Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 2016 жылғы 11 тамыздағы № 51 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 5 қыркүйекте № 6610 болып тіркелді

Жаңартылған
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-3-тармағына, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, Қостанай аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Қоса беріліп отырған Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.
      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2016 жылғы 5 мамырдан бастап туындаған қатынастарға таратылады.
      Қостанай аудандық мәслихатының
кезектен тыс сессиясының төрағасы
Б. Утебекова
      Қостанай аудандық мәслихаты
хатшысының міндетін атқарушы
А. Аксаутова

      Қостанай ауданы әкімдігінің "Жұмыспен
      қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі"
      мемлекеттік мекемесінің басшысы
      ___________________ В. Панин
      11 тамыз 2016 жыл
      Қостанай ауданы әкімдігінің "Экономика және
      қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің басшысы
      ___________________ З. Кенжегарина
      11 тамыз 2016 жыл

  Мәслихаттың
2016 жылғы 11 тамыздағы
№ 51 шешімімен бекітілген

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидалары (бұдан әрi - Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына, "Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың үлгiлiк қағидаларын бекiту туралы" 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысына (бұдан әрi - Үлгілік қағидалар) сәйкес әзiрлендi және әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың тәртiбiн белгiлейдi.
      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі - уәкілетті ұйым) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
      2) арнайы комиссия - өмiрлiк қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтiк көмек көрсетуге үмiткер адамның (отбасының) өтiнiшiн қарау бойынша Қостанай ауданы әкiмiнiң шешiмiмен құрылатын комиссия;
      3) атаулы күндер - жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;
      4) ең төменгі күнкөрiс деңгейi - Қостанай облысындағы статистикалық органдар есептейтiн мөлшерi бойынша ең төмен тұтыну себетiнiң құнына тең, бiр адамға қажеттi ең төмен ақшалай кiрiс;
      5) мереке күндері - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
      6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы - отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
      7) өмiрлiк қиын жағдай - азаматтың тыныс-тiршiлiгiн объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетiнше еңсере алмайтын ахуал;
      8) уәкiлеттi орган - жергiлiктi бюджет есебiнен қаржыландырылатын, әлеуметтiк көмек көрсетудi жүзеге асыратын облыстық маңызы бар қаланың халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы атқарушы органы;
      9) учаскелiк комиссия - әлеуметтiк көмек алуға өтiнiш бiлдiрген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргiзу және қорытындылар дайындау үшiн ауылдық округтер, ауылдар, Затобол кенті әкiмдерiнiң шешiмiмен құрылатын комиссия;
      10) халықты жұмыспен қамту орталығы - ауданның жергілікті атқарушы органы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды және "Халықты жұмыспен қамту туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында құратын мемлекеттік мекеме;
      11) шекті шама - әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 05.12.2016 № 70 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 01.01.2017 туындаған қатынастарға таратылады) шешімімен.
      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы органмен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ мереке күніне ақшалай нысанда көрсететін көмек түсініледі.
      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.
      5. Жеңiс күнi - 9 мамыр мереке күнi болып табылады.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      6. Ай сайынғы әлеуметтiк көмек табыстарын есептемегенде:
      1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары және мүгедектеріне, тұрмыстық қажеттіліктеріне, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерде;
      2) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жағынан теңестiрiлген адамдарға, соғыс қатысушыларына жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жөнінде теңестiрiлген адамдардың басқа санаттарына, тұрмыстық қажеттiлiктеріне, 3 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерде көрсетiледi.
