Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Қостанай облысы Қамысты ауданы мәслихатының 2016 жылғы 16 тамыздағы № 52 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 2 қыркүйекте № 6607 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-3-тармағына сәйкес Қамысты аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.

      2. Қамысты аудандық мәслихатының 2015 жылғы 22 желтоқсандағы № 333 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6142 тіркелген, 2016 жылғы 8 сәуірде "Қамысты жаңалықтары – Камыстинские новости" газетінде жарияланған) шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрайымы Н. Досмұхамбетова
      Қамысты аудандық
мәслихатының хатшысы
С. Қыстаубаева

      "Қамысты ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту

      және әлеуметтiк бағдарламалар бөлімі"

      мемлекеттiк мекемесінің басшысы

      _______________________ А. Мақаева

      2016 жылғы 16 тамыз

  Мәслихаттың
2016 жылғы 16 тамыздағы
№ 52 шешімімен бекітілген

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      4) ең төменгі күнкөріс деңгейі – облыстардағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы статистикалық органдар есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      5) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      7) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      8) уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), қаладағы ауданның халықты әлеуметтік қорғау саласындағы атқарушы органы;

      9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;

      10) халықты жұмыспен қамту орталығы – ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды және "Халықты жұмыспен қамту туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында құратын мемлекеттік мекеме;

      11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қостанай облысы Қамысты ауданы мәслихатының 29.03.2019 № 239 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 15.02.2019 бастап туындаған қатынастарға таратылады).

      3. Осы қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы органның мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күнге және мереке күніне ақшалай нысанда көрсететін көмегі түсініледі.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Қамысты ауданы мәслихатының 29.03.2019 № 239 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 15.02.2019 бастап туындаған қатынастарға таратылады).

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.

      5. Кеңес әскерлерін Ауғанстаннан шығару күні – 15 ақпан атаулы күн, Жеңіс күні – 9 Мамыр мереке күні болып табылады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Қамысты ауданы мәслихатының 29.03.2019 № 239 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 15.02.2019 бастап туындаған қатынастарға таратылады).

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      6. Ай сайынғы әлеуметтік көмек табыстарын есепке алмай:

      1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, тұрмыстық қажеттіліктерге, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген адамдарға, соғысқа қатысушыларға жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген адамдардың басқа да санаттарына, тұрмыстық қажеттіліктерге, 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.

      7. Біржолғы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған келесі азаматтарға, сондай-ақ атаулы күнге және мереке күніне азаматтардың жекелеген санаттарына:

      1) барлық санаттағы мүгедектерге, емделуге және тексерілуге, табыстарын есепке алмай, 50 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерінде;

      2) барлық санаттағы мүгедектерге, олардың шипажайлар мен оңалту орталықтарына жол жүруімен және кері қайтуымен байланысты шығындарын өтеуге, табыстарын есепке алмай, 3 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерінде;

      3) мамандандырылған туберкулезге қарсы медициналық ұйымнан шығарылған, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын адамдарға, қосымша тамақтануға, табыстарын есепке алмай, 15 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерінде;

      4) Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында нақты құны бойынша оқуға ақы төлеу үшін, білім беру гранттарының иелері болып табылатын адамдарды мемлекеттік бюджеттен өзге төлемдердің түрлерін алушыларды есептемегенде, алғашқы техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім алатын тұлғаларға, оқу жылы iшiнде екi бөлiніп

      аударылатын 400 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерінде, оның ішінде:

      өтініш жасаудың алдындағы соңғы он екі айда жан басына шаққандағы орташа табысы Қостанай облысы бойынша белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейі (бұдан әрі – ең төмен күнкөріс деңгейі) төмен табыстары бар отбасылардың жастарына, сондай-ақ табыстарын есепке алмай, жергілікті бюджет қаражаты есебінен оқуын жалғастыратын халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын жастарға;

      табыстарын есепке алмай, мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасының ұсынымы бар, барлық санаттағы мүгедектерге;

      5) өтiнiш жасалған тоқсанның алдындағы тоқсанда жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгi күнкөрiс деңгейiнен төмен табыстары бар отбасылардың адамдарына, қайтыс болған күнi халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретiнде тiркелген, қайтыс болған туыстарын, жұбайларын жерлеуге, сондай-ақ табысы аз отбасылардың кәмелетке толмаған балаларын жерлеуге, 15 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде;

