Сотталған адамның әлеуметтік пайдалы байланыстарын қолдау үшін ауыстыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 31 мамырдағы № 375 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 14 шілдеде № 15332 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі 88-бабының 4-1-бөлігіне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Сотталған адамның әлеуметтік пайдалы байланыстарын қолдау үшін ауыстыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі баспа және электрондық түрдегі көшірмелерін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін жолдауды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күні ішінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Б.Б. Бисенқұловқа және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы А.Х. Базылбековке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр
полиция генерал-полковнигі
Қ. Қасымов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Бас Прокуроры

      ________________ Ж. Асанов

      2017 жылғы 10 маусым

  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2017 жылғы 31 мамырдағы
№ 375 бұйрығымен бекітілген

Сотталған адамның әлеуметтік пайдалы байланыстарын қолдау үшін ауыстыру қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Сотталған адамның әлеуметтік пайдалы байланыстарын қолдау үшін ауыстыру қағидалары Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексі (бұдан әрі - ҚАК) 88-бабының 4-1-бөлігіне сәйкес әзірленген және сотталғанды қылмыстық-атқару жүйесінің бір мекемесінен (бұдан әрі - мекеме) басқа сол түрдегі мекемесіне әлеуметтік пайдалы байланыстарын қолдау үшін ауыстыру тәртібін айқындайды.

      2. Сотталғанды сол түрдегі басқа мекемеге әлеуметтік пайдалы байланыстарын қолдау үшін ауыстыру (бұдан әрі - ауыстыру) қылмыстық-атқару жүйесі уәкілетті органының (бұдан әрі - ҚАЖ комитеті) жазбаша нұсқауы (бұдан әрі - нарядтар) негізінде жүзеге асырылады.

      3. Сотталғанның жұбайы (зайыбы), жақын туыстары мен туыстары (бұдан әрі - туыстары) "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің 1-бабына сәйкес айқындалады.

2-тарау. Ауыстыру мәселелері бойынша өтініштерді жолдау және қарау

      4. Ауыстыру мәселесін қарау үшін сотталғанның немесе оның туыстарының еркін нысандағы жазбаша өтініштері (бұдан әрі - өтініш) негіз болып табылады.

      5. Ауыстыру мәселесіне бастамашылық еткен туыстары өтінішке олардың:

      1) жеке басын куәландыратын;

      2) сотталғанмен туыстық байланысын растайтын;

      3) тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы құжаттардың көшірмелерін (бұдан әрі - құжаттар) қоса береді.

      6. Егер сотталған өзін ауыстыру туралы өз бетінше жүгінген жағдайда, онда өтініште құжаттарды қоса бере отырып, әлеуметтік пайдалы байланыстарын қолдайтын туыстары көрсетіледі.

      7. Өтінішке қоса берілген өзге де құжаттар қаралмайды және өтінішке берілетін жауаппен қоса кері қайтарылады.

      8. Өтінішті "Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы" Қазақстан Республикасы Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес ҚАЖ комитеті қарайды.

      9. ҚАК-ның 88-бабы 4-1-бөлігінің талаптарына сәйкес сотталғанды ауыстыру оның келісімімен, заңды күшіне енген сот үкімі немесе сот қаулысы болған кезде жүргізіледі.

      10. Мекеме әкімшілігі сотталғанға ҚАК, Заңның, сондай-ақ осы Қағидалардың талаптарын түсіндіреді және қажет болған кезде оған құжаттармен толықтыруды немесе өтініштің мазмұнын түзетуге ұсыныс жасайды.

      11. Сотталғанның өтініші және оған қоса берілген құжаттар мекеме әкімшілігі арқылы ҚАЖ комитетіне өтінішті мекеме әкімшілігі алған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде жолданады.

      Мекеме әкімшілігі сотталғанның өтінішіне мынадай құжаттарды (еркін нысанда):

      сотталғанның жеке ісі бойынша анықтаманы;

      сотталғанның басқа мекемеге ауысу мүмкіндігі туралы медициналық анықтаманы;

      сотталған адамның әлеуметтік пайдалы байланыстары туралы анықтаманы қоса береді.

      ҚАК-ның 95-бабымен белгіленетін мінез-құлқы оң дәрежелі емес немесе теріс мінез-құлық дәрежесіне ие сотталған ауысу туралы өтініш жолдаған жағдайда құжаттарға қосымша сотталғанның ҚАК-ның 88-бабымен және осы Қағидалармен танысқаны туралы еркін нысанда қолхаты қоса беріледі.

