Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін, жаңа бастамаларға арналған лимиттерді айқындау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 8 ақпандағы № 140 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 21 ақпанда № 16409 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 65-1-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін, жаңа бастамаларға арналған лимиттерді айқындау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бюджет заңнамасы департаменті (З.А. Ерназарова) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің қағаз және электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпараттық орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық мемлекеттік тiркелген күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Қаржы Министрі
Б. Сұлтанов

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2018 жылғы 8 ақпандағы
№ 140 бұйрығымен
бекітілген

Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін, жаңа бастамаларға
арналған лимиттерді айқындау қағидалары
1-тарау. Негізгі ережелер

      1. Осы Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін, жаңа бастамаларға арналған лимиттерді айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 65-1-бабына сәйкес әзірленді.

      2. Қағидалар бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкiлеттi органның және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергiлiктi уәкiлеттi органдардың бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін, жаңа бастамаларға арналған лимиттерді айқындауы тәртібін айқындайды.

      3. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттері, жаңа бастамаларға арналған лимиттер бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерді қалыптастыруы үшін айқындалады.

      4. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының жеткізілген лимиттері мен жаңа бастамаларға арналған лимиттердің шегінде бюджеттік бағдарламалар әкімшісі өз қызметінің басымдықтарын, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың іске асырылуын ескере отырып, бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша шығыстарды өз бетінше бөледі.

      Бюджеттік бағдарламалар әкімшісі шығыстардың бірінші кезекті басымдығын өз бетінше айқындайды.

      Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттері, жаңа бастамаларға арналған лимиттер шегінде ескерілмеген шығыстар макроэкономикалық сценарий мен кірістер болжамы көрсеткіштердің жақсаруы жағына қарай екінші кезеңде өзгерген жағдайда және (немесе) тиісті бюджет комиссиясына қорытынды дайындау барысында бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкiлеттi орган немесе жергiлiктi уәкiлеттi органдар жекелеген шығыстарды қабылдамаған жағдайда бюджет жобасына енгiзiлуi мүмкiн.

2-тарау. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін, жаңа бастамаларға арналған лимиттерді айқындау

      5. Кодекстің 65-1-бабына сәйкес аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер бюджеттерінен қаржыландырылатын, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдары айқындайтын бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жаңа бастамаларға арналған лимиттерін қоспағанда, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін, жаңа бастамаларға арналған лимиттерді тиісінше бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкiлеттi орган және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергiлiктi уәкiлеттi органдар айқындайды.

      Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттері, жаңа бастамаларға арналған лимиттер Қазақстан Республикасының немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамды көрсеткіштері, республикалық және жергілікті бюджеттер, бюджет қаражатын жұмсаудың басым бағыттары, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша қабылданған мемлекеттік міндеттемелер, оның ішінде мемлекеттiк концессиялық мiндеттемелер, жоспарлы кезеңге арналған тиісті бюджет тапшылығының мөлшері негізінде айқындалады.

      6. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттері, жаңа бастамаларға арналған лимиттер бюджет жобасын қалыптастыру кезінде жылдарға бөле отырып, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің әрқайсысы үшін жоспарланатын үшжылдық кезеңге жыл сайын өзгермелі негізде айқындалады.

      Жоспарлы кезеңнің екінші және үшінші жылдарына арналған лимиттер әлеуметтік-экономикалық даму болжамындағы өзгерістер ескеріле отырып, кезекті үшжылдық кезеңге лимиттерді айқындаған кезде өзгертілуі мүмкін.

      Макроэкономикалық болжам мен экономиканың өсу болжамы азаю жағына өзгерген жағдайда, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстары лимиттерінің және жаңа бастамаларға арналған лимиттердің сомасы ағымдағы қаржы жылына арналған шығыстар бойынша бекітілген жоспардан номиналды Жалпы ішкі өнімнің (бұдан әрі – ЖІӨ) немесе Жалпы өңірлік өнімнің (бұдан әрі – ЖӨӨ) тиісті жылға болжанатын өсуінен аспауы тиіс.

      Бюджетті нақтылау кезінде бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерi шығыстарының лимиттері, жаңа бастамаларға арналған лимиттер бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне жеткізілмейді.

