"Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабы 2-тармағының 26-7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі орталық аппаратының әскери қызметшілеріне қызметтік куәлік беру қағидалары және оның сипаттамасы бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кадрлар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықтың көшірмесін мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қағаз және электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және оған енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
3) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
4) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды;
5) белгіленген тәртіппен қызметтік куәліктердің бланкілерін дайындауды және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің орталық аппаратында әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерге беруді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Т.С. Мұхтаровқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник |
С. Жасұзақов |
| Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы № 460 бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі орталық аппаратының әскери қызметшілеріне қызметтік куәлік беру қағидалары және оның сипаттамасы
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі орталық аппаратының әскери қызметшілеріне қызметтік куәлік беру қағидалары және оның сипаттамасы (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі (бұдан әрі – Қорғаныс министрлігі) орталық аппаратының әскери қызметшілеріне қызметтік куәлікті беру тәртібін және оның сипаттамасын айқындайды.
2. Қызметтік куәлік қатаң есептілік құжаты болып табылады, белгіленген үлгідегі бланкісі және сериялық нөмірі болады.
2-тарау. Қызметтік куәлікті беру тәртібі
3. Қызметтік куәлік Қорғаныс министрлігінің орталық аппаратында әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерге беріледі.
4. Қызметтік куәлік мыналардың қолтаңбаларымен беріледі:
1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі және Қарулы Күштері Бас штабы құрылымдық бөлімшелерінің бастықтарына;
2) Қорғаныс министрлігі Кадрлар департаменті бастығының – қалған әскери қызметшілерге.
5. Қызметтік куәлік үш жыл мерзімге беріледі. Қолдану мерзімі аяқталғаннан кейін қызметтік куәлік аустырылуға жатады.
6. Қызметтік куәліктерді беруді және есепке алуды Қорғаныс министрлігінің Кадрлар департаменті (бұдан әрі – Кадрлар департаменті) жүргізеді және тиісті қызметтік куәліктерді беруді есепке алу журналында (бұдан әрі – есепке алу журналы) тіркеледі.
7. Қызметтік куәлікті ресімдеу үшін әскери қызметшілер Кадрлар департаментіне бас киімсіз күнделікті кительде (офистік нысанда) көлемі 30х40 миллиметр (бұдан әрі – мм) екі түрлі-түсті фотосуретті (тура қарағанда) ұсынады. Бір фотосурет қызметтік куәлікке, екіншісі – беру журналына жапсырылады.
8. Қызметтік куәлік әскери қызметші Қорғаныс министрлігінің орталық аппаратына лауазымға тағайындалған кезде, лауазымға тағайындалу туралы бұйрық негізінде қызмет өткерудің барлық кезеңіне беріледі. Қызметтік куәлікті басқа адамдарға беруге рұқсат етілмейді.
9. Қызмет бабында ауысқан, кезекті әскери атақ берілген, тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде) өзгерген, әскери қызметтен шығарылған кезде және жарамдылық мерзімі аяқталуы бойынша бұрын берілген қызметтік куәлік оны есептен шығару және жою үшін 3 (үш) жұмыс күні ішінде Кадрлар департаментіне тапсырылады.
10. Әскери қызметшіні Қорғаныс министрлігінен басқа басқару органдарына (әскери бөлімдерге) ауыстырған немесе әскери қызметтен шығарған кезде қызметтік куәлік алынады. Алынған қызметтік куәліктер және қызметтік куәліктердің бүлінген бланкілері тиісті акті және есепке алу журналында белгі жасай отырып жойылады.
11. Қызметтік куәлікті жоғалтқан немесе бүлдірген жағдайда лауазымды адам жазбаша нысанда 3 (үш) жұмыс күні ішінде осы факті туралы бөлімше басшысына баяндайды.
