Бағалаушылардың іскерлік және кәсіптік әдебінің үлгілік кодексін және өз мүшелерінің "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының, бағалаушылар палатасының стандарттары мен қағидаларының талаптарын бұзуына қатысты жүгінімдерді бағалаушылар палатасының қарауы кезінде қойылатын талаптарды және бағалаушылар палатасының қағидаларын бекіту туралы"

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 26 сәуірдегі № 487 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 17 мамырда № 16897 болып тіркелді

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 13.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 30-бабының 10) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес бағалаушылардың іскерлік және кәсіптік әдебінің үлгілік кодексі;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес өз мүшелерінің "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының, бағалаушылар палатасының стандарттары мен қағидаларының талаптарын бұзуына қатысты жүгінімдерді бағалаушылар палатасының қарауы кезінде қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп және аудит әдіснамасы департаменті (А.Т.Бектұрова) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін қағаз және электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шараларды орындау туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық 2018 жылғы 13 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Б. Сұлтанов

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2018 жылғы 26 cәуірдегі
№ 487 бұйрығына
1-қосымша

Бағалаушылардың іскерлік және кәсіби әдебінің үлгілік кодексі

      1. Осы Бағалаушылардың іскерлік және кәсіби әдебінің үлгілік кодексі (бұдан әрі – Кодекс) "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді және өзінің кәсіби міндеттерін орындаған кезде бағалаушылардың іскерлік және кәсіби әдебіне қойылатын талаптарды анықтайды.

      2. Кодекстің мақсаты бағалаушылардың адалдығы, ашықтығы мен кәсіпқойлығына қоғамдық сенімді қамтамасыз ету, барлық бағалаушылардың тәуелсіз бағалауды сапалы орындауға күш-жігерін біріктіру болып табылады.

      3. Бағалау қызметін жүзеге асырған кезде бағалаушы:

      бағалау қызметі саласындағы заңнаманы, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін және бағалау стандарттарын басшылыққа алады;

      кəсіби ар-намысы мен қадір-қасиетіне қамқорлық жасайды, бағалаушының беделіне нұқсан түсіретін жəне оның қызметіне деген қоғамның сенімін бұзатын əрекеттерді жасауды болдырмайды;

      кәсіби міндеттерін абыроймен атқарады.

      4. Кодекс мақсаттарына қол жеткізу үшін бағалаушы мынадай қағидаттарды сақтайды:

      1) адалдық.

      Бағалаушының адалдығы оның кәсіби және жеке мінез-құлық нормаларын ұстануын, өзінің тұжырымдары мен шешімдерінде әділдікті сақтай отырып, өз жұмысын білікті, адал орындауын білдіреді;

      2) объективтілік.

      Бағалаушы мүдделер қақтығысына жол бермейді және кәсіби қызметті тәуелсіз және әділ жүзеге асырады. Заңды және объективті ақпарат оның тұжырымдары мен қорытындылары үшін негіз болып табылады, бірақ оған қарсы бағытталған немесе оған көрсетілген қысым емес;

      3) құзыреттілік.

      Бағалаушының жұмысты білікті кәсіби орындауды қамтамасыз етуі үшін кәсіби білімі, дағдылары мен тәжірибесі болады, осы деңгейді ұстап тұрады жəне кәсіби қызметтер көрсету кезінде қолданыстағы техникалық жəне кəсіби стандарттарға, Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес əрекет етеді.

      Егер бағалаушының ұсынылған бағалау тапсырмасының құзырлы орындалуы үшін кәсіби білімі мен қажетті тәжірибесі болмаса, бағалаушы мұндай тапсырмадан бас тартады;

      4) кәсіби мінез-құлық.

      Қолданыстағы құқық талаптарына, техникалық және кәсіби стандарттарға сәйкес жұмысты орындау, қоғамдық мүдделерде әрекет ету және кәсібіне кір келтіретін кез келген жағдайларды болдырмау;

      5) құпиялылық.

