Бас банктің күмәндi және үмiтсiз активтерін сатып алатын еншiлес ұйым қызметі қағидаларын, ол сатып алатын (сатып алған) күмәнді және үмітсіз активтерге қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 наурыздағы № 61 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 23 сәуірде № 16795 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Бас банктің күмәндi және үмiтсiз активтерін сатып алатын еншiлес ұйым қызметі қағидалары, ол сатып алатын (сатып алған) күмәнді және үмітсіз активтерге қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін иеленетін еншілес ұйымның қызметі қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 23 сәуірдегі № 71 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9486 болып тіркелген, 2014 жылғы 16 маусымда "Әділет" ақпараттық - құқықтық жүйесінде жарияланған);

      2) "Қазақстан Республикасының қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау мәселелері жөніндегі кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 27 мамырдағы № 93 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11670 болып тіркелген, 2015 жылғы 30 шілдеде "Әділет" ақпараттық - құқықтық жүйесінде жарияланған) бекітілген Қазақстан Республикасының өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі 8-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қаржы нарығының әдіснамасы департаменті (Әбдірахманов Н.А.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және оған енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет – ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2018 жылғы 27 наурыздағы
№ 61 қаулысымен бекітілді

Бас банктің күмәндi және үмiтсiз активтерін сатып алатын еншiлес ұйым қызметі
қағидалары, ол сатып алатын (сатып алған) күмәнді және үмітсіз активтерге
қойылатын талаптар

      1. Осы Бас банктің күмәндi және үмiтсiз активтерін сатып алатын еншiлес ұйым қызметі қағидалары, ол сатып алатын (сатып алған) күмәнді және үмітсіз активтерге қойылатын талаптар (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Банктер туралы заң) сәйкес әзірленді және бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын еншілес ұйымның (бұдан әрі – еншілес ұйым) қызметінің тәртібін, еншілес ұйым сатып алынған күмәнді және үмітсіз активтерді басқаратын мерзімді, ол сатып алатын (сатып алған) күмәнді және үмітсіз активтерге қойылатын талаптарды белгілейді.

      2. Қағидалар мақсатында күмәнді және үмітсіз активтер деп мыналар түсініледі:

      1) барлық жеке және заңды тұлғаларға, оның ішінде банктерге қойылатын талаптар, сондай-ақ олар бойынша провизиялардың (резервтердің) мөлшері өтелмеген мерзімі өткен берешек сомасының 5 (бес) және одан да көп пайызы деңгейінде қалыптастырылған шартты міндеттемелер;

      2) мүлік, оның ішінде жылжымайтын мүлік және (немесе) сатып алынған күмәнді және үмітсіз талап ету құқықтары бойынша кепілге салынған мүлікті өндіріп алу нәтижесінде бас банктің меншігіне өткен аяқталмаған құрылыс объектілеріне меншік құқығы.

      3. Еншілес ұйым күмәнді және үмітсіз активтердің сапасын жақсарту мақсатында Банктер туралы заңның 11-2-бабы 4-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген қызмет түрлерінен басқа, мынадай қызмет түрлерін:

      1) күмәнді және үмітсіз талап ету құқықтары бойынша бас тарту төлемі ретінде бас банктің меншігіне өткен, жылжымалы және жылжымайтын мүлікті және (немесе) аяқталмаған құрылыс объектілеріне меншік құқығын сатып алуды;

      2) меншікті мүлікті, сондай-ақ:

      кепіл немесе өзге қамтамасыз ету ретіндегі мүлікті өндіріп алу нәтижесінде меншікке өткен мүлікті;

      бас банктен сатып алынған күмәнді және үмітсіз талап ету құқықтары бойынша бас тарту төлемі түрінде және (немесе) күмәнді және үмітсіз активтердің сапасын жақсарту жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде сатып алынған мүлікті;

      Банктер туралы заңның 11-2-бабы 4-тармағының 2) тармақшасында және осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген мүлікті;

      күмәнді және үмітсіз активтердің сапасын жақсарту шеңберінде жаңадан құрылған және оның меншігіне қабылданған мүлікті жалға беру, қаржы лизингіне, сенімгерлік басқаруға немесе ақылы уақытша пайдаланудың өзге нысанын пайдалануға беруді;

      3) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен заңды тұлғаларды құруды, оның ішінде акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) сатып алуды, сондай-ақ заңды тұлғалардың осындай акцияларын және (немесе) жарғылық капиталына қатысу үлестерін өткізуді және басқаруды;

      4) меншікті мүлікті, сондай-ақ Банктер туралы заңның 11-2-бабы 5-тармағының 3) тармақшасында көзделген күмәнді және үмітсіз активтердің сапасын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – Іс-шаралар жоспары) жүзеге асыру нәтижесінде сатып алынған не алынған мүлікті өткізуді;

      5) Іс-шаралар жоспарында көрсетілген іс-шараларды іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасы бойынша қарыз беруді;

      6) "Жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы" 2006 жылғы 20 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген күмәнді және үмітсіз активтерді секьюритилендіру және жобалық қаржыландыру бойынша операцияларды жүргізуді;

