РҚАО-ның ескертпесі!
Бұйрықтың күшін жою көзделген – ҚР Қаржы министрінің 05.05.2018 № 519 (13.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 30 қарашадағы Заңының 9-бабы 1-тармағына және 10-2-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. "Бағалау қызметінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 115 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10580 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 8 шілдеде жарияланған) келесі өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
осы бұйрықпен бекітілген "Зияткерлік меншік объектілерінің және материалдық емес активтердің құнын бағалау" бағалау стандартына келесі өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
1-тармақ келесі редакцияда жазылсын:
"1. Осы зияткерлiк меншiк объектiлерiнiң және материалдық емес активтердiң құнын бағалау стандарты (бұдан әрі – Стандарт) "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметi туралы" Заңның негiзiнде халықаралық бағалау стандарттарын пайдаланумен әзiрленген және зияткерлiк меншiк пен материалдық емес активтердi бағалау әдiстерiне қойылатын негізгі талаптарды белгiлейдi. Стандарт Қазақстан Республикасы аумағындағы зияткерлiк меншiк объектiлерi мен материалдық емес активтердiң барлық түрлерiн бағалау үшiн қолданылады.";
2 және 3-тармақтар келесі редакцияда жазылсын:
"2. Осы стандартта мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) алу (экстракция) – жанама салыстыру әдiсi. Ол материалдық және материалдық емес активтердiң рентабельдiлiгiнiң орташа салалық көрсеткiштерi бар кәсiпорынның нақты рентабельдiлiгiн талдау арқылы материалдық емес активтердiң есептiк құнын бередi;
2) бағалау объектiсi құнының қорытынды шамасы - бағалаушының бағалаудың түрлi амалдары мен әдiстерiн пайдалану кезiнде бағалау объектiсiнiң құнын есептеу нәтижелерiн негiздеп жалпылау қорытындысы ретiнде алынған бағалау объектiсi құнының шамасы;
3) бiрiктiрiлген төлем - роялти мен тұтас төлемдi қамтитын лицензиялық төлем;
4) дисконттау (капиталдандыру) – болашақтағы ақша ағындарын бағалау объектiсiнiң ағымдағы құнына қайта есептеу;
5) дисконттау ставкасы – болашақта төлеуге немесе алуға жататын ақша сомасын бүгiнгi құнға айырбастау үшiн пайдаланылатын, зияткерлiк меншiк объектiлерiнiң құнын бағалау кезiнде пайдаланылатын кіріс ставкасы;
6) зияткерлiк меншiк – зияткерлiк шығармашылық қызметтiң нәтижесi және оған теңестiрiлген заңды тұлғаларды, жеке және заңды тұлғалардың өнiмдерiн, олар орындайтын жұмыстар мен қызметтердi (фирмалық атаулар, тауарлық белгi, қызмет көрсету белгiсi және тағы басқа) дараландыру құралдары;
7) өнеркәсіптік меншік объектілері – өнертабыстар, өнеркәсіптік үлгілер, пайдалы модельдер, селекциялық жетістіктер, тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары, тауар шығарылған жерлердiң атаулары, фирмалық атаулар;
8) зияткерлiк меншiк құқығы объектiсiн пайдалы қолданудың қалдық мерзiмi - бағалау күнiнен бастап зияткерлiк меншiк құқығы объектiсiн пайдалы қолданудың мерзiмi аяқталғанға дейiнгi кезең;
9) кіріс мультипликаторы – сату бағасы немесе мүлiк құны және орташа жылдық кіріс немесе оның күтiлген шамасы арасындағы арақатынас кірістің жалпы немесе таза шамасына негiзделеді;
10) қорғау құжаттары – өнертабысқа, өнеркәсiп үлгiлерiне, пайдалы модельдерге, селекциялық жетістіктерге патенттер, тауар таңбаларына, қызмет көрсету таңбаларына, тауар шығарылған жерлердiң атауларына куәліктер;
11) лицензиялық төлем – лицензиялық шарт нысаны болып табылатын зияткерлiк меншiк құқығы объектiсiн пайдалану құқығын бергенi үшiн төлем. Лицензиялық төлемдерге тұтас төлем, роялти және бiрiктiрiлген төлем жатады;
12) лицензиялық шарт – өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне айрықша құқықтар иесi (лицензиар) басқа тарапқа (лицензиатқа) өнеркәсiптiк меншiктiң тиiстi объектiсiн уақытша белгiлi бiр жолмен пайдалану құқығын беру шарты;
13) материалдық емес активтер – бұл физикалық нысаны жоқ, экономикалық құрамға ие, өзінің құқық иеленушісіне құқық және экономикалық пайда ұсынатын ақшалай емес активтер;
14) опционды орындау бағасы – опциондық шартта көзделген мерзiм iшiнде бағалы қағазды шарттасқан көлемде және алдын ала келiсiлген баға бойынша сатып алу ("колл") немесе сату ("пут") құқығын беретiн мәмiле бағасы;
15) өнiмдi өткiзуден түскен пайда – есептiк кезеңде өнiмдi сатудан алынған өндiрiлген өнiм көлемiнiң табиғи өлшемi оның бағасына тең болатын қаражат сомасы;
16) роялти – нақты тұрақты ставкалар ретiнде белгiленетiн және лицензиат нақты келiсiлген уақыт мерзiмiнен кейiн лицензиарға төлеп тұратын тұрақты пайыздық аударымдар;
17) таза ақша ағыны – табыс салығын, капиталдық шығындарды және таза айналым капиталының өсуiн есептен шығарғандағы таза операциялық пайда мен амортизация сомасына тең, операциялық кезең бойында алынған ақшалай қаражат көлемi;
18) тарату (аллокация) – жанама салыстыру тәсiлi, бұл ретте материалдық емес активтер мен материалдық активтер құнының арасындағы арақатынас әзiрленедi. Салыстыру мақсатында материалдық емес активтер мен активтер арасындағы жалпы нарықтық құнды таратуға арналған шара нәтижесi болып табылады.
