Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне әуе көлігімен ішкі және халықаралық авиамаршруттармен мемлекет есебінен жол жүру құқығын беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 2 тамыздағы № 406 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 12 қыркүйекте № 15659 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы 44-бабының 8-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне әуе көлігімен ішкі және халықаралық авиамаршруттармен мемлекет есебінен жол жүру құқығын беру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Тылы және қару-жарақ бастығының басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықтың көшірмесін мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қағаз және электрондық түрде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) мемлекеттік тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Т.Ж. Жанжүменовке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі
генерал-полковник
С. Жасұзақов

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2017 жылғы 2 тамыздағы
№ 406 бұйрығымен
бекітілген

Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне әуе көлігімен ішкі және
халықаралық авиамаршруттармен мемлекет есебінен жол жүру құқығын беру қағидалары

      1. Осы Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне әуе көлігімен ішкі және халықаралық авиамаршруттармен мемлекет есебінен жол жүру құқығын беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне әуе көлігімен ішкі және халықаралық авиамаршруттармен мемлекет есебінен жол жүру құқығын беру тәртібін айқындайды.

      2. Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне әуе көлігімен жол жүру шарттары экономикалық класс тарифі бойынша айқындалады.

      Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әуе көлігіндегі эсперименттік әуе кемелерге ресімдеуге және жол жүруіне жол берілмейді.

      3. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес өзгеше тәртіп көзделмесе, шетел мемлекеттеріне жаңа қызмет орнына ауысқан кезде әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің жол жүруі мемлекет есебінен әуе көлігімен жүзеге асырылады.

      4. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес өзгеше тәртіп көзделмесе, әскери қызметші шетелдік оқу орындарына қабылданған кезде және оны аяқтағаннан кейін әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әскери қызметшінің қызмет өткеру орнынан (жөнелту пунктінен) білім алатын жеріне дейін және кері қарай жол жүруі мемлекет есебінен әуе көлігімен жүзеге асырылады.

      5. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен өзгеше тәртіп көзделмесе, шетелдік оқу орнында білім алатын әскери қызметшінің Қазақстан Республикасына тағылымдамаға келуге және кері қарай жол жүруі білім алатын жерінен әскери қызметші өкіміне жіберілген әскери басқару органының орналасқан жеріне дейін және тағылымдамадан өтетін орнынан (жөнелту пунктінен) білім алатын жеріне дейін мемлекет есебінен әуе көлігімен жүзеге асырылады.

      6. Әскери қызметшілерге жедел медициналық көмекті, операция жасауды қажет ететін және олардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін басқа да шұғыл жағдайларда, сонымен қатар қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшінің мәйітін тасымалдау және оны жерлеу орнына дейін алып жүретін адамдардың әуе көлігімен жол жүруі жоғары қолбасшылықтың өкімдері, нұсқаулары негізінде мемлекет есебінен жүзеге асырылады.

      7. Әскери қызметшілердің далалық шығуларға (теңізге шығуларға), оқу-жаттығуларға, әскерлер парадтарына және кері қарай әуе көлігімен жол жүруі жоғары қолбасшылықтың өкімдері, нұсқаулары негізінде мемлекеттік авиация кемелерімен жүзеге асырылады.

      8. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес өзгеше тәртіп көзделмесе, әскери қызметшілерді терроризмге қарсы операцияларға, бейбітшілікті және қауіпсіздікті қолдау жөніндегі бітімгершілік операцияларға, жауынгерлік іс-қимылдарға, төтенше жағдайларды таратуларға қатысу, қарулы жанжалдар шарттарында міндеттерді орындау үшін, сонымен қатар шетел мемлекеттерінің аумағында әуе көлігімен тасымалдау мемлекет есебінен жүзеге асырылады.

      9. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес өзгеше тәртіп көзделмесе, шетелдік оқу орындарында оқитын курсанттардың, кадеттердің каникулдық демалыстарға жол жүруі білім алатын жерінен Қазақстан Республикасының шегіндегі демалысты өткізу орнына дейін және кері қарай әуе көлігімен мемлекет есебінен жүзеге асырылады.

      10. Егер шетелдік оқу орнында білім алатын курсант тағылымдамадан өткеннен кейін Қазақстан Республикасының шегінде өткізілетін демалысқа және одан әрі білім алатын жеріне кеткен жағдайда, оның әуе көлігімен жол жүруі демалысты өткізу орнынан (жөнелту пунктінен) білім алатын жеріне дейін мемлекет есебінен жүзеге асырылады.

      11. Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің жол жүруі Қазақстан Республикасының шегінде басқа жергілікті жерге жаңа қызмет орнына ауысқан жағдайда бұрынғы орнынан жаңа қызмет орнына дейінгі аралық екі мың шақырымнан артық болған жағдайда әуе көлігімен әскери қызметшінің баянаты бойынша (теміржол, автомобиль және ішкі су көлігінде жол жүрудің орнына) одан әрі жол жүруі үшін шығындарды мемлекет есебінен төлеумен рұқсат етіледі.

      12. Әскери қызметшілер мен отбасы мүшелерінің осы Қағидаларда мемлекет есебінен көзделген жағдайларда әуе көлігімен жол жүру үшін жол жүру құжаттарын сатып алуға жұмсалған шығындары, әскери қызметшінің ақшалай қамтылымда тұрған әскери бөлімде, әскери қызметші баянатты, жол жүру құжаттарын (билеттерін) және отырғызу талондарын ұсынылғанда төленеді.

      13. Әскери қызметшілер іссапарға, әскери қызметшілер мен отбасы мүшелерінің демалысқа немесе басқа жергілікті жерге жаңа қызмет орнына ауысқан жағдайда жол жүруі мемлекеттік авиацияның әуе көлігімен бастапқы бағдардан соңғысына дейін жол үсті бағыттағы рейсті орындаған жағдайда рұқсат беріледі, сонымен бірге жол жүру үшін жоғары басшылықтың өкімдері, нұсқаулары негіздеме болады.