      7. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін, жаңа бастамаларға арналған лимиттерді айқындау кезінде:

      1) тиісті кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың мақұлданған болжамы;

      2) ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының бекітілген (нақтыланған) көлемі;

      3) тиісті қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының бекітілген көлемі;

      4) өткен және ағымдағы қаржы жылдарында бюджеттік бағдарламалардың орындалу қорытындысы;

      5) бюджеттік инвестицияларды іске асыруды бағалау қорытындысы;

      6) республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепке Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің (жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есепке облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясының) қорытындылары мен ұсынымдары;

      7) мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың іс-шаралары есепке алынады;

      8) Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнің республикалық бюджет жобасы шығыстарының негізгі бағыттары бойынша оны алдын ала бағалауы.

      Мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды әзірлемейтін бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бойынша стратегиялық жоспарлар, өзге стратегиялық және бағдарламалық құжаттар ескеріледі.

      8. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін, жаңа бастамаларға арналған лимиттерді айқындау кезінде лимиттердің құрамында бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің басқа шығыстарға қайта бөлуге жатпайтын бюджеттің мына шығыстары жеке бөлінеді:

      1) іске асырылуы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан бөлінетін нысаналы трансферттер есебінен көзделетін жобалар бойынша шығыстар;

      2) бюджеттік субвенциялар, бюджеттік алып қоюлар;

      3) үкіметтік борышқа немесе жергілікті атқарушы органдардың борышына қызмет көрсетуге арналған шығыстар;

      4) мемлекеттік кепілдіктер бойынша міндеттемелерді орындауға арналған шығыстар;

      5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның резерві;

      6) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары, оның ішінде мемлекеттік концессиялық міндеттемелер бойынша қабылданған мемлекеттік міндеттемелерді орындауға арналған шығыстар.

      9. Жергілікті бюджеттер бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттері, жаңа бастамаларға арналған лимиттер жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджеттерге берілетін нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттер ескерілусіз айқындалады.

      Жергілікті бюджеттер бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттері, жаңа бастамаларға арналған лимиттер Қазақстан Республикасының заңында, облыстық мәслихаттың жалпы сипаттағы трансферттер көлемі туралы шешімінде, аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатының аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет туралы шешімінде белгіленген жалпы сипаттағы трансферттер көлемі ескеріле отырып айқындалады.

      Жергілікті бюджеттер бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін, жаңа бастамаларға арналған лимиттерді айқындау кезінде Қазақстан Республикасының заңында, облыстық мәслихаттың жалпы сипаттағы трансферттер көлемі туралы шешімінде, аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатының аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет туралы шешімінде белгіленген шығыстардың жекелеген бағыттарын қаржыландырудың ең төмен көлемдері ескеріледі.

      10. Әлеуметтік-экономикалық дамудың бірінші кезеңінде мақұлданған болжамда көрсетілген үшжылдық кезеңге арналған бюджет шығыстарының болжамына сүйене отырып, ағымдағы шығыстардың жалпы лимиті және үшжылдық кезеңге арналған бюджеттік даму бағдарламалары шығыстарының лимиті айқындалады. Ағымдағы шығыстар мен үшжылдық кезеңге арналған бюджеттік даму бағдарламалары шығыстарының жалпы лимиті номиналды ЖІӨ-нің (ЖӨӨ) және соңғы пайдалану бойынша оның құрамдауыштарының болжанатын көлемін қамтамасыз етуді ескере отырып айқындалады.

1-параграф. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін айқындау

      11. Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi шығыстарының лимиттері бюджеттің базалық шығыстарына сүйене отырып айқындалады.

      Тұрақты сипаттағы шығыстар, күрделi шығыстар, сондай-ақ басталған (жалғасатын) бюджеттiк инвестициялық жобаларға арналған шығыстар және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша қабылданған мемлекеттік міндеттемелерді, оның ішінде мемлекеттiк концессиялық мiндеттемелердi орындау базалық шығыстар болып табылады.

      Мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді орындауға және мемлекеттік қызметтерді көрсетуге, трансферттерді төлеуге және мемлекеттің басқа да міндеттемелеріне байланысты шығыстар тұрақты сипаттағы шығыстар болып табылады.

      12. Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиті құрамында мемлекеттік органдардың ағымдағы әкімшілік шығыстарының лимиті айқындалады.

