Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне коллекторлық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 22 желтоқсандағы № 249 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 23 қаңтарда № 16267 болып тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі (бұдан әрі – Тізбе) бекітілсін.

      2. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді;

      5) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О. А.Смоляковқа жүктелсін.

      4. Осы қаулы, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін және 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жасалған банктік қарыз шарттарына қолданылатын Тізбенің 1-тармағының он төртінші, жиырма алтыншы, жиырма жетінші, жиырма сегізінші, жиырма тоғызыншы, отызыншы, отыз бірінші, отыз екінші, қырық бірінші, қырық екінші, қырық үшінші, қырық төртінші, қырық бесінші, қырық алтыншы және қырық жетінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2017 жылғы 22 желтоқсандағы
№ 249 қаулысына
қосымша

Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Қазақстан Республикасының коллекторлық
қызмет мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      1. "Банктік заем шартының міндетті талаптарының тізбесін айқындау және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу ережесін бекіту туралы" 2007 жылғы 23 ақпандағы № 49 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2011 жылғы 28 ақпандағы № 18 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6877 тіркелген, 2011 жылғы 31 мамырда "Егемен Қазақстан" газетінде № 226-227 (26625) жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Екінші деңгейдегі банктер, оның ішінде ислам банктері және "Қазақстан Даму Банкі" акционерлік қоғамы, банктік қарыз операцияларын жүзеге асыруға лицензиясы бар, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар (бұдан әрі - банк) жасасатын банктік қарыз шартында (бұдан әрі - шарт) шарттардың тиісті түріне арналған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар, тараптардың келісуі бойынша айқындалған талаптар, сондай-ақ мынадай тізбеге сәйкес міндетті талаптар қамтылады:

      1) шарттың жалпы талаптары;

      2) қарыз алушының құқықтары;

      3) банктің құқықтары;

      4) банктің міндеттері;

      5) банк үшін шектеулер;

      6) міндеттемелерді бұзғаны үшін тараптардың жауапкершілігі;

      7) шарт талаптарына өзгерістер енгізудің тәртібі;

      8) синдикатталған банктік қарыз берілген кезде - синдикатқа қатысушы әр банктің, оның ішінде қарыз алушы төлемге қабілетсіз болған жағдайда синдикатқа әр қатысушы үшін ықтимал залалдарының үлесін бөле отырып қарызына қатысу сомасы немесе үлесі;

      9) ислам банкі банктік қарыз берген кезде - Банктер туралы заңның 52-8, 52-9, 52-10 және 52-12-баптарында көрсетілген талаптар;

      10) жеке тұлға болып табылатын кепіл берушінің ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша міндеттемелерді орындамау туралы хабарлама қолға берілген немесе тапсырыс хатпен жіберілген күннен бастап күнтізбелік жиырма бес күннің ішінде ипотекалық шарт тіркелген органда тіркелген ипотеканы сот тәртібінен тыс сатуды өткізуден жазбаша бас тартуды ұсыну құқығы туралы талап;

      11) банк шарт бойынша құқықты (талап етуді) үшінші тұлғаға беру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен шарт шеңберінде кредитордың қарыз алушымен өзара қарым-қатынастарына қатысты қойылатын талаптар мен шектеулер қарыз алушының құқық (талап ету) берілген үшінші тұлғамен құқықтық қатынастарына қолданылатыны көзделетін талап.";

      3-тармақтың 9) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:

      "9) қарызды өтеу әдісі: аннуитеттік (тең төлемдермен өтеу арқылы) немесе сараланған (негізгі борышты тең үлеспен өтеу арқылы) не банктің ішкі қағидаларына сәйкес басқа әдісі;";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Қарыз алушының құқықтары мынадай мүмкіндік көзделетін талаптарды қамтиды:

      1) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес, тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қарыз алған жеке тұлғаның шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде қарызды қайтарғаны үшін тұрақсыздық айыбын және айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін төлемей, қарыз берілген күннен бастап банк есептеген сыйақыны төлей отырып, қарызды қайтару;

      2) негізгі борышты және (немесе) сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күніне түскен жағдайда одан кейінгі жұмыс күні тұрақсыздық айыбын және айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін төлемей, негізгі борышты және (немесе) сыйақыны төлеуді жүргізу;

      3) өтініш бойынша үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, ақысыз, айына кем дегенде бір рет шарт бойынша берешекті өтеу есебіне түсетін ақшаны бөлу (негізгі борышқа, сыйақыға, комиссияларға, тұрақсыздық айыбына, айыппұлдарға және айыппұл санкцияларының өзге де түрлеріне, сондай-ақ төленуге жататын басқа да сомаларға) туралы ақпаратты жазбаша нысанда алу;

