РҚАО-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 2018 жылғы 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.
"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі 131-бабының 4-тармағына және 179-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Көмірсутектер және уран өндіру бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімін, осы тізілімге енгізу үшін оларды бағалау өлшемшарттарын қоса алғанда, қалыптастыру және жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспасөз басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;
4) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2018 жылғы 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялауға жатады.
Қазақстан Республикасының | |
Энергетика министрінің | |
міндетін атқарушы | М. Досмұхамбетов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
______________Ж. Қасымбек
14 мамыр 2018 жыл
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің міндетін атқарушы 2018 жылғы 4 мамырдағы № 159 бұйрығымен бекітілген |
Көмірсутектер және уран өндіру бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімін, осы тізілімге енгізу үшін оларды бағалау өлшемшарттарын қоса алғанда, қалыптастыру және жүргізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Көмірсутектер және уран өндіру бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімін, осы тізілімге енгізу үшін оларды бағалау өлшемшарттарын қоса алғанда, қалыптастыру және жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 131-бабының 4-тармағына және 179-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және көмірсутектер және уран өндіру бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімін (бұдан әрі – Тізілім), осы тізілімге енгізу үшін оларды бағалау өлшемшарттарын қоса алғанда, қалыптастыру және жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Қағидаларда Кодексте белгіленген ұғымдар мен анықтамалар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) көмірсутектерге және уранға қатысты қазақстандық кадрларды және өндірушілерді қолдау саласындағы оператор (бұдан әрі – Оператор) – дауыс беретін акцияларының елу және одан да көп пайызы (қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі, көмірсутектер және уран саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы заңды тұлға болып табылады ал акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінін) мемлекеттік пакетіне иелік ету және пайдалану құқығын көмірсутектер және уран өндіру саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады;
2) өндіруші - жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды өндіретін және (немесе) жеткізетін және (немесе) жұмыстарды орындайтын және (немесе) қызметтерді көрсететін жеке немесе заңды тұлға.
3. Тізілімді Оператор қалыптастырады және жүргізеді.
2-тарау. Тізілімді қалыптастыру және жүргізу тәртібі
4. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер туралы мәліметтерді Тізілімде қалыптастыру Кодекстің 131-бабының 6-тармағына және 179-бабының 6-тармағына сәйкес бекітілетін нысан және қағидалар бойынша жер қойнауын пайдаланушылар көмірсутегі шикізаты және уран өндіру саласындағы уәкілетті органға ұсынатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жылдық және орта мерзімді бағдарламаларының мәліметтері негізінде жүзеге асырылады.
5. Тізілімді қалыптастыру және жүргізу деп:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер және оларды өндірушілер туралы мәліметтерді Тізілімге енгізу;
2) өндірушілер ұсынған мәліметтер өзгерген кезде, сондай-ақ өндірушілер Тізілімнен шығарылған кезде Тізілімді жаңарту;
3) жер қойнауын пайдаланушылар ұсынған мәліметтер өзгерген кезде Тізілімді жаңарту;
4) осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша Тізілімді "Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімі" мемлекеттік ақпараттық жүйесіне орналастыру түсініледі.
6. Тізілімді қалыптастыру үшін жергілікті (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдар облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында өндірілетін тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер және оларды өндірушілер тізбесін осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес Операторға ұсынады.
7. Оператор Тізілімді қалыптастыру және жүргізу мақсатында жергілікті (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдар ұсынған мәліметтерде көрсетілген өндірушілерге оларды және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын, олар ұсынатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер туралы мәліметтерді Тізілімге енгізу мүмкіндігі туралы хабарламаны электронды түрде жібереді.
8. Тізілімде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер туралы мәліметтерді қалыптастыру үшін көмірсутектер және уран өндіру саласындағы уәкілетті орган осы Қағидалардың 4-тармағына сәйкес алынған ақпаратты Операторға береді.
9. Тізілімде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндірушілер туралы мәліметтерді қалыптастыру үшін өндіруші заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманы Операторға ұсынады. Бейрезиденттер сауда тізілімінен заңдастырылған көшірмені немесе шетелдік заңды тұлға шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатындығын куәландыратын басқа заңдастырылған, қазақ және орыс тілдеріне нотариалды куәландырылған аудармасы бар құжатты ұсынады.
10. Оператор:
1) өндірушіден құжаттарды алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 9-тармағына сәйкес өндірушінің осы Қағидалардың 11-тармағының 1) тармақшасында келтірілген өлшемшартқа сәйкес келуін тексереді;
2) жергілікті атқарушы органдар осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкес мәліметтерді ұсынғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде өндірушінің осы Қағидалардың 11-тармағының 2) тармақшасында келтірілген өлшемшартқа сәйкес келуін тексереді;
3) Өндіруші осы Қағидалардың 11-тармағында келтірілген өлшемшартқа сәйкес келген жағдайда, өндірушіні Тізілімге енгізеді.
11. Мыналар тізілімге енгізу үшін жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндірушіні бағалаудың өлшемшарттары болып табылады:
1) заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелу;
2) жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жылдық және орта мерзімді бағдарламаларында тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің болуы.
12. Оператор өндірушіні мынадай жағдайларда Тізілімнен алып тастауды жүзеге асырады:
1) өндіруші жабылғанда;
2) өндірушінің бастамасы бойынша;
3) өндірушінің осы Қағидалардың 11-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген өлшемшартқа сәйкес келмеуіне әкелетін, өндірушілер, жер қойнауын пайдаланушылар ұсынған мәліметтер өзгергенде.
13. Осы Қағидалардың 12-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген негіздер бойынша Тізілімнен алып тастау үшін, Өндіруші Операторға оны Тізілімнен алып тастау туралы өтініш ұсынады.
Оператор Тізілімнен алып тастау туралы өтінішті алғаннан кейін және (немесе) осы Қағидалардың 12-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көрсетілген жағдайлар туындаған кезде үш жұмыс күн ішінде өндірушіні Тізілімнен алып тастайды.
Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімі
№ р/с | Қазақстан Республикасы өнімдерінің статистикалық сыныптауышы бойынша тауардың, жұмыстың және көрсетілетін қызметтің коды мен атауы | Тауардың, жұмыстың және көрсетілетін қызметтің қосымша сипаттамасы | СТ-KZ* сертификатының бар болуы (тауарларды тіркеу кезінде) |
*СT-KZ - Қазақстан Республикасының аумағында тауарлардың шығу тегі туралы куәландыратын құжат
Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында өндірілетін тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер және оларды өндірушілер тізбесі
№ р/с | Өндіруші атауы | Облыс, қала (елді мекен), мекенжайы | Телефон, электронды мекенжай, интернет-ресурс | Персоналдың жалпы саны | Қазақстан Республикасының резиденті | СТ-KZ* сертификатының бар болуы (тауарларды тіркеу кезінде) | Қазақстан Республикасы өнімдерінің статистикалық сыныптауышы бойынша тауардың, жұмыстың және көрсетілетін қызметтің коды мен атауы |
*СT-KZ - Қазақстан Республикасының аумағында тауарлардың шығу тегі туралы куәландыратын құжат