Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қаржылық және шаруашылық қызметті ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 29 шілдедегі № 399 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 31 тамызда № 15598 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" 2005 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 22-бабы 2-тармағының 26-8) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қаржылық және шаруашылық қызметті ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Экономика және қаржы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықтың көшірмесін мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қағаз және электрондық түрде Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерінің эталондық бақылау банкiне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Ә.Б. Сқақовқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі
генерал-полковник
С. Жасұзақов

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2017 жылғы 29 шілдедегі
№ 399 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қаржылық және шаруашылық қызметті ұйымдастыру қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қаржылық және шаруашылық қызметті ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде (бұдан әрі – ҚР ҚК) қаржылық және шаруашылық қызметті ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      2. Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын ҚР ҚК әскери басқару органдары, әскери бөлімдері мен мекемелері (бұдан әрі – мемлекеттік мекемелер) өзінің қаржылық және шаруашылық қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын, ҚР ҚК жалпыәскери жарғыларын, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің және Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штабы бастығының бұйрықтарын, сондай-ақ басқа да нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.

2-тарау. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қаржылық және шаруашылық қызметті ұйымдастыру қағидалары

1-параграф. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі бюджетінің жобасын жоспарлау

      3. Жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік өтінім Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі, сондай-ақ ҚР ҚК құрылысы мен даму, ҚР ҚК-ны техникалық жарақтандыру, ҚР ҚК-ның негізгі іс-шаралар жоспарлары негізінде жасалады.

      4. Жоспарлы кезеңге арналған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі (бұдан әрі – ҚР ҚМ) бюджетінің жобасын жоспарлау кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

      5. ҚР ҚК Бас штабы (бұдан әрі – Бас штаб) ағымдағы жылғы 10 қаңтарға дейінгі мерзімде жоспарлы кезеңге арналған ҚР ҚК негізгі іс-шаралары жоспарын, сондай-ақ оған ұйымдастыру нұсқауларын (бастапқы деректерімен) бекітеді және осы құжаттарды ҚР ҚМ, Бас штабтың құрылымдық бөлімшелеріне (бұдан әрі – құрылымдық бөлімшелер), әскер түрлері бас қолбасшыларының басқармаларына және орталық бағыныстағы әскери бөлімдерге жеткізеді.

      6. Құрылымдық бөлімше бюджеттік өтінімді, жеке қаржыландыру жоспарына өзгерістер енгізуге өтінімді қалыптастыратын, мемлекеттік ведомстволық мекемелер үшін келіп түсетін өтінімдердің жинақтауды жүзеге асыратын тікелей мемлекеттік мекеме не әскери басқару органы болып табылады.

      Құрылымдық бөлімше ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің келіп түскен өтінімдерін қарайды және талдайды, одан кейін ЭҚД мекенжайына осы тармақпен белгіленген мерзімдерде жиынтық өтінімді ұсынады.

      7. Құрылымдық бөлімшелер, әскер түрлері бас қолбасшыларының басқармалары және орталық бағыныстағы әскери бөлімдер ағымдағы жылғы 15 қаңтарға дейінгі мерзімде жоспарлы кезеңге арналған Әскерлерді даярлау жоспарларын, сондай-ақ оларға ұйымдастыру нұсқауларын (бастапқы деректерімен) қалыптастырады және осы құжаттарды іс-шаралар бөлігінде соңғылардың осы жоспарға қаржы-экономикалық негіздемелерімен өздерінің даярлық жоспарларын жасауы үшін бағынысты бөлімдерге жеткізеді.

