"Табиғи монополиялар саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) қол жеткізудің тең жағдайларын ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы № 175 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 15 наурыздағы № 111 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 17 сәуірде № 16767 болып тіркелді

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Табиғи монополиялар саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) қол жеткізудің тең жағдайларын ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы № 175 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10705 болып тіркелген, 2016 жылғы 4 маусымдағы № 106 (28834) "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Табиғи монополиялар саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) қол жеткізудің тең жағдайларын ұсыну қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 5-1, 5-2, 5-3, 5-4, 5-5, 5-6, 5-7, 5-8, 5-9, 5-10, 5-11, 5-12 және 5-13-тармақтармен толықтырылсын:

      "5-1. Электрмен жабдықтау желілерін қоспағанда, жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосу мынадай кезеңдерден тұрады:

      1) техникалық шарттарды беру туралы өтініш ұсыну;

      2) табиғи монополия субъектісінің өтінішті қоса берілетін құжаттардың толықтығына қарауы;

      3) табиғи монополия субъектісінің техникалық шарттарды беру туралы тұтынушының өтінішін қарауы;

      4) табиғи монополия субъектісінің техникалық шарттарды беруі;

      5) сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосуды қоспағанда, тұтынушының құрылыс жобасын техникалық шарттарға сәйкес әзірлеуі;

      6) сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосуды қоспағанда, құрылыс жобасын табиғи монополия субъектісімен оның берілген техникалық шарттарға сәйкес келу мәніне келісу;

      7) сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосуды қоспағанда, тұтынушының келісілген құрылыс жобасына сәйкес жұмыстар жүргізуі;

      8) көрсетілетін қызметке қосу.

      5-2. Электрмен жабдықтау желілеріне қосуды қоспағанда, табиғи монополия субъектісінің жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосуға арналған өтініштерін қабылдау және оны қарау нәтижелерін беру табиғи монополия субъектісінің кеңсесі арқылы жүзеге асырылады.

      5-3. Тұтынушы толық емес құжаттар топтамасын ұсынған жағдайда, электрмен жабдықтау желілеріне қосуды қоспағанда, жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру туралы осы Қағидалардың 16, 17, 75 және 92-тармақтарына сәйкес өтінішті табиғи монополия субъектісі өтініш келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде қайтарады.

      5-4. Өтініш қарауға қабылданған жағдайда, желілерге қосуға арналған техникалық шарттарды беру туралы өтінішті табиғи монополия субъектісі мынадай мерзімдерде:

      жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде;

      сумен жабдықтау және су бұру келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарайды.

      Қарау қорытындысы бойынша мынадай шешімдердің бірі қабылданады:

      1) өтінішті қанағаттандыру және техникалық шарттарды беру;

      2) техникалық шарттарды беруден бас тарту.

      5-5. Техникалық шарттарды беруден бас тартуға мынадай:

      1) көрсетілетін қызметтердің талап етілетін көлемін ұсыну үшін қажет бос техникалық қуат болмаған;

      2) көрсетілетін қызметті ұсыну үшін қажет желілер немесе өзге де мүлік болмаған;

      3) желінің жұмыс сенімділігі рұқсат етілмейтін төмендеген жағдайларда жол беріледі.

      5-6. Техникалық шарттарды беруден бас тартқан жағдайда, табиғи монополия субъектісі:

      1) техникалық шарттарды беруден бас тарту туралы шешімге көрсетілетін қызметтердің бос техникалық қуатының болмауы немесе желілердің немесе қызметтерді ұсыну үшін қажетті өзге де мүліктің болмауы туралы дәлелді негіздемені қоса береді;

      2) бас тартумен бір мезгілде техникалық шарттарды беруден бас тарту туралы шешімнің көшірмесін, дәлелді негіздемені және уәкілетті органға бас тартудың негізділігін растайтын ақпаратты жібереді.

      5-7. Уәкілетті орган техникалық шарттарды беруден бас тарту туралы хабарламаны алуына байланысты жеті жұмыс күнінен кешіктірмей, тұтынушыға техникалық шарттарды беруден бас тартудың негізділігін растау немесе табиғи монополия субъектісінің қызметін тексеруге бастамашылық ету үшін уәкілетті органға шағым берудің қажеттілігі туралы хат жібереді.