      4) шарт бойынша берілген ақшаны ішінара немесе толық мерзімінен бұрын банкке қайтару туралы өтініш бойынша ақысыз, үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде негізгі борышқа, сыйақыға, комиссияларға, тұрақсыздық айыбына және айыппұл санкцияларының өзге де түрлеріне, сондай-ақ мерзімі өткен төлемдерді көрсете отырып, төленуге жататын басқа да сомаларға бөлінген, қайтарылуға тиісті соманың мөлшері туралы мәліметті жазбаша нысанда алу;

      5) бір жылға дейін мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап алты ай өткен соң, бір жылдан астам мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап бір жыл өткен соң тұрақсыздық айыбын және айыппұл санкцияларының басқа түрлерін төлемей, қарызды ішінара немесе толық көлемде мерзімінен бұрын өтеу;

      6) шарт талаптарын қарыз алушы үшін жақсарту жағына қарай оларды өзгерту туралы хабарлама алған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде банк ұсынған жақсартатын талаптардан шартта көзделген тәртіппен бас тартуға;

      7) алатын қызметтер бойынша даулы жағдайлар туындаған кезде "Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабында белгіленген мерзімде банкке жазбаша өтініш жасау және жауап алу;

      8) міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жеке тұлға банкке баруға және өзінің банктік қарыз шартының талаптарына, оның ішінде:

      банктік қарыз шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгертуге;

      шетел валютасымен берілген банктік қарыз бойынша негізгі борыштың қалдық сомасының валютасын ұлттық валютаға өзгертуге;

      негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыруға;

      берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін, оның ішінде негізгі борышты басым тәртіппен өтей отырып өзгертуге;

      банктік қарыз шартының қолданылу мерзімін өзгертуге;

      мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіруге, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) күшін жоюға байланысты өзгерістер енгізу туралы өтінішін негіздейтін шарт бойынша міндеттемелерді орындаудың мерзімі өтуінің туындау себептері, кірістер және басқа да расталған мән-жайлар (фактілер) туралы жазбаша өтініш ұсыну.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Банктің міндеттері мынадай талаптарды көздейтін талаптарды қамтиды:

      1) шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде қайтарғаны үшін тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін ұстамай, қарыз берілген күннен бастап есептелген сыйақыны ұстай отырып, осы қаулының 4-тармағының 1) тармақшасында көзделген қарызды қабылдау;

      2) қарыз алушының өтініші бойынша үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, ақысыз, айына кем дегенде бір рет шарт бойынша борышты өтеу есебіне түсетін кезекті ақшаны бөлу (негізгі борышқа, сыйақыға, комиссияларға, тұрақсыздық айыбына, айыппұлдарға және айыппұл санкцияларының өзге де түрлеріне, сондай-ақ мерзімі өткен төлемдерді көрсете отырып, төленуге жататын басқа да сомаларға) туралы ақпаратты жазбаша нысанда беру;

      3) шарт бойынша берілген ақшаны ішінара немесе толық мерзімінен бұрын банкке қайтару туралы қарыз алушының өтініші бойынша ақысыз, үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оны негізгі борышқа, сыйақыға, комиссияларға, тұрақсыздық айыбына, айыппұлға және айыппұл санкцияларының өзге де түрлеріне, сондай-ақ мерзімі өткен төлемдерді көрсете отырып, төленуге жататын басқа да сомаларға бөлінген, қайтарылуға тиісті соманың мөлшері туралы хабардар ету;

      4) қарыз алушыны шарт талаптарының жақсару жағына қарай оларды өзгерту туралы шартта көзделген тәртіпте хабардар ету;

      5) шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі басталған кезде қарыз алушыны шартта көзделген тәсілмен және мерзімде, бірақ міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, шарт бойынша төлемдерді енгізу қажеттілігі және қарыз алушының өз міндеттемелерін орындамау салдары туралы хабардар ету. Тараптардың келісімі бойынша шарт бойынша кезекті төлемдер туралы хабардар ету мерзімі мен тәсілдері шартта қарастырылады;

      6) "Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабында белгіленген мерзімде қарыз алушының жазбаша өтінішін қарау және оған жазбаша жауап дайындау;

      7) Банктер туралы заңның 36-бабында көзделген қарыз алушы-жеке тұлғаның жазбаша өтінішін алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде шарт талаптарына ұсынылған өзгерістерді қарау және қарыз алушыға жазбаша нысанда мыналар:

      шарт талаптарына ұсынылған өзгерістермен келісуі;

      шарт талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстары;