      8. Әскери бөлімдер команда бойынша (жекелеген батальоннан бастап және одан жоғары) ағымдағы жылғы 1 ақпанға дейінгі мерзімде:

      1) жоспарлы кезеңге арналған Жауынгерлік даярлық жоспарларын қалыптастырады;

      2) жоспарлы кезеңге арналған әскери бөлімнің іссапарлар жоспарының жобасын жасайды;

      3) бекітілген заттай нормалар негізінде материалдық-техникалық базаның жай-күйі мен мүмкіндіктеріне, ресурстарға (адами, тыл мүлкі, қару-жарақ пен әскери техника, инфрақұрлымның бар болуы мен жай-күйі, оны ұстау бойынша материалдар, материалдық-техникалық мүлік) қажеттілікті және оның қолда барына талдау жүргізеді;

      4) талдау негізінде осы іс-шаралардың және оларды жүргізу үшін жоспарланған ресурстардың қажеттілігін негіздеумен (түсіндірме жазбамен) әрбір іс-шара бөлігінде Жауынгерлік даярлық жоспарына қаржылық-экономикалық негіздемені жасайды;

      5) команда бойынша жоғары тұрған штабтарға жоғарыда көрсетілген құжаттардың бір данасын қоса берумен, жоғары тұрған штабтың даярлық жоспарына ұсыныстарды жолдайды;

      6) жоспарлы кезеңге арналған әскери бөлімдердің бюджеттік өтінімдерін жасайды.

      9. Құрылымдық бөлімшелер, әскер түрлері бас қолбасшыларының басқармалары және орталық бағыныстағы әскери бөлімдер ағымдағы жылғы 10 ақпанға дейінгі мерзімде қаржы-экономикалық негіздемесімен жоспарлы кезеңге арналған Әскерлерді даярлау жоспарын бағыттары бойынша іс-шараларды жоспарлауға жауапты құрылымдық бөлімшелерге келісуге жолдайды.

      10. Іс-шараларды жоспарлауға жауапты құрылымдық бөлімшелер ағымдағы жылғы 20 ақпанға дейінгі мерзімде:

      1) жоспарлы кезеңге арналған Әскерлерді даярлау жоспарын қолда бар ресурстар есебінен, сондай-ақ жоспарлы кезеңге арналған лимиттер шегінде (бекітілген үшжылдық бюджеттің екінші жылының шығыстары бағдар болып табылады) жоспарланған іс-шараларды қамтамасыз ету мүмкіндігін қарайды (келіседі);

      2) лимиттен асып кеткен жағдайда Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының атына жоспарлы кезеңге арналған ҚР ҚК-ның негізгі іс-шаралар жоспарын лимитке сәйкес қайта әзірлеу (қайта қарау) туралы баянатпен қолдау көрсетеді.

      11. Бас штаб ағымдағы жылғы 1 наурызға дейінгі мерзімде:

      1) мүдделі құрылымдық бөлімшелермен бірлесіп, лимитке сәйкес басымдығы бойынша жоспарлы кезеңге арналған Негізгі іс-шаралар жоспарын қайта әзірлейді (бекітеді);

      2) құрылымдық бөлімшелерге, әскер түрлері бас қолбасшыларының басқармаларына және орталық бағыныстағы әскери бөлімдерге жоспарлы кезеңге арналған нақтыланған Негізгі іс-шаралар жоспарын қайта жеткізеді.

      12. Құрылымдық бөлімшелер, әскер түрлері бас қолбасшыларының басқармалары және орталық бағыныстағы әскери бөлімдер жоспарлы кезеңге арналған Негізгі іс-шаралар жоспары негізінде өз әскерлерін даярлау жоспарын бекітеді, келесі жылға арналған іссапарлар жоспарларын қалыптастырады және бекітеді, бекітілген Әскерлерді даярлау жоспары негізінде жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік өтінімдерді қалыптастырады және оларды бағыттары бойынша бюджеттік бағдарламалар іс-шараларын жоспарлауға жауапты орындаушыларға жолдайды.

      13. Іс-шараларды жоспарлауға жауапты құрылымдық бөлімшелер ағымдағы жылғы 15 наурызға дейінгі мерзімде:

      1) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының Стратегиялық жоспарлау департаментіне (бұдан әрі – СЖД) стратегиялық жоспарға ұсыныстарды және жоспарлы кезеңге арналған меморандумды жолдайды;

      2) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Экономика және қаржы департаментіне (бұдан әрі – ЭҚД) жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік өтінімдерді жолдайды;

      3) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық саясат департаментіне жоспарлы кезеңге арналған Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың жобасына өтінімдерді жолдайды;

      4) жоспарлы кезеңге арналған әскерлерді даярлау жоспарларын қайта келіседі және бекітеді.