      5-8. Көрсетілетін қызметке қолжетімділікті беру кезінде табиғи монополия субъектісіне:

      1)бос қуаттар туралы ақпарат бергені үшін ақы алуға;

      2)мемлекеттік органдардың, реттеліп көрсетілетін қызметті көрсетуге қатысы жоқ мемлекеттік емес ұйымдардың рұқсаттарды және өзге де құжаттарды беруін талап етуге;

      3)тұтынушыға көрсетілетін қызметке қосу кезінде көрсетілетін қызметке қол жеткізудің техникалық шарттарын сақтаудан басқа өзге де талаптар қоюға;

      4) көрсетілетін қызметтерге қол жеткізудің тең емес шарттарын жасауға;

      5) жұмысын көрсетілетін қызметке қол жеткізудің техникалық шарттарына сәйкес жүзеге асыратын нарық субъектілерінің қызметін шектеуге;

      6) электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау және газбен жабдықтау желілеріне қосуды қоспағанда, техникалық шарттарға сәйкес жұмыс жобасын келісуді талап етуге жол берілмейді.

      5-9. Электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосуды қоспағанда, тұтынушының жұмыстардың аяқталғаны туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап үш жұмыс күнінің ішінде табиғи монополия субъектісі берілген техникалық шарттарға сәйкес орындалған жұмыстарды тексеруді жүзеге асырады. Орындалған жұмыстар техникалық шарттарға сәйкес келген жағдайда, табиғи монополия субъектісі көрсететін қызметке қосу бес жұмыс күнінің ішінде жүзеге асырылады.

      5-10. Жүргізілген жұмыстар техникалық шарттарға сәйкес келмеген жағдайда, табиғи монополия субъектісі бір жұмыс күнінің ішінде анықталған техникалық шарттарды бұзушылықтарды көрсете отырып, көрсетілетін қызметке қосудан бас тартады және ол туралы тұтынушыға сәйкес келмеу анықталған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлайды.

      Кейіннен қабылдау осы Қағидалардың 5-9-тармағына сәйкес барлық анықталған бұзушылықтар жойылғаннан кейін жүзеге асырылады.

      5-11. Жобалау-сметалық құжаттаманы талап ететін құрылыс объектілері үшін табиғи монополия субъектісінің техникалық шарттарды беруге арналған өтінімі жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге арналған бастапқы деректерді қалыптастыратын сәулет және қала құрылысы органдарынан электрондық форматта келіп түседі.

      5-12. Табиғи монополиялар субъектілері сәулет және қала құрылысы органдарының өтінімі бойынша техникалық шарттарды беруді электрондық форматта жүзеге асырады.

      5-13. Техникалық шарттар жобалау мен құрылыстың нормативтік ұзақтығы кезеңінде жарамды.";

      10-тармақ алып тасталсын;

      10-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10-1. Осы Қағидаларда қамтылмаған Табиғи монополиялар саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) қол жеткізудің тең жағдайларын ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 750 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12684 болып тіркелген) бекітілген Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларына сәйкес реттеледі.";

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Тұтынушылардың электр қондырғыларын энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның желілеріне қосуға арналған техникалық шарттар:

      1) жаңадан енгізілетін электр қондырғылары энергия беруші ұйымның желілеріне қосылған;

      2) объект тұтынатын шарттық электр қуаты ұлғайған;

      3) электрмен жабдықтау сенімділігі бойынша пайдаланушылардың санаты өзгертілген жағдайларда беріледі;

      4) электрмен сырттай жабдықтау схемасы өзгергенде.";

      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша электрмен жабдықтау желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру туралы өтінішке мыналар:

      1) жеке тұлға үшін – объект иесінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, жеке кәсіпкер куәлігінің көшірмесі немесе жеке кәсіпкер ретінде қызметті бастауы туралы хабарламаның көшірмесі, заңды тұлға үшін – куәліктің көшірмесі немесе мемлекеттік тіркеу/қайта тіркеу туралы анықтама;

      2) ситуациялық жоспар;