      Ағымдағы әкімшілік шығыстары деп мемлекеттік органның қызметін қамтамасыз етумен байланысты ағымдағы шығыстар түсініледі.

      13. Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi шығыстарының лимиттері бюджеттік бағдарламалар бөлінісінде есептеледі.

      Бұл ретте, ағымдағы әкімшілік шығыстарының лимиті, олар бойынша ағымдағы әкімшілік шығыстар лимиттері мемлекеттік функциялар мен өкілеттіктерді орындауға, трансферттер беруге және күрделі шығыстарды жүзеге асыруға бағытталған ағымдағы бюджеттік бағдарламаның құрамында шығыстардың жекелеген бағыты бойынша есептелетін, барлау және контрбарлау қызметін жүзеге асыратын, сондай-ақ күзетілетін тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар мен олардың мекемелерін қоспағанда, "Ағымдағы әкімшілік шығыстар" бюджеттік кіші бағдарламасы бойынша есептеледі.

      14. Мемлекеттік органдардың ағымдағы әкімшілік шығыстарының лимиті мынадай ағымдағы әкімшілік шығыстарды есептеу жолымен айқындалады:

      1) мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын төлеуге есеп "Мемлекеттік бюджет есебінен қамтылған барлық органдар үшін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 16 қазандағы № 646қбп қаулысына сәйкес (Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 18 қыркүйектегі № 403 бұйрығымен бекітілген, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9756 болып тіркелген Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы (бұдан әрі – ШЭС) 110-ішкі сыныбының ерекшеліктері) штат саны лимиттерінің негізінде жүзеге асырылады;

      2) Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 29 наурыздағы № 304 Жарлығына сәйкес тиісті және келесі жылдарға арналған штат санының бекітілген лимиттерінен тыс олар бойынша қаражат мөлшері мемлекеттік органдарда сақталатын басшы қысқартқан мемлекеттік органдар қызметкерлерінің еңбекақысын төлеуге есеп мемлекеттік орган басшысының штат санын, штат кестесін қысқарту туралы бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік органға сақталатын қаражат мөлшері, ақшалай қаражатты аудару/жіберу бойынша банктердің қызметтерін (ШЭС-тың 110 және 120-ішкі сыныптарының ерекшеліктері мен 159-ерекшелігі) қоса алғанда, қысқарған сәтке тіркеледі және келесі жылдарға өзгертусіз сақталады.

      3) жұмыс берушілердің жарналарына есеп Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады (ШЭС-тың 120-ішкі сыныбының ерекшеліктері);

      4) мемлекеттік органдарға көліктік қызмет көрсетуге есеп Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы № 179 бұйрығымен (бұдан әрі – № 179 бұйрық), бекітілген, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10762 болып тіркелген Мемлекеттік органдарды қызметтік және кезекші автомобильдермен қамтамасыз етудің заттай нормаларын "Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына арналған жанар-жағармай материалдары шығыстарының және автокөлікті күтіп ұстауға арналған шығыстардың нормаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 11 тамыздағы № 1210 қаулысын және ағымдағы қаржы жылындағы шарттар мен тауар бірлігі үшін құнын негіздеуші құжаттардың көшірмелерін ескере отырып, автокөлік құралдарын міндетті техникалық тексеріп қарауға арналған шығыстарды қоса алғанда (ШЭС-тың 153 және 169-ерекшеліктері), автокөлікпен қамтамасыз ету бойынша орталық мемлекеттік органдардың заттай нормаларын есепке ала отырып жүзеге асырылады;

      5) қызмет бабындағы iссапарларға есеп "Мемлекеттiк бюджеттiң есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелер қызметкерлерiнiң, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттарының Қазақстан Республикасының шегiндегi қызметтiк iссапарлары туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 22 қыркүйектегі №1428 қаулысын сәйкес (ШЭС-тың 161-ерекшелігі) жүзеге асырылады;

      6) телефон байланысы қызметтері, есеп 179-бұйрыққа сәйкес заттай нормаларды және телефон байланысымен қамтамасыз ету бойынша орталық мемлекеттік органдардың заттай нормаларын (ШЭС-тың 152-ерекшелігі) ескере отырып жүзеге асырылады;