3. Осы стандарт мақсаты үшін келесілер бағалау объектілері болып таныла алады:
1) зияткерлік шығармашылық қызмет нәтижелеріне айрықша құқықтар;
2) азаматтық айналымға қатысушылардың, тауарлар, жұмыстар мен қызмет көрсетулердi дараландыру құралдарына айрықша құқықтар;
3) іскерлік беделділік (гудвилл).";
7-тармақ келесі редакцияда жазылсын:
"7. Материалдық емес активтер нарықтық құнын бағалау мынадай жағдайларда жүргiзiледі:
1) халықаралық стандарттарға сәйкес қаржылық есептiлiк үшiн активтердi бағалау кезiнде;
2) кепiл мәнiнiң құнын анықтау кезiнде, оның iшiнде ипотека кезiнде;
3) мүлiктiк салымдардың жарғылық капиталға құнын анықтау кезiнде;
4) банкроттық рәсiмдер барысында борышкер мүлкiнiң құнын анықтау кезiнде;
5) ақысыз алынған мүлiктiң құнын анықтау кезiнде;
6) зияткерлiк меншiк объектiлерiн және оларды пайдалануда құқық иелерiнiң тәуекелiн сақтандыру кезiнде;
7) зияткерлiк меншiк құқығының бұзылуы салдарынан құқық иесiне келтiрiлген залалды анықтау кезiнде;
8) зияткерлiк меншiк объектiлерiнiң құқықтарын беру және оларды пайдалануға лицензия беру кезiнде.";
10-тармақтың үшінші бөлігі келесі редакцияда жазылсын:
"Нақты шығындар әдісінің негізіне зияткерлiк меншiктiң нақты объектiсiн жасау (сатып алу), сынау және жоспарланған ескіру мен пайданы ескерумен сүйемелдеу, салық және мiндеттi төлемдер үшiн қажеттi материалдық шығындардың көрсеткiштерi салынған. Бұл әдiс басқа әдiстермен бағалау үшiн бағдар ретiнде және баланстық есепке қою үшiн кәсiпорынның өзiнде құрылған зияткерлiк меншiк объектiлерiн бағалау, лицензияның минималды бағасын айқындау үшiн пайдаланылады.";
келесі мазмұндағы 12-тармақпен толықтырылсын:
"12. Жағымды іскерлік беделділіктің (гудвилл) құнын анықтау кезінде бағалау мақсаты үшін бизнестен немесе активтен туындайтын оның құрамына кіретін осы бизнестен немесе активтер тобынан ажыратылмайтын кез-келген болашақтағы экономикалық пайда анықталады. Осындай пайданың мысалдары ретінде бизнестерді біріктіру (өзге актвитер құнында көрсетілмеген операциялық шығындарды азайту және көлемнен үнемдеу) нәтижесінде туындайтын тиімділіктің артуы, ұйымдастырушылық капитал (мәселен, жаңа желі құру нәтижесінде немесе жаңа нарыққа шығу мүмкіндіктері және т.б.) болуы мүмкін.
Іскерлік беделділік құны ұйымдастыру құнынан (сатып алу бағасы) нақты немесе әлеуетті міндеттемелерді ескере отырып, түзетілген ақшадай және материалдық емес активтерді қоса алғанда барлық анықталатын материалдық активтерді алып тастағаннан кейінгі қалған соманы білдіреді.".
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы департаменті:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелген күнінен бастап он күнтізбелік күн ішінде оның көшірмелерін Қазақстан Республикасы Нормативтік-құқықтық актілерінің эталонды бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің интернет-ресурсына орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Әділет министрі |
М. Бекетаев |