      мұндай бас тартудың дәлелді себебін көрсетумен шарт талаптарын өзгертуден бас тарту туралы хабарлайды;

      8) банктің шарт бойынша құқығы (талап етуі) үшінші тұлғаға өту талаптары қамтылған шарт (бұдан әрі – талап ету құқығын басқаға беру шарты) жасалған кезде:

      талап ету құқығын басқаға беру шарты жасалғанға дейін құқықтардың (талап етулердің) үшінші тұлғаға өту мүмкіндігі туралы, сондай-ақ осындай басқаға беруге байланысты қарыз алушының дербес деректерінің өңделетіні туралы шартта көзделген не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен;

      талап ету құқығын басқаға беру шарты жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде банктік қарызды өтеу жөніндегі бұдан былайғы төлемдердің үшінші тұлғаға (шарт бойынша құқық (талап ету) өткен тұлғаның атауы және тұрған жері) тағайындалатынын, берілген құқықтардың (талап етулердің) толық көлемін, сондай-ақ негізгі борыштың, сыйақының, комиссиялардың, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мерзімі өткен және ағымдағы сомаларының және төленуге жататын басқа да сомалардың қалдықтарын көрсете отырып, құқықтың (талап етудің) үшінші тұлғаға өткені туралы шартта көзделген не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен қарыз алушыны (немесе оның уәкілетті өкілін) хабардар етуге.";

      9-тармақтың жетінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қаулының 8-тармағының және осы тармағының талаптары бір айдан аспайтын мерзімге берілген қарызға, кредиттік желі шеңберінде төлем карточкасы бойынша берілген қарызға, овердрафт кредитіне қолданылмайды.";

      10-тармақтың төртінші бөлігінің төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "осы қаулының 2, 4, 4-1, 5, 6 және 7-тармақтарында, 3-тармағының 8), 10), 11), 13), 14), 15), 17), 18) және 19) тармақшаларында көзделген талаптар кредиттік желі ұсыну (ашу) туралы келісімде көрсетілген жағдайда, оларды шартта немесе өтініште қосымша көрсету талап етілмейді.";

      қосымша Тізбеге қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

      2. "Қарыздар мен салымдар бойынша шынайы, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнын) есептеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 26 наурыздағы № 137 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7663 тіркелген, 2012 жылғы 16 тамызда "Егемен Қазақстан" газетінде № 516-521 (27594) жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қарыздар мен салымдар бойынша шынайы, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнын) есептеу қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:

      "5-1. Банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талап етулерді) басқаға беру кезінде осы Қағидалардың 3-тармағының 2), 3) тармақшаларында көзделген жағдайда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеуді банктік қарыз шарты бойынша құқықтар (талап етулер) берілген үшінші тұлға жүргізеді.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі мынадай формула бойынша есептеледі:



      мұнда:

      D – алғашқы қарыз сомасы;

      k – клиенттің банкке алғашқы қарызды алған күнгі қарыздарды алуға байланысты төлемдерінің жалпы сомасы;

      n – клиентке соңғы төлемнің реттік нөмірі;

      j – клиентке алғашқы қарызды алған күннен кейінгі төлемнің реттік нөмірі;

      Sj – клиентке j-ші төлем сомасы, оның ішінде кезекті қарыздар;

      APR – жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі;

      tj – алғашқы қарыз берілген күннен бастап клиентке j-ші төлем сәтіне дейінгі уақыт кезеңі (күндермен);

      m – клиенттің соңғы төлемінің реттік нөмірі;

      і – клиент төлемінің реттік нөмірі;

      Pi – осы Қағидалардың 8, 8-1-тармақтарына сәйкес төлемдерді қосқанда, клиенттің алғашқы қарызды алған күннен кейінгі і-ші төлемінің сомасы;

      ti – алғашқы қарыз берілген күннен бастап клиенттің і-ші төлемі сәтіне дейінгі уақыт кезеңі (күндермен).";

      8 және 8-1-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Заңды тұлғаға берілетін қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің есебіне, төлем мөлшері мен мерзімі банктік қарыз шарты жасалған күні белгілі болатын банктік қарыз шартында көзделген қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер, сондай-ақ клиенттердің үшінші тұлғалардың пайдасына төленетін мынадай төлемдер:

      1) Қағидалардың 9-тармағының 4) тармақшасында көзделген төлемдерді қоспағанда, егер сақтандыру жағдайы басталған жағдайда сақтандыру шарты бойынша банк пайда алушы болса, клиенттің сақтандыру ұйымының пайдасына төлемдері;

      2) клиенттің кепілдік (кепілдеме) алу үшін кепілгерге (кепіл берушіге), кепілге берілетін мүлікті бағалау үшін бағалаушыға төлемдері;

      3) банкке клиенттерді тарту, клиенттер берген құжаттардың қарыз беру талаптарына сәйкес келуіне тексеруді жүзеге асыру, клиенттердің құжаттарын банкке беру, банктің клиенттерінен қарыздарды өтеу есебіне төлемдер қабылдау және аудару бойынша қызмет көрсететін ұйымдардың (делдалдардың) пайдасына клиенттің төлемдері енгізіледі.

