Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы нарығы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 28 сәуірдегі № 72 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 15 маусымда № 15221 болып тіркелді.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының қаржы нарығы мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі бекітілсін.

      2. Банктерді қадағалау департаменті (Қизатов О.Т.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаздағы және электрондық түрдегі көшірмелерін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және оған енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2017 жылғы 28 сәуірдегі
№ 72 қаулысына
қосымша

Өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының қаржы нарығы мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі

      1. "Екінші деңгейдегі банктердің бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыра алатын туынды бағалы қағаздар мен туынды қаржы құралдары базалық активтерінің тізбесін және оларды сатып алу тәртібін, сондай-ақ қайталама нарықта мемлекеттік бағалы қағаздармен және мемлекеттік емес бағалы қағаздармен, ұйымдаспаған бағалы қағаздар нарығында туынды қаржы құралдарымен мәмілелер жасау жағдайларын белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2007 жылғы 16 шілдедегі № 210 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4892 тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      2-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-1. Екінші деңгейдегі банктер жүргізуін орталық депозитарий жүзеге асыратын ұйымдастырылмаған нарықта жасалған туынды қаржы құралдарымен мәмілелер тізіліміне (бұдан әрі – тізілім) енгізу үшін Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12957 тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 19 желтоқсандағы № 254 қаулысымен бекітілген Орталық депозитарий қызметін жүзеге асыру қағидаларының және орталық депозитарийдің ішкі құжаттарының талаптарына сәйкес апта сайын есепті кезеңнен кейінгі аптаның бірінші жұмыс күні Астана қаласының уақытымен сағат 14-00-ден кешіктірмей орталық депозитарийге ақпарат береді. Ақпарат ақпаратты беру күнінде қолданыста болған, ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған нарықтарда жасалған туынды қаржы құралдарымен барлық мәмілелер, сондай-ақ есепті кезеңде жасалған және орындалған мәмілелер бойынша беріледі.";

      3-1-тармақтың 14) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "14) бас банк пен еншілес банк арасындағы активтер мен міндеттемелерді бірмезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу шеңберінде бағалы қағаздарды және (немесе) өзге де қаржы құралдарын беру бойынша мәмілелер, сондай-ақ бас банк пен ұлттық басқарушы холдинг арасындағы еншілес банктің активтері мен міндеттемелерін беру жөніндегі операцияны жүргізу шеңберінде бағалы қағаздарды және (немесе) өзге де қаржы құралдарын беру жөніндегі мәмілелерді жасау жағдайларын қоспағанда, екінші деңгейдегі банктер ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында мемлекеттік және мемлекеттік емес бағалы қағаздармен қайталама нарықта мәмілелер жасайды.".

      2. "Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығында кастодиандық қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 26 шілдедегі № 184 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8692 тіркелген, 2013 жылғы 17 қазанда "Егемен Қазақстан" газетінде № 233 (28172) жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығында кастодиандық қызметті жүзеге асыру қағидаларында:

      70-1-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "70-1. Осы тарауда белгіленген клиенттердің активтерін жаңа кастодианға беру тәртібі Қағидалардың 60-тармағында, 61-тармағының 1) және 3) тармақшаларында, 62-тармағының 2), 3), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында, 64, 69 және 70-тармақтарында көзделген талаптарды қоспағанда, бас банк (бұдан әрі – бас банк - жаңа кастодиан) пен еншілес банк (бұдан әрі – еншілес банк - кастодиан) арасындағы активтер мен міндеттемелерді бірмезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу шеңберінде кастодианның инвестициялық қордың активтерін жаңа кастодианға беруіне қолданылмайды.".

      3. Күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.10.2018 № 249 (01.01.2019 қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.