      6) өтiнiш жасалған тоқсанның алдындағы тоқсанға жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгi күнкөрiс деңгейiнен төмен табыстары бар отбасылардың адамдарына, тұрмыстық қажеттiлiктеріне, 7 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде;

      7) табиғи зiлзаланың немесе өрттiң салдарынан зардап шеккен азаматқа (отбасына), табыстарын есепке алмай, 50 айлық есептiк көрсеткiштен артық емес мөлшерінде;

      8) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне орай, 150 000 теңге мөлшерінде;

      9) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жағынан теңестiрiлген адамдарға, соғыс қатысушыларына жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жөнінен теңестiрiлген адамдардың басқа санаттарына, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусымнан бастап 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (әскери қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегi мен мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталмаған адамдарға, Ұлы Отан соғысындағы Жеңiс күнiне орай, 5 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;

      10) жаттығу жиындарына шақырылып, ұрыс қимылдары жүріп жатқан кезде Ауғанстанға жіберілген әскери міндеттілерге, ұрыс қимылдары жүріп жатқан осы елге жүк жеткізу үшін Ауғанстанға жіберілген автомобиль батальондарының әскери қызметшілеріне, бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін ұшулар жасаған ұшу құрамының әскери қызметшілеріне, Ауғанстандағы кеңес әскери құрамына қызмет көрсеткен жараланған, контузия алған немесе зақымданған, яки ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ордендерімен және медальдерімен наградталған жұмысшылар мен қызметшілерге, бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын қорғау кезiнде, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн орындау кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан немесе ұрыс қимылдары жүргізілген Ауғанстанда әскери мiндетiн өтеу кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшiлерге, сондай-ақ Ауғанстандағы ұрыс қимылдары кезеңінде жараланудың, контузия алудың, зақымданудың, ауруға шалдығудың салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына, 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерде көрсетіледі.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қостанай облысы Қамысты ауданы мәслихатының 21.12.2016 № 66 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.03.2017 № 82 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.03.2019 № 239 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 15.02.2019 бастап туындаған қатынастарға таратылады) шешімдерімен.

      8. Азаматтарды өмiрлiк қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшiн мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негiздемелер;

      2) табиғи зiлзаланың немесе өрттiң салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкiне зиян келтiру не әлеуметтiк мәнi бар аурулардың болуы;

      3) жергілікті өкілді органдар ең төменгі күнкөрiс деңгейiне еселiк қатынаста белгiлейтiн шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;

      9. Жан басына шаққандағы орташа табыстың шегi Қостанай облысы бойынша белгiленген бiр еселiк ең төменгi күнкөрiс деңгейi мөлшерiнде орнату.

      10. Табиғи зiлзаланың немесе өрттiң салдарынан өмiрлiк қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтiк көмек көрсетiлген жағдайлар туындаған күнiнен бастап үш айдан кешiктiрiлмей көрсетiледi.

      11. Әрбiр жекелеген жағдайда көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек мөлшерiн арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытындыда көрсетедi.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      12. Атаулы күнге және мереке күніне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкiлеттi ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы орган бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Қамысты ауданы мәслихатының 29.03.2019 № 239 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 15.02.2019 бастап туындаған қатынастарға таратылады).

      13. Осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетiлген адамдар ай сайынғы әлеуметтiк көмектi алу үшiн өтiнiшке қоса мынадай құжаттарды:

      1) жеке басын куәландыратын құжатты;

      2) әлеуметтiк мәртебесiн растайтын құжатты;

      3) тұрақты тұрғылықты жерi бойынша тiркелгенiн растайтын құжатты ұсынады.

      14. Өмiрлiк қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтiк көмек алу үшiн өтiнiш берушi өзiнiң немесе отбасының атынан уәкiлеттi органға немесе ауыл, ауылдық округтiң әкiмiне өтiнiшке қоса мынадай құжаттарды:

      1) жеке басын куәландыратын құжатты;

      2) тұрақты тұрғылықты жерi бойынша тiркелгенiн растайтын құжатты;

      3) Үлгiлiк қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәлiметтердi;

      4) осы Қағидалардың 7-тармағының 4), 5), 6)-тармақшаларында көрсетiлген адамдардың (отбасы мүшелерiнiң) табыстары туралы мәлiметтердi;

      5) өмiрлiк қиын жағдайдың туындағанын растайтын актiнi және/немесе құжатты.