      3) өз бетінше немесе сараптама ұйымын жұмылдыру арқылы орындалған, мәлімделген электр қуатының есептеу-негіздемесі;

      4) электрмен жабдықтау объектісіне құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелері қоса беріледі;

      5) есептеу қуаты 5 МВт және одан жоғары электр құрылғылары бар тұтынушылар өтінімге жобалау қызметімен айналысуға лицензиясы бар мамандандырылған жобалау ұйымы әзірлеген тұтынушының сыртқы электрмен жабдықтау схемасын қоса береді. Тұтынушының сыртқы электрмен жабдықтау схемасы электр желілеріне қосу жоспарланған энергия беруші және/немесе энергия өндіруші ұйыммен келісіледі. "Тұтынушының сыртқы электрмен жабдықтау схемасының" мазмұны осы Қағидаларға 2-қосымшада келтірілген.";

      мынадай мазмұндағы 16-1-тармақпен толықтырылсын:

      "16-1. Осы Қағидаларда қамтылмаған Табиғи монополиялар саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) қол жеткізудің тең жағдайларын ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 143 бұйрығымен бекітілген Электр энергиясын пайдалану қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10403 болып тіркелген) және Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 111 бұйрығымен бекітілген Электр энергиясының бөлшек сауда нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі, сондай-ақ осы нарықта қызмет көрсету қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10533 болып тіркелген) сәйкес реттеледі.";

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жылу желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру туралы өтінішке:

      1)жеке тұлға үшін – объект иесінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, жеке кәсіпкер куәлігінің көшірмесі немесе жеке кәсіпкер ретінде қызметті бастауы туралы хабарламаның көшірмесі, заңды тұлға үшін – куәліктің көшірмесі немесе мемлекеттік тіркеу/қайта тіркеу туралы анықтама;

      2)өкіл өтініш берген кезде – өкілдің өкілеттіктерін растайтын құжаттар;

      3) жылумен жабдықтау объектісіне құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелері;

      4)объектінің техникалық паспорты, объектінің сипаттамасы техникалық паспортқа сәйкес келмеген жағдайда – жылытылатын алаңдар мен көлемдерді өлшеу хаттамасы;

      5) ең үлкен сағаттық жүктемелердің есептері, жылу техникалық есептер, сауалнама парағы (жеке тұлғаның тұрмыстық мұқтаждар үшін қолданылатын объектіге қосуға өтініш беруі кезінде ұсынылмайды);

      6) енгізілетін өзгерістерді (тұтынылатын жылу энергиясының санын немесе жылу тасығыштың параметрлерін өзгертуді талап ететін тұтынушының жылуды тұтыну қондырғыларын реконструкциялауы немесе кеңейтуі кезінде) есепке ала отырып жылумен жабдықтауға арналған жоба қоса беріледі.";

      мынадай мазмұндағы 17-1-тармақпен толықтырылсын:

      "17-1. Осы Қағидаларда қамтылмаған Табиғи монополиялар саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) қол жеткізудің тең жағдайларын ұсыну тәртібі "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы № 211 бұйрығымен бекітілген Жылу энергиясын пайдалану қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10234 болып тіркелген) сәйкес реттеледі.";

      5-тарау мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-тарау. Қызметін электр энергиясының көтерме сауда нарығында жүзеге асыратын Субъектінің электр энергиясын беру саласындағы қызметтеріне қол жеткізудің тең жағдайларын ұйымдастыру тәртібі.

      18. Қызметін электр энергиясының көтерме сауда нарығында жүзеге асыратын Субъектінің электр энергиясын беру саласындағы қызметтеріне қол жеткізудің тең жағдайларын ұйымдастыру Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 106 бұйрығымен бекітілген Электр энергиясының көтерме нарығын ұйымдастыру мен оның жұмыс iстеу қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10531 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.";

      6-тарау алып тасталсын;

      17-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "17-тарау. Газбен жабдықтау желілеріне қосуға техникалық шарттарды берген кезде тауарлық газды сақтау, жалғастырушы газ құбырлары және (немесе) газ тарату жүйелері арқылы тасымалдау, топтық резервуарлық қондырғыларды пайдалану, шикі газды жалғастырушы газ құбырлары арқылы тасымалдау жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) қол жеткізудің тең жағдайларын ұйымдастыру тәртібі";

