"Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" 2017 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 466-бабы 2-тармағына және 467-бабы 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Мына:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес кедендік сараптаманы өзге уәкілетті сараптама ұйыммен (сарапшымен) жүргізу үшін тағайындау қағидасы;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды адамы болып табылмайтын сарапшыны (маманды) кедендік сараптаманы жүргізуге тарту қағидасы бекітілсін.
2. Мыналар:
1) "Мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды адамы болып табылмайтын сарапшыларды (мамандарды) кедендік сараптама жүргізуге тартудың қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 3 тамыздағы № 391 бұйрығы (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6431 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінде 2010 жылғы 4 қыркүйекте № (23204) жарияланған);
2) "Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 18 наурыздағы № 139 бұйрығымен бекітілген, оларға өзгерістер енгізілетін, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің бұйрықтары тізбесінің 1-тармағы (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13622 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативті құқықтық актілер эталондық бақылау банкінде 2016 жылы 7 маусымда жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (А.М. Теңгебаев) заңнамада белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдануын;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күн ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі |
Б. Сұлтанов |
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 29 қаңтардағы № 77 бұйрығына 1-қосымша |
Кедендік сараптаманы өзге уәкілетті сараптама ұйыммен (сарапшымен) жүргізу
үшін тағайындау қағидасы
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Кедендік сараптаманы өзге уәкілетті сараптама ұйыммен (сарапшымен) жүргізу үшін тағайындау қағидасы (бұдан әрі – Қағида) кедендік сараптаманы өзге уәкілетті сараптама ұйыммен (сарапшымен) жүргізу үшін тағайындау тәртібін айқындайды.
2. Кедендік сараптама тауарларға, кедендік, көліктік (тасымалдау), коммерциялық және өзге де құжаттарға, сондай-ақ осындай тауарлар мен құжаттардың сәйкестендіру құралдарына қатысты тағайындалады.
3. Кедендік сараптаманы мемлекеттік кірістер органы тағайындайды.
Кедендік сараптаманы жүргізу мүмкін болмаған жағдайда, уәкілетті мемлекеттік кірістер органы өзге уәкілетті сараптама ұйымдарын (сарапшыларды) кедендік сараптама жүргізу үшін тартады.
2-тарау. Кедендік сараптаманы өзге уәкілетті сараптама ұйыммен (сарапшымен)
жүргізу үшін тағайындау тәртібі
4. Уәкілетті мемлекеттік кірістер органы осы Қағиданың 3-тармағында көзделген жағдайда, кедендік сараптама жүргізу үшін материалдарды алған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде бұл туралы кедендік сараптаманы тағайындаған мемлекеттік кірістер органына хабардар етеді.
5. Кедендік сараптаманы тағайындаған мемлекеттік кірістер органы "Мемлекеттік сатып алулар туралы" 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өзге уәкілетті сараптама ұйыммен (сарапшымен) кедендік сараптама жүргізу бойынша қызметтерді ұсынуға мемлекеттік сатып алулар жүргізеді.
Өзге уәкілетті сараптама ұйым (сарапшы) мемлекеттік кірістер органына сараптама қызметін жүргізу құқығын растайтын құжаттарды ұсынады.
"Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 466-бабы 10-тармағына сәйкес (бұдан әрі – Кодекс) өзге уәкілетті сараптама ұйымның (сарапшының) кедендік сараптама жүргізуге арналған шығыстары, кедендік сараптаманы тағайындаған мемлекеттік органының бюджеттік қаражаты есебінен өтеледі.
6. Жүргізілген мемлекеттік сатып алулар нәтижелері бойынша мемлекеттік кірістер органы өзге уәкілетті сараптама ұйымымен (сарапшымен) зерттеулер және (немесе) сынақтар жүргізуді талап ететін сұрақтары, зерттеулер және (немесе) сынақтар жүргізу талаптары және (немесе) оның мерзімдері белгіленетін шарт (ерікті нысанда) жасасады.
7. Жүргізілген кедендік сараптама нәтижелері бойынша өзге уәкілетті сараптама ұйымы (сарапшы) Кодекстің 469-бабының талаптарына сәйкес мемлекеттік кірістер органына өзге уәкілетті сараптама ұйымының (сарапшының) зерттеу нәтижелерінің қорытындысын (басқа құжаттар) ұсынады.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 29 қаңтардағы № 77 бұйрығына 2-қосымша |
Мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды адамы болып табылмайтын
сарапшыны (маманды) кедендік сараптаманы жүргізуге тарту қағидасы
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қағида мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды адамы болып табылмайтын сарапшыны (маманды) кедендік сараптаманы жүргізуге тарту тәртібін айқындайды.
2. Кеден органы кедендік сараптаманы, егер кеден органдары кедендік операцияларды жасау және (немесе) кедендік бақылауды жүргізу кезінде туындайтын мәселелерді түсіндіру үшін арнайы және (немесе) ғылыми білімдер талап етілетін жағдайда, тағайындайды.
3. Уәкілетті мемлекеттік кірістер органы, кедендік сарапшылар мұндай сараптаманы жүргізе алмаған жағдайда, зерттеулер мен (немесе) сынақтар жүргізу үшін сарапшыны (маманды) тартады.
2-тарау. Мемлекеттік кірістер
органдарының лауазымды адамы болып табылмайтын сарапшыны
(маманды) кедендік сараптаманы жүргізу үшін тартудың тәртібі
4. Уәкілетті мемлекеттік кірістер органы "Мемлекеттік сатып алулар туралы" 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес олардың нәтижелері кедендік мақсатта пайдаланылатын, сарапшылардың (мамандардың) зерттеулерді және (немесе) сынақтарды жүргізу бойынша қызметтер ұсынуға мемлекеттік сатып алулар жүргізеді.
Жүргізілген мемлекеттік сатып алулар нәтижелері бойынша уәкілетті мемлекеттік кірістер органы сарапшымен (маманмен) зерттеулер және (немесе) сынақтар жүргізуді талап ететін сұрақтары, зерттеулер және (немесе) сынақтар жүргізу талаптары және (немесе) оның мерзімдері белгіленетін шарт (ерікті нысанда) жасасады.
Кодекстің 466-бабы 10-тармағына сәйкес сарапшының (маманның) зерттеулер және (немесе) сынақтар жүргізуге арналған шығыстары, уәкілетті мемлекеттік органының бюджеттік қаражаты есебінен өтеледі.
5. Сарапшы (маман) уәкілетті мемлекеттік кірістер органына сараптамалық қызметті жүргізу құқығын растайтын құжаттарды ұсынады.
6. Сарапшы (маман) жүргізілген зерттеулер және (немесе) сынақтар нәтижелері бойынша Кодекстің 469-бабының талаптарына сәйкес уәкілетті мемлекеттік кірістер органына қорытындыны ұсынады.