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, кәсіби және іскерлік қатынастар нәтижесінде алынған ақпараттың құпиялығын сақтау және үшінші тұлғаларға мұндай ақпаратты жария етпеу және оны жеке басының басымдығына немесе үшінші тұлғалардың басымдықтарына пайдаланбау.

      Құпиялылық қағидатын сақтау қажеттілігі бағалаушы мен бағалауға тапсырыс беруші арасындағы қарым-қатынас аяқталғаннан кейін де сақталады.

      5. Бағалаушы:

      1) өзінің кәсіби біліктілігінің деңгейі туралы жалған ақпарат бермейді;

      2) егер бағалаушы жалған немесе жаңылыстыратын жүгінімді немесе ақпаратты қамтиды деп ұйғарса, өзін бағалау туралы есеппен, басқа бағалау нәтижелеріне сілтемемен байланыстырмайды;

      3) бағалау қызметтерін тұтынушыларды жаңылыстыратын ақпаратты бағалауды жүргізу үшін қажет ақпаратты жасырмайды немесе әдейі бұрмаламайды;

      4) бір мезгілде активті сатып алушы жағынан, сол сияқты сатушы жағынан бағалау жүргізбейді;

      5) бағаланатын мүліктік мүдде үшін өзара бәсекелес екі немесе одан да көп тараптар үшін бағалау жүргізбейді;

      6) консультация қарыз алушыға да көрсетілген кезде кредитор жағынан бағалау жүргізбейді;

      6. Қағидаттарды сақтауға әсер ететін жағдайлар немесе қарым-қатынастар мынадай санаттарға бөлінген:

      1) дербес мүдде – кәсіби бағалаушының құн туралы пікіріне бұрмалау жағына ықпал ететін бағалаушының немесе оның отбасы мүшелерінің қаржылық немесе басқа мүддесі;

      2) мүдделер қақтығысы қаупі – екі немесе одан да көп тапсырыс берушінің бағалау нәтижелеріне қатысты қарама-қайшы немесе қақтығысты мүдделері бар;

      3) мүддені ілгерілету қаупі – кәсіби бағалаушы тапсырыс немесе жұмыс берушінің ұстанымын объективтілік ымыраға ұшырайтындай дәрежеге ілгерілетеді;

      4) туыстық немесе жақындық қаупі, соның салдарынан бағалаушы олардың мүдделеріне немесе жұмысына неғұрлым адал болатын тапсырыс берушімен немесе жұмыс берушімен тығыз қарым-қатынастар;

      5) қорқыту қаупі – бағалаушы сыртқы қауіп (бопсалау) себебінен өзінің кәсіби қызметін орындаудан жалтарады немесе жұмысын объективті орындамайды.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген қағидаттарды сақтауға әсер ететін жағдайлар немесе қарым-қатынастар болған кезде бағалаушы бағалауға тапсырманы орындаудан және бағалау бойынша жұмыстарды орындауға қатысудан бас тартады.

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2018 жылғы 26 сәуірдегі
№ 487 бұйрығына
2-қосымша

Өз мүшелерінің "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының, бағалаушылар палатасының стандарттары мен қағидаларының талаптарын бұзуына қатысты жүгінімдерді бағалаушылар палатасының қарауы кезінде қойылатын талаптар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы өз мүшелерінің "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң), бағалаушылар палатасының стандарттары мен қағидаларының талаптарын бұзуына қатысты жүгінімдерді бағалаушылар палатасының қарауы кезінде қойылатын талаптар жүгінімдерді қарауға қойылатын талаптарды белгілейді.

      2. Бағалаушылар палатасына өз мүшелерінің Заң, бағалаушылар палатасының стандарттары мен қағидаларының талаптарын бұзуына қатысты жүгінімдер міндетті түрде қабылдануы, тіркелуі, есепке алынуы және қаралуы тиіс.

      3. Бағалаушылар палатасына жүгінушінің жүгінімінде:

      бағалаушылар палатасы мүшесінің бағалау қызметі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзуы;

      жүгінушінің бағалаушылар палатасы мүшесінің әрекеті (әрекетсіздігі) оның құқықтарын бұзатындығына қатысты дәлелдері көрсетіледі.