      75 және 76-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "75. Осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша газбен жабдықтау желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру туралы өтінішке:

      1) жеке тұлға үшін – объект иесінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, жеке кәсіпкер куәлігінің көшірмесі немесе жеке кәсіпкер ретінде қызметті бастауы туралы хабарламаның көшірмесі, заңды тұлға үшін – куәліктің көшірмесі немесе мемлекеттік тіркеу/қайта тіркеу туралы анықтама;

      2) объект орналасқан жердегі жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттың нотариалдық ресімделген көшірмесі не жылжымайтын мүлік иесінің объектіні газдандыруға нотариалдық ресімделген келісімі (құрылысы аяқталған объектінің көрсетілетін қызметтеріне қосылған жағдайда);

      3) жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттар;

      4) газдандырылатын объектіге (тұрғын үйге) арналған техникалық паспорттың көшірмесі немесе қолданыстағы (үй ішіндегі) желілерді реконструкциялауға арналған газдандырудың эскиздік жобасының көшірмесі;

      5) пайдаланылатын ұйымдарға сәйкес келісілген 1:500 масштабтағы құрылыс учаскесінің топографиялық түсірілімі (барлық жер үсті және жер асты коммуникациялармен және құрылыстармен);

      6) техникалық сипаттамаларды көрсете отырып газ тұтыну жабдықтарына арналған техникалық паспорттың көшірмесі;

      7) объектінің орналасу схемасы;

      8) заңды тұлғалар үшін – көп қабатты үйлерді газдандыру кезінде тамақ пісіруге, жылытуға, желдетуге, ауа баптауға, ыстық сумен жабдықтауға табиғи газды пайдаланудың гидравликалық есептері.

      Тұтынушы газбен жабдықтау желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру туралы өтінішке осы тармақтың 1), 6) және 9) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың түпнұсқаларын салыстырып тексеру үшін ұсынады.

      76. Жаңа, кеңейтілетін немесе реконструкцияланатын объектілердің газбен жабдықтау жүйелерінің өндірістік қуаттарын анықтау үшін, табиғи монополия субъектісі осы Қағидалардың 75-тармағына сәйкес өтініш келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде коммерциялық есепке алу аспаптарын орнату бойынша ақпаратты, сауалнама парағын, жер учаскесін бөлу схемасын сұратады.";

      77, 78, 79 және 81-тармақтар алып тасталсын;

      82-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "82. Газбен жабдықтау жүйесі объектісінің бастапқы жобалық шешімі өзгерген жағдайда, техникалық шарттар тұтынушының табиғи монополия субъектісіне осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен жаңа техникалық шарттарға өтініш беруі арқылы олардың қолданылу кезеңінде өзгертіледі.";

      89-1-тармақ алып тасталсын;

      90-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "90. Жобаланған объектінің сипаттамалары өзгерген жағдайда, техникалық шарттар осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен тұтынушының жаңа техникалық шарттарға өтініш беруі арқылы олардың қолданылу кезеңінде өзгертіледі.";

      92, 93 және 94-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "92. Осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру туралы өтінішке:

      1) жеке тұлға үшін – объект иесінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, жеке кәсіпкер куәлігінің көшірмесі немесе жеке кәсіпкер ретінде қызметті бастауы туралы хабарламаның көшірмесі, заңды тұлға үшін – куәліктің көшірмесі немесе мемлекеттік тіркеу/қайта тіркеу туралы анықтама;

      2) тұтынушының атауы және реквизиттері, өндірістік қызметтің сипаттамасы, тұтынушы техникалық шарттарды алуға уәкілеттік берген тұлға туралы мәліметтер (қажет болған жағдайда);

      3) жобаланып отырған объектінің сумен жабдықтау және су бұру бойынша бастапқы деректері (тәулігіне текше метр (м3 /тәулік), сағатына текше метр (м3 /сағ), секундына ең жоғары литр (ең жоғары л/с) суды пайдалану түрлері бойынша, оның ішінде өрт сөндіру қажеттіліктеріне (секундына литр (л/с));

