"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 142-бабының 5-тармағына, 143-бабының 2-тармағына және 144-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Тақырыптық және қарсы тексерулер тағайындау мен хронометраждық зерттеп-қарауды жүргізу туралы шешім шығару қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (А.М. Теңгебаев) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмелерін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдануын;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі |
Б. Сұлтанов |
| Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 197 бұйрығымен бекітілген |
Тақырыптық және қарсы тексерулер тағайындау мен хронометраждық зерттеп-қарауды жүргізу туралы шешім шығару қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Тақырыптық және қарсы тексерулер тағайындау мен хронометраждық зерттеп-тексеруді жүргізу туралы шешім шығару қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) тақырыптық және қарсы тексерулер тағайындау мен хронометраждық зерттеп-тексеруді жүргізу туралы шешім шығару тәртібін айқындайды.
2. "Пирамида" талдамалық есебі салық төлеуші (салық агенті) ұсынған қосылған құн салығы бойынша салықтық есептілікті және ақпараттық жүйелерінің мәліметтерін зерделеу және талдау негізінде мемлекеттік кірістер органдары жүзеге асыратын бақылаудың нәтижелері болып табылады.
2-тарау. Тақырыптық тексерулерді тағайындау тәртібі
3. Салық төлеушінің тіркеу деректерінде көрсетілген тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органының шешімі негізінде және (немесе) салық салынатын объектінің және (немесе) салық салуға байланысты объектінің орналасқан жері бойынша тақырыптық тексерулер мынадай:
1) мемлекеттік кірістер органдарында тіркеу есебіне қойылуы;
2) бақылау-кассалық машиналарының болуы;
3) төлем карточкасын пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтың (құрылғының) болуы;
4) тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердiң аумағына әкету кезінде Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды іске асыру үшін қабылданған Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген құжаттардың болуы және тауарлардың құжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкес келуі;
5) акциздiк және есепке алу-бақылау маркаларының болуы және төлнұсқалығы, алкоголь өніміне, мұнай өнімдері мен биоотынға, темекі бұйымдарына ілеспе жүкқұжаттардың, лицензияның болуы;
6) автокөлік құралдарын көліктік бақылау немесе жол полициясы бекеттерінде тексеру кезінде импортталатын тауарларға тауар-көлік жүкқұжаттарының болуы және тауар атауларының тауар-көлік жүкқұжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкес келуі;
7) бақылау-касса машиналарын қолдану тәртiбiн сақтау;
8) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасын және акцизделетiн тауарлардың жекелеген түрлерiн өндiру, сақтау және өткiзу шарттарын сақтау;
9) касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы салық органы шығарған өкiмді орындау;
10) электрондық нысанда шот-фактураларды жазып беру тәртібін сақтау;
11) Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуына байланысты кедендік баждардың төмендетілген мөлшерлемелері қолданылатын тауарлар тізбесіне енгізілген тауарлар қалдықтарының болуын растау мәселелерi бойынша тағайындалады.
4. Осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген салықтық тексерулерді тағайындау бойынша мемлекеттік кірістер органының шешімі осы Қағидалардың қосымшасында келтіргеніне сәйкес Мемлекеттік кірістер органы тақырыптық тексерулер тағайындау және хронометраждық зерттеп-тексеруді жүргізу туралы шешім шығару үшін өлшемшарттарды (бұдан әрі - Өлшемшарттар) ескере отырып, Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзу туралы куәландыратын фактілер мен мән-жайлар болған кезде шығарылады.
3-тарау. Қарсы тексерулерді тағайындау тәртібі
5. Қарсы салықтық тексерулерді мемлекеттік кірістер органдары Салық кодексінің 143-бабына сәйкес тағайындайды.
6. Қарсы тексеруді мемлекеттік кірістер органы кешенді немесе тақырыптық тексеру жүргізіп отырған салық төлеушімен (салық агентімен) операцияларды жүзеге асырған тұлғаларға көрсетілген тұлғалардан осындай операциялар, фактіні растау және көрсетілген салық төлеушіні (салық агентін) тексеру барысында туындайтын мәселелер бойынша операциялардың мазмұны туралы қосымша ақпарат алу мақсатында мемлекеттік кірістер органы тағайындайды.
Тексерілетін салық төлеушінің (салық агентінің) жеткізушілері мен сатып алушыларын (бұдан әрі – контрагенттерді) қарсы тексеру тағайындалғанға дейін салықтық тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органының лауазымды адамы:
1) контрагенттермен өзара есеп айырысу бойынша бухгалтерлік есеп деректерімен "Пирамида" талдамалық есебіне (бұдан әрі – "Пирамида" есебі) талдау жүргізуі;
2) салық есептілігінде өзара есеп айырысуды көрсетпеу фактілері анықталған контрагенттердің тізбесін айқындауы;
3) мыналардың:
тексерілетін кезеңдегі контрагенттерді камералдық бақылау;
қосылған құн салығы (бұдан әрі – ҚҚС) бойынша ұсынылған салық есептілігі нысандарының нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар бойынша "Пирамида" есебіне талдау жүргізуі қажет.