      7) коммуналдық қызметтерге есеп "Бюджет қаражатынан қаржыландырылатын ұйымдар бойынша электр энергиясын, жылуды, ыстық және суық суды және басқа да коммуналдық қызмет көрсетулерді тұтынудың нормативтері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 2 қарашадағы № 1118 қаулысына (бұдан әрі – № 1118 қаулы) сәйкес заттай нормаларды, шарттар көшірмелерді (ШЭС-тың 151-ерекшелігі) ескере отырып жүзеге асырылады;

      8) ғимараттарға қызмет көрсетуге есеп №1118 қаулыға сәйкес заттай нормаларды, шарттар көшірмелерді (ШЭС-тың 159-ерекшелігі) есепке ала отырып жүзеге асырылады;

      9) кеңсе тауарларына есеп заттай нормаларды және (немесе) тауардың бірлігі үшін құнын негіздейтін құжаттарды есепке ала отырып (ШЭС-тың 149-ерекшелігі) жүзеге асырылады;

      10) отын, жанар-жағармай материалдарын сатып алуға есеп № 1210 қаулыға сәйкес (ШЭС-тың 144-ерекшелігі) жүзеге асырылады;

      11) үй-жайды жалға алу төлеміне есеп үш баға ұсынысын есепке ала отырып және жасасқан шарттарға сәйкес (ШЭС-тың 154-ерекшелігі) жүзеге асырылады;

      12) өзге ағымдағы шығыстарды төлеуге (ақшалай қаражатты аудару/жіберу бойынша банктердің қызметтерін, ШЭС-тың 159-ерекшелігі) жүзеге асырылады.

      Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері 2019-2021 жылдарға арналған мемлекеттік органдардың ағымдағы әкімшілік шығыстарының лимиттерін анықтау үшін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ағымдағы қаржы жылының 15 наурызына дейінгі мерзімде мынадай растау құжаттарын ұсынады:

      1) республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің ағымдағы қаржы жылына бекітілген штат кестесі және жоспарлы кезеңге арналған штат кестесінің жобасы;

      2) Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң 2014 жылғы 24 қарашадағы № 511 бұйрығымен бекітілген, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10007 болып тіркелген Бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну қағидаларына сәйкес нысандар бойынша ағымдағы әкімшілік шығыстардың көлемі бойынша негізделген есептер;

      3) ағымдағы қаржы жылында мемлекеттік органдардың көліктік қызмет көрсетуге, коммуналдық қызметтер мен ғимараттарға қызмет көрсетуге арналған шығыстар бойынша шарттардың көшірмелері; кеңсе тауарлары бойынша бір дана тауардың құнын негіздейтін құжаттар.

      Егер ағымдағы әкімшілік шығыстардың көлемі өзгермеген жағдайда келесі жоспарлы кезеңдерге лимитті анықтау үшін растау құжаттары ұсынылмайды.

      Келесі жоспарлы кезеңге ағымдағы әкімшілік шығыстардың лимитін анықтау кезінде орталық мемлекеттік органдар құрылған, таратылған, қайта ұйымдастырылған және штат санының лимиттері өзгерген жағдайда растау құжаттарын қайта ұйымдастырылған да, қайта құрылған мемлекеттік органдар да ұсынады.

      15. Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi шығыстарының лимиттерін есептеу үшін база ретінде ағымдағы қаржы жылының 1 сәуіріндегі жағдай бойынша ағымдағы қаржы жылына арналған шығыстар бойынша бекітілген (нақтыланған) жоспар, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған шығыстардың бекітілген жоспары пайдаланылады.

      16. Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi шығыстарының лимиттері мына формула бойынша есептеледі:

      Лимит t = Ағымдағы шығыстар t + Даму бюджеті t,

      мұндағы

      Лимит t – бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнің тиісті қаржы жылына арналған шығыстарының лимиті;

      Ағымдағы шығыстар t – бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнің тиісті қаржы жылына арналған ағымдағы бюджеттік бағдарламаларының шығыстары бойынша лимиті;

      Даму бюджеті t – бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнің тиісті қаржы жылына арналған бюджеттік даму бағдарламаларының шығыстары бойынша лимит.

      17. Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi шығыстарының лимиттерін есептеу үшін әрбір әкімші үшін шығыстар мынадай санаттарға топтастырылады:

      1) ағымдағы шығыстар:

      тұрақты сипаттағы ағымдағы шығыстар;

      күрделі шығындар;

      2) бюджеттік даму бағдарламаларының шығыстары.

