Азаматтық әуе кемелерінде қауіпті жүктерді әуеде тасымалдау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 21 маусымдағы № 371 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 26 шілдеде № 15370 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 76-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Азаматтық әуе кемелерінде қауіпті жүктерді әуеде тасымалдау қағидалары бекітілсін.

      2. Мынадай бұйрықтардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Азаматтық әуе кемелерінде қауіпті жүктерді тасымалдау жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 24 ақпандағы № 89 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6822 болып тіркелген, 2011 жылғы 29 сәуірдегі "Егемен Қазақстан" № 174-177 (26579) газетінде жарияланған);

      2) "Азаматтық әуе кемелерінде қауіпті жүктерді тасымалдау жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 24 ақпандағы № 89 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 шілдедегі № 801 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11967 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 11 қыркүйекте жарияланған).

      3. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз тасығыштағы және электрондық нысандағы көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және министрі
Ж. Қасымбек

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің
2017 жылғы 21 маусымдағы
№ 371 бұйрығымен бекітілген

Азаматтық әуе кемелерінде қауіпті жүктерді тасымалдау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Азаматтық әуе кемелерiнде қауiптi жүктердi тасымалдау қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрi – Заң) 76-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және азаматтық әуе кемелерінде қауіпті жүктерді тасымалдау тәртібін айқындайды.

      2. Қағидалар "Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияны ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің 1992 жылғы 2 шілдедегі қаулысымен ратификацияланған Халықаралық азаматтық авиация туралы Конвенцияға 18-Қосымшаның (бұдан әрі – Конвенцияға 18-Қосымша), Халықаралық азаматтық авиация ұйымының "Әуе бойынша қауiптi жүктердi қауiпсiз тасымалдау жөнiндегi техникалық нұсқаулықтарының" Doc 9284-AN/905 (бұдан әрi – Техникалық нұсқаулықтар) және осы Қағидалардың талаптары мен ережелерiн сақтау кезiнде әуе кемесiне және оның iшiндегi жолаушыларға және экипажға қауiп төндiрмей қауiптi жүктердiң тасымалдануы кезiнде қауiпсiздiкті қамтамасыз етуге бағытталған.

      3. Қауіпті жүктерді халықаралық тасымалдауды орындаған кезде осы Қағидалар Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға, сондай-ақ аумағы, аумағынан немесе аумағы арқылы мұндай тасымалдар жүзеге асырылатын елдің заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.

      4. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:

      1) әуе кемесінің командирі (бұдан әрі – ӘКК) - пайдаланушы немесе жалпы мақсаттағы авиация жағдайында әуе кемесінің иесі командир міндетін орындау және ұшудың қауіпсіз орындалуына жауап беру үшін тағайындаған пилот;

      ЗҚАИ-дың ескертпесі!
      2) тармақша жаңа редакцияда көзделген – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 17.06.2019 № 402 (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2) бекіту - азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мыналарға беретін рұқсаттама:

      Техникалық нұсқаулықтарда жолаушылар және (немесе) жүк әуе кемелерінде тасымалдауға тыйым салынған деп көрсетілген және ондай жүктер бекітуі бар болған жағдайда тасымалдануы мүмкін деген қауіпті жүктерді тасымалдауға;

      Техникалық нұсқаулықтарда айтылған басқа мақсаттарда;

      ЗҚАИ-дың ескертпесі!
      3) тармақша жаңа редакцияда көзделген – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 17.06.2019 № 402 (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3) босату - Техникалық нұсқаулықтар ережелерінің қолданысынан босатуды көздейтін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган беретін бекітуден басқа рұқсаттама;

      4) буып-түю жиынтығы - сыйымдылықтар және сыйымдылықтардың ішіндегісін ұстап тұру бойынша функцияларын қамтамасыз ету үшін қажетті кез келген басқа компоненттер немесе материалдар;

      5) БҰҰ тізімі бойынша нөмір - қауіпті жүктерді тасымалдау бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Сарапшылар комитеті берген, бұйымдар немесе заттарды немесе нақты бұйымдар немесе заттар тобын белгілеу үшін химиялық заттарды сыныптау және таңбалау жүйесіндегі жаһандық деңгейде келісілген төрт таңбалы нөмір;

      6) ерекше – оған сәйкес әдетте талаптардың мұндай түріне қолданылатын қауіпті жүктердің нақты түріне қолданылмайтын осы Қағидалардың ережесі және Конвенцияға 18-Қосымша;

