"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 157-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Салық төлеушіге салықтық тексерудің алдын ала актісін табыс ету, салықтық тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылық беру, осындай қарсылықты қарау қағидалары мен мерзімдері, сондай-ақ оларға қатысты салықтық тексерудің алдын ала актісі бойынша нормалар қолданылатын салық төлеушiлер санаттары бекітілсін.
2. "Салық төлеушіге салықтық тексерудің алдын ала актісін табыс ету, салықтық тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылық беру, сондай-ақ осындай қарсылықты қарау қағидалары мен мерзімдерін және оларға қатысты алдын ала салықтық тексерудің актісі бойынша нормалар қолданылатын салық төлеушілердің санаттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылғы 24 мамырдағы № 334 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15278 тіркелді, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2017 жылғы 5 шілдеде жарияланды) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (А.М. Теңгебаев) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның электрондық және қағаз түрдегі көшірмелерін қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі |
Б. Сұлтанов |
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 12 қаңтардағы № 20 бұйрығымен бекітілген |
Салық төлеушіге салықтық тексерудің алдын ала актісін табыс ету, салықтық
тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылық беру, осындай қарсылықты қарау
қағидалары мен мерзімдері, сондай-ақ оларға қатысты салықтық тексерудің алдын
ала актісі бойынша нормалар қолданылатын салық төлеушiлер санаттары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Салық төлеушіге салықтық тексерудің алдын ала актісін табыс ету, салықтық тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылық беру, осындай қарсылықты қарау қағидалары мен мерзімдері, сондай-ақ оларға қатысты салықтық тексерудің алдын ала актісі бойынша нормалар қолданылатын салық төлеушiлер санаттары (бұдан әрі – Қағидалар) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 157-бабын іске асыру мақсатында әзірленді.
2. Қағидалардың ережелері мыналарды:
1) Салық кодексінің 142-бабының 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес, соның ішінде қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығының асып кету сомаларының дұрыстығын растау мәселесі бойынша және мыналардың:
қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығы сомаларының дұрыстығын растау бойынша қосылған құн салығының декларациясындағы салық төлеуші талабының;
Салық кодексінің 432-бабының 1 немесе 2-тармақтарын қолдануға байланысты ұсынылатын қосылған құн салығының асып кетуінің дұрыстығын растау үшін салық төлеушінің салық өтінішінің негізінде салық төлеушіге қатысты жүргізілетін тақырыптық тексерулерді;
2) қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық шарттың ережелерін қолдануға байланысты, сондай-ақ бейрезиденттің осындай салық өтінішін қайта қарау туралы жүгінуіне байланысты бейрезиденттiң бюджеттен табыс салығын қайтаруға салық өтiнiшiнің негізінде тексерулерді қоспағанда, салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының есептелуі, ұсталуы, аударылуы, әлеуметтік аударымдардың, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдардың және (немесе) жарналардың және өсімпұлдардың есептелуі және төленуі бойынша сомаларды есептеуге, шығындарды азайтуға әкеп соқтыратын салықтық тексерулерге қолданылады.
2-тарау. Оларға қатысты салықтық тексерудің алдын ала актісі бойынша
нормалар қолданылатын салық төлеушiлер санаттары
3. Салықтық тексерудің алдын ала актісі бойынша (бұдан әрі – алдын ала акті) нормалар:
1) салықтық мониторингке жататын салық төлеушiлерге;
2) инвестициялық келісімшарттар жасаған салық төлеушілерге;
3) алдын ала акті бойынша оларға есептелетін салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу, аудару, әлеуметтік аударымдарды, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аударымдарын және (немесе) жарналарын есептеу және төлеу бойынша міндеттемелер сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 20 000 еселенген мөлшерінен асып кеткен салық төлеушілерге қолданылады.
Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің м.а. 01.08.2018 № 726 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.4. Салықтық мониторингке жататын салық төлеушiлерге Салық кодексінің 130-бабының 3-тармағында көзделген тізбеге енгізілген немесе Салық кодексінің 131-бабының 2-тармағына сәйкес көлденең мониторинг туралы келісімді жасаған салық төлеушiлер жатады.
5. Инвестициялық келісімшарттар жасаған салық төлеушілерге 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 285-бабына сәйкес инвестициялық келісімшарттар жасаған Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары жатады.
3-тарау. Салық төлеушіге алдын ала актісін табыс ету тәртібі мен мерзімі
6. Салық төлеушіге (салық агентіне) алдын ала акті салықтық тексеруді жүргізу мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 5 (бес) жұмыс күн бұрын жеке қолын қойдырып табыс етіледі.
Алдын ала актімен бір мезгілде Салық кодексінің 146-бабының 4-тармағына сәйкес салықтық тексеруді тоқтата тұру туралы хабарлама табыс етіледі.
7. Салық төлеушінің (салық агентінің) орналасқан жері бойынша жоқ болуына байланысты алдын ала актіні оған табыс ету мүмкін болмаған кезде Салық кодексінің 70-бабында белгіленген тәртіппен куәгерлерді тарта отырып, салықтық зерттеу жүргізіледі.