      4) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру қызметтерін өндірісте тұтынған жағдайда, сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін тұтынудың мәлімделген көлемдерін негіздейтін материалдар;

      5) тұтынушының өндірістік сарқынды суларды тазарту үшін жергілікті тазалау құрылыстарының сипаттамасы (қолданыстағы объектілер үшін);

      6) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру қызметтерін өндірістік тұтынған жағдайда, елді мекеннің су бұру жүйесіне ағызылатын және ағызылуға тиіс сарқынды сулардың;

      қазіргі жағдайда және перспективада түрлері бойынша өндірістік сарқынды сулардың шығыстары;

      қазіргі жағдайда және перспективада тұрмыстық сарқынды сулардың шығыстары;

      қазіргі жағдайда және перспективада жекелеген көрсеткіштер (физикалық, химиялық, биохимиялық, бактериологиялық, радиоактивті) өндірістік сарқынды сулардың құрамы;

      шығарудағы тұрмыстық сарқынды сулардың шығыстары жөніндегі деректермен сипаттамалары;

      7) қосылатын объектінің сипаттамалары (ғимараттың мақсаты, биіктігі немесе қабаты, қосалқы тұтынушылардың тізбесі) қоса беріледі.

      93. Сумен жабдықтау және (немесе) су бұру желілеріне қосуға техникалық шарттар алуға арналған өтінішпен тұтынушы табиғи монополия субъектісіне жаңа құрылысты салу үшін жер учаскесін (учаскені қолдану үшін рұқсатты) алу туралы жергілікті атқарушы органның шешімін немесе қолданыстағы объектілерді өзгертуге (реконструкциялауға, жаңадан жоспарлауға, қайтадан жабдықтауға) жергілікті атқарушы органның рұқсатын ұсынады.

      94. Табиғи монополия субъектісі өтінішті алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде объектіге қосуға немесе сумен жабдықтау және су бұру құрылыстарының өнімділігінің қоры және сумен жабдықтау және су бұру желілерінің өткізу қабілеттілігі жеткілікті болған кезде инженерлік желілерді дамытуға техникалық шарттар береді және (немесе) себептерін көрсете отырып, техникалық шарттарды беруден бас тартады.";

      95 және 98-тармақтар алып тасталсын;

      100-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "100. Тұтынушының жұмыстардың аяқталғаны туралы хабарламасын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде табиғи монополия субъектісі:

      берілген техникалық шарттарға сәйкес орындалған жұмыстарды тексеруді жүзеге асырады;

      есепке алу аспаптарын орнатудың дұрыстығын анықтайды және пломбалау жүргізеді;

      жүйелерге гидравликалық сынама жүргізеді;

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің теңгерімдік тиесілігінің шекараларын айқындайды.

      Жұмыстардың аяқталғаны туралы хабарламаға тұтынушы:

      1) жасырын жұмыстарға арналған акт, электрондық және қағаз жеткізгіштерде 1:500 масштабындағы тұтынушының сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің сыртқы желілері мен құрылыстарының орындаушы түсірілімін;

      2) суды бактериологиялық талдаудың теріс нәтижелерін ұсына отырып, сумен жабдықтау желілері мен құрылыстарын жуудың және дезинфекциялаудың жүргізілгені туралы актіні қоса береді.

      Орындалған жұмыс техникалық шарттарға сәйкес келген жағдайда табиғи монополия субъектісінің көрсететін қызметіне қосу немесе жүргізілген жұмыс техникалық шарттарға сәйкес келмеген жағдайда табиғи монополия субъектісінің көрсететін қызметіне қосудан бас тартылған жағдайда, анықталған техникалық шарттар көрсетіле отырып, осы тармақта көрсетілген мерзімнен кешіктірілмей жүргізіледі.";

      осы бұйрыққа 1, 2, 3, 4 және 5-қосымшаларға сәйкес 1, 2, 3, 4 және 5-қосымшалармен толықтырылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электронды түрдегі көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялау, сондай-ақ ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
Т. Сүлейменов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Премьер-Министрінің орынбасары

      Қазақстан Республикасының

      Ауыл шаруашылығы министрі

      ______________Ө. Шөкеев

      2 сәуір 2018 жыл


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Инвестициялар және даму министрі