      14. ЭҚД ағымдағы жылғы 25 сәуірге дейінгі мерзімде Бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну қағидаларының талаптарына сәйкес іс-шараларды жоспарлауға жауапты құрылымдық бөлімшелердің бюджеттік өтінімдерін қарайды.

      15. ҚР ҚМ басшылығы ағымдағы жылғы 5 мамырға дейінгі мерзімде жоспарлы кезеңге арналған іс-шараларды жоспарлауға жауапты құрылымдық бөлімшелердің бюджеттік өтінімдерін қарайды.

      16. ЭҚД ағымдағы жылғы 15 мамырға дейінгі мерзімде бюджеттік өтінімді Республикалық бюджет комиссиясының қарауы үшін бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жолдайды.

      Бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган Республикалық бюджет комиссиясының жоспарлы кезеңге арналған ҚР ҚМ бюджетінің жобасы бойынша хаттамасын ұсынғаннан кейін ЭҚД 15 жұмыс күні ішінде жоспарлы кезеңге мақұлданған лимиттерді іс-шараларды жоспарлауға жауапты құрылымдық бөлімшелерге жеткізеді.

      17. Іс-шараларды жоспарлауға жауапты құрылымдық бөлімшелер жоспарлы кезеңге арналған лимиттер бойынша ақпаратты алғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде ЭҚД-ға жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік өтінімдерді және түсіндірме жазбасымен келесі жылға арналған міндеттемелер мен төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларының жобаларын ұсынады.

2-параграф. Қаржыландыру

      18. ҚР ҚМ барлық ведомстволық бағынысты мекемелерін қаржыландыруды Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі жүзеге асырады.

      Жеке қаржыландыру жоспарына өзгерістер енгізу енгізілетін өзгерістерге қоса берілетін есептермен және негіздемелермен мемлекеттік мекемелердің төлемдер мен міндеттемелер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларын өзгертуге арналған өтінімдер негізінде ЭҚД қалыптастыратын өзгерістер енгізу туралы анықтамалармен жүзеге асырылады.

      19. Мемлекеттік мекеменің өтініміне басшы немесе ол уәкілеттік берген адам, мемлекеттік мекеме қаржы органының басшысы, ал соңғылар болмаған кезде – тиісті бұйрықтармен оларға міндеттерді орындау жүктелген адамдар қол қояды және өзгерістерге есептермен және оларға негіздемелермен ЭҚД-ға беріледі.

      Алдағы айдың жоспарын өзгертуге (арттыру, азайту) өтінімдер ағымдағы айдың жоспарын өзгертпей, ЭҚД-ға ағымдағы айдың 20-ы күнінен кешіктірмей ұсынылады.

      20. Ұйымдық-штаттық іс-шаралармен, жеке құрамның ауысуымен байланысты қаржыландыру жоспарларына өзгерістерді шұғыл енгізу талап етілетін жағдайларда мемлекеттік мекемелерге шығыстардың экономомикалық сыныптамасы ерекшеліктері құрылымының мынадай кіші сыныптары бойынша кейіннен жауапты орындаушыларға жеткізумен ЭҚД-ға тікелей өтінімдерді ұсынуға жол беріледі:

      110 "Жалақы";

      120 "Жұмыс берушілердің жарналары";

      130 "Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес азаматтардың жекелеген санаттарына жалақы төлеу және жарналарды аудару";

      160 "Басқа да ағымдағы шығындар";

      320 "Жеке тұлғаларға трансферттер".

      21. Мемлекеттік мекемелер бюджет қаражатын үнемдеу қалыптасқан жағдайда жоспарлы мақсаттарды азайту үшін жеке қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізуге өтінімді ұсынады.

