы учаскелерінің дайындығы дәрежесін;

      4) жер қойнауын геологиялық зерделеу мен бағалау жөніндегі жұмыстардың нәтижелері мен сапасын;

      5) пайдалы қазбалардың кен орындарын жоюдың немесе консервациялау, пайдалы қазбаларды есептен шығару немесе қалған қорлардың теңгерімділік тиесілігінің өзгеру негізділігін айқындайды.

      6. Комиссия өз қызметінде мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік теңгеріміне қоюға негіз болып табылатын барланған пайдалы қазбалар қорының рентабельділігі туралы қорытындыны береді;

      2) пайдалы қазбалар қорының саны мен сапасын, олардың республика экономикасы үшін маңызын, өндірудің тау-кен техникалық, гидрогеологиялық, экологиялық және басқа да жағдайларына объективті баға береді;

      3) келісімшарттық аумақтағы барлау нәтижесінде коммерциялық табу фактісін растайды.

      7. Комиссия сараптама барысында:

      1) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардан, жер қойнауын зерделеу жөніндегі уәкілетті органға ведомстволық бағынысты ұйымдар мен мекемелерден және жер қойнауын пайдаланушылардан өздеріне жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті ақпаратты, құжаттарды және материалдарды сұратады және алады;

      2) тәуелсіз сарапшыларды тартады;

      3) қажеттілігіне қарай сараптама жүргізілетін объектілерде көшпелі отырыстарды өткізеді;

      4) жер қойнауын пайдаланушы құзыретті орган қолданыстағы келісімшартқа тиісті өзгерістер енгізгенге дейін келісімшарттық талаптарда айтылған жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізу мерзімдер бұзған жағдайда, сараптамаға ұсынылған есептерді кері қайтарады;

      5) олардың өз функцияларына кіретін мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.

      8. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ айына кемінде бір рет өткізіледі.

      9. Комиссия отырыстары жұмыс және пленарлық отырыстар болып бөлінеді. Жұмыс бабында қарау нәтижесі Комиссия шешімінің жобасы болып табылады. Комиссияның пленарлық отырысында сараптама жасалатын есептер бойынша шешім қабылданады.

      10. Комиссияның пленарлық отырысында шешім, оған келіп түскен материалдардың салалық бағытына сәйке оның қатысып отырған мүшелерінің даусының көпшілігімен қабылданады. Шешімдерді қабылдау кезінде дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.

      Қабылданған шешімге келіспейтін Комиссия мүшелері ерекше пікір білдіре алады. Ерекше пікір оның негіздемесін қамтитын жеке құжатпен ресімделеді және қаралатын материалдарға қоса беріледі.

      11. Комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Геология комитеті (бұдан әрі - Комитет) болып табылады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 21.05.2020 № 114 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. Комиссия отырыстарына Комиссияның мүшелері болып табылмайтын адамдар шақырылуы мүмкін.

      13. Комиссия төрағасы оның қызметіне жетекшілік етеді, әдістемелік басшылықты жүзеге асырады. Төраға болмаған кезде оның міндеттерін Комиссия төрағасының орынбасары атқарады.

      14. Комиссия хатшысы сараптамаға есептердің қабылдануын және оларды Комиссия отырыстарына дайындауды ұйымдастырады.

      15. Сараптаманың нәтижелері пайдалы қазбалар қорларын бекіту туралы, қорларды санаттар бойынша бөлу, тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірудің көлемдері мен мерзімдері, көмірсутекті шикізатты алу коэффициенттері, пайдалы қазбалар қорларын есептен шығару, жер қойнауы туралы ақпаратты өнеркәсіптік, ғылыми және басқа мақсаттарда қолдану мүмкіндіктері, ұсынымдар туралы деректер, сондай-ақ Комиссия құзыретіне кіретін өзге де мәселелер бойынша шешімдер көрініс табатын хаттамамен ресімделеді.

      16. Сараптаманың нәтижелері көрсетілген хаттамаға отырысқа төрағалық етушінің қолы қойылады және Комиссияның барлық қатысқан мүшелерінің бұрыштама қолдары қойылады.

3-тарау. Комиссияның құрамы

      17. Комиссия төрағадан, оның орынбасарынан, хатшыдан және Комиссия мүшелерінен тұрады.

      18. Комиссия төрағасы жер қойнауын зерделеу жөніндегі уәкілетті органның басшысы болып табылады. Комиссия төрағасының Комиссия төрағасы болмаған кезеңде Комиссия құзыреті шегінде құжаттарға қол қою құқығын иеленетін орынбасары бар.