      7. Біржолғы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған келесі азаматтарға, сондай-ақ мереке күніне азаматтардың жекелеген санаттарына:
      1) барлық санаттағы мүгедектерге, емделуге және тексерілуге, табыстарын есепке алмай, 50 айлық есептiк көрсеткiштен артық емес мөлшерде;
      1-1) бiлiм беру гранттарының иегерлерi, техникалық және кәсiптiк, орта білімнен кейiнгi және жоғары бiлiм алуға, сондай-ақ, екiншi техникалық және кәсiптiк, орта білімнен кейiнгi, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм алу үшiн мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен төлемдердiң өзге де түрлерiн алушылары болып табылатын мүгедектердi қоспағанда Қостанай ауданының аумағында тұратын және Қазақстан Республикасының оқу орындарында техникалық және кәсiптiк, орта білімнен кейiнгi және жоғары бiлiм алатын мүгедектерге, оның iшiнде мүгедек балаларға тиiстi бiлiм беру ұйымдарында оқытудың нақты құнының төлемімен 100 пайыз мөлшерiнде, бірақ жылына 200 айлық есептік көрсеткіштен артық емес;
      2) білім беру ұйымында оқуды төлеуге бағытталған, білім беру гранттарының иелері болып табылатын адамдарды, мемлекеттік бюджеттен төлемдердің өзге түрлерін алушыларды есептемегенде, жүгінген күннің алдындағы соңғы он екі айда жан басына шаққандағы орташа табысы Қостанай облысы бойынша белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейі шамасынан төмен табыстары бар отбасылардың жастарына, сондай-ақ табыстарын есепке алмай, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын, жергілікті бюджет қаражаты есебінен оқуын жалғастыратын жастарға, нақты шығындар бойынша, алғашқы техникалық және кәсіптік білім, орта білімнен кейінгі және жоғары білімді алуға байланысты оқудың күндізгі нысанын төлеу үшін, оқу жылы ішінде екі бөлініп аударылатын, 400 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;
      3) мамандандырылған туберкулезге қарсы медициналық ұйымнан шығарылған, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын адамдарға, қосымша тамақтануға, табыстарын есепке алмай, 15 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;
      4) жүгінген тоқсанның алдындағы тоқсанда, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасынан төмен табыстары бар отбасылардың адамдарына, қайтыс болған күні халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген, қайтыс болған туыстарын, жұбайларын жерлеуге, сондай-ақ табысы аз отбасылардың кәмелетке толмаған балаларын жерлеуге, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерде;
      5) жүгінген тоқсанның алдындағы тоқсанда, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейі шамасынан төмен табыстары бар отбасылардың адамдарына, тұрмыстық қажеттіліктеріне, 7 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;
      6) табиғи зiлзаланың немесе өрттiң салдарынан зардап шеккен азаматқа (отбасына), табыстарын есепке алмай, 30 айлық есептiк көрсеткiштен артық емес мөлшерде;
      7) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, Ұлы Отан соғысындағы Жеңiс күнiне орай, табыстарын есепке алмай, 150000 теңге мөлшерде;
      8) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жағынан теңестiрiлген адамдарға, соғыс қатысушыларына жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жөнінен теңестiрiлген адамдардың басқа санаттарына, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусымнан бастап 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (әскери қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегi мен мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталмаған адамдарға, Ұлы Отан соғысындағы Жеңiс күнiне орай, 5 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерде көрсетiледi.
      Ескерту. 7 - тармаққа өзгеріс енгізілді - Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 05.12.2016 № 70 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 01.01.2017 туындаған қатынастарға таратылады) шешімімен.
      8. Азаматтарды өмiрлiк қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшiн мыналар:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негiздемелер;
      2) табиғи зiлзаланың немесе өрттiң салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкiне зиян келтiру не әлеуметтiк мәнi бар аурулардың болуы;
      3) жергілікті өкілді органдар ең төменгі күнкөрiс деңгейiне еселiк қатынаста белгiлейтiн шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы негіздеме болып табылады.
      9. Жан басына шаққандағы орташа табыстың шегi Қостанай облысы бойынша бiр еселiк ең төмен күнкөрiс деңгейi мөлшерiнде белгіленсін.
      10. Табиғи зiлзаланың немесе өрттiң салдарынан өмiрлiк қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтiк көмек көрсетiлген жағдайлар туындаған күнінен бастап үш айдан кешiктiрiлмей көрсетiледi.
      11. Әрбiр жекелеген жағдайда көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек мөлшерiн арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытындыда көрсетедi.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      12. Мереке күнiне әлеуметтiк көмек алушылардан өтiнiштер талап етiлмей уәкiлеттi ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергiлiктi атқарушы орган бекiтетін тiзiм бойынша көрсетiледi.
      13. Ай сайынғы әлеуметтiк көмек осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетiлген, осы Қағидалардың күшіне енгеніне дейін алған адамдарға алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі. Қайта жүгінген адамдар өтінішке қоса мынадай құжаттарды:
      1) жеке басын куәландыратын құжатты;
      2) өтініш берушінің әлеуметтік мәртебесін растайтын құжатты;
      3) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты ұсынады.