4-тарау. Алдын ала актіге жазбаша қарсылық беру, сондай-ақ осындай қарсылықты
қарау тәртібі мен мерзімдері
8. Алдын ала актіге жазбаша қарсылық салықтық тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органына алдын ала актіні табыс еткен күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде, келу тәртібімен ұсынылады.
9. Осы Қағидалардың 12, 13, 14 және 15-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жазбаша қарсылық онда көрсетілген мәселелер шегінде, оны алған сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралады.
Жазбаша қарсылықта:
1) салықтық тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органының атауы;
2) салық төлеушінің (салық агентінің) тегі, аты және әкесінің аты (ол болған жағдайда) не толық атауы және (немесе) жазбаша қарсылықты беретін Салық кодексінің 16-бабына сәйкес заңды не уәкілетті өкілінің толық атауы, оның тұрғылықты жері (орналасқан жері);
3) сәйкестендіру нөмірі;
4) салық төлеушінің (салық агентінің) жазбаша қарсылыққа қол қойған күні;
5) жазбаша қарсылықты беретін тұлғаның осы мән-жайларды растайтын өзінің талаптары мен дәлелдемелері негізделген мән-жайлар;
6) қоса беріліп отырған құжаттардың тізбесі қамтылады.
10. Салық төлеуші (салық агенті) бұрын берген жазбаша қарсылығын кері қайтарып алуға құқылы.
11. Мынадай:
1) осы Қағидалардың 8-тармағында белгіленген мерзімде, оның өткен күнінен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жазбаша қарсылықты ұсынбаған;
2) жазбаша қарсылықты кері қайтарып алуды мемлекеттік кірістер органы алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жазбаша қарсылықты кері қайтарып алған;
3) осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген салықтық зерттеу актісі жасалған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде салықтық зерттеу нәтижелері бойынша салық төлеуші орналасқан жерінде болмаған жағдайларда, салықтық тексеру Салық кодексінің 18-тарауында белгіленген тәртіппен аяқталуға жатады.
Бұл ретте осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда, салықтық тексеру аяқталғанға дейін салық төлеушіге (салық агентіне) Салық кодексінің 146-бабында белгіленген тәртіппен салықтық тесеруді жаңарту туралы хабарлама табыс етіледі.
12. Салықтық тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органының лауазымды адамы жазбаша қарсылықты қарау кезінде, қажет болған жағдайда, жазбаша нысанда қосымша ақпарат не жазбаша қарсылықта жазылған мәселелер бойынша түсіндірмелер беру туралы сұрау салуды салық төлеушіге (салық агентіне) және (немесе) уәкілетті мемлекеттік органдарға және (немесе) өзге де ұйымдарға жолдайды.
13. Салықтық тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органы салық төлеушінің (салық агентінің) алдын ала актіге жазбаша қарсылықта жазылған салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, әлеуметтік аударымдарды, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды және (немесе) жарналарды есептеумен байланысты қарсылығымен келіспеген жағдайда, салықтық тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органы мұндай қарсылықты қарау мерзімдері ішінде мыналарды:
алдын ала актіге жазбаша қарсылығын;
салықтық тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органының ұстанымын;
салықтық міндеттемелерді есептеуге байланысты басқа да құжаттарды қоса бере отырып, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне (бұдан әрі – Комитет) сұрау салуды жолдайды.
14. Комитет салықтық тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органының сұрау салуын, қарсылықты берген тұлғаның өз талаптары мен дәлелдемелерін негіздейтін мән-жайлары шегінде, сондай-ақ салықтық тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органының ұстанымында көрсетілген дәлелдемелер мен негіздемелердің шегінде қарайды.
Салықтық тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органының сұрау салуына жауап оны алған сәттен бастап Комитеттің тиісті актісімен уәкілеттік берілген лауазымды адамының қолын қойып, 10 (он) жұмыс күні ішінде ұсынылады.
15. Осы Қағидалардың 12, 13 және 14-тармақтарына сәйкес сұрау салуды мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушіге және (немесе) уәкілетті мемлекеттік органдарға және (немесе) өзге де ұйымдарға, сондай-ақ аумақтық мемлекеттік кірістер органдары Комитетке жолдаған жағдайда, жазбаша қарсылықты қарау мерзімі, бірақ күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын уақытқа ұзартылады.
Жазбаша қарсылықты қарау мерзімінің ұзартылғаны туралы салық төлеушіге (салық агентіне) сұрау салуды жолдаған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде хабарланады.
16. Жазбаша қарсылықты қарау қорытындылары бойынша салықтық тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органы:
1) салықтық тексеру мерзімін жаңарту туралы хабарламаны;
2) жазбаша қарсылықта жазылған мәселелерге жауаптарды негіздей отырып, салықтық тексеру актісін;
3) тексеру нәтижелері туралы хабарламаны (бұзушылықтар болған кезде) табыс ету жолымен Салық кодексінің 18-тарауында белгіленген тәртіппен салықтық тексеруді аяқтайды.