      ЗҚАИ-дың ескертпесі!
      7) тармақша жаңа редакцияда көзделген – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 17.06.2019 № 402 (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7) жолаушылар әуе кемесі - экипаж мүшесі, қызметтік міндеттерді орындау кезінде пайдаланушының қызметкері, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның уәкілетті өкілі немесе жүк партиясын немесе басқа жүкті алып жүруші болып табылмайтын, кез келген адамды тасымалдауды жүзеге асыратын әуе кемесі;

      8) жөнелту мемлекеті - оның аумағында жүк жөнелтілімі бастапқыда әуе кемесінің бортына тиелетін мемлекет;

      9) жүк әуе кемесі - жолаушы әуе кемесінен басқа, жүк немесе мүлік тасымалдайтын кез келген әуе кемесі;

      10) жүк жөнелтілімі - пайдаланушы бір жүк жөнелтушіден бір уақытта және бір мекенжайға апаруға қабылдаған, бір партияға енгізілген және бір межелі пунктке бір жүк алушыға тасымалданатын қауіпті жүгі бар бір немесе бірнеше орындар;

      11) жүк орны - буып-түю жиынтығынан тұратын және онда қамтылған, тасымалдауға дайындалған жүкті буып-түю бойынша операциялардың соңғы өнімі;

      12) жүктерді орау құралы - жүк контейнерінің, авиациялық контейнердің, торы бар авиациялық теген немесе қорғаныс қалпағының үстіндегі торы бар авиациялық тегеннің кез келген түрі;

      13) қауіпті жүктер - Техникалық нұсқаулықтардағы қауіпті жүктер тізбесінде көрсетілген немесе Техникалық нұсқаулықтарға сәйкес сыныпталатын қоршаған ортаға немесе мүлікке, қауіпсіздікке, денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін бұйымдар немесе заттар;

      14) қауіпті жүктермен байланысты оқиға - нәтижесінде қандайда бір адамды өлімге әкелетін дене жарақатын алған немесе күрделі дене жарақатын алған немесе мүлікке және қоршаған ортаға күрделі зақым әкелген қауіпті жүктерді әуе бойынша тасымалдауға қатысты оқиға және оған байланысты жағдай;

      15) қауіпті жүктермен байланысты оқыс оқиға - қауіпті жүктерді әуе бойынша тасымалдауға қатысты оқыс оқиға және оған байланысты оқиға, әуе кемесінің бортында ғана емес және қауіпті жүктерге байланысты оқиға болып табылмайтын, буып-түю жиынтықтың бұзылғанын куәландыратын құбылыстарға, қандайда бір адамның дене жарақатына алып келетін, мүлікке немесе қоршаған ортаға зақым келтіруге, өртке, бүлінуге, сұйықтық немесе радиацияның төгілуіне соқтықтыратын оқыс оқиға. Сондай-ақ, әуе кемесіне немесе оның бортындағы адамдарға қауіп төндіретін, қауіпті жүктерді тасымалдаумен байланысты кез келген оқиға қауіпті жүктермен байланысты оқыс оқиға ретінде қаралуы мүмкін;

      16) межелі мемлекет - оның аумағында жүк жөнелтілімі әуе кемесінің бортынан толығымен түсірілетін мемлекет;

      17) пайдаланушы - азаматтық әуе кемелерін пайдаланумен айналысатын немесе осы салада өз қызметтерін ұсынатын жеке немесе заңды тұлға;

      18) сыртқы буып-түю - бір немесе бірнеше жүк орындарын біріктіру және өңдеу мен сақтауға қолайлы болу үшін бірыңғай өңделетін бірлік құру мақсатында бір жүк жөнелтуші пайдаланатын ыдыс;

      19) ұшу экипажының мүшесі - авиация персоналына жататын, авиация персоналының қолданыстағы куәлігі бар, ұшу уақыты ішінде әуе кемесін басқаруға байланысты міндеттер жүктелген адам;

      20) үйлеспеушілік - қауіпті жүктердің араласуы кезінде жылу немесе газдың қауіпті бөлінуі немесе коррозиялық заттардың пайда болуы мүмкін қауіпті жүктерге қолданылатын термин;

      21) экипаж мүшесі - авиация персоналына жататын, ұшу уақыты ішінде әуе кемесінің бортында белгілі бір міндеттерді орындау үшін тағайындалған адам.