12. Қызметтік куәлікті жоғалтудың, бүлдірудің, басқа адамдарға берудің, оны қызметтен тыс мақсатта пайдаланудың әрбір фактісі бойынша орталық аппараттың тиісті департаментінің басшысы кінәлі адамды тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешумен Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 5 шілдедегі № 364 Жарылғымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының тәртіптік жарғысына сәйкес қызметтік тергеп-тексеру жүргізеді. Тергеп-тексеру нәтижелері ол аяқталған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде Кадрлар департаментіне хабарланады.
3-тарау. Қызметтік куәліктің сипаттамасы
13. Қызметтік куәліктің бланкісі сол жақ және оң жақ екі бөліктен тұрады, олар тиісінше мемлекеттік және орыс тілдерінде толтырылады. Әрбір бөліктің көлемі: ұзындығы – 90 мм, ені – 65 мм.
Мұқабаның бет жағында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және өрнектелген жолмен алтын түстес бояумен басылып жазылған мемлекеттік және орыс тілдерде "КУӘЛІК УДОСТОВЕРЕНИЕ" деген жазу болады. Қорғаныс министрлігі орталық аппараты әскери қызметшілері қызметтік куәлігінің үлгісі осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес белгіленген.
14. Сол жақ бөлігінің жоғарғы жағында бланкінің жоғарғы жиегінен 3 мм арақашықтықта "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ" деген жазу (қара түспен басылып жазылған) орналасқан, оның астында бланкінің жоғарғы жиегінен 10 мм арақашықтықта қызыл түсті ұлттық оюмен басылып жазылған жолақ болады.
Оюдың астында куәліктің нөмірі, сондай-ақ "ҚЫЗМЕТТІК КУӘЛІК" деген жазу (қызыл түспен басылып жазылған) орналасқан, ал нөмірі – бланкінің жоғарғы жиегінен 15 мм арақашықтықта қара түспен жазылған.
Бланкінің сол жақ бөлігінің сол жағында әскери қызметшінің көлемі 30х40 мм түрлі-түсті фотосуреті (тура қарағанда) орналасқан.
Төменгі ішкі сол жағында лауазымы көрсетілген және оның астында осы Қағидалардың 4-тармағына сәйкес уәкілетті лауазымды адамның қолтаңбасы қойылған. Қолтаңба мен фотосурет елтаңбалы мөрдің бедерімен бекітіледі.
Бланкінің сол жақ бөлігінің төменгі сол жақ бұрышында қызметтік куәліктің берілген күні көрсетіледі (қара түспен басылып жазылған).
Бланкінің сол жақ бөлігі компьютерлік техниканың көмегімен қара түсті қаріппен мемлекеттік тілде толтырылады:
1) әскери атағы;
2) әскери қызметшінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда);
3) лауазымы.
15. Оң жақ бөлігінің жоғарғы жағында "МИНИСТЕРСТВО ОБОРОНЫ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН" деген жазу орналасқан (қара түспен басылып жазылған).
Оюдың астында "СЛУЖЕБНОЕ УДОСТОВЕРЕНИЕ" деген жазу орналасқан (қызыл түспен басылып жазылған).
Қара түсті қаріппен орыс тілінде:
1) әскери атағы;
2) әскери қызметшінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда);
3) лауазымы;
4) жеке нөмірі (офицерлер құрамы үшін);
5) қызметтік куәліктің берілген күні және жарамдылық мерзімі көрсетіледі.
Оң жақ бөлігінде ені – 30 мм, ұзындығы – 40 мм сұр-көгілдір түсті тікбұрыш орналасады, оның ортасында диаметрі – 20 мм алтын түстес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы орналасқан.
Оң және сол жақ бөліктерінің ортасында көгілдір түсті күрделі тангирленген торды құрайтын ашық көгілдір түсті сәулелер барлық жаққа бағытталған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері нышанының стильденген бейнесі болады.
Толтырылғаннан кейін қызметтік куәлік бланкісі ламинирленеді және қызыл түсті ледериннен жасалған мұқабаға жапсырылады.
| Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі орталық аппаратының әскери қызметшілеріне қызметтік куәлік беру қағидалары және оның сипаттамасына қосымша |
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің орталық аппараты әскери қызметшілері қызметтік куәлігінің үлгісі