      22. Бюджет қаражатын, оның ішінде ҚР ҚК мұқтажына үнемдеу сомасын қайта бөлу ағымдағы жылдың бюджетін орындау барысында ҚР ҚМ Бюджет комиссиясының қарауына шығарылады.

      23. Құрылымдық бөлімшелер ЭҚД-ға қосымша қаржыландыру талап етілетін іс-шараларға ақша қаражатын қайта бөлу, үнемдеу жөніндегі ұсыныстарды ұсынғанға дейін ағымдағы айдың 20-сы күніне дейінгі мерзімде СЖД-мен стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың тікелей және түпкілікті көрсеткіштерінің нәтижелеріне қол жеткізу мәнін келіседі.

      24. СЖД құрылымдық бөлімшелердің ұсыныстарын қарау нәтижелері бойынша қорытындыны қалыптастырады және ағымдағы айдың 25-і күніне дейін ЭҚД-ға жолдайды.

      25. Құрылымдық бөлімшелер ағымдағы айдың 20-ы күніне дейін ЭҚД-ға тиісті есептермен және негіздемелермен қосымша қаржыландыру талап етілетін іс-шаралар бойынша ақша қаражатына қажеттілікті ұсынады.

      26. ЭҚД қайта бөлу және қосымша қаржыландыру талап етілетін іс-шараларды жинақтауды және қорытындылауды жүзеге асырады, келесі айдың 5-і күніне дейін ҚР ҚМ Бюджет комиссиясының қарауына материалдарды дайындайды.

      27. Қажеттілікті қосымша қаржыландыру ҚР ҚМ басшылығының талқылауына шығарылмай, шығыстардың мынадай түрлері бойынша жүзеге асырылады:

      1) кредиторлық берешекті жабу;

      2) еңбекақы төлеу қоры бойынша қажеттілік;

      3) ел ішіндегі іссапар шығыстары;

      4) тұрғын үйді жалға алуға және жекешелендіруге өтемақыға арналған қажеттілік;

      5) сот шешімдерін орындау;

      6) экологиялық сақтандыру және қоршаған ортаны ластауға эмиссияны төлеу, қоршаған ортаға шекті-жол берілетін шығарындылар нормативтерін әзірлеу;

      7) байланыс қызметтері;

      8) банктің қаржылық қызметтері;

      9) кеңсе тауарлары;

      10) мемлекеттік мекемелердің 4000 есе айлық есептік көрсеткіштен аспайтын ағымдағы шығыстары (ұйымдастыру техникасын техникалық сүйемелдеу, қызмет көрсету және жөндеу, автомобиль техникасын ұсақ жөндеу үшін қосалқы бөлшектерді сатып алу, картриждерді толтыру).

3-параграф. Шаруашылық қызметті ұйымдастыру

      28. Шаруашылық қызметті ұйымдастыру және басшылық жасау мемлекеттік мекеме басшысына жүктеледі. Бұл басшылықты ол өзі штаб, өзінің орынбасарлары, әскер тектері және қызметтер бастықтары арқылы жүзеге асырады.

      29. Шаруашылық қызметті ұйымдастыру және жүргізу:

      1) шаруашылық, техникалық және медициналық мақсаттағы қызметтердің, бөлімшелер мен объектілердің жұмысын жоспарлауды және ұйымдастыруды, сондай-ақ осы жұмысты үздіксіз басқару және оны бақылауды жүзеге асыруды;

      2) материалдық және ақша қаражаын талап етуді, алуды, жеткізуді, сақтауды, беруді және шығындауды;

      3) жеке құрамға тиесілі жабдықталымды уақтылы және толық жеткізуді, оның материалдық-тұрмыстық, мәдени, рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруды және денсаулығын сақтауды;

      4) қару-жарақты, әскери және басқа да техниканы және мүлікті дұрыс пайдалануды, сақтауды және жөндеуді қамтамасыз етуді;

      5) казармалық-тұрмыстық қордың, коммуналдық құрылыстардың, сондай-ақ кіреберіс жолдардың күрделі құрылысын, пайдалануды және жөндеуді;

      6) жауынгерлік даярлық және мемлекеттік-құқықтық даярлық оқу-материалдық базасының объектілерін тиісті жай-күйде ұстауды, жетілдіруді және дамытуды;

      7) әскери бөлімдер мен құрамалардың өртке қарсы күзетін ұймдастыруды және объектілерді қауіпсіз қолдануды;

      8) іс жүргізуді, материалдық құралдардың барлық түрлерін есепке алуды және есептілікті және әскери бөлімнің (құраманың) қызметін қамтамасыз етудің басқа да мәселелерін қамтиды.