      5. Техникалық нұсқаулықтар ережелеріне сәйкес өндірілетін заттарды немесе бұйымдарды жіктеу.

      6. Техникалық нұсқаулықтар тізбесінде жіктелген және көрсетілген адам денсаулығы мен мүлік пен қоршаған ортаға қауіп төндіретін қауіпті жүктер Техникалық нұсқаулықтардың талаптарына сәйкес әуе кемелерімен тасымалданады.

      7. Осы Қағидалар ұшу жарамдылығының талаптарына және әуе кемесін пайдалану қағидаларына сәйкес немесе Техникалық нұсқаулықтарда көрсетілген арнайы мақсаттар үшін әуе кемесінің бортында қажетті қауіпті жүктерге қолданылмайды.

      8. Әуе кемесінің ұшуға жарамдылығын қалпына келтіру мақсатында ауыстыруға арналған немесе әуе кемесінен сол мақсатпен алынған қауіпті деп топтастырылатын бұйымдар және заттар әуе кемесінің бортында Техникалық нұсқаулықтардың және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес тасымалданады.

      9. Жолаушылармен немесе экипаж мүшелерімен тасымалданатын нақты бұйымдар мен заттар Техникалық нұсқаулықтарда көрсетілгендей осы Қағидалардың ережелеріне бағынбайды.

      10. Сыныптандырылмаған, таңбалануы, қауіптік белгілері және буып-түйілуі Техникалық нұсқаулықтар талаптарына сәйкес келмейтін қауiптi жүктер әуе кемелерiмен тасымалдау үшін қабылданбайды.

      11. Қауіпті жүктер осы Қағидалар мен Техникалық нұсқаулықтардың талаптарына сәйкес буып-түйілетін жинақтарда буылып-түйіледі және тасымалданады. Қауіпті жүгі бар жүк орны Техникалық нұсқаулықтар талаптарына сәйкес таңбалау белгілерімен жарақталады.

      12. Әуе бойынша қауіпті жүктерді тасымалдау кезінде жұмылдырылған жүк жөнелтушілер, пайдаланушылар және басқа да ұйымдар әуе бойынша тасымалдауға және Техникалық нұсқаулықтарға сәйкес дайындалған, әуеайлақтарға немесе әуеайлақтардан жерде тасымалдауға болжанған қауіпті жүктерді қабылдау бойынша Техникалық нұсқаулықтардың талаптарын сақтауды қамтамасыз етеді.

      13. Әуе кемесін пайдаланушы осы қауіпті жүктер тасымалданған рейсті орындағаннан кейін тиісті мемлекеттермен көрсетілген кемінде үш ай мерзімінде немесе кез келген басқа кезеңде әуе кемесінің командиріне қауіпті жүктерді тасымалдау құжатының, бақылау қабылдау-парақшасының сақталуын және жазба ақпаратын қамтамасыз етеді.

2-тарау. Азаматтық әуе кемелерінде қауіпті жүктерді тасымалдау тәртібі

      14. Жүк жөнелтуші жүк жөнелтілімін әуе кемелерімен тасымалдау үшін қауіпті жүктерді анықтайды және тиісті түрде дайындайды.

      Әуе кемелерімен тасымалдау үшін қауіпті жүктің жүк орнын немесе сыртқы буып-түюлерді ұсынудың алдында жүк жөнелтуші қауіпті жүктердің әуе кемелерімен тасымалдануына тыйым салынбағанына, сыныпталғанына, буып-түйілгеніне, таңбаланғанына, қауіптілік белгілерімен жарақталғанына және жүк жөнелтушінің Техникалық нұсқаулықтардың талаптарына сәйкес ресімделген қауіпті жүктің ілеспе декларациясының (қауіпті жүкті тасымалдау құжаты) болуына көз жеткізеді.

      15. Әуе кемесімен тасымалдау үшін қауіпті жүктерді ұсынатын адам Техникалық нұсқаулықтарда көрсетілген жағдайлардан басқа, жүк жөнелтуші Техникалық нұсқаулықтарда көзделген ақпараты бар қауіпті жүкке декларацияны жасайды, қол қояды және пайдаланушыға тапсырады.