      14. Өмiрлiк қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтiк көмек алу үшiн өтiнiш берушi өзiнiң немесе отбасының атынан уәкiлеттi органға өтiнiшке қоса мынадай құжаттарды:
      1) жеке басын куәландыратын құжатты;
      2) тұрақты тұрғылықты жерi бойынша тiркелгенiн растайтын құжатты;
      3) Үлгiлiк қағидалардағы 1-қосымшасына сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәлiметтердi;
      4) осы Қағидалардың 7-тармағының 3)6)7)-тармақшаларында көрсе-тiлген адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәлiметтердi;
      5) өмiрлiк қиын жағдайдың туындағанын растайтын актiнi және/немесе құжатты ұсынады.
      15. Құжаттар салыстырып тексеру үшiн түпнұсқаларда және көшiрмелерде ұсынылады, содан кейiн құжаттардың түпнұсқалары өтiнiш берушiге қайтарылады.
      16. Өмiрлiк қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтiк көмек көрсетуге өтiнiш келiп түскен кезде уәкiлеттi орган бір жұмыс күнi iшiнде өтiнiш берушiнiң құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргiзу үшiн учаскелiк комиссияға жiбередi.
      17. Учаскелiк комиссия құжаттарды алған күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде өтiнiш берушiге тексеру жүргiзедi, оның нәтижелерi бойынша Үлгiлiк қағидалардың 23-қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы актi жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтiк көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкiлеттi органға немесе ауылдық округтер, ауылдар, Затобол кенті әкімдеріне жiбередi.
      Ауылдық округтер, ауылдар, Затобол кенті әкiмдерi учаскелiк комиссияның актiсi мен қорытындысын алған күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде оларды қоса берiлген құжаттармен уәкiлеттi органға жiбередi.
      18. Әлеуметтiк көмек көрсету үшiн құжаттар жетіспеген жағдайда уәкiлеттi орган әлеуметтiк көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшiн қажеттi мәлiметтердi тиiстi органдардан сұратады.
      19. Өтiнiш берушiнің қажеттi құжаттарды олардың бүлiнуiне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкiндiгi болмаған жағдайда уәкiлеттi орган тиiстi мәлiметтердi қамтитын өзге уәкiлеттi органдар мен ұйымдардың деректерi негiзiнде әлеуметтiк көмек көрсету туралы шешiм қабылдайды.
      20. Уәкiлеттi орган учаскелiк комиссиядан құжаттар келiп түскен күннен бастап бiр жұмыс күнi iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеудi жүргiзедi және құжаттардың толық топтамасын арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
      21. Арнайы комиссия құжаттар келiп түскен күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтiк көмектiң мөлшерiн көрсетедi.
      22. Уәкiлеттi орган өтiнiш берушiнiң әлеуметтiк көмек алуға қажеттi құжаттарын тiркеген күннен бастап сегiз жұмыс күнi iшiнде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытындысының негiзiнде әлеуметтiк көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.
      Осы Қағидалардың 18 және 19-тармақтарында көрсетiлген жағдайларда уәкiлеттi орган өтініш берушіден құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күнi iшiнде әлеуметтiк көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.
      23. Уәкiлеттi орган шешiм қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде қабылданған шешiм туралы (бас тартқан жағдайда - негiздемесiн көрсете отырып) өтiнiш берушiнi жазбаша хабардар етедi.
      24. Әлеуметтiк көмек көрсетуден бас тарту:
      1) өтiнiш берушi ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған;
      2) өтiнiш берушi адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргiзуден бас тартқан, жалтарған;
      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы мөлшерінің ең төмен күнкөріс деңгейінен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.
      25. Әлеуметтік көмек төлемі алушының таңдауы бойынша ол таңдаған екінші деңгейдегі банктің жеке шоттарының деректемелері көрсетілген өтініші негізінде, екінші деңгейдегі банктер арқылы немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы бар ұйымдар арқылы жүзеге асырылады.
      26. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Қостанай ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      27. Әлеуметтік көмек:
      1) алушы қайтыс болған;
      2) алушы тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;
      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;
      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.
      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.
      28. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      29. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің деректер қорын пайдалана отырып жүргізеді.