      Егер қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген төлемдердің кредиттеудің бүкіл мерзіміне мөлшерлерін айқындау мүмкіндігі болмаса, қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің есебіне осы тұлғалардың олармен шарттар жасау күнінде айқындалған тарифтеріне қарай кредиттеудің бүкіл мерзіміндегі төлемдер енгізіледі.

      Банктік қарыз шартын жасау күнінде өндіріп алу фактісі белгісіз банктік қарыз шартында көзделген комиссиялар мен өзге де төлемдер, сондай-ақ осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген төлемдер нақты төлем жасалғаннан кейін клиенттің талабы бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі қайта есептелген жағдайда ескеріледі.

      8-1. Жеке тұлғаға берілетін қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің есебіне, төлем мөлшері мен мерзімі банктік қарыз шарты жасалған күні белгілі болатын банктік қарыз шартында көзделген қарыз беруге және қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер енгізіледі.

      Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде ескерілетін, жеке тұлғаға берілген банктік қарыз беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесі (бұдан әрі - Тізбе) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13870 тіркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 134 қаулысымен бекітілген.

      Егер қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде Тізбенің 2-тармағының 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген тұлғалар пайдасына төлемдердің мөлшерлерін кредиттеудің бүкіл мерзіміне айқындау мүмкіндігі болмаса, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің есебіне осы тұлғалар белгілеген және олармен шарттар жасау күнінде айқындалған тарифтерге қарай кредиттеудің бүкіл мерзіміндегі төлемдер енгізіледі.

      Банктік қарыз шартында көзделген, Тізбенің 2-тармағының 5), 6), 7), 8), 9), 10) және 11) тармақшаларында көрсетілген, банктік қарыз шартын жасау күнінде өндіріп алу фактісі белгісіз комиссиялар мен өзге де төлемдер нақты төлем жасалғаннан кейін клиенттің талабы бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі қайта есептелген жағдайда немесе олар банктік қарызға қызмет көрсету кезеңінде енгізілген кезде ескеріледі.".

      3. "Берілетін микрокредиттер бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін есептеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 желтоқсандағы № 378 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8307 тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінде 2013 жылғы 18 мамырда № 129 (28068) жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Берілетін микрокредиттер бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін есептеу қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:

      "4-1. Микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талап етулерді) беру кезінде осы Қағидалардың 3-тармағының 2), 3) тармақшаларында көзделген жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеуді микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талап етулер) берілген үшінші тұлға жүргізеді.";

      мынадай мазмұндағы 7-1 және 7-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "7-1. Заңды тұлғаға берілетін микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің есебіне төлем мөлшері мен мерзімі микрокредит беру туралы шарт жасалған күні белгілі болатын микрокредит беру туралы шартта көзделген микрокредит беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер, сондай-ақ клиенттердің үшінші тұлғалардың пайдасына төленетін мынадай төлемдер:

      1) Қағидалардың 8-тармағының 3) тармақшасында көзделген төлемдерді қоспағанда, егер сақтандыру жағдайы басталған жағдайда сақтандыру шарты бойынша микроқаржы ұйымы пайда алушы болса, қарыз алушының сақтандыру ұйымының пайдасына төлемдері;

      2) қарыз алушының кепілдік (кепілдеме) алу үшін кепілгерге (кепіл берушіге), кепілге берілетін мүлікті бағалау үшін бағалаушыға төлемдері;

      3) микроқаржы ұйымына қарыз алушыларды тарту, қарыз алушылар берген құжаттарды және микрокредит беру талаптарына сәйкес келуіне тексеруді жүзеге асыру, қарыз алушылардың құжаттарын микроқаржы ұйымына беру, микроқаржы ұйымының қарыз алушыдан микрокредитті өтеу есебіне төлемдер қабылдау және аудару бойынша қызмет көрсететін ұйымдардың (делдалдардың) пайдасына қарыз алушының төлемдері енгізіледі.

