"Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 70-29) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінде электр энергиясының тапшылығы мен профицитін айқындау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасы және көмір өнеркәсібі департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және қосу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін ресми жариялауға мерзімдік баспа басылымдарына жіберуді;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне беруді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Энергетика министрі |
Қ. Бозымбаев |
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2017 жылғы 20 қазандағы № 350 бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінде электр
энергиясының тапшылығы мен профицитін айқындау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінде электр энергиясының тапшылығы мен профицитін айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 70-29) тармақшасына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінде (бұдан әрі – Қазақстанның БЭЖ-і) электр энергиясының тапшылығы мен профицитін айқындау тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) электр энергиясының тапшылығы – Қазақстан Республикасының энергия өндіруші ұйымдарында Қазақстан Республикасының экономикасы мен тұрғындарының электр энергиясына, соның ішінде қуат резервінің көлеміне деген қажеттілігін толық қанағаттандыру үшін жеткілікті көлемде электр энергиясын өндіру бойынша техникалық мүмкіндігінің болмауы;
2) электр энергиясының профициті – Қазақстан Республикасының энергия өндіруші ұйымдарында қуат резервінің талап етілетін көлемін қолдауды есепке алумен Қазақстан Республикасының экономикасы мен тұрғындарының нақты қажеттілігінен артатын көлемде электр энергиясын өндеуге техникалық мүмкіндігінің бар болуы.
3) электр энергиясының теңгерімдеуші нарық жүйесі – жүйелік операторда орнатылған және тәуліктік кестені, теңгерімдеуші нарықты басқаруды, электр энергиясының сағат сайынғы теңгерімсіздіктерін есептеуді, нарықтық клирингтік бағаны, электр энергиясының теңгерімдеуші құнын қалыптастыру, сондай-ақ электр энергиясының теңгерімдеуші нарыққа қатысушылар арасында есеп айырысу жүргізу үшін қажетті барлық ақпаратты алу жөніндегі орталық тетік болып табылатын аппараттық бағдарламалық кешен.
3. Осы Қағидаларда қолданылатын басқа да ұғымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.
2-тарау. Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі электр энергиясының тапшылығы мен профицитін айқындау тәртібі
1-параграф. Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі электр энергиясының тапшылығы мен профицитін айқындау тәртібі
4. Жүйелік оператор қажетті резервтік қуат көлемін есепке алумен Қазақстан Республикасының барлық өңірлерін электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша әр айға есептеу жолымен техникалық мүмкіндікті айқындайды.
5. Қазақстан БЭЖ-індегі және оның бөліктеріндегі электр энергиясының тапшылығы мен профицитін жүйелік оператор мыналардың:
1) алдағы жеті жылдық кезеңге арналған электр энергиясының болжамдық теңгерімінің;
2) Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы № 210 бұйрығымен бекітілген (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10899 болып тіркелген) Электр желілік қағидаларының 5-параграфына сәйкес айқындалған резервтік қуаттың қажетті көлемінің;
3) электр станцияларында электр энергиясын өндіру жөніндегі технологиялық шектеулердің болуын есепке алумен Қазақстан Республикасының энергия өндіруші ұйымдарының генерациялайтын жабдығын жөндеудің бекітілген кестелерінің;
4) Ұлттық электр торабының электр желілік объектілерін жөндеудің бекітілген кестелерінің;
5) энергиясы тапшылық өңірлерді генерацияның энергиясы артық тораптармен байланыстыратын электр беру желілерінің өткізу қабілетінің;
6) Қазақстан БЭЖ-інің жекелеген бөліктері арасындағы электр байланысының болмауы негізінде айқындалады.
2- параграф. Жүйелік оператордың тәуліктік кесте жасау кезінде электр энергиясының тапшылығын растау тәртібі
6. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде өндірілетін электр энергияны сатып алуды жоспарлайтын көтерме сауда нарығы субъектілері электр энергиясының теңгерімдеуші нарық жүйесі арқылы жүйелік операторға онлайн-өтінім жолдайды.
7. Тапшылықты растау үшін жүйелік оператор осы Қағидалардың 2-тарауының 1-параграфына сәйкес Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде өндірілетін электр энергиясын сатып алуға мүмкіндікті қарастырады.
8. Қазақстан БЭЖ-і немесе оның бөліктерінде электр энергиясының профициті болмаған жағдайда жүйелік оператор импортқа онлайн-өтінімді нақты уақыт режимінде бас тартады.
9. Жүйелік оператор импортталған электр энергиясының мәлімделген көлемі оның тапшылығы мөлшерінен артқан жағдайда, онлайн-өтінімді қабылдамайды.
10. Жүйелік оператор Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде өндірілетін электр энергиясын жеткізуге онлайн-өтінімді келіскен жағдайда, импортталатын электр энергиясының көлемі бекітілген тәуліктік кестеге енгізіледі.
3- параграф. Жүйелік оператордың тәуліктік кесте жасау кезінде электр энергиясының профицитін растау тәртібі
11. Электр энергиясын Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге сатуды жоспарлайтын энергия өндіруші ұйымдар электр энергиясының теңгерімдеуші нарық жүйесі арқылы жүйелік операторға онлайн-өтінім жолдайды.
12. Профицитті растау үшін жүйелік оператор осы Қағидалардың 2-тарауының 1-параграфына сәйкес электр энергиясын Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге жеткізу мүмкіндігін қарастырады.
13. Жүйелік оператор онлайн-өтінімдерді нақты уақыт режимінде мына жағдайларда түзетеді:
1) электр энергиясының экспорттауы жоспарланған қимасында және энергия өндіруші ұйымның шиналарынан электр энергиясын беру схемасында электр беру желілерінің өтімділік қабілеті бойынша режимдік шектеулердің болуы;
2) Қазақстан БЭЖ-інде мөлшері экспортталатын электр энергиясының мәлімделген көлемі оның тапшылығының мөлшерінен асқан жағдайда.
14. Жүйелік оператор нақты уақыт режимінде онлайн-өтінімдерді мына жағдайларда қабылдамайды:
1) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге электр энергиясын жеткізуге техникалық мүмкіндіктің, соның ішінде жөндеу жұмыстары және (немесе) Қазақстан БЭЖ-і оқшауланған жұмыс режимі кезінде жоқ болуы;
2) Қазақстан БЭЖ-і немесе оның бөліктерінде мөлшері Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге жеткізу мөлшерінен артық электр энергиясы тапшылығының бар болуы;
3) Қазақстан Республикасының көтерме нарығы субъектілеріне электр энергиясын жеткізуден негізсіз бас тартуы туралы мәліметтердің бар болуы жағдайларында .
15. Жүйелік оператор Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге электр энергиясын жеткізуге онлайн-өтінімді келіскен жағдайда, экспортталатын электр энергиясыеың көлемдері бекітілген тәуліктік кестеге енгізіледі.