      30. Мемлекеттік мекеменің шаруашылық қызметін бақылау материалдық, техникалық, медициналық, ветеринариялық, сауда-тұрмыстық, пәтер-пайдалану және басқа да қамтамасыз ету түрлері бойынша қызметтер жұмыстарын талдауды және олардың материалдық және ақша қаражатын жұмсауда заңдылықты сақтауын қамтиды.

4-параграф. Қаржылық және бюджеттік есептілікті ұсыну

      31. Бағынысында әскери бөлімдер мен мекемелер бар құрылымдық бөлімшелер, әскер түрлері бас қолбасшыларының, әскер тектері, өңірлік қолбасшылықтар әскерлері қолбасшыларының басқармалары, мемлекеттік мекемелер жылдық және тоқсандық есеп берулерді жасайды.

      Жылдық есеп беру есепті кезеңнен кейінгі жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, тоқсандық есеп берулер – ағымдағы қаржы жылының 1 сәуірдегі, 1 шілдедегі және 1 қазандағы жағдайы бойынша жасалады.

      32. Қайта ұйымдастыру (қосу, біріктіру, бөлу, шығару) кезінде мүліктік құқықтар мен міндеттер қосқан және біріктірген кезде – беру актісіне сәйкес, ал бөлген және шығарған кезде – бөлу балансына сәйкес құқықтық мирасқорға ауысады. Бөлу балансы әрбір бөлінетін мемлекеттік мекеме үшін бір данада ресімделеді.

      33. Басқа мемлекеттік мекемелерді бөлу жолымен қайта ұйымдастырылуға тиіс мемлекеттік мекеменің бөлу балансы беру күніне әрбір мемлекеттік мекеме бойынша есептілік кезеңінің басына (өткен қаржы жылының бюджеттік есептілігі) және беру күніне (қайта ұйымдастыру) баланс құжаттарының қалдықтарын көрсете отырып, жылдық есептіліктің нысандары көлемінде жасалады. Бөлу балансына қайта ұйымдастырылуға тиіс мемлекеттік мекеменің басшысы мен бас бухгалтері, қайта құрылған мемлекеттік мекемелердің басшысы мен бас бухгалтері қол қояды. Мемлекетік мекеме ЭҚД бөлу балансын тексергеннен кейін Қорғаныс министрінің оны бекіту туралы бұйрығының жобасын дайындайды.

      34. Мемлекеттік мекеме мәртебесі жоқ әскери бөлімді бір мемлекеттік мекемеден жабдықталымнан шығарған, екінші мемлекеттік мекемеге қойған кезде бөлу балансы жасалмайды. Әскери бөлімнің жабдықталымында тұрған әскери мүлікті баланста ұстаушы мемлекеттік мекеме мүлікті баланстан басқа мемлекеттік мекеменің балансына қою үшін береді.

      35. Жоғары тұрған бір әскери басқару органынан екіншісіне ауысатын мемлекеттік мекеме жылдық есептілік нысанының көлемінде берілген күнге 4 данада есептілікті жасайды. Мемлекеттік мекеменің есептілігінде есептілік кезеңінің басына (өткен қаржы жылының бюджеттік есептілігі) және берілген күніне баланс құжаттарының қалдықтары көрсетіледі.

      36. Есептілікке мемлекеттік мекеменің басшысы мен бас бухгалтері, беретін және қабылдайтын жоғары тұрған басқару органының (өңірлік қолбасшылықтың) басшылары мен бас бухгалтерлері қол қояды.