      Тұрақты сипаттағы ағымдағы шығыстар:

      мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволық бағынысты мекемелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету шығыстарын;

      мемлекеттік тікелей міндеттемелерді;

      шығыстардың көлемі бойынша негіздемелерді талап ететін мемлекеттік міндеттемелерді қамтиды.

      Күрделі шығындар:

      мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволық бағынысты мекемелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге байланысты күрделі шығындарды;

      мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды іске асыруға байланысты күрделі шығындарды қамтиды.

      Бюджеттік даму бағдарламаларының шығыстары:

      республикалық (жергілікті) бюджеттік инвестицияларды іске асыруға арналған шығыстарды;

      төмен тұрған бюджеттерге берілетін нысаналы даму трансферттерін қамтиды.

      18. Ағымдағы шығыстар бойынша лимиттерді есептеу кезінде әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес тиісті жылға болжанатын инфляция деңгейі, сондай-ақ жоспарлы кезеңнің екінші және үшінші жылдарына бекітілген шығыстар көлемі есепке алынады.

      19. Бюджеттік даму бағдарламаларының шығыстары бойынша лимит мына формулаға сәйкес есептеледі:

      Даму бюджеті t = Жалғасатын республикалық (жергілікті) бюджеттік инвестицияларға арналған бюджеттік даму бағдарламаларына шығыстар t + Жалғасатын бюджеттік инвестицияларға арналған нысаналы даму трансферттері t.

      Жалғасатын бюджеттік инвестициялар шығыстарының лимиті іске асырылуы ағымдағы немесе өткен қаржы жылдарында басталып кеткен бюджеттік инвестициялар бойынша бюджетте көзделген қаражат ескеріле отырып айқындалады.

      Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік даму бағдарламаларына арналған шығыстарының лимиттерін айқындау кезінде тиісті бюджет комиссиясының оң ұсынысы жоқ бюджеттік инвестициялар есепке алынбайды.

      20. Бюджеттік даму бағдарламаларына шығыстар лимитін айқындау кезінде республикалық, облыстық немесе аудандық бюджеттерден төмен тұрған бюджеттерге берілетін нысаналы даму трансферттері бойынша пул айқындалады.

      Төмен тұрған бюджеттерге нысаналы даму трансферттері бойынша пул мына формула бойынша айқындалады:

      НДТП t = ЖДБ t х К t-1,

      мұндағы

      НДТП t – тиісті қаржы жылына арналған төмен тұрған бюджеттің нысаналы даму трансферттері бойынша пул;

      ЖДБ t – бюджеттік даму бағдарламаларына жергілікті бюджет шығыстары (жоғары тұрған бюджеттен нысаналы даму трансферттерін есептемегенде).

      Бюджеттік даму бағдарламаларына жергілікті бюджеттер шығыстарын айқындау кезінде тиісті үшжылдық кезеңге арналған жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу кезінде ескерілген бюджеттік даму бағдарламаларына жергілікті бюджеттер шығыстарының болжамы, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджеттердің шығыстары бойынша нақтыланған жоспары ескеріледі.

      К t-1 – нысаналы даму трансферттері түрінде жоғары тұрған бюджеттен тартылған, бюджеттік даму бағдарламаларына жергілікті бюджеттен (жоғары тұрған бюджеттен нысаналы даму трансферттерін есептемегенде) бөлінген бір теңгеге теңге санын айқындайтын коэффициент.

      Осы коэффициент ағымдағы қаржы жылында қалыптасқан жоғары тұрған бюджеттің нысаналы даму трасферттерінен жергілікті бюджеттердің меншікті даму бюджетінің тәуелділігін айқындайды және мына формула бойынша есептеледі:

      К t-1 = НТ t-1 / ЖДБ t-1

      мұндағы

      НТ t-1 – жоғары тұрған бюджеттен нысаналы даму трансферттері;

      ЖДБ t-1 – бюджеттік даму бағдарламаларына жергілікті бюджет шығыстары (жоғары тұрған бюджеттен нысаналы даму трансферттерін есептемегенде).

      Төмен тұрған бюджеттерге нысаналы даму трансферттері бойынша пул жалғасатын және жаңа бюджеттік инвестициялардың нысаналы даму трансферттерін қамтиды.