      16. Авиа жүкқұжатында әуе кемелерімен тасымалдауға ұсынылған қауіпті жүк толық көлемде тиеу атауларына сәйкес айқындалған жіктелген, буып-түйілген, таңбаланған, қауіптілік белгілермен жарақталған және осы Қағидалардың және Техникалық нұсқаулықтардың талаптарын сақтай отырып әуе кемесімен тасымалдауға дайын қалыпта екені туралы куәландыратын жүк жөнелтушінің қауіпті жүкке декларациясы туралы ақпаратты қамтуы тиіс.

      17. Шет мемлекетке әуе кемелерімен қауіпті жүктерді тасымалдау кезінде декларация қосымша ағылшын тіліне аударылады.

      18. Техникалық нұсқаулықтарда көрсетілген аса қауіпті жүкті азаматтық әуе кемелерімен тасымалдау үшін қабылдауды пайдаланушы жүк жөнелтушімен жөнелту және жүк қабылдаушымен аса қауіпті жүкті қабылдауға дайындығы туралы растауды алғаннан кейін, сондай-ақ әуе кемесінің ұшу бағыты бойынша барлық әуежайлардың ерекше қауіпті жүкті қабылдауға және өңдеуге дайындығы туралы растауды алғаннан кейін жүзеге асырады.

      19. Әуе кемесінің қауіпті жүкпен ұшуы алдында, пайдаланушы немесе жүктер мен поштаға қызмет көрсетуді қамтамасыз ету бойынша әуежайлық қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға (әуежайда жүктерді жерде өңдеу жөніндегі агент) қауіпті жүкті әуе кемесіне тиегенге дейін әуе кемесінің командиріне Техникалық нұсқаулықтарға сәйкес қауіпті жүк туралы жазбаша ақпарат береді. Әуе кемесі командиріне ұсынатын ақпарат мыналарды қамтиды:

      1) авиа жүкқұжатының нөмірін (егер ол берілген болса);

      2) Техникалық нұсқаулықтарда көрсетілгендей, қажеттілігіне қарай техникалық атаумен және БҰҰ тізімі бойынша нөмірімен толықтырылған тиісті тиеу атауын;

      3) сыныбы немесе санаты, сондай-ақ үйлесімділік тобының 1-сыныбы жағдайында сандық мәнін көрсете отырып, қосымша қауіптілік қойылған белгісіне (белгілеріне) сәйкес келетін қосымша қауіптілігін (қауіптіліктер);

      4) қауіпті жүктерді тасымалдау құжатында көрсетілген буып-түю тобын;

      5) жүк орындарының саны және оларды тиегеннен кейінгі орналасқан нақты орнын;

      6) нетто саны немесе егер қолданылатын болса, радиоактивтік материалдардан немесе қауіпті жүктерді тасымалдау құжатында нетто саны мен брутто салмағын көрсету талап етілмейтін қауіпті жүктерден басқа әрбір жүк орнының брутто салмағын;

      7) радиоактивті материалдар үшін - жүк орындарының, сыртқы буып-түюлердің немесе жүк контейнерлерінің саны, олардың санаты, көлік индексі (егер талап етілсе) және олардың тиелгеннен кейінгі нақты орналасқан орны;

      8) осы жүк орны тек жүк әуе кемесімен тасымалдануы тиістілігі туралы нұсқауды;

      9) жүк орнының түсірілуіне тиісті әуеайлақты;

      10) осы қауіпті жүктердің осы мемлекеттің босатуына сәйкес тасымалданатыны туралы нұсқауды;

      11) ұшу кезінде әуе кемесінің бортында авариялық жағдай туындаған жағдайда пайдаланушы (тасымалдаушы), жөнелту және межелі әуежайлар әуе кемесінің бортындағы қауіпті жүктер туралы ақпаратты ала алатын жүк жөнелтушінің телефон нөмірін.

      20. Қауіпті жүк тиелген әуе кемесінің ұшуы алдында пайдаланушы тағайындалған әуежайға әуе кемесінің бортындағы қауіпті жүк туралы ақпарат береді.

      21. Пайдаланушының ұшуларды орындау жөніндегі нұсқауында әуе кемесінің ұшу экипажымен қауіпті жүкті тасымалдауды орындау үшін және қауіпті жүк тиелген әуе кемесінің бортында авариялық жағдай туындаған жағдайда іс-қимылдары туралы қажетті ақпараты болады.

