Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасын қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 3 шілдедегі № 201 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 3 тамызда № 15429 болып тіркелді.

      "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 20-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан электрондық кітапханасын қалыптастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау үшін осы бұйрыққа қол қоюға уәкілетті тұлғаның электронды цифрлық қолымен куәландырылған осы бұйрықтың көшірмелерін қағаз және электронды түрде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін екі жұмыс күннің ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрықта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Мәдениет және спорт министрі
А. Мұхамедиұлы

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт
министрінің
2017 жылғы 3 шілдедегі
№ 201 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасын қалыптастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасын қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасын қалыптастыру тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) баспа өнімі – мерзімді баспасөз басылымдары, кітаптар, брошюралар, альбомдар, плакаттар, буклеттер және өзге де полиграфиялық өнім;

      2) Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасы (бұдан әрі – Ұлттық электрондық кітапхана) – қазақстандық кітапханалардың, музейлер мен архивтердің қорларын сақтауға, сондай-ақ Қазақстанның тарихи, ғылыми және мәдени мұрасына пайдаланушылардың ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы еркін қол жеткізуін қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік ақпараттық жүйе;

      3) қатысушылар – мемлекеттік кітапханалар, білім беру, ғылым және өзге мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың жанындағы кітапханалар, сондай-ақ мемлекеттік архивтер және музейлер;

      4) құжат - материал көзінде дәлме-дәл жазып алынған, бір ізге түсіруге мүмкіндік беретін ақпарат.

2-тарау. Ұлттық электрондық кітапхананы қалыптастыру тәртібі

      3. Ұлттық электрондық кітапхананы қалыптастыру Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің "Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы" республикалық мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі - Мекеме) жүзеге асырылады.

      4. Ұлттық электрондық кітапхананы қалыптастыру:

      1) қатысушылармен берілген құжаттар мен баспа өнімін іріктеу;

      2) құжаттар мен баспа өнімін толықтыру және алып тастау арқылы жүзеге асырылады.

      5. Іріктеуді жүзеге асыру үшін қатысушылар Мекемеге құжаттар мен баспа өнімдері туралы мәліметтер жолдайды.

      6. Құжаттар мен баспа өнімін іріктеу:

      тәжірибелік маңыздылығы мен қажеттілігіне қарай:

      1) ғылыми-білім беру, тарихи, мәдени және көркем;

      2) Қазақстан туралы сирек басылымдар;

      3) мазмұны бойынша Қазақстанға қатысты (қазақстандық авторлардың басылымдары), Қазақстан Республикасында жасалған (жазылған немесе басылған) электронды контенттер;

      коллекциялық қағидаттар негізінде:

      1) авторлық құқық туралы заңнаманың күші қолданылмайтын әдебиет, өнер, ғылым туындыларының коллекцияларына, оның ішінде кітап ескерткіштері мен қолжазбаларға;

      2) авторлық құқық туралы заңнамамен қорғалатын және оларды кітапханаларда пайдалануға жол берілетін әдебиет, өнер, ғылым туындыларының коллекцияларына, оның ішінде диссертациялар мен авторефераттардың электронды коллекцияларына, жария етілмеген материалдарға жүзеге асырылады.

      7. Қатысушылармен берілген құжаттар мен баспа өнімін іріктеуді жүзеге асыру үшін Мекемемен төрағадан және оның мүшелерінен тұратын құжаттар мен баспа өнімін іріктеу жөніндегі комиссия (бұдан әрі – комиссия) құрылады. Комиссия саны кемінде бес адамнан тұратын мүшелердің тақ санынан құралады.

      Комиссияның мүшелері құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілері және (немесе) қызметкерлері болып табылады. Қажет болған жағдайда құжаттар мен баспа өнімін іріктеу бойынша қорытынды беру үшін комиссияға архивтану, тарих, өнертану, реставрация бойынша мамандар шақыртылады.

      8. Ұсынылған құжаттар мен баспа өнімін қарау нәтижелері бойынша комиссиямен келесі шешімдердің бірі қабылданады:

      1) іріктеуге ұсыну;

      2) іріктеуге ұсынбау.

      Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

      Дауыс беру нәтижелері комиссия мүшелерінің көпшілік дауысымен айқындалады. Дауыстар тең болған кезде комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

      Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделіп, комиссия төрағасымен және мүшелерімен қол қойылады және Мекемеге үш жұмыс күні ішінде ұсынылады.

      9. Мекеме бес жұмыс күні ішінде комиссия шешімі негізінде Ұлттық электрондық кітапхананы толықтыру үшін құжаттар мен баспа өнімін іріктеу туралы шешімді қабылдайды.

      10. Мекеме бес жұмыс күні ішінде қабылдаған шешім туралы құжаттар мен баспа өнімі туралы мәлімет жолдаған қатысушыларды ерікті түрде хабарландырады.

      11. Ұлттық электрондық кітапхананы толықтыру:

      1) құжаттар мен баспа өнімін электронды түрде алу;

      2) қағаз тасығыштағы құжаттар мен баспа өнімін электронды түрге көшіру;

      3) құжаттар мен баспа өнімін электронды түрде жасау.

      12. Авторлық құқықтың күші қолданылатын құжаттар мен баспа өнімін электрондық түрге көшіру санаткерлік меншік объектілерін пайдалануға айрықша емес құқықтарды беру туралы автормен және (немесе) өзге құқық иеленушімен жасалған авторлық шарт негізінде "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" 1996 жылғы 10 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      13. Құжаттар мен баспа өнімін Ұлттық электрондық кітапханадан алып тастауға мынадай:

      1) автор және (немесе) құқық иеленушілермен қайтарып алынған;

      5) дублетті болған (Ұлттық электрондық кітапханада бірдей басылым) жағдайларда жол беріледі.