      Төмен тұрған бюджеттерге нысаналы даму трансферттері пулын айқындау кезінде Астана және Алматы қалаларының пулы жеке бөлінеді.

2-параграф. Жаңа бастамаларға арналған лимиттерді айқындау

      21. Жаңа бастамаларға арналған лимиттер жаңа бастамаларға арналған шығыстарға сүйене отырып айқындалады.

      Жаңа бастамаларға арналған шығыстарға:

      1) әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа басым бағыттарын стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға сәйкес іске асыруға;

      2) макроэкономикалық және әлеуметтік көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты емес және қолданыстағы бюджеттiк бағдарламалар шеңберінде бюджет қаражатын жұмсаудың қосымша бағыттарын көздейтін (орындалатын мемлекеттік функциялардың, өкілеттіктер мен мемлекеттік көрсетілетін қызметтер көлемін кеңейту) базалық шығыстарды ұлғайтуға бағытталған шығыстар жатады.

      22. Жаңа бастамаларға арналған лимиттерді есептеу кезінде:

      1) Мемлекет басшысының тапсырмалары, оның ішінде жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдайтын Жолдауындағы тапсырмалары;

      2) мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларда, сондай-ақ өзге стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда көзделген іс-шаралар,;

      3) жаңадан енгізілетін объектілерді ұстауға бағытталған шығыстар есепке алынады.

      Жоспарлы кезеңнің бірінші жылына жаңа бастамаларға арналған лимиттерді айқындау кезінде жоспарлы кезеңнің бірінші жылында қаржыландыруды талап ететін, Мемлекет басшысының тапсырмалары есепке алынады.

      23. Жаңа бастамаларға арналған лимиттер тиісті жоспарлы кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың мақұлданған болжамында көрсетілген бюджет шығыстарының болжамы мен бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттері сомасы арасындағы айырма ретінде айқындалады.

      Жаңа бастамаларға арналған лимиттер ағымдағы шығыстар бойынша жаңа бастамалар мен бюджеттік даму бағдарламаларына шығыстар бойынша жаңа бастамаларды қамтиды.

      Ағымдағы шығыстар бойынша жаңа бастамаларды айқындау кезінде, бірінші кезекте еңбекақы төлеуді, зейнетақыларды, жәрдемақылар мен басқа да әлеуметтiк төлемдерді арттыруға бағытталған жаңа бастамалар ескеріледі.

      24. Бюджеттік даму бағдарламаларына шығыстар бойынша жаңа бастамалар мына формула бойынша айқындалады:

      ДББЖБ t = ДББЖЛ t – Даму бюджеті t

      мұндағы

      ДББЖБ t – бюджеттік даму бағдарламаларына шығыстар бойынша жаңа бастамалар;

      ДББЖЛ t – номиналды ЖІӨ немесе ЖӨӨ болжамының негізінде айқындалатын бюджеттік даму бағдарламаларына шығыстардың жалпы лимиті;

      Даму бюджеті t – тиісті қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік даму бағдарламаларына шығыстар бойынша лимиті.

      25. Бюджеттік даму бағдарламаларына шығыстар бойынша жаңа бастамалар нысаналы даму трансферттері есебінен іске асырылатын бюджеттік инвестицияларды қоспағанда, жаңа республикалық (жергілікті) бюджеттік инвестицияларға арналған шығыстарды және жаңа бюджеттік инвестицияларға нысаналы даму трансферттерін қамтиды.

      26. Жаңа бюджеттік инвестицияларға арналған нысаналы даму трансферттері нысаналы даму трансферттері бойынша төмен тұрған бюджеттердің жалпы пулы мен жалғасатын бюджеттік инвестицияларға нысаналы даму трансферттері арасындағы айырма ретінде айқындалады.

      Жаңа бюджеттік инвестицияларға арналған нысаналы даму трансферттері салалар (аялар) бөлінісінде жергілікті бюджеттің бюджеттік даму бағдарламаларына арналған шығыстардың қалыптасқан құрылымын (жоғары тұрған бюджеттен нысаналы даму трансферттерін ескере отырып) ескере отырып, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бойынша бөлінеді.

