"Нысаналы даму трансферттерін қарау және іріктеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 126 бұйрығына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылғы 28 қарашадағы № 689 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 26 желтоқсанда № 16125 болып тіркелді

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Нысаналы даму трансферттерін қарау және іріктеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 126 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10593 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 13 мамырда жарияланған) мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Нысаналы даму трансферттерін қарау және іріктеу қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:

      "5-1. Нысаналы даму трансферттері республикалық бюджеттен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне тиісті саланың орталық уәкілетті органдардың айқындауы бойынша өңірлерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету орташа республикалық деңгейден төмен болған кезде мемлекеттік бағдарламалар нәтижелерінің мақсаттарына, міндеттеріне, нысаналы индикаторларына және нәтижелер көрсеткіштеріне сәйкес бөлінеді.

      Бұл ретте, республикалық бюджеттен:

      ауылдарда және қалаларда 3 және одан да көп ауысымды оқыту және оқушылар орындарының тапшылығы проблемасын шешетін апатты жай-күйде тұрған және бұзуға жататын мектептердің орнына қуаттылығы 300 және одан да көп жалпы білім беру мектептерін;

      апатты және бұзуға жататын, медициналық көмектің қол жетімділігіне шектеу қоя отырып, қауіп төндіретіннің орнына қуаттылығы кемінде 200 төсектік көп бейінді және туберкулезге қарсы ұйымдар және ауысымына кемінде 250 адам қабылдайтын қуаттылығы бар емханалар;

      жергілікті денсаулық сақтау ұйымдарына арналған қанды, оның құрауыштары мен препараттарын өндіру орталықтарының;

      психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемелерінің;

      балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемелерінің;

      мүгедектерге арналған оңалту орталықтарының, оңалту және мүгедек балаларды бейімдеу орталықтарының;

      облыстық маңызы бар автокөлік жолдарының;

      тұрғын үй мен тұрғын үйге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның;

      объектілердің, ғимараттардың, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің;

      республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың көшелерінің;

      қуаттылығы 35/10/0,4 кВ жоғары кіші станцияларының;

      қуаттылығы 100 Гкал/сағ жоғары жылуэлектрорталықтарының және қазандықтарының;

      қуаттылығы 35/10/0,4 кВ жоғары электртаратушы желілерінің;

      магистралды газқұбырларының, магистралды газқұбырларынан жоғары қысымды азқұбырларының-бұрулардың, автоматтандырылған газтаратушы станцияларының, жоғары қысымды кентаралық әкелуші газқұбырларының, елді мекендердің шекаралары (шегі) шегінде газтаратушы желілерінің;

      полигондардың (қауіпсіз емес, қатты тұрмыстық қалдықтар), пайдалану мерзімінен шыққан полигондарды қалпына келтірудің (қауіпсіз емес, қатты тұрмыстық қалдықтар) құрылысын салу, қайта қалпына келтіру, кеңейту мен жаңарту қаржыландырылады.";

      7-тармақтың төртінші бөлігі алынып тасталсын.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бюджет заңнамасы департаменті (З.А. Ерназарова) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін қағаз және электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Б. Сұлтанов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      __________ Т. Сүлейменов

      2017 жылғы 12 желтоқсан