      Егер микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген төлемдердің микрокредиттеудің бүкіл мерзіміне мөлшерлерін айқындау мүмкіндігі болмаса, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің есебіне осы тұлғалардың олармен шарттар жасау күнінде айқындалған тарифтеріне қарай микрокредиттеудің бүкіл мерзіміндегі төлемдер енгізіледі.

      Микрокредит беру туралы шарт жасау күнінде өндіріп алу фактісі белгісіз микрокредит беру туралы шартта көзделген комиссиялар мен өзге де төлемдер, сондай-ақ осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген төлемдер нақты төлем жасалғаннан кейін қарыз алушының талабы бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі қайта есептелген жағдайда ескеріледі.

      7-2. Жеке тұлғаға берілетін микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің есебіне, төлем мөлшері мен мерзімі микрокредит беру туралы шарт жасалған күні белгілі болатын микрокредит беру туралы шартта көзделген микрокредит беруге және қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер енгізіледі.

      Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде ескерілетін, жеке тұлғаға берілген микрокредит беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесі (бұдан әрі - Тізбе) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13870 тіркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 134 қаулысымен бекітілген.

      Егер жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде Тізбенің 2-тармағының 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген тұлғалар пайдасына төлемдердің мөлшерлерін микрокредиттеудің бүкіл мерзіміне айқындау мүмкіндігі болмаса, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің есебіне осы тұлғалар белгілеген және олармен шарттар жасау күнінде айқындалған тарифтерге қарай микрокредиттеудің бүкіл мерзіміндегі төлемдер енгізіледі.

      Микрокредит беру туралы шартта көзделген, Тізбенің 2-тармағының 5), 6), 7), 8), 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген, микрокредит беру туралы шарт жасау күнінде өндіріп алу фактісі белгісіз комиссиялар мен өзге де төлемдер нақты төлем жасалғаннан кейін қарыз арушының талабы бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі қайта есептелген жағдайда немесе олар микрокредитке қызмет көрсету кезеңінде енгізілген жағдайда ескеріледі.".

  Өзгерістер мен толықтырулар
енгізілетін Қазақстан
Республикасының коллекторлық
қызмет мәселелері бойынша
нормативтік құқықтық
актілерінің тізбесіне қосымша
  "Банктік заем шартының
міндетті талаптарының
тізбесін бекіту және Қазақстан
Республикасы Қаржы нарығын
және қаржы ұйымдарын реттеу
мен қадағалау агенттігі
Басқармасының "Кредиттеу
жөніндегі құжаттамасын жүргізу
ережесін бекіту туралы"
2007 жылғы 23 ақпандағы
№ 49 қаулысына толықтырулар
мен өзгерістер енгізу туралы"
Қазақстан Республикасы
Қаржы нарығын және қаржы
ұйымдарын реттеу мен
қадағалау агенттiгi
Басқармасының
2011 жылғы 28 ақпандағы
№ 18 қаулысына
қосымша
  Нысан

Қарыз алушы-жеке тұлғаға арналған банктік қарыз шарты бойынша жадынама _______________ (жылы, күні, айы) № ___________

      _______________ жағдай бойынша (жылы, күні, айы)

1

Қарыз сомасы және валютасы


2

Қарыз мерзімі


3

Төлемдер саны


4

Сыйақы мөлшерлемесінің түрі (белгіленген немесе өзгермелі), жылдық пайыздармен сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері


5

Дәйекті, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері


6

Қарыз алушы банктік қарыз шартын жасаған кезде және банктік қарыз шартына қосымша келісім жасаған кезде төлеген комиссиялар мен өзге де төлемдердің атауы және мөлшерлері


7

Өтелетін жалпы сома


8

Сыйақының жиынтық сомасы


9

Негізгі борышты және сыйақыны уақтылы өтемегені үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері


10

Сақтандыру шарттарының мерзімін ұзарту мерзімі


11

Банктік қарыз шартының талаптарына сәйкес айыппұлдардың, өсімпұлдардың өзге де түрлері (оның ішінде қарызды мақсатты пайдаланбағаны, сақтандыру шарттарын уақтылы ресімдемегені үшін және сол сияқты)

1) __________________________
(айыппұлдың, өсімпұлдың
атауы, олардың мөлшерлері)
2)___________________________
(айыппұлдың, өсімпұлдың
атауы, олардың мөлшерлері)
3)___________________________
(айыппұлдың, өсімпұлдың
атауы, олардың мөлшерлері)

12

Банк өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), қолы, банк мөрі (ол болған кезде)


13

Қарыз алушы ____________ (жылы, күні, айы) № ___________ банктік қарыз шартының талаптарымен танысқан

14

Қарыз алушының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), қолы


15

Күні