      ________________ Ж. Қасымбек

      19 наурыз 2018 жыл


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрі

      ____________ Қ. Бозымбаев

      19 наурыз 2018 жыл

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2018 жылғы 15 наурыздағы
№ 111 бұйрығына
1-қосымша
 
  Табиғи монополиялар саласындағы
реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) қол
жеткізудің тең жағдайларын ұсыну
қағидаларына
1-қосымша
 
  Нысан
 
  Тұтынушы:
_________________________
жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе)
немесе заңды тұлғаның атауы
Тұтынушының мекенжайы, телефоны:
факс және электрондық пошта:
_______________________
  _______________________
  (қолы)
  "_____" ________ 20__ жыл

Электрмен жабдықтау желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру туралы өтініш

      Объектінің толық атауы (қолданыстағы, қайта құрылатын), оның мекенжайы, орналасқан жері, қосу орны)

      __________________________________________________________________

      __________________________________________________________________

      Техникалық шарттарды беру қажеттілігі (қажеттісін көрсету керек): электрмен уақытша жабдықтауға (құрылыс кезеңі), электрмен тұрақты негізде жабдықтауға

      Мәлімделген қуат:_________________ килоВаат (бұдан әрі – кВ)

      Кернеу деңгейі (қосылатын қондырғының номиналды кернеуі) ___________

      _______________________________________________________________ кВ

      Электрмен жабдықтау сенімділігінің санаты (қажеттісін көрсету керек): (1, 2, 3)

      Қосалқы тұтынушылардың және олардың электр қондырғылары сипаттамаларының тізбесі:

      __________________________________________________________________

      Қоса ұсынамыз:

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2018 жылғы 15 наурыздағы
№ 111 бұйрығына
2-қосымша
 
  Табиғи монополиялар саласындағы
реттеліп көрсетілетін қызметтерге
(тауарларға, жұмыстарға) қол жеткізудің тең жағдайларын ұсыну
қағидаларына
2-қосымша
  Тұтынушы:
  ________________________
  жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе)
немесе заңды тұлғаның атауы
Тұтынушының мекенжайы,
телефоны: факс және электрондық пошта:
  _______________________
  _______________________
  (қолы)
  "_____" ________ 20__ жыл

Тұтынушыны сыртқы электрмен жабдықтау схемасы

      1) қолданыстағы электрмен жабдықтаудың жай-күйін шолу және үш, бес-он жылға даму перспективасы;

      2) тұтынушылардың электр жүктемелері және оның жабу көздері;

      3) қуаттылық және электр энергиясының теңгерімдері (қазіргі жай-күйі және үш, бес-он жылға арналған перспектива);

      4) сыртқы электрмен жабдықтау схемасының нұсқалары;

      5) ұсынылатын сыртқы электр жабдықтау схемасының негіздемесі;

      6) қаралатын ауданның іргелес электр желілерімен электр режимдерінің есептері (қалыпты, авариядан кейінгі режимдер);

      7) жабдықты таңдау үшін қысқа тұйықталу токтары деңгейлерінің есептеуі;

      8) релелік қорғаныс пен автоматика, аварияға қарсы автоматиканы орындау қағидаттары;

      9) диспетчерлік және технологиялық басқаруды ұйымдастыру қағидаттары;

      10) электр энергиясын есепке алу;

      11) энергияны үнемдеу бойынша жоспарланатын іс-шаралар;

      12) электр желілік құрылыстың көлемі, құрылыс құнын ұлғайтып есептеу;

      13) қорытындылар;

      14) сызбалар: қағидатты схемалар, карта-схемалар немесе ахуалдық жоспар, электрлік режимдер есептерінің нәтижелері, диспетчерлік және технологиялық басқаруды ұйымдастыру схемалары.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2018 жылғы 15 наурыздағы
№ 111 бұйрығына
3-қосымша
Табиғи монополиялар саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) қол жеткізудің тең жағдайларын ұсыну қағидаларына
3-қосымша
Нысан
Тұтынушы: ______________________
  жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын
куәландыратын құжатта көрсетілсе)
немесе заңды тұлғаның атауы
  Тұтынушының мекенжайы,
телефоны: факс және электрондық пошта:
  _______________________
  _______________________
  (қолы)
  "_____" ________ 20__ жыл