      22. Пайдаланушы әуе кемесімен тасымалдауға қауіпті жүктерді мынадай жағдайларда тасымалдауға қабылдамайды:

      1) егер қауіпті жүктерге, Техникалық нұсқаулықтарда осындай құжаттардың болуы талап етілмейді деп көрсетілген жағдайларды қоспағанда, жүк жөнелтушінің декларациясы болмаса;

      2) Техникалық нұсқаулықтарда қабылдау тәртібіне сәйкес жүк орнын сыртқы буып-түюсіз немесе қауіпті жүк тиелген контейнерін тексеруден өткізбей.

      23. Пайдаланушы осы Қағидалардың 22-тармағын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында қауіпті жүктердің қабылдау-бақылау тізбесін әзірлейді.

      24. Әуе кемесінің бортына қауіпті жүктердің орамдарын және радиоактивті материалдармен жүк контейнерлерді тиеу және оларды орналастыру Техникалық нұсқаулықтарға сәйкес жүзеге асырылады.

      25. "Тек жүк әуе кемесімен" белгісімен қауіпті жүктері бар жүк орындары Техникалық нұсқаулықтардың ережелеріне сәйкес тиеледі.

      26. Жүк орындары, қауіпті жүктермен сыртқы буып-түюлер және радиоактивті материалдары бар жүк контейнерлері әуе кемесінің бортына немесе сыртқы буып-түю болып табылмайтын қауіпті жүктерді орау құралына тиелгенге дейін ағып кету және бүліну белгілерінің болмауына тексеріледі. Аққан және бүлінген жүк орындарын, сыртқы буып-түюлер мен жүк контейнерлерін әуе кемесінің бортына тиеуге рұқсат етілмейді.

      27. Егер әуе кемесінің бортына тиелген қауіпті жүгі бар жүк орны зақымдалған болса немесе ағып кеткен болса, онда пайдаланушы жөнелтуші немесе тиеуді жүзеге асырушы ұйымның мұндай жүк орнын әуе кемесінің бортынан алып тастауы бойынша барлық шараларды қолданады, одан кейін жүк жөнелтілімінің қалған бөлігін ластанудан қорғауды қамтамасыз етеді.

      28. Жүк орындары, қауіпті жүктермен сыртқы буып-түюлер және радиоактивті материалдары бар жүк контейнерлері әуе кемесінен немесе қауіпті жүктерді орау құралдарынан түсіру кезінде бүліну немесе ағып кету белгілерінің болмауы пайдаланушымен тексеріледі. Бүліну немесе ағып кету белгілері анықталған кезде әуе кемесінің бортындағы қауіпті жүктер немесе қауіпті жүктерді орау құралдары орналасқан аймақ бүлінулерді немесе ластануларды анықтау мақсатында тексеріледі.

      29. Әуе кемесі бортында қауіпті жүктердің ағып кетуі немесе бүлінуі нәтижесінде болған қауіпті ластанулар дереу жойылады.

      30. Радиоактивті материалдармен ластанған әуе кемесі кез келген қолжетімді жазықта радиация деңгейі немесе бекітілмеген ластану деңгейі Техникалық нұсқаулықтарда көрсетілген мәндерден төмен болмайынша пайдаланудан шұғыл түсіріледі.

      31. Бір-бірімен қауіпті өзара іс-қимылға түсуі мүмкін қауіпті жүктері бар жүк орындары әуе кемесі бортында қатар немесе ағып кету жағдайында өзара іс-қимылға түсулеріне әкелетін қалыпта орналастырылмайды. Үйлеспейтін қауіпті жүктер бір-бірінен жеке орналасады.

      32. Әуе кемесі бортында улы немесе инфекциялық заттармен жүк орындары Техникалық нұсқаулықтарға сәйкес орналастырылады.

      33. Радиоактивті материалдармен жүк орындары әуе кемесінің бортында адамдардан, жануарлардан немесе шығарылмаған фотопленкадан бөлек, Техникалық нұсқаулықтардың талаптарына сәйкес орналастырылады.

      34. Егер қауіпті жүктер әуе кемесінің бортына осы Қағидаларға сәйкес тиелген болса, онда пайдаланушы қауіпті жүктердің бүлінуден қорғауды қамтамасыз етеді. Қауіпті жүк ұшу уақытында әуе кемесінің бортында қозғалмайтындай етіп бекітіледі. Радиоактивті материалдары бар жүк орындары әуе кемесінің бортында ұшу кезінде осы Қағидалардың 33-тармағын сақтау қамтамасыз етілетіндей бекітіледі.