      12. Ауыстыру мәселесі бойынша сотталғанның немесе туысының өтініші бойынша мекеме әкімшілігі сотталғанның көрсетілген туыстарымен әлеуметтік пайдалы байланысының бар-жоғын (кездесулер, сауқаттар (бандерольдер), хат алысулар, телефон арқылы сөйлесулер) тексереді.

      13. Мекеме әкімшілігі жарты жылда кемінде бір рет сотталғандардың қандай адамдармен әлеуметтік пайдалы байланысты қолдайтыны туралы мәліметті анықтау мәніне сауалнама жүргізеді және сотталғандардың жеке істеріне түзетулер енгізеді.

3-тарау. Өтініш бойынша шешім қабылдау және сотталғанды ауыстыру

      14. Қылмыстық-атқару жүйесінің аумақтық органдары ҚАЖ комитетінің Арнайы есепке алу бөліміне мекемелердегі орын лимиті мен толтырылуы туралы мәліметтерді еркін нысанда күн сайын ұсынады.

      15. ҚАЖ комитеті өтінішті қарау қорытындысы бойынша:

      қанағаттандыру туралы;

      қанағаттандырудан бас тарту туралы;

      өтініштің мәні бойынша түсіндірмелер беру туралы шешімдердің бірін қабылдайды.

      16. Өтінішті қарау кезінде мынадай негізгі өлшемшарттар сақталады:

      сотталғанның бірінші, екінші немесе үшінші оң мінез-құлық дәрежесі;

      әлеуметтік пайдалы байланысын растайтын құжаттардың болуы;

      кездесулер, хат алысулар, телефон арқылы сөйлесулер, сауқаттар (бандерольдер) жіберу арқылы әлеуметтік пайдалы байланысын растауы;

      мекеменің тиісті түрінің болуы;

      туыстарының тұрғылықты жері бойынша тіркелу мерзімі кемінде алты ай болуы;

      осы мекеме үшін бекітілген лимит шегінде мекемеде орындардың болуы.

      17. Мекеме әкімшілігі ҚАЖ комитетінің ауыстыруға нарядын алғаннан кейін, бір тәулік ішінде сотталғанды онымен таныстырады және оны басқа мекемеге ауыстырады.

      18. ҚАК-ның 88-бабының төртінші бөлігіне сәйкес мекемеде құқықтық тәртіпті ұстану үшін ауыстырылған сотталған егер осындай ауыстыруға себеп болған негіздер болмаса, ауыстыруға жатады.

      19. ҚАК-ның 88-бабының үшінші немесе төртінші бөліктері негізінде жіберілген немесе ауыстырылған сотталған ауыстыру туралы өтініші ҚАЖ комитетіне келіп түскен күні тиісті мекемеде орын болған кезде осы Қағидаларға сәйкес ауыстыруға жатады.

      20. Қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу немесе мекемеде құқықтық тәртіпті ұстап тұру үшін бұрын жіберілген немесе ауыстырылған сотталғанды ауыстыру мәселелері бойынша өтініштер осындай ауыстыруға бастамашылық еткен ҚАЖ комитетінің жедел қызметі оны қарайды және ол бойынша шешім шығарады.

      21. ҚАК-ның 96-бабына сәйкес мекеме түрі қауіпсіздігі барынша төмен мекемеге өзгертілген сотталғанды мекеме әлеуметтік пайдалы байланыстарын қолдайтын туыстары тұратын облыстағы немесе бұрынғы не босатылғаннан кейін оның таңдауы бойынша болжамды тұрғылықты жеріндегі қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде орын болған жағдайда өз бетінше ауыстырады.

      Ұстау орны болмаған жағдайда сотталған әлеуметтік пайдалы байланыстарды қолдайтын туыстарының тұрғылықты жеріне немесе бұрынғы не босатылғаннан кейінгі болжамды тұрғылықты жеріне жақын орналасқан қауіпсіздігі барынша төмен мекемеге ауыстырылады.

      22. Сотталғанды басқа мекемеге ауыстырғаннан кейін оның жеке ісіне оны мекеме орналасқан облыстың тұрғынына жатқызу бөлігінде түзетулер енгізіледі.