Жылу желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру туралы өтініш

      Объектінің толық атауы (қолданыстағы, қайта жаңартылатын), оның мекенжайы, орналасқан жері, қосу орны

      ______________________________________________________________________

      ______________________________________________________________________

      ______________________________________________________________________

      Тұратын тұтынушының саны, ыстық сумен жабдықтауды есептеу құралының саны (тұрмыстық тұтынушылар үшін)

      ______________________________________________________________________

      ______________________________________________________________________

      Техникалық шарттар алу үшін негіздеме (қажеттісін көрсету керек):

      жаңадан енгізілетін объектілерді жылу желілеріне қосу;

      тұтынушының жылу тұтынатын қондырғыны қайта жаңарту немесе кеңейтуіне және қолданыстағы техникалық шарттарға сәйкес келмеуіне байланысты тұтынылатын жылу энергиясының (немесе жылу тасығыш параметрлерінің) санын өзгерту;

      бұрын қосылмаған объектіні жылу желілеріне қосу;

      сыртқы жылумен жабдықтау схемасын өзгерту.

      Жоба болған жағдайда: жобаланатын объектіні салуды сипаттайтын деректер, оны салу ұзақтығының нормативтік мерзімдері және объектіні пайдалануға берудің белгіленген мерзімдері, ең жоғары қосылатын жүктемелер:

      технологиялық мұқтаждар, жылыту және желдету, ыстық сумен қамтамасыз ету

      _______________________________________________________________________

      Тұтыну түрлері бойынша жүктемесінің сипаттамасы (жылу энергиясын тұрмыстық тұтынуға пайдаланатын тұтынушылар үшін техникалық паспорт) және жылу техникалық есептер

      _______________________________________________________________________

      _______________________________________________________________________

      Қоса ұсынамыз:

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2018 жылғы 15 наурыздағы
№ 111 бұйрығына
4-қосымша
Табиғи монополиялар саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) қол жеткізудің тең жағдайларын ұсыну қағидаларына
4-қосымша
Нысан
Тұтынушы: _______________________
  жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе)
немесе заңды тұлғаның атауы
Тұтынушының мекенжайы, тел.
факс және электрондық пошта:
  _______________________
  _______________________
  (қолы)
  "_____" ________ 20__ жыл

Газбен жабдықтау желілеріне қосуға техникалық шарттар беру туралы өтініш

      Объектінің толық атауы: (тұрғын үй, кафе, дүкен және т.б.), көрсетілетін қызметке қосу орны

      _____________________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      Мынадай газ тұтыну жабдығын пайдалану үшін:

      1. жылытқыш қазан ______________________________________________

      саны (дана) (маркасы/моделі/өндіруші)

      2. газ плитасы ________________________________________________

      саны (дана) (маркасы/моделі/өндіруші)

      3. ағынды су жылытқыш _________________________________________

      саны (дана) (маркасы/моделі/өндіруші)

      4. тағы басқалар ______________________________________________________

      Газды ең көп сағаттық тұтынудың болжамды шығыстарымен ________________

      ____________________________________________________________________

      Қоса ұсынамыз:

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2018 жылғы 15 наурыздағы
№ 111 бұйрығына
5-қосымша
Табиғи монополиялар саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) қол жеткізудің тең жағдайларын ұсыну қағидаларына
5-қосымша
Нысан
Тұтынушы: ______________________
  жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе)
немесе заңды тұлғаның атауы
Тұтынушының мекенжайы,
телефоны: факс және электрондық пошта:
  _______________________
  _______________________
  (қолы)
  "_____" ________ 20__ жыл

Сумен жабдықтау және (немесе) су бұру желілеріне қосуға техникалық шарттар беру туралы өтініш

      Объектінің толық атауы (қолданыстағы, қайта жаңартылатын), оның мекенжайы, орналасқан жері, көрсетілетін қызметке қосу орны, талап етілетін көлемі, сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін тұтынуды белгілеу

      ___________________________________________________________________

      ___________________________________________________________________

      ___________________________________________________________________

      ___________________________________________________________________

      Қоса ұсынамыз: