Бағалау туралы есептің нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 3 мамырдағы № 501 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 17 мамырда № 16900 болып тіркелді

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұйрық 13.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының 9-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған бағалау туралы есептің нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп және аудит әдіснамасы департаменті (А.Т.Бектұрова) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін қағаз және электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шараларды орындау туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық 2018 жылғы 13 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Қаржы министрі Б. Сұлтанов

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2018 жылғы 3 мамырдағы
№ 501 бұйрығымен
бекітілген

Бағалау туралы есептiң нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Бағалау туралы есептiң нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптар (бұдан әрi – талаптар) халықаралық бағалау стандарттарын пайдалана отырып, "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметi туралы" 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңына (бұдан әрi – Заң) сәйкес әзiрлендi және бағалау туралы есептiң (бұдан әрі – есеп) нысаны мен мазмұнына, есепте пайдаланылатын ақпаратқа, сондай-ақ есепте қолданылатын әдiснама мен есеп айырысулардың сипаттамасына қойылатын талаптарды белгiлейдi.

      2. Осы талаптар Қазақстан Республикасының аумағында бағалау қызметiн жүзеге асыру кезiнде қолдануға мiндеттi болып табылады.

      3. Есеп бағалау жүргiзу нәтижелері бойынша жасалады және Заңға, осы талаптарға мен Заңның 13-бабы 2-тармағына сәйкес бекітілген бағалау стандарттарына сәйкес ресімделген жазбаша құжатты бiлдiредi.

      4. Активтердің жекелеген түрлері үшін бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган әзірлеген және бекіткен бағалау стандарттарында белгіленген қосымша талаптар қолданылады, олар есептерде көрсетіледі.

2-тарау. Бағалау туралы есептiң мазмұнына қойылатын талаптар

      5. Есепте мынадай бөлiмдер мен бөлiктер қамтылады:

      титул парағы;

      есептiң мазмұны;

      1-бөлім. "Есеп туралы жалпы мәліметтер";

      2-бөлім. "Жалпы ақпарат және бағалау объектiсiнiң сипаттамасы";

      3-бөлім. "Есептiң есеп айырысу бөлiгi";

      4-бөлім. "Қорытынды бөлігі";

      қосымшалар.

      6. Титул парағында мыналар:

      1) есептiң атауы;

      2) есептiң нөмiрi;

      3) есептiң жасалған күнi;

      4) объектiнiң атауы және орналасқан жерi;

      5) бағалау күнi;

      6) бағалау мақсаты;

      7) айқындалатын құнның түрi;

      8) тапсырыс берушiнiң толық атауы немесе тегi, аты, әкесiнiң аты (бар болса), оның нақты орналасқан жерi немесе заңды мекенжайы, банктiк деректемелерi;

      9) бағалаушының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), ол мүшесi болып табылатын бағалаушылар палатасының атауы және заңды тұлғаның атауы (бағалаушы заңды тұлғамен еңбек шартын жасасқан жағдайда);

      10) тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және басшысының қолы қамтылады (бағалаушы заңды тұлғамен еңбек шартын жасасқан жағдайда).

      7. Есеп мазмұнында оның құрамына беттерi көрсетiліп енгізілген бөлiмдер (кiшi бөлiмдер) көрініс табады.

      8. "Есеп туралы жалпы мәліметтер" деген 1-бөлімде мыналар:

      1) бағалау жүргізуге негіздеме: бағалау туралы шарттың нөмірі мен жасалған күні;

      2) бағаланатын объектiнiң атауын, объектiнiң меншік иесiн, объектiнiң орналасқан жерiн, бағаланатын құқықтарын, бағалау түрiн, бағаланатын мүлiктiң сәйкестігін, белгiленетiн құнның базасы мен түрiн айқындауды көрсете отырып, бағалауға тапсырма;

      3) бағалаушы туралы мәліметтер (тегi, аты, әкесiнiң аты (бар болса), жеке сәйкестендіру нөмірі, оның орналасқан жері, "бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәліктің нөмірі мен берілген күні, ол мүшесi болып табылатын бағалаушылар палатасының атауы, бағалаушының немесе бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлғаның мүліктік жауапкершілігін қамтамасыз ету туралы мәліметтер; заңды тұлғаның толық атауы, бизнес сәйкестендіру нөмірі, банктік деректемелері, заңды мекенжайы);

      4) бағалауды жүргізу кезінде бағалаушының пайдаланған ұйғарымы мен шектеу талаптары;

      5) бағалауды жүргізу кезiнде пайдаланылған құжаттар тiзбесi:

      бағалау қызметі саласындағы заңнама, олар алынған көздерін көрсете отырып, бағалауды жүргізу кезінде пайдаланылған деректер тізбесі;

      6) есепте қолданылатын негiзгi терминдер мен анықтамалар қамтылады.

      9. "Жалпы ақпарат және бағалау объектiсiнiң сипаттамасы" деген 2-бөлімде мыналар:

      1) бағалау объектiсi тексерiлген күні (материалдық объектілер үшін);

      2) бағалау объектiсінiң жалпы сипаттамасы мен жай-күйi;

      3) бағалау объектiсінiң құрамы;

      4) бағалау объектiсiнiң мақсаты мен ағымдағы пайдаланылуы;

      5) бағалау объектiсi орналасқан жердiң сипаттамасы;

      6) бағаланатын объектінің негiзгi сипаттамаларының сипаты қамтылады.

