Әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасы мүшелерін, сондай-ақ олардың асырауындағы, еңбек қызметін жүзеге асырмайтын адамдарды жұмыссыздар ретінде тіркеу және есептен шығару қағидалары мен жағдайларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің м.а. 2017 жылғы 29 қыркүйектегі № 320 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 10 қазанда № 15865 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Халықты жұмыспен қамту туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 2-тармағының 4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасы мүшелерін, сондай-ақ олардың асырауындағы еңбек қызметін жүзеге асырмайтын адамдарды жұмыссыздар ретінде тіркеу және есептен шығару қағидалары мен жағдайлары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде қағаз және электрондық түрдегі оның көшірмесін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрінің
міндетін атқарушы
Б. Нұрымбетов

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Бас прокуроры

      ______________ Ж. Асанов

      2017 жылғы 12 қыркүйек

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау министрі

      ______________Е. Біртанов

      2017 жылғы 13 қыркүйек

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      _____________ Б. Сұлтанов

      2017 жылғы 14 қыркүйек

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Қорғаныс министрі

      _____________ С. Жасұзақов

      2017 жылғы 15 қыркүйек

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасы

      Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы

      ______________А. Күреңбеков

      2017 жылғы 15 қыркүйек

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасы

      Мемлекеттік қызмет істері және

      сыбайлас жемқорлыққа қарсы

      іс-қимыл агенттігінің төрағасы

      ______________ Қ. Қожамжаров

      2017 жылғы 14 қыркүйек

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасы "Сырбар"

      сыртқы барлау қызметінің

      директоры __________ Ғ. Байжанов

      2017 жылғы 14 қыркүйек

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық қауіпсіздік комитетінің

      төрағасы_________ К. Мәсімов

      2017 жылғы 15 қыркүйек

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрі

      ______________ Қ. Қасымов

      2017 жылғы 18 қыркүйек

  Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрі
міндетін атқарушының
2017 жылғы 29 қыркүйектегі
№ 320 бұйрығына
қосымша

Әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары
қызметкерлерінің отбасы мүшелерін, сондай-ақ олардың асырауындағы еңбек
қызметін жүзеге асырмайтын адамдарды жұмыссыздар ретінде тіркеу және есептен
шығару қағидалары мен жағдайлары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасы мүшелерін, сондай-ақ олардың асырауындағы еңбек қызметін жүзеге асырмайтын адамдарды жұмыссыздар ретінде тіркеу және есептен шығару қағидалары мен жағдайлары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халықты жұмыспен қамту туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңының 8-бабы 2-тармағының 4) тармақшасына (бұдан әрі − Заң) сәйкес әзірленді.

      2. Қағидалар әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасы мүшелерін, сондай-ақ олардың асырауындағы еңбек қызметін жүзеге асырмайтын адамдарды (бұдан әрі – отбасы мүшелері) жұмыссыздар ретінде тіркеу мен есептен шығару тәртібі мен жағдайларын айқындайды.

      3. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) арнаулы мемлекеттік органдар − Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету күштерінің құрамдас бөлігі болып табылатын, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнуіне жол бермеу мақсатында барлау және қарсы барлау қызметін, сондай-ақ күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық, жедел-іздестіру және техникалық шаралар кешенін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;

      2) Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (бұдан әрі − Қор) − аударымдар мен жарналарды шоғырландыруды жүргізетін, сондай-ақ медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтерін медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартында көзделген көлемдерде және талаптармен сатып алу мен оларға ақы төлеуді және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;

      3) Еңбек ресурстарын дамыту орталығы (бұдан әрі – Орталық) − еңбек нарығын реттеу және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру жөніндегі мемлекеттік саясатты ақпараттық және талдамалық қолдауды, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органдар мен халықты жұмыспен қамту орталықтарын әдіснамалық қолдауды қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      4) жұмыссыздар − жұмыспен қамтылған халыққа жатпайтын, жұмыс іздеп жүрген және еңбек етуге дайын адамдар;

      5) құқық қорғау органы − адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделерінің сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз ететін, өз құзыретіне сәйкес қылмыстылыққа және өзге де құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттің саясатын іске асыратын, заңдылықты қамтамасыз ету мен қоғамдық тәртіпті қолдау, құқық бұзушылықтарды анықтау, алдын алу, жолын кесу, тергеу, қылмыстық істер бойынша сот шешімдерін атқару жөнінде арнаулы өкілеттіктер берілген мемлекеттік орган.

2 тарау. Әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары
қызметшілерінің отбасы мүшелерін, сондай-ақ олардың асырауындағы еңбек қызметін
жүзеге асырмайтын адамдарды тіркеу тәртібі

      4. Әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері (бұдан әрі – қызметкерлер) отбасы мүшелерін жұмыссыз ретінде тіркеу туралы ерікті нысандағы жазбаша өтінішпен және отбасы мүшелерінің тізімін қоса кадрлық қамтамасыз ету және кадрлық саясат (бұдан әрі – кадр бөлімшелері) функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бөлімшелеріне жүгінеді.

      5. Кадр бөлімшелері қызметкерлердің өтініштері негізінде отбасы мүшелерінің тізімдерін қалыптастырады.

      6. Қызметкерлерден өтініштері келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде кадрлық бөлімшелер Қордың ақпараттық жүйесіне отбасы мүшелерінің "жұмыс істемейтін" деген ағымдағы статусын көрсете отырып олардың дербес деректерін (жеке сәйкестендіру нөмірі) енгізеді.

      7. Қор енгізілген мәліметтердің негізінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде отбасы мүшелерінің пайдасына жарналардың болуын тексереді.

      8. Қордың ақпараттық жүйесі автоматты режимде "жұмыс істемейтін" деген ағымдағы статуспен отбасы мүшелерінің тізімдерін қалыптастырады және "Еңбек нарығы" ақпараттық жүйесіне жолдайды.

      9. "Жұмыс істемейтін" деген ағымдағы статусы бар отбасы мүшелерінің тізімдері "Еңбек нарығы" ақпараттық жүйесінде Орталық үшін ғана көрінеді.

      10. Орталық автоматты режимде отбасы мүшелерінде жарналар мен әлеуметтік аударымдар төленуінің болуына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тексеру жүргізеді.

      11. Тексеру қорытындысы бойынша отбасы мүшелерінің пайдасына жарналардың немесе аударымдардың төленуі болмаған жағдайда Орталық бір жұмыс күні ішінде отбасы мүшелерін жұмыссыз ретінде тіркеу туралы шешім қабылдайды.

      12. Отбасы мүшелерін жұмыссыз ретінде тіркеуді Орталық автоматты режимде бір жұмыс күні ішінде "Еңбек нарығы" ақпараттық жүйесінде жүзеге асырады.

      13. Орталық Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес жұмыссыз ретінде тіркелген отбасы мүшелерінің дербес деректерінің құпиялылығын қамтамасыз етеді.

3-тарау. Әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары
қызметкерлерінің отбасы мүшелерін, сондай-ақ олардың асырауындағы еңбек
қызметін жүзеге асырмайтын адамдарды жұмыссыздар ретінде есептен шығару тәртібі

      14. Жұмыссыздар ретінде тіркелген отбасы мүшелерін есептен шығару кадрлар бөлімшелерінің ақпараты негізінде, сондай-ақ Орталықтың ай сайын жүргізген тексеру қорытындысы бойынша жүзеге асырылады.

      15. Кадрлар бөлімшелері мынадай жағдайлардың біреуі басталған кезде:

      1) отбасы мүшесінің және (немесе) мүшелерінің "жұмыс істемейтін" деген статусы өзгерген;

      2) қызметкерлер қызметін тоқтатқан;

      3) отбасы мүшесі (мүшелер) Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге кеткен жағдайларда жұмыссыз ретінде есептен шығаруға жататын отбасы мүшелері туралы ақпаратты Қордың ақпараттық жүйесіне енгізеді.

      16. Отбасы мүшелерін жұмыссыздар ретінде есептен шығару кадрлар бөлімшелерінің ақпараты негізінде мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) кадрлар бөлімшелері Қағидалардың 15-тармағына сәйкес жұмыссыз ретінде есептен шығарылуға жататын отбасы мүшелері туралы ақпаратты Қордың ақпараттық жүйесіне енгізеді;

      2) жұмыссыздар ретінде шығарылуға жататын отбасы мүшелері туралы ақпарат бір жұмыс күні ішінде автоматты режимде "Еңбек нарығы" ақпараттық жүйесіне беріледі;

      3) отбасы мүшелері туралы ақпарат келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде отбасы мүшелерін жұмыссыздар ретінде есептен шығару автоматты режимде жүзеге асырылады;

      17. Орталық ай сайынғы негізде жүргізетін тексеру қортындысы бойынша жұмыссыздар ретінде тіркелген отбасы мүшелерінің пайдасына жарналар мен аударымдар болған жағдайларда отбасы мүшелерін жұмыссыздар ретінде есептен шығару автоматты режимде жүзеге асырылады.

      18. Отбасы мүшелерін жұмыссыздар ретінде есептен шығарған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде олар бойынша мәліметтер Қордың ақпараттық жүйесіне автоматты режимде жіберіледі.

      19. Қордың ақпараттық жүйесіне тіркелген отбасы мүшелерін жұмыссыздар ретінде есептен шығару туралы мәліметтері енгізілген күннен бастап бір жұмыс күн ішінде Қор тиісті ақпаратты кадрлар бөлімшелеріне жібереді.