      35. Егер пайдаланушы қауіпті жүктері бар орындарда жоғалу, бекітпенің бұзылу немесе қауіптілік белгілерінің сәйкессіздігін анықтаса, онда ол қауіпті жүктерді тасымалдау құжатында келтірілген ақпаратты есепке ала отырып, тиісті қауіптілік белгілерімен ауыстыруды жүзеге асырады.

      36. Әуежайлар әкімшілігі және пайдаланушылар Техникалық нұсқаулықтарға сәйкес әуе кемесінің бортында тасымалдауға рұқсат етілмеген қауіпті жүктердің түрлері туралы жолаушылар ескертілетіндей етіп жолаушыларға ақпаратты ұсынуды қамтамасыз етеді.

      37. Әуеде қауіпті жүктерді тасымалдау кезінде жұмылдырылған жүк жөнелтушілер, пайдаланушылар және басқа да ұйымдар ұрлау және адамдардың өміріне, мүлігіне немесе қоршаған ортаға қауіп төндіруі мүмкін қауіпті жүктерді тиісінше пайдаланбау жағдайларын азайту мақсатында авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлігінде Заң талаптарына және Техникалық нұсқаулықтарға сәйкес қауіпті жүктердің авиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

      38. Әуеде қауіпті жүктерді тасымалдау кезінде жұмылдырылған жүк жөнелтушілер, пайдаланушылар және басқа да ұйымдар Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес қауіпсіздік техникасы мен санитарлық гигиена бойынша талаптарды сақтауды қамтамасыз етеді.

      39. Пайдаланушылар, жүк жөнелтушілер және басқада ұйымдар өз персоналына қауіпті жүктерді тасымалдаумен байланысты міндеттерді орындау үшін қажетті ақпаратты ұсынады және қауіпті жүкпен авариялық жағдай туындаған кездегі іс-қимылдары туралы нұсқаулар береді. Рәсімдері бар қажетті ақпарат Техникалық нұсқаулықтарға және Әуе кемелеріндегі қауіпті жүктермен байланысты оқыс оқиғалар жағдайында авариялық жағдайдағы іс-қимылдар тәртібі туралы нұсқаулыққа сәйкес әзірленеді.

      40. Қауіпті жүктері бар әуе кемесінің бортында ұшу кезінде авариялық жағдай туындаған кезде, әуе кемесінің командирі Техникалық нұсқаулықтарға және Әуе кемелеріндегі қауіпті жүктермен байланысты оқыс оқиғалар жағдайында авариялық жағдайдағы іс-қимылдар тәртібі туралы нұсқаулыққа сәйкес әуе кемесінің барлық қауіпті жүктері туралы әуе кемесінің қонуын әуежайға беру мақсатында ол туралы әуе қозғалысына қызмет көрсету органына хабарлайды.

      41. Қауіпті жүктері бар әуе кемелері бортында авиациялық оқиға немесе күрделі авиациялық оқыс оқиға туындаған жағдайда, әуе кемесін пайдаланушы дереу әуе кемесінің бортындағы қауіпті жүктер туралы мәліметті (әуе кемесінің командиріне ұсынылған жазбаша ақпаратта қамтылған) жібереді. Пайдаланушы авиациялық оқиға немесе күрделі авиациялық оқыс оқиға болған мемлекеттің және пайдаланушы мемлекеттің азаматтық авиация саласындағы тиісті уәкілетті органдарына 24 сағат ішінде мәлімет береді.

      42. Күрделі авиациялық оқыс оқиға болған жағдайда қауіпті жүгі бар әуе кемесінің пайдаланушысы дереу сұрау салу бойынша осы оқыс оқиғаға байланысты жұмылдырылған авариялық қызметтерге және авиациялық күрделі оқыс оқиға болған мемлекеттің азаматтық авиация саласындағы тиісті уәкілетті органына әуе кемесінің бортындағы қауіпті жүктер туралы (әуе кемесінің командиріне ұсынылған жазбаша ақпаратта қамтылған) мәліметті хабарлайды.

3-тарау. Азаматтық әуе кемелерімен қауіпті жүктерді тасымалдау кезіндегі шектеулер

      43. Осы Қағидаларда және Техникалық нұсқаулықтарда көрсетілген жағдайлардан басқа қауіпті жүктерді азаматтық әуе кемелерімен тасымалдауға тыйым салынады.