      7) үшінші тұлғалардан жер учаскелерін және (немесе) аяқталмаған құрылыс объектілерін, құрылысқа және аяқталмаған құрылыс объектілерінің құрылысын аяқтауға және (немесе) аяқталмаған құрылыс объектілерін пайдалануға беруге байланысты жобалау, мердігерлік және өзге ұйымдардың қызметтерін сатып алуды;

      8) кепілге салынған мүлікті өндіріп алу нәтижесінде бас банктің меншігіне өткен мүлікпен және (немесе) мүліктік кешенмен үздіксіз байланыстағы жылжымалы мүліктің сауда-саттығына (аукционына) қатысуды және сатып алуды;

      9) берешекті өтеу нәтижесінде алынған уақытша бос ақшаны салым ретінде жарғылық капиталға, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына және өзге бағалы қағаздарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі салымдарға (депозиттерге) орналастыруды;

      10) бас банк берген үмітсіз және күмәнді талап ету құқықтары бойынша кепіл шарттары бойынша, сондай-ақ еншілес ұйымның күмәнді және үмітсіз активтерді басқаруы барысында ол өздігінен жасасқан кепіл шарттары бойынша кепіл ұстаушының құқықтарын Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен өткізуді;

      11) Қазақстан Республикасы екінші деңгейдегі банктерінің, басқа қаржы ұйымдарының, бағалаушылардың, кәсіби сарапшылардың және халықаралық аудиторлардың және аудиторлық ұйымдардың күмәнді және үмітсіз активтерді бағалау, сенімгерлік басқару, қайта құрылымдау және құнын қалпына келтіру (арттыру) бойынша қызметтерін сатып алуды;

      12) Банктер туралы заңның 11-2-бабы 4-тармағының 3) тармақшасында және осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген заңды тұлғалардың акциялары бойынша дивидендтер және (немесе) еншілес ұйымның жарғылық капиталына қатысу үлесіне сәйкес келетін кірісті алуды;

      13) Іс-шаралар жоспарында көзделген күмәнді және үмітсіз активтердің сапасын жақсарту мақсатында еншілес ұйым сатып алған мүлікпен және (немесе) мүліктік кешенмен байланысты тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді (лицензияланған қызмет түрлерін қоса алғанда) өндіруді және өткізуді;

      14) бас банкке және (немесе) заңды тұлғаларға күмәнді және үмітсіз активтерді сатып алуға және басқаруға байланысты қызметтерді (консультациялық, заң, сот органдарында, өзге уәкілетті органдар мен заңды тұлғаларда мүдделерін білдіру бойынша) ақылы негізде көрсетуді;

      15) өз қажеттілігі үшін үшінші тұлғалардан мүлікті және (немесе) талап ету құқықтарын, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) меншігіне немесе уақытша пайдалануға сатып алуды жүзеге асырады.

      4. Еншілес ұйым Іс-шаралар жоспары болған кезде бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алуды жүзеге асырады. Іс-шаралар жоспарында мыналар:

      1) активтердің және (немесе) қамтамасыз ету түрлері бойынша төмендегідей бөлінген күмәнді және үмітсіз активтердің түрлері:

      аяқталған коммерциялық және тұрғын үй жылжымайтын мүлік;

      салынып жатқан коммерциялық және тұрғын үй жылжымайтын мүлік;

      жер учаскелері;

      жеке және заңды тұлғалар қарыз алушыларға талап ету құқықтары (бұл ретте, корпоративтік қарыз алушылар экономиканың түрлері (салалары) бойынша бөлінеді);

      кепіл ретінде қабылданған және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес еншілес ұйымның немесе бас банктің меншігіне өткен күмәнді және үмітсіз активтер;

      2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген күмәнді және үмітсіз активтердің бағалау құны бойынша ақпарат;

      3) күмәнді және үмітсіз активтерді басқарудың кезеңдік мерзімдері және еншілес ұйымның әр күмәнді және үмітсіз активтерді басқаруға бағытталған функциясы;

      4) осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген күмәнді және үмітсіз активтерді басқарудың жалпы мерзімі (әрбір актив бойынша);

      5) күмәнді және үмітсіз активтің сапасын жақсартуға, бағытталған шаралардың сипаты, оның ішінде, бастапқы құнын жақсарту, қалыпқа келтіру, қалпына келтіру, қайта құрылымдау, қосымша қаржыландыру және капиталдандыру, жобалық қаржыландыру және (немесе) инвестициялау шеңберінде күмәнді және үмітсіз активтің құнын өсіру;

      6) еншілес ұйымның күмәнді және үмітсіз активтерді сатып алудан түсетін кіріс алу көздері: сату, оның ішінде кепіл ретінде қабылданған және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес еншілес ұйымның меншігіне өткен активтерді сату, секьюритилендіру, жалға беру немесе ақылы уақытша қолданудың өзге де нысанын пайдалану;

      7) дауларды сотқа дейін шешу, шағым - талап өндірісі және ықтимал құқықтық және өзге де тәуекелдер шеңберінде жүргізілетін еншілес ұйымның іс-әрекеттерін сипаттау;