      4. Бағалаушылар палатасы жүгінім түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оған қатысты жүгінім жіберілген бағалаушылар палатасы мүшесінің тексеруіне бастама жасайды.

      Қаралуы үшін өзге субъектілерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу не сол жерге барып тексеру талап етілмейтін жүгінім келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде қаралады.

      Қаралуы үшін өзге субъектілерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу не сол жерге барып тексеру талап етілетін жүгінім келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қаралады және ол бойынша шешім қабылданады.

      5. Тексеру жүргізу туралы шешім тиісті бұйрықпен ресімделеді және бағалаушылар палатасы мүшелерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының, бағалаушылар палатасының стандарттары мен қағидаларының, бағалаушылар палатасы мүшелерінің әрекетіне жүгінімдерді қарау талаптарын сақтауына бақылауды жүзеге асыратын бағалаушылар палатасының мамандандырылған органы (бұдан әрі – бағалаушылар палатасының мамандандырылған органы) орындайды.

      6. Бағалаушылар палатасы жүгінім жіберген адамға және оған қатысты жүгінім жіберілген бағалаушылар палатасының мүшесіне еркін нысанда тексеру жүргізу туралы хабарлама жібереді.

      7. Тексеру жүргізу барысында жүгінімде көрсетілген фактілер ғана зерттеуге жатады.

      8. Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша түскен жүгінім негізінде тексеру актісі жасалады, ол мынадай мәліметтерді қамтиды:

      тексеру актісін жасау күні;

      оған қатысты тексеру жүргізілген бағалаушылар палатасының мүшесі туралы мәліметтер: тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), бағалаушылар палатасына мүшелік туралы куәліктің нөмірі;

      тексеру түрі;

      тексеру жүргізу негіздемесі, тексеру нысанасы;

      тексеру жүргізу туралы шешім (күні мен нөмірі);

      тексеру кезеңі (тексеру басталған және аяқталған күн);

      оларды алу көздерін көрсете отырып, тексеру материалдары (құжаттар мен ақпарат);

      жүгінімде көрсетілген фактілерді зерттеу нәтижелері, анықталған бұзушылықтардың сипаттамасы не бұзушылықтардың жоқ екені туралы ақпарат;

      тексеру жүргізген бағалаушылар туралы мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы);

      тексеру жүргізген адамдардың қолдары;

      бағалаушылар палатасының ішкі құжаттарында белгіленген ақпарат.

      9. Тексеру аяқталғаннан кейін бағалаушылар палатасының мамандандырылған органы бағалаушылар палатасы мүшесінің Заң, бағалаушылар палатасы стандарттары мен қағидаларының талаптарын бұзу фактілерін растау немесе олардың жоқтығы туралы шешім қабылдайды.

      10. Жүгінімде көрсетілген фактілерді зерттеу нәтижелері туралы бағалаушылар палатасы тексеру актісі жасалған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бағалаушылар палатасының мүшесін және жүгінушіні хабардар етеді.

      11. Тексеру актісінде көрсетілген жүгінімді қарау нәтижелерімен келіспеген жағдайда бағалаушылар палатасының мүшесі немесе жүгінуші тексеру актісін алған күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде бағалаушылар палатасының алқалы басқару органына тиісті жазбаша ұсына отырып, жүгінімді қарау нәтижесін шағымдана алады.

      12. Бағалаушылар палатасының алқалы басқару органы мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) шағымды қанағаттандыру туралы;

      2) жүгінімді жан-жақты қарау үшін қосымша материалдар алу және зерттеу қажеттілігіне байланысты шағымды қарастыруды кейінге қалдыру туралы;

      3) шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім.

      13. Бағалаушылар палатасы мамандандырылған органының тексеру нәтижелерін шағымдану туралы өтініш бойынша Бағалаушылар палатасы алқалы басқару органының шешімі бағалаушылар палатасы алқалы басқару органының отырысы болған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жүгінушіге, бағалаушылар палатасының мүшесіне жіберіледі.