"Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабының 8-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне әуе көлігімен ішкі және халықаралық авиамаршруттармен мемлекет есебінен жол жүру құқығын беру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы (Р.Ф. Жақсылықов) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
3) мемлекеттік тіркеген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде елтаңбалық мөрмен куәландырылған осы бұйрықтың көшірмесін қағаз және электрондық түрде ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Б.Б. Бисенқұловқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр полиция генерал-полковнигі |
Қ. Қасымов |
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 17 тамыздағы № 562 бұйрығымен бекітілген |
Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне әуе көлігімен ішкі және халықаралық авиамаршруттармен мемлекет есебінен жол жүру құқығын беру қағидалары
1. Осы Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне әуе көлігімен ішкі және халықаралық авиамаршруттармен мемлекет есебінен жол жүру құқығын беру қағидалары Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының әскери қызметшілеріне және олардың отбасы мүшелеріне әуе көлігімен ішкі және халықаралық авиамаршруттармен жол жүру шығыстарын өтеу тәртібін айқындайды.
2. Әскери қызметшілер:
1) басқа жергілікті жерге, оның ішінде əскери бөлімнің немесе бөлімшенің құрамында жаңа қызмет орнына ауысқан;
2) оқуға жіберілген және каникулярлық демалысқа және кері қайтқанда (шетелдік әскери оқу орындарында оқитын курсанттарға);
3) оқу-жаттығуларға, далалық шығуға (теңізге шығуға), əскерлер парадтарына жəне кері жол жүрген;
4) төтенше жағдайларды жоюға қатысқан жəне кері қайтқан;
5) ұрыс қимылдарына, төтенше немесе соғыс жағдайларында, сондай-ақ қарулы қақтығыстар жағдайларында міндеттерді орындауға қатысқан;
6) бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі бітімгершілік операцияларға қатысқан;
7) терроризмге қарсы операцияларға қатысқан;
8) əскери жүктерді, оның ішінде мемлекеттік құпияларды құрайтын мəліметтерден тұратын құжаттарды, бұйымдарды жəне əскери жүктерді күзету жəне ілесіп жүру бойынша қарауыл құрамында қабылдау (тапсыру) орындарына дейін барған жəне кері қайтқан;
9) мыналармен:
қаза тапқан (қайтыс болған) əскери қызметшінің мəйіті салынған табытпен жерлеу орнына дейін ілесіп жүрген жəне кері қайтқан жағдайларда ішкі және халықаралық авиамаршруттармен әуе көлігімен мемлекет есебінен жол жүруге рұқсат етіледі.
3. Әскери қызметшіні басқа жерге жаңа қызмет орнына, оның ішінде әскери бөлімнің немесе бөлімшенің құрамында ауыстырған кезде әскери қызметшінің отбасы мүшелері әуе көлігімен ішкі және халықаралық авиамаршруттармен мемлекет есебінен жол жүруге құқылы.
4. Мемлекет есебінен жол жүруге құқылы әскери қызметшінің отбасы мүшелеріне:
1) зайыбы (жұбайы);
2) кәмелет жасқа толмаған балалар;
3) кәмелет жасқа толған бірінші және екінші топтағы мүгедек болып қалған немесе орта, арнайы орта және жоғары оқу орындарында күндізгі бөлімде оқитын балалар;
4) әскери қызметшінің асырауындағы және күтімді қажет ететін адамдар – ата-анасы, зайыбының (жұбайының) ата-анасы жатады.
Отбасы мүшелеріне тиесілігі және олардың жасы кадр аппаратының анықтамасымен (еркін формада), ал асырауындағы кәмелетке толған балалардың оқитындығы оқу орнының анықтамасымен расталады (еркін формада).
5. Осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген лауазымды адамдардың атына жазылған дәлелді баянат, әуе көлігімен ішкі және халықаралық авиамаршруттармен жол жүруге негіз болып табылады.
6. Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне жол жүру сыйпатамалары эконом класстың тарифі бойынша белгіленеді.
7. Әскери қызметшілермен және олардың отбасы мүшелері ішкі және халықаралық авиамаршруттармен әуе көлігінде жол жүруі дәлелді баянаты мынадай лауазымды адамдардың келісімдерінен кейін жүзеге асырылады:
1) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі не оны алмастыратын адам – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу бөліністерінің әскери қызметшілеріне.
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы не оны алмастыратын адам – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілеріне;
3) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы не оны алмастыратын адам – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті бөліністерінің әскери қызметшілеріне.
Әскери қызметшілердің және олардың отбасы мүшелерінің әуе көлігімен мемлекет есебінен жол жүруі (тасымалдау) дәлелді баянаты келісілген кезде лауазымды адамның және өкілеттік берген адамның актісі бойынша жүзеге асырылады.