      8) еншілес ұйымның шығыстары мен кірістерін, сондай-ақ сатып алынған күмәнді және үмітсіз активтер бойынша бас банк алдындағы міндеттемелерді өтеуге (қызмет көрсетуге) арналған еншілес ұйымның қызметі кезеңіндегі ақша қаражатының қозғалысын болжау;

      9) әкімшілік шығыстардың, оның ішінде еншілес ұйымды басқаруға және оның шаруашылық қызметіне тартылған бас банктің басшы қызметкерлеріне сыйақы беру бойынша әкімшілік шығыстардың мөлшері;

      10) Іс-шаралар жоспарын орындауға мониторинг жүргізу негізінде еншілес ұйымның қызметі жөніндегі есепті жасауға қойылатын талаптар;

      11) бас банктің және еншілес ұйымның мониторингке және Іс-шаралар жоспарын орындауға жауапты басшы қызметкерлері жөніндегі ақпарат қамтылған.

      5. Іс-шаралар жоспарын бас банктің директорлар кеңесі мақұлдауға тиіс. Директорлар кеңесі Іс-шаралар жоспарын мақұлдамаған жағдайда, күмәнді және үмітсіз активтерді беру жүргізілмейді.

      6. Бас банк еншілес ұйымның қызметіне бақылауды, оның ішінде Іс-шаралар жоспарының және бизнес-жоспардың орындалуын жыл сайын тексеруді жүзеге асырады.

      7. Бас банк қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) Іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы, оның ішінде нақты кірістер мен шығыстар бойынша, сондай-ақ күмәнді және үмітсіз активтер бойынша ақша қаражатының қоғалысы бойынша мәліметтерді қоса алғанда, ақпаратты тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың жиырмасыншы күніне дейінгі мерзімде ұсынады.

      Іс-шаралар жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда Бас банк уәкілетті органға бас банктің директорлар кеңесі оларды мақұлдаған күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде әрбір күмәнді және үмітсіз актив бойынша жаңартылған Іс-шаралар жоспарын немесе қолда бар Іс-шаралар жоспарын ұсынады.

      8. Еншілес ұйым заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы акциялары және (немесе) қатысу үлестері бойынша алынған дивидендтерді, өзінің шығыстарын өтеу үшін активтерді сатудан түскен оң айырманың сомаларын (активтерді сату құнының оларды сатып алу құнынан және еншілес ұйымның берілген актив бойынша берешегі сомасынан асып түскен жағдайда) пайдаланады.

      9. Еншілес ұйым сатып алатын (сатып алған) күмәнді және үмітсіз активтерге қойылатын талаптар:

      1) Қағидалардың 2-тармағына және 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес анықталған, олар бойынша Іс-шаралар жоспарында еншілес ұйымның қызмет мерзімі ішінде оларды басқару нәтижесінде кезеңдікпен (екі жылдан кем емес) кіріс алуы болжанған күмәнді және үмітсіз активтер объект болып табылады;

      2) күмәнді және үмітсіз активті жақсартуды көздейтін, оның ішінде құрылысты аяқтауды не актив құнын өсіруге, сондай-ақ борышкерді сауықтыруға бағытталған жұмысты және (немесе) іс-шараларды өткізуді аяқтау арқылы мыналар енгізілетін бизнес-жоспар бар:

      берешектің бөлігін есептен шығару бойынша өзге кредиторлар тарапынан қолдау жасау шаралары, төлемді өтеудің кестесін және кезеңділігін өзгерту, қаржыландыру мерзімдерін ұлғайту, негізгі борыш бойынша жеңілдікті кезеңді өсіру, инвестициялық фазаны аяқтау мақсатында жобаны қосымша қаржыландыру, сондай-ақ қарызды қаржыландырудың басқа да тәсілдері;

      акционерлік қоғамның жарғылық капиталын ұлғайту (капиталдағы қатысу үлесі) бөлігінде борышкердің меншік иелері тарапынан болатын қолдау шаралары, кредиторлар алдындағы қарызды толық өтегенге дейінгі борышкерлердің меншік иелері арасындағы борышкердің таза пайдасын бөлмеуі, борышкердің бизнес - процестерін оңтайландыру;

      борышкердің борышын капиталға конвертациялау бөлігінде стратегиялық инвестор тарапынан жасалатын қолдау шаралары, айналым капиталын және (немесе) барынша төмен инвестициялық капиталды ұсыну;

      3) аяқталмаған құрылыс объектілері бойынша құрылыс шығыстарының болжамы және құрылыс аяқталғаннан кейінгі жылжымайтын мүлік объектілерінің құнына бағалаушы жүргізген талдау бар;

      4) берілген (берілетін) талап ету құқықтары бойынша бір мезгілде төменде аталған кредиттік тәуекелді төмендетудің кем дегенде екі талабы болған жағдайда орындалады:

      борышкерге берілген кредиттің жалпы мерзімін ұзарту;

      сыйақы мөлшерлемесін, оның ішінде осының алдында есептелген немесе капиталдандырылған, бірақ төленбеген сыйақыға қатысты төмендету;

      бас банктің есептелген тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) есептен шығаруды жүзеге асыру.