7. Осы Қағидалардың 8-тармағымен басқа қарастырылмаса, қарсы тексерулер жүргізуге сұрау салулар мынадай жеткізушілермен (салық төлеушілермен):
электр және (немесе) жылу энергиясын, суды, газды, байланыс қызметтерiн (егер тізбеленгендер тауар болып табылмайтын жағдайда) жеткізуді жүзеге асыратын;
салық мониторингіне жататын;
Салық кодексінің 91-бабында айқындалған тәртіппен әрекетсіз деп танылған;
соттың заңды күшіне енген үкiмi немесе қаулысы негізінде жалған кәсіпорындар деп танылған;
заңды күшіне енген сот шешімі негізінде тіркелуі (қайта тіркелуі) жарамсыз деп танылған;
Қазақстан Республикасы қосылған құн салығын төлеушілер болып табылмайтын және қызметтерін филиал, өкілдік арқылы жүзеге асырмайтын жұмыстарды (қызметтерді) орындаған бейрезиденттермен;
тек қана электронды түрде шот-фактураларды жазғандармен өзара есеп айырысу бойынша қалыптастырылмайды.
Осы Қағидалардың 8-тармағымен басқа қарастырылмаса, Қағидалардың осы тармағында көрсетілген салық төлеушілер қарсы тексеруге жатпайды.
8. Қарсы тексеру тағайындау және қарсы тексеру жүргізу туралы мемлекеттік кірістер органына сұрау салу жіберу үшін мемлекеттік кірістер органдары, оның ішінде мынадай:
тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) мәмілелері бойынша тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді), мүлікті өткізуден алынған пайданы кіріс есебіне жатқызбау;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұза отырып (оның ішінде жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларды қоспағанда, жол берілген түзетулермен, тазартулармен, бұлыңғыр, анық емес қойылған қолдармен, ұйымдардың мөрлерімен, мөртабандарымен), жазбаша нысанда шарт жасаспастан тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатып алу немесе тауарларды тиеп-жөнелту, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету;
өзара талаптарды өтеуді есепке жатқызуларды, талап құқықтарын беру жөніндегі операцияларды, тауар алмасу және ақшасыз операциялардың нәтижелерінің бухгалтерлік есепте болуы не оларды көрсетпеу;
ақысын төлеу қолма-қол ақшамен жүргізілген азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алу;
салық салынатын айналым мөлшерін түзету және қосылған құн салығының есебіне жатқызу сомасына түзетулер жүргізілген қосымша шот-фактуралар ұсыну;
шығыстарды корпоративтік (жеке) табыс салығы бойынша шегерімге және іс жүзінде тауарларды жеткізбей, жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, салық сомасын қосылған құн салығының есебіне жатқызу мақсатында мәмілелер жасасу;
тауардың қосылған құнын ұлғайту, тиісінше, есепке жатқызуға жатқызылған ҚҚС сомасының есептелген салық сомасынан асып түсуін өсіру мақсатында мәмілелер жасасу;
басшысына (құрылтайшысына) қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 216-бабында көзделген құқық бұзушылықтар бойынша Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде қылмыстық іс тіркелген тікелей жеткізушімен өзара есеп айырысулар бойынша ҚҚС сомаларын есепке жатқызу;
мемлекеттік органдардан, оның ішінде құқық қорғау органдарынан салық төлеуден жалтару белгілері мен фактілері туралы ақпарат алу;
Салық кодексімен белгіленген тәртіпте жанама әдісінің негізінде салық салу объектілерін және салық салумен байланыс объектілерін анықтау жағдайларын да қарайды.
Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрінің 12.11.2019 № 1249 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.9. Қарсы тексерулерді жүргізуге сұрау салулар мен осы сұрау салуларға жауаптар, сондай-ақ жеткізушілері салықтық мониторингке жататын ҚҚС төлеушілердің қайтаруға қойған ҚҚС сомаларының дұрыстығын растау бойынша сұрау салулар Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйесі арқылы қалыптастырылады, орындалады және жіберіледі.
4-тарау. Хронометраждық зерттеп-қарауды тағайындау тәртібі
10. Мемлекеттік кірістер органы хронометраждық зерттеп-тексеруді жүргізу туралы шешімді салық төлеушінің тіркеу деректерінде көрсетілген орналасқан жері бойынша және (немесе) салық салу объектiсiнің және (немесе) салық салуға байланысты объектiнің орналасқан жері бойынша шығарады.