      44. Техникалық нұсқаулықтарда әдеттегі жағдайда әуе кемелерімен тасымалдауға тыйым салынған ретінде көрсетілген қауіпті жүктерді және осы Қағидалардың 48-тармағына сәйкес босату немесе жөнелтуші мемлекет бекіткенге, бергенге сәйкес қауіпті жүктерді тасымалдау мүмкіндігі туралы Техникалық нұсқаулықтарда нұсқауы болмаған кезде жұқпалы жануарларды әуе кемелерімен тасымалдауға тыйым салынады.

      45. Әр түрлі жағдайларда әуе кемелерімен тасымалдау үшін тыйым салынғандар ретінде Техникалық нұсқаулықтарда көрсетілген кез келген түрдегі азаматтық әуе кемелерімен қауіпті жүктерді тасымалдауға тыйым салынады.

      46. Техникалық нұсқаулықтарда көзделген жағдайлардан басқа, қауіпті жүктер әуе кемесінің жолаушылар салонында немесе әуе кемесінің экипаж кабинасында тасымалданбайды.

      47. Қауіпті жүктерді орау құралы, оларда орналасқан қауіпті жүктердің ағып кетуін немесе бүлінуінің жоқтығын анықтайтын тексеруге дейін әуе кемесінің бортына тиеуге жол берілмейді.

4-тарау. Азаматтық әуе кемелерімен қауіпті жүктерді тасымалдауға тыйым салудан босату

      ЗҚАИ-дың ескертпесі!
      48-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 17.06.2019 № 402 (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      48. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Техникалық нұсқаулықтарға сәйкес ерекше жағдайларда азаматтық әуе кемелерімен қауіпті жүктерді тасымалдауға тыйым салудан босатуды ұсынады:

      1) төтенше жағдайларда;

      2) басқа көлік түрлерін пайдалану орынсыз болғанда;

      3) белгіленген талаптарды нақты сақтау қоғамдық мүдделерге қайшы болғанда.

      Төтенше жағдайлармен туындаған қауіпті жүктерді тасымалдау қажеттілігі мыналармен негізделеді:

      гуманитарлық және экологиялық көмек көрсетумен;

      эпидемиямен;

      ұлттық немесе халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатымен;

      адамдарды құтқарумен (авариялық-құтқару жұмыстары).

      ЗҚАИ-дың ескертпесі!
      49-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 17.06.2019 № 402 (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      49. Қауіпті жүктерді тасымалдауға босатуды алу үшін пайдаланушы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) әуе бойынша бұйымдарды немесе заттарды тасымалдау қажеттілігінің негіздемесі;

      2) Техникалық нұсқаулықтарда көзделген қауіпсіздік деңгейі тең дәрежелі деңгейге қамтамасыз етілетін тасымалдау кезінде көрсетілген негіздеме;

      3) барлық нақтыланған техникалық деректермен жүктің атауы, сыныптауы және БҰҰ тізімі бойынша нөмірі;

      4) ұсынылатын буып-түю жиынтығы;

      5) тасымалдауға жататын жүк орнының саны;

      6) өңдеу түрлері және авариялық жағдайлардағы іс-қимылдар;

      7) жүк жөнелтуші мен жүк алушының атаулары мен мекенжайлары;

      8) ұшып шығу, транзит, межелі әуежайлар, межелі мемлекет, жөнелту мемлекеті және болжамды тасымалдау мерзімдері;

      9) әуе кемесінің ұшу жоспары.

      ЗҚАИ-дың ескертпесі!
      50-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 17.06.2019 № 402 (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      50. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган беретін босатуда мынадай мәліметтер қамтылады:

      1) қауіпті жүктің БҰҰ тізімі бойынша нөмірі, тиісті тиеу атауы және сыныптауы;

      2) буып-түю жиынтығы және қолданылатын саны;

      3) осы Қағидалардың 49-тармағының 6), 7), 8) тармақшаларында аталған ақпарат;

      4) Қазақстан Республикасының аумағына қонбай орындалатын рейстерді қоспағанда қауіпті жүктерді тиеуге және түсіруге қатысты талаптар;

      5) босатудың қолданылу мерзімі (босатуды беру күнінен бастап бір айдан аспайды).

      Босатуды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган береді және бір данасы тиісті пайдаланушыға 10 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде ұсынылады.

      51. Босатуды беру тек жүк әуе кемелерінде қауіпті жүктерді тасымалдауға ғана көзделеді.

      Жолаушылар әуе кемелерінде босату болған жағдайда қауіпті жүктерді тасымалдау жолаушыларсыз орындалады.