      27. Нысаналы даму трансферттері есебінен іске асырылатын бюджеттік инвестицияларды қоспағанда, жаңа республикалық (жергілікті) бюджеттік инвестицияларға арналған шығыстар мына формула бойынша айқындалады:

      ЖЖШ t = ДББЖБ t – ЖЖНДТ t

      мұндағы

      ЖЖШ t – нысаналы даму трансферттері есебінен іске асырылатын бюджеттік инвестицияларды қоспағанда, жаңа республикалық (жергілікті) бюджеттік инвестицияларға арналған шығыстар;

      ДББЖБ t – бюджеттік даму бағдарламаларына арналған шығыстар бойынша жаңа бастамалар;

      ЖЖНДТ t – жаңа бюджеттік инвестицияларға арналған нысаналы даму трансферттері.

      Нысаналы даму трансферттері есебінен іске асырылатын бюджеттік инвестицияларды қоспағанда, жаңа республикалық (жергілікті) бюджеттік инвестицияларға арналған шығыстар Мемлекет басшысының тапсырмалары мен мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларда, сондай-ақ стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда көзделген іс-шаралар ескеріле отырып, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бойынша бөлінеді.

3-тарау. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін, жаңа
бастамаларға арналған лимиттерді бюджеттік комиссияларда қарау және бюджеттік
бағдарламалар әкімшілеріне дейін жеткізу

      28. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Республикалық бюджет комиссиясының қарауына жоспарланған кезеңнің алдындағы жылдың 15 сәуірінен кешіктірмей, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдары тиісті бюджет комиссиясының қарауына жоспарланған кезеңнің алдындағы жылдың 20 сәуірінен кешіктірмей:

      1) жоспарлы кезеңнің жылдары бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бөлінісінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін;

      2) жоспарлы кезеңнің жылдары бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бөлінісінде жаңа бастамаларға арналған лимиттерді енгізеді.

      Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органы ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет комиссиясының қарауына жоспарланған кезеңнің алдындағы жылдың 20 сәуірінен кешіктірмей:

      1) жоспарлы кезеңнің жылдары бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бөлінісінде аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджеттен, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін;

      2) жоспарлы кезеңнің жылдары бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бөлінісінде аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджеттен, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жаңа бастамаларға арналған лимиттерін енгізеді.

      29. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттері, жаңа бастамаларға арналған лимиттер одан әрі бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне жеткізу үшін тиісті бюджет комиссиясының ұсыныстары ескеріле отырып айқындалады.

      Тиісті бюджет комиссиясы мүшелерінің ескертулері мен ұсыныстары болған жағдайда, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттері мен жаңа бастамаларға арналған лимиттерді бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкiлеттi орган немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергiлiктi уәкiлеттi органдар бес күн мерзім ішінде пысықтайды.

      30. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган және жергілікті уәкілетті органдар жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың 1 мамырына дейін бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес 1 және 2-нысандар бойынша тиісті бюджет комиссиясының ұсыныстарын ескере отырып айқындалған, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін, жаңа бастамаларға арналған лимиттерді жібереді.

  Бюджеттік бағдарламалар
әкімшілері шығыстарының
лимиттерін, жаңа бастамаларға
арналған лимиттерді
айқындау қағидаларына
1-қосымша
Нысан

Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттері,
жаңа бастамаларға арналған лимиттер ___________________________________________
бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің атауы

      мың теңге

Атауы

Жоспарлы кезеңнің
бірінші жылы

Жоспарлы кезеңнің
екінші жылы

Жоспарлы кезеңнің
Үшінші жылы

1

2

3

4

1. Бюджеттік бағдарламалар әкімшісіі шығыстарының лимиті, оның ішінде:




мемлекеттік органдардың ағымдағы әкімшілік шығыстарының лимиті




қайта бөлуге жатпайтын шығыстар




2. Жаңа бастамаларға арналған лимит




  Бюджеттік бағдарламалар
әкімшілері шығыстарының
лимиттерін, жаңа бастамаларға
арналған лимиттерді айқындау
қағидаларына
2-қосымша

      Жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттері, жаңа
бастамаларға арналған лимиттер __________________________________________________
арналған бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің атауы

      мың теңге

Атауы

Жоспарлы кезеңнің
бірінші жылы

Жоспарлы кезеңнің
екінші жылы

Жоспарлы кезеңнің
Үшінші жылы

1

2

3

4

1. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиті, оның ішінде




қайта бөлуге жатпайтын шығыстар




2. Жаңа бастамаларға арналған лимиттер