"Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсы жеңімпаздарының оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындары, шетелдік ұйымдар тізімін қалыптастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 5 қыркүйектегі № 444 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 29 қыркүйекте № 15819 болып тіркелді.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы № 573 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларының 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсы жеңімпаздарының оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындары, шетелдік ұйымдар тізімін қалыптастыру жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаменті (Н.А. Байжанов) Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықтың қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электронды түрдегі көшірмелерін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкiне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықтың көшірмесін ресми жариялау үшін мерзімді баспа басылымдарына жолдауды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Б.А. Асыловаға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
Е. Сағадиев

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2017 жылғы 5 қыркүйектегі
№ 444 бұйрығымен бекітілген

"Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсы жеңімпаздарының оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындары, шетелдік ұйымдар тізімін қалыптастыру жөніндегі нұсқаулық 1-бөлім. Жалпы ережелер

      1. Осы "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсы жеңімпаздарының оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындары, шетелдік ұйымдар тізімін қалыптастыру жөніндегі нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы № 573 қаулысымен бекітілген "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) сәйкес әзірленді, "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсы жеңімпаздарының оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың тізімін (бұдан әрі – Тізім) қалыптастыруды нақтылайды.

      2. Осы Нұсқаулықта пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмыс органы – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі – Жұмыс органы);

      2) шетелдік әріптес – "Болашақ" халықаралық стипендиясы стипендиаттарының академиялық оқуын, тілдік курстарын, тағылымдамаларын ұйымдастыру бойынша қызметтерді көрсететін ұйым.

2-бөлім. Тізімді қалыптастыру

      3. Жұмыс органы шетелдік жоғары оқу орындарының ресми сайттарынан және академиялық рейтингтерді жариялайтын агенттіктердің интернет ресурстарынан алынған ақпарат негізінде, сондай-ақ оқу орындарының, шетелдік әріптестердің (тағылымдамаларды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсететін ұйымдардан басқа) ресми өкілдерімен хат алмасу арқылы талдау жасалады, оның нәтижесінде "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсы жеңімпаздарының оқуы үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындары, шетелдік ұйымдар келесі 1 (бір) және одан да көп өлшемшартқа сәйкес келген жағдайда Тізімде қалыптастырылады:

      1) оқу орны халықаралық академиялық рейтингтері бірінің: Квакарелли Саймондс әлемдегі үздік университеттер рейтингі (QS World University Rankings), әлем университеттерінің академиялық рейтингі (Academic Ranking of World Universities), Таймс басылымының дерегі бойынша әлемдегі үздік университеттер рейтингінің (Times Higher Education World University Rankings) соңғы жарияланымына сәйкес алғашқы 70 (жетпіс) орнының қатарына кіреді;

      2) оқу орны пәндік рейтингтерінің: Таймс басылымының дерегі бойынша әлемдегі үздік университеттердің пәндік рейтингі (Times Higher Education World University Rankings by Subject), Квакарелли Саймондс әлемдегі үздік университеттердің пәндік рейтингі (QS World University Ranking by Subject), әлем унивеситеттерінің академиялық пәндік рейтингінің (Academic Ranking of World Universities – Subject) соңғы жарияланымына сәйкес алғашқы 20 (алғашқы) орынның қатарына кіреді;

      3) оқу орны ұлттық пәндік рейтингтерінің: Британия университеттерінің пәндік рейтингі (The Complete University Guide by Subject), Таймс дерегі бойынша Ұлыбританиядағы университеттердің пәндік рейтингі (United Kingdom University Times Subject Ranking), АҚШ жаңалық журналының дерегі бойынша пәндік рейтинг (United States News and World Report by Subject), әлем университеттерін саралау жөніндегі орталықтың рейтингі (Center for World University Rankings), Таймс дерегі бойынша Франциядағы әлемдік үздік университеттердің пәндік рейтингі (Times Higher Education World University Rankings by Subject in France), әлем университеттерін саралау жөніндегі орталықтың рейтингі – Германия университеттері рейтингінің (Centre for Higher Education Development University Ranking – Germany’s University Ranking) соңғы жарияланымына сәйкес алғашқы 10 (он) орынның қатарына кіреді;

      4) оқу орны Таймс қаржылық басылымының дерегі бойынша іскерлік әкімшілендіру саласындағы мектептердің жаһандық рейтингінің (Financial Times Global MBA Ranking), Экономист басылымының дерегі бойынша іскерлік әкімшілендіру саласындағы мектептер рейтингінің (The Economist Full Time MBA Ranking), апталық Блумберг бизнес журналының дерегі бойынша іскерлік әкімшілендіру саласындағы америкалық мектептер рейтингінің (Bloomberg Businessweek Full-Time MBA: US), апталық Блумберг бизнес журналының дерегі бойынша іскерлік әкімшілендіру саласындағы халықаралық мектептер рейтингінің (Bloomberg Businessweek Full-Time MBA: International) соңғы жарияланымына сәйкес алғашқы 15 (он бес) орынның қатарына кіреді;

      5) оқу орны ведомствоаралық немесе үкіметаралық келісімдермен немесе Қазақстан Республикасы Президенті немесе Қазақстан Республикасы Үкіметі тапсырмаларымен "Болашақ" халықаралық стипендиясы шеңберінде оқуға жіберу үшін ұсынылды;

      6) оқу орны шетелдік әріптестермен (тағылымдамаларды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсететін ұйымдардан басқа) ұсынылды.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 19.01.2018 № 21 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Жұмыс органы оқу орындарының ресми сайттарынан және академиялық рейтингтерді жариялайтын агенттіктердің интернет ресурстарынан алынған ақпарат негізінде, сондай-ақ оқу орындарының, шетелдік әріптестердің (тағылымдамаларды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсететін ұйымдардан басқа) ресми өкілдерімен хат алмасу арқылы талдау жасайды, оның нәтижесінде "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсы жеңімпаздарының тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындары, шетелдік ұйымдар келесі 2 (екі) және одан да көп өлшемшартқа сәйкес келген жағдайда Тізімде қалыптастырылады:

      1) осы Нұсқаулықтың 3-тармағында қарастырылған 1 (бір) және одан да көп өлшемшартқа сәйкес келетін оқу орнының жанында орналасады;

      2) әлемдік тіл орталықтар базасында келесі өлшемшарттарға сәйкес қызмет етеді:

      тілдік мектептер желісінің шетелде бар болуы,

      ағылшын тілінің барлық деңгейлеріне оқыту,

      оқытушылар құрамында халықаралық сертификаттардың болуы;

      3) тілдік дайындық бағдарламаларын жүзеге асыру үшін ұлттық және/немесе халықаралық аккредиттеудің болуы;

      4) шетелдік әріптестердің (тағылымдамаларды ұйымдастыру бойынша қызметтерді көрсететін ұйымдарды қоспағанда) ұсынылды.

      5. Жұмыс органы атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша жыл сайын ағымдағы жылғы 20 ақпанға дейін Тізімді қалыптастырады және бекітеді.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 19.01.2018 № 21 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.