11. Хронометраждық зерттеп-тексеруді тағайындау бойынша мемлекеттік кірістер органының шешімі Өлшемшарттарды ескере отырып, Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзу туралы куәландыратын фактілер мен мән-жайлар болған кезде шығарылады.
| Тақырыптық және қарсы тексерулер тағайындау мен хронометраждық зерттеп- тексеруді жүргізу туралы шешім шығару қағидаларына қосымша |
Мемлекеттік кірістер органы тақырыптық тексерулер тағайындау және хронометраждық зерттеп-тексеруді жүргізу туралы шешім шығару үшін өлшемшарттар
Мемлекеттік кірістер органы осы бұйрықпен бекітілген Тақырыптық және қарсы тексерулер тағайындау мен хронометраждық зерттеп-тексеруді жүргізу туралы шешім шығару қағидаларының (бұдан әрі - Қағидалар) 3 және 10-тармақтарында көрсетілген шешімдерді шығаруы үшін мынадай өлшемшарттардың бірінің:
1. Хронометраждық зерттеп-тексерулер үшін (жүргізілген талдау деректері бойынша):
1) салық жүктемесінің төмен коэффициенті (бұдан әрі – СЖК) (орташа салалықтан төмен), сондай-ақ салық есептілігінің деректері бойынша еңбекақысы ең аз жалдамалы қызметкерлердің саны (қызмет саласына қарай);
2) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындамау;
3) салық есептілігін, оның ішінде іс жүзінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде нөлдік көрсеткіштермен ұсыну;
4) салық төлеушінің қызметі туралы әртүрлі ақпарат көздерінен алынған, Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзу туралы куәландыратын мәліметтердің болуы;
5) қосылған құн салығы бойынша үнемі дебеттік сальдосы бар, СЖК төмен (орташа салалықтан төмен), жалдамалы қызметкерлері жоқ, сондай-ақ залалдары бар салық төлеушілер бойынша;
6) салықтарды төлеуден жалтару мақсатында патент және (немесе) жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимін қолданатын біреуін бірнеше кәсіпкерлік субъектілеріне бөлшектеу жолымен құрылған бір объектіде салық төлеушілердің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы бойынша мәліметтердің болуы;
7) салық төлеушінің (салық агентінің) сауда-сатып алу қызметін жүзеге асыру кезінде салық кезеңдері үшін дәйекті түрде ұсынған салық есептіліктерінде бірдей табыс сомаларын көрсетуі;
8) жалпы пайдаланымдағы телекоммуникация желілері арқылы мемлекеттік кірістер органдарына ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтердің жедел режимде берілуін қамтамасыз ететін бақылау-кассалық машиналарды бір жұмыс күні ішінде пайдалануының төмен мерзімділігі туралы мәліметтердің болуы;
2. Осы Қағидаларының 3-тармағында көрсетілген мәселелер бойынша тақырыптық тексерулер үшін:
1) шағымдар, оның ішінде әлеуметтік желілер мен бейнехостингтерде, мобильдік құрылғылардың қосымшалары (Whatsap, Facebook, Wipon және басқалар) арқылы, сондай-ақ электрондық шағым кітабы арқылы;
2) заңды және жеке тұлғалардың шағымдары бойынша бұдан бұрын жүргізілген салықтық тексерулер анықтаған бұзушылықтардың жойылмауы;
3) әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтер бойынша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде мемлекеттік кірістер органдарында тиісті тіркеу есебінің болмауы;
4) фискалдық жады бар бақылау-кассалық машиналарының (бұдан әрі – ФЖ бар БКМ) болмауы, сондай-ақ әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтер бойынша ФЖ бар БКМ-ді оның мемлекеттік кірістер органдарында тіркелген жері бойынша пайдаланбау туралы мәліметтердің болуы;
5) әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтер бойынша төлем карточкасын пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтың (құрылғының) болмауы (салық төлеуші осындай жабдықты (құрылғыны) орнатуға міндетті болған кезде);
6) есепке алу-бақылау және акциздiк маркаларының болмауы, сондай-ақ әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтер бойынша олардың сәйкес болмауы;
7) алкоголь өніміне, мұнай өнімдеріне, биоотынға, темекі бұйымдарына ілеспе жүкқұжаттардың болмауы және олардың сәйкес болмауы, сондай-ақ әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтер бойынша лицензияның болмауы;
8) импортталатын тауарларға тауар-көлік жүкқұжаттарының болмауы, сондай-ақ әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтер бойынша олардың сәйкес болмауы;
9) ФЖ бар БКМ қолдану сақталмауы жөнінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзу туралы куәландыратын мәліметтер;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерді бұза отырып жазылған электрондық түрдегі шот-фактура;
11) касса арқылы шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімнің қолданылуы кезеңінде салық төлеушінің контрагенттермен өзара есеп айырысуды жүзеге асыру фактілері бойынша касса арқылы шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы мемлекеттік кірістер органдарының талаптарын бұзушылықтар туралы куәландыратын мән-жайлардың анықталуы;
12) мемлекеттік кірістер органы тақырыптық тексерулер тағайындауы және хронометраждық зерттеп-тексеруді жүргізу туралы шешім шығаруы үшін осы Өлшемшарттардың 1-тармағының 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген мәліметтердің болуы ескеріледі.