      19. Комиссия төрағасының орынбасары жер қойнауын зерделеу жөніндегі уәкілетті орган басшысының орынбасары болып табылады.

      20. Комиссия хатшысы мен Комиссия мүшелері жер қойнауын зерделеу жөніндегі уәкілетті органның салалық басқармаларының білікті қызметкерлері болып табылады.

      21. Комиссия құрамы жер қойнауын зерделеу жөніндегі уәкілетті органмен бекітіледі.

4-тарау. Комиссияның жұмыс регламенті және іс жүргізу

      22. Комиссияның кезекті жылға арналған жұмыс жоспары жер қойнауын пайдаланушылардың өтінімдері негізінде қалыптастырылады.

      23. Жер қойнауын пайдаланушылар сараптамаға есеп ұсыну мерзімін көрсете отырып, жер қойнауын зерделеу жөніндегі уәкілетті органның тиісті аумақтық бөлімшелеріне (бұдан әрі - аумақтық бөлімше) жоспарланатын жылдың 20 қаңтарына дейінгі мерзімде өтінімдерді жібереді.

      24. Аумақтық бөлімшелер жоспарланатын жылдың 30 қаңтарына дейінгі мерзімде Комиссия атына жер қойнауын пайдаланушылардың өтінімі бойынша жиынтық мәліметтерді жібереді.

      25. Комиссия жұмысының жиынтық жоспарын Комиссия төрағасы бекітеді.

      26. Жер қойнауын пайдаланушы жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері туралы есепті (бұдан әрі - есеп) сараптамаға ұсынады.

      27. Жоспарланатын жылдың 20 қаңтарынан кейін түскен жер қойнауын пайдаланушылардың өтінімдерін Комиссия хатшысы тіркейді. Аталған есептерге сараптама мынадай түрде жүргізіледі:

      1) бірінші кезекте жиынтық жұмыс жоспарына сәйкес есептер қарастырылады;

      2) екінші кезекте жоспарланатын жылдың 20 қаңтарынан кейін келіп түскен өтінімдер бойынша есептер олардың түсу кезектілігіне сәйкес қарастырылады.

      28. Комиссия қарауына түсетін есеп алдын ала тиісті қор жөніндегі өңіраралық комиссиямен (бұдан әрі - ҚӨК) қаралады және оның қорытындысымен сүйемелденеді.

      29. Жер қойнауын пайдаланушы сараптамаға мыналарды жібереді:

      есеп қағаз және элетрондық тасығышта бір данада;

      есепке авторлық анықтамалар – үш дана санында;

      ҚӨК қорытындысы - үш дана санында.

      30. Сараптамаға келіп түсетін есепті Комиссия хатшысы осы Ереженің 29-тармағында көрсетілген материалдардың болуын қарайды.

      Материалдар толық ұсынылған кезде Комиссия хатшысы есепті тіркейді, одан кейін сараптамаға қабылданған болып есептеледі және тәуелсіз сарапшы (сарапшылар) тағайындалады, бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыға түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде жазбаша хабарланады.

      Материалдар толық ұсынылмаған жағдайда, есеп тіркелмейді, бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыға түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде жазбаша хабарланады.

      31. Жер қойнауын пайдаланушы тәуелсіз сарапшыларды есептің материалдарымен, оны жүргізу барысында тікелей сараптама мәніне қатысты жұмыс және қосымша материалдарымен қамтамасыз етеді.

      32. Комиссияның мүшелеріне олардың тіркелуіне қарай сараптамаға есептердің келіп түсуі туралы Комиссия хатшысы хабарлайды.

      33. Комиссия қарауына түскен есеп Комиссия төрағасының орынбасарына беріледі, ол келіп түскен материалдардың салалық бағытына сәйкес Комиссия мүшелерінің ішінен сараптама жүргізуге жауапты адамдарды айқындайды.

      34. Сараптама Комиссия хатшысы есепті тіркеген сәттен бастап үш айға дейінгі мерзімде жүргізіледі. Аса күрделі не көлемі үлкен есепті қараған жағдайда, сараптаманы жүргізу мерзімі Комиссия төрағасының шешімі бойынша ұзартылуы мүмкін, бірақ үш айдан астам емес ұзартылады.

      35. Сараптама геология және жер қойнауын пайдалану саласында арнайы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып жүргізіледі. Тәуелсіз сарапшылардың тізімін жер қойнауын зерделеу жөніндегі уәкілетті органның ведомство басшысы бекітеді.

      36. Тәуелсіз сарапшылардың сараптама қорытындыларын алғаннан кейін және есепті зерделегеннен кейін комиссияның жауапты мүшелері жер қойнауын пайдаланушылар өкілдерінің, есеп орындаушылардың, тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен Комиссияның жұмыс отырысын өткізеді.

      37. Комиссияның жұмыс отырыстары Комиссия төраға орынбасарының, ал ол болмаған кезде - комиссияның сараптама өткізуге жауапты мүшесінің төрағалық етуімен жүргізіледі. Жұмысты қарау нәтижесі Комиссия шешімнің жобасы болып табылады.

      38. Комиссияның пленарлық отырыстары Комиссия төрағасының төрағалық етуімен өткізіледі. Төраға болмаған жағдайда, отырысты оның орынбасары өткізеді.

      39. Пленарлық отырыс өткізілгенге дейін үш жұмыс күні бұрын Комиссия хатшысы Комиссияның мүшелеріне қаралатын объекті бойынша есептің негізгі мазмұны қысқаша түрде көрсетілген авторлық анықтаманы танысу үшін ұсынады. Комиссия мүшесінің талабы бойынша оған тәуелсіз сарапшылардың қорытындылары және есептің басқа материалдары ұсынылады.

      40. Комиссияның пленарлық отырысы егер оған келіп түскен материалдардың салалық бағытына сәйкес Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысы қатысқан жағдайда, ол заңды деп есептеледі. Комиссияның мүшелері өзінің отырысқа қатысу жөніндегі уәкілеттігін басқа адамдарға бере алмайды.

      41. Комиссия отырысының хаттамасы пленарлық отырыс өткен күннен бастап он төрт жұмыс күні ішінде әзірленеді. Хаттамада сараптамаға ұсынылған есептің материалдары туралы мәліметтер, сараптама барысында анықталған ескертулер, Комиссияның шешімі және олардың ұсынымдары қамтылады.

      Комиссияның пленарлық отырысының қорытындылары бойынша хаттамаларда мынадай индекстердің бірі бар шешім көрсетіледі:

      барлау жөніндегі жұмыстары аяқталмаған жер қойнауының учаскелері бойынша жер қойнауын пайдаланушылар ұсынған аралық есептер бойынша:

      алдынала бағаланған пайдалы қазбалар қорының көлемі назарға алынғанын білдіретін "П" индексі;

      жүргізілген бағалау жұмыстарының нәтижелері бойынша жер қойнауын пайдаланушылар ұсынған қорытынды есеп бойынша:

      пайдалы қазбалар қоры бекітілгенін және Мемлекеттік теңгерімге қоюға жататын білдіретін "У" индексі.

      Комиссия отырысының "У" индексі бар Хаттамасына қол қойылған күннен бастап теңгерімдік (шығарып алынатын) қорлар бойынша коммерциялық табу расталған деп есептеледі.

      42. Комиссия отырысының дайындалған хаттамасы қаралғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде тиісті аумақтық бөлімшеге, геологиялық қорларға және жер қойнауын пайдаланушыға жіберіледі.

      43. Сараптамадан өткен есепке, есеп орындаушылары пленарлық отырыста қабылданған шешімдерді және Комиссия хаттамасында көрініс тапқан барлық қажетті толықтырулар мен түзетулерді енгізеді.

      44. Енгізілген түзетулердің сәйкестігін ұсынылған есепті сараптамадан өткізуге жауапты адам тексереді және есепті орындаушылардың, ескертулер бейімі жөніндегі тәуелсіз сарапшының және Комиссия жұмыс органы маманының қолдары қойылған актімен куәландырылады.

      45. Сараптамадан өткен есепке тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін, сондай-ақ оларды қосымша түзелмей және түзетулерсіз қабылдаған жағдайда, жүргізілген геологиялық барлау жұмыстары туралы сараптамадан өткенін куәландыратын мөртабан қойылады.

      46. Қабылданған қорлардың санаттары, хаттаманың нөмірі, пленарлық отырыс өткізілген күні, сондай-ақ сараптама жасалатын материалдардың қаралуына жауапты адамның қолы мөртабанда көрініс табады. Мөртабан есеп мәтінінің титул парағына және қорлардың бұғатталғанын мен санаттарға бөлінгенін көрсететін графикалық қосымшалардың әрбір парағына қойылады.

      47. Егер сараптама жасалатын есепке жасалған сараптама нәтижесі бойынша Комиссияның теріс қорытындысы алынса, жер қойнауын пайдаланушы есепті ескертулер мен ұсынымдарды ескере отырып, оларды пысықтау шартымен есепті қайталама сараптамаға ұсынады.