      Кредит беру мақсаттары үшін кәсiпорындарды және iрi жылжымайтын мүлiк объектiлерiн бағалау кезiнде мыналар қосымша көрсетiледi:

      1) өңiрдегi жалпы экономикалық ахуалға және әлеуметтiк-экономикалық ахуалға шолу;

      2) бағаланатын мүлік нарығында ағымдағы белсендiлiк пен үрдістерге шолу;

      3) салалық шолу (оның негізінде белгiлi бiр тауарларды (қызмет көрсетулердi) өндiру ұйымдастырылған мүлiк кешенiнiң құрамына кiретiн жылжымайтын мүлiк бағаланатын жағдайда жасалады).

      10. "Есептiң есеп айырысу бөлiгi" деген 3-бөлімде мыналар:

      1) бағалау әдiснамасы;

      2) үш тәсілдегі әдiс мәнiнiң қысқаша мазмұны және осы есепте қолданылған тәсілдер мен әдістерді таңдау негiздемесi;

      3) таңдалған тәсілдер/әдiстер қолданылған бағалау процесiнiң сипаттамасы;

      4) таңдалған тәсілдермен/әдістермен орындалған есеп айырысулар;

      5) "Бағалау нәтижелерін келісу" деген бөлім қамтылады.

      Бірнеше тәсілдер мен оларға сәйкес келетін әдістерді қолданған кезде бағалаушы тәсілдер шеңберінде де, сол сияқты бір тәсілдің әдістері шеңберінде де:

      есепте қалғандарын пайдаланудан уәжді бас тарту келтіре отырып, алынған нәтижелердің біреуін таңдайды;

      нәтижелерді келісу рәсімін пайдаланады (екі рет бір-бірінен өзгеше болмайтын екі және одан да көп тәсілдер/әдiстерді пайдаланған кезде).

      11. "Есептің қорытынды бөлігі" деген 4-бөлімде объекті құнының шамасы туралы жиынтық қорытынды қамтылады.

      Бағалау объектісі құнының жиынтық шамасы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында көрсетіледі және сомасын жақшада таратып жаза отырып, теңгемен көрініс табады (егер Тапсырыс берушімен жасалған бағалау жүргізу шартымен өзгеше келісілмесе).

      Бағалау туралы есепте көрсетілген бағалау объектісі құнының жиынтық шамасы, егер бағалау туралы есеп жасалған күннен бастап бағалау объектісімен мәміле жасалған күнге немесе жария оферта ұсынылған күнге дейін өткен уақыт алты айдан аспайтын болса, бағалау объектiлерімен мәмiле жасасу мақсаттары үшін ұсынымды болып танылады.

      12. Есепке қосымшаларда мыналар қамтылады:

      1) бағалау объектісін тексеру актісі, онда бағаланатын объектіні тексеру күні, бағалау объектісінің мекенжайы (тексеру актісі материалдық объектілер үшін жасалды), бағаланатын объектінің негізгі сипатының сипаттамалары, бағалау объектісін және бағалаушы, бағалаудың тапсырыс берушісі және үшінші тұлғалар қол қойған оның нақты жай-күйін (егер бар болған және тексеруде қатысқан жағдайда) толығымен сәйкестендіруге мүмкіндік беретін өзге де ақпарат. Қол қоюдан бас тартқан жағдайда, бағалаушы фактіні тексеру актісінде тіркейді;

      2) бағалау объектiсiнiң фотосуреттерi (тек жылжымайтын мүлiк, көлiк, жабдық және басқа да материалдық мүлiк үшiн);

      3) интернет желісінен алынған ұқсас объектілердің бағалары туралы мәліметтер мен хабарландыруларға сілтемелер қамтылған компьютердің жұмыс үстелінің фотосуреттері (скриншот);

      4) есеп айырысу кестелерi (бар болса);

      5) кәсiпорын активтерінің тiзбесi және олардың нарықтық құны бар (қажет болса) кестелер;

      6) бастапқы деректерді растайтын құжаттар (қажет болса).

      13. Егер мынадай жағдайда:

      тапсырыс берушi бағалау объектiсіне, сондай-ақ бағалауды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттамаға толық көлемде қолжетімділіктен бас тартқанда;

      тапсырыс берушi бағалауды жүзеге асыру үшін қажеттi қосымша мәлiметтерді ұсынудан бас тартқанда;

      үшінші тұлғалар мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, бағалау нәтижелерінің дұрыстығына айтарлықтай әсер ететін бағалау жүргізу үшін қажетті жазбаша немесе ауызша нысандағы ақпаратты беруден бас тартқанда бағалаушы мәлiметтерді есепте көрсетедi.

3-тарау. Бағалау туралы есеп нысанына қойылатын талаптар

      14. Бағалау туралы есеп нөмірленеді, байланады, оған бағалаушы қол қояды және оның мөрімен (ол болған кезде) бекемделеді, ал бағалаушы заңды тұлғамен еңбек шартын жасасқан жағдайда, бағалау туралы есепті заңды тұлғаның басшысы бекітеді. Есептің әрбір бетіне есепті жасаған бағалаушы дәйектейді. Дәйектеу жеке қол қоюмен жүргізіледі.