      15. Құжаттар салыстырып тексеру үшiн түпнұсқаларда және көшiрмелерде ұсынылады, содан кейiн құжаттардың түпнұсқалары өтiнiш берушiге қайтарылады.

      16. Өмiрлiк қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтiк көмек көрсетуге өтiнiш келiп түскен кезде уәкiлеттi орган немесе ауыл, ауылдық округтiң әкiмi бiр жұмыс күнi iшiнде өтiнiш берушiнiң құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргiзу үшiн учаскелiк комиссияға жiбередi.

      17. Учаскелiк комиссия құжаттарды алған күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде өтiнiш берушiге тексеру жүргiзедi, оның нәтижелерi бойынша Үлгiлiк қағидалардың 2, 3-қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы актi жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтiк көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкiлеттi органға немесе ауыл, ауылдық округ әкiмiне жiбередi.

      Ауыл, ауылдық округ әкiмi учаскелiк комиссияның актiсi мен қорытындысын алған күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде оларды қоса берiлген құжаттармен уәкiлеттi органға жiбередi.

      18. Әлеуметтiк көмек көрсету үшiн құжаттар жетiспеген жағдайда уәкiлеттi орган әлеуметтiк көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшiн қажеттi мәлiметтердi тиiстi органдардан сұратады.

      19. Өтiнiш берушiнiң қажеттi құжаттарды олардың бүлiнуiне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкiндiгi болмаған жағдайда уәкiлеттi орган тиiстi мәлiметтердi қамтитын өзге уәкiлеттi органдар мен ұйымдардың деректерi негiзiнде әлеуметтiк көмек тағайындау туралы шешiм қабылдайды.

      20. Уәкiлеттi орган учаскелiк комиссиядан немесе ауыл, ауылдық округ әкiмiнен құжаттар келiп түскен күннен бастап бiр жұмыс күнi iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеудi жүргiзедi және құжаттардың толық топтамасын арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      21. Арнайы комиссия құжаттар келiп түскен күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтiк көмектiң мөлшерiн көрсетедi.

      22. Уәкiлеттi орган өтiнiш берушiнiң әлеуметтiк көмек алуға қажеттi құжаттарын тiркеген күннен бастап сегiз жұмыс күнi iшiнде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытындысының негiзiнде әлеуметтiк көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.

      Осы Қағидалардың 18 және 19-тармақтарында көрсетiлген жағдайларда уәкiлеттi орган өтiнiш берушiден немесе ауыл, ауылдық округтiң әкiмiнен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күнi iшiнде әлеуметтiк көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.

      23. Уәкiлеттi орган шешiм қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде қабылданған шешiм туралы (бас тартқан жағдайда – негiздемесiн көрсете отырып) өтiнiш берушiнi жазбаша хабардар етедi.

      24. Әлеуметтiк көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтiнiш берушi ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған;

      2) өтiнiш берушi адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргiзуден бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтiк көмек көрсету үшiн жергiлiктi өкiлдi орган белгiлеген шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.

      25. Әлеуметтiк көмекті төлеу уәкiлеттi органмен екiншi деңгейдегi банктер немесе банктiк операциялардың тиiстi түрлерiне Қазақстан Республикасы Ұлттық банкiнiң лицензиясы бар ұйымдар арқылы әлеуметтiк көмек алушының банктiк шотына ақшалай қаражаттарды аудару арқылы жүзеге асырылады.

      26. Әлеуметтiк көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Қамысты ауданының бюджетiнде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегiнде жүзеге асырылады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      27. Әлеуметтiк көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң шегiнен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелерге тұруға жiберген;

      4) өтiнiш берушi ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтiк көмектi төлеу көрсетiлген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      28. Артық төленген сомалар ерiктi немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өзгеше тәртiппен қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      29. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің деректер қорын пайдалана отырып жүргізеді.