Үйлестіру кеңесі туралы үлгілік ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2017 жылғы 22 тамыздағы № 345 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 19 қыркүйекте № 15713 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 6-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Үйлестіру кеңесі туралы үлгілік ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесінің ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберілуін;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
А. Мырзахметов

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары –
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы
министрінің
2017 жылғы 22 тамыздағы
№ 345 бұйрығымен бекітілген

Үйлестіру кеңесі туралы үлгілік ереже 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Үйлестіру кеңесі туралы үлгілік ереже (бұдан әрі - Үлгілік ереже) "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 8-бабы 6-1) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Үйлестіру кеңесі – ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туризм мен рекреацияны дамыту, сондай-ақ табиғат қорғау мекемелерін басқару тиімділігін арттыру мәселелері бойынша қабылданатын шешімдердің ашыктығын қамтамасыз ету мақсатында табиғат қорғау мекемелері жанынан құрылатын консультациялық-кеңесші орган.

      3. Табиғат қорғау мекемелерi - ұйымдық-құқықтық нысанда құрылатын мемлекеттiк табиғи қорықтар, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктер, мемлекеттiк табиғи резерваттар, мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парктер.

      4. Үйлестіру кеңесі өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, оған сәйкес келетін заңдарды, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Үлгілік ережені басшылыққа алады.

2-тарау. Үйлестіру кеңесінің мақсаттары, функциялары мен өкілеттіктері

      5. Үйлестіру кеңесінің негізгі мақсаттары:

      1) Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда (бұдан әрі – ЕҚТА) туризм мен рекреацияны дамыту мәселелері бойынша шешімдер қабылдау кезінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қарамағындағы табиғат қорғау мекемелері (бұдан әрі – табиғат қорғау мекемелері) қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету;

      2) табиғат қорғау мекемелерін басқару тиімділігін арттыру болып табылады.

      6. Үйлестіру кеңесі мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) ЕҚТА-да туризм мен рекреацияны дамыту мәселелері бойынша халықпен өзара іс-қимыл жүргізу;

      2) ЕҚТА-да туризм мен рекреацияны дамыту саласындағы табиғат қорғау мекемелері қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар дайындау;

      3) бұқаралық ақпарат құралдары және (немесе) интернет-ресурстар арқылы жылына кемінде екі рет үйлестіру кеңесінің қызметі туралы халықты хабардар ету.

      7. Үйлестіру кеңесі:

      1) ЕҚТА-да туризм және рекреацияны дамыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;

      2) табиғат қорғау мекемелерімен келісім бойынша әртүрлі табиғат қорғау және экологиялық-ағарту іс-шараларына қатысуға;

      3) үйлестіру кеңесінің отырысына мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін шақыруға;

      4) ЕҚТА-да туризм мен рекреацияны дамыту үшін азаматтарды, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерді, бизнес-қоғамдастықты, ғалымдар мен ғылыми ұйымдарды тартуға;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыруға құқылы.

3-тарау. Үйлестіру кеңесінің құрамы және оның жұмыс тәртібі

      8. Үйлестіру кеңесі табиғат қорғау мекемесінің шешімімен құрылады.

      9. Үйлестіру кеңесі үйлестіру кеңесінің төрағасы, хатшысы және мүшелері құрамында қалыптасады.

      Үйлестіру кеңесінің құрамы үкіметтік емес ұйымдардың мүшелерінен, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен, жергілікті өзін-өзі басқару органының өкілдерінен, атқарушы және өкілді органдардың, бизнес-қоғамдастықтың өкілдерінен, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық бөлімшелердің (бұдан әрі – инспекция) және табиғат қорғау мекемелерінің қызметкерлерінен қалыптасады.

      Үйлестіру кеңесінің сандық құрамы тақ санды болады.

      Үйлестіру кеңесіндегі азаматтық қоғам өкілдерінің саны оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісін құрауы тиіс.

      10. Үйлестіру кеңесін төраға басқарады. Үйлестіру кеңесінің төрағасы табиғат қорғау мекемесінің басшысы немесе басшысының орынбасары болып табылады.

      Үйлестіру кеңесінің төрағасы:

      1) үйлестіру кеңесінің жұмысын ұйымдастырады және оған жүктелген міндеттер мен функциялардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етеді;

      2) үйлестіру кеңесінің құрылымын әзірлейді, оның құрамын айқындайды;

      3) үйлестіру кеңесі қызметінің басым бағыттарын және онымен байланысты міндеттерді қалыптастырады;

      4) үйлестіру кеңесінің отырыстарын дайындайды және жүргізеді;

      5) үйлестіру кеңесі қабылдаған шешімдер мен өзге де құжаттарға, сондай-ақ үйлестіру кеңесі өкілеттіктерін іске асыру мақсатында сұранымдарға, өтініштерге, шақыруларға және басқа да құжаттарға қол қояды;

      6) үйлестіру кеңесінің тапсырмасы бойынша өзге де мәселелерді шешеді.

      11. Үйлестіру кеңесі отырысының күн тәртібі жобаларын қалыптастыру, отырыс хаттамасын жүргізу, үйлестіру кеңесі мүшелерін кезекті отырыс туралы хабардар ету үшін табиғат қорғау мекемесінің қызметкерлері қатарынан хатшы тағайындалады.

      12. Үйлестіру кеңесінің мүшелері:

      1) үйлестіру кеңесі отырыстарында күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау кезінде тең құқыққа ие болуға;

      2) үйлестіру кеңесі төрағасына үйлестіру кеңесі қызметінің мәселелері бойынша жүгінуге;

      3) үйлестіру кеңесіне келіп түсетін ақпаратты белгіленген тәртіппен пайдалануға;

      4) мүшесі болып табылатын үйлестіру кеңесі отырыстарының жұмысына, сондай-ақ үйлестіру кеңесі өткізетін өзге іс-шараларға жеке басы қатысуға құқылы.

      13. Үйлестіру кеңесі құрамына кірмейтін басқа адамдарға өз өкілеттіктерін беруге жол берілмейді.

      14. Үйлестіру кеңесінің отырысы жылына кемінде екі рет өткізіледі.

      15. Үйлестіру кеңесі отырысының күні мен күн тәртібі және онда қаралатын мәселелер туралы үйлестіру кеңесі мүшелеріне оны өткізуге дейін 7 жұмыс күнінен кешіктірмей хабарланады. Үйлестіру кеңесі шешімдерінің жобалары және отырыстың күн тәртібіне енгізілген мәселелер бойынша өзге де материалдар дайындалады және олар қаралғанға дейін 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей, үйлестіру кеңесі мүшелеріне жолданады.

      16. Үйлестіру кеңесінің шешімі отырысқа үйлестіру кеңесі мүшелерінің қатысушы көпшілік ашық дауысымен қабылданады.

      17. Хаттамаға төраға және үйлестіру кеңесінің мүшелері қол қояды және ол қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді.

      18. Үйлестіру кеңесінің шешімі ұсынымдық сипатта.