"Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Тұрақтандыру банкін басқару, оларды жасасуға қатысты ерекше шарттар белгіленген мәмілелерді жасасу, консервациялау режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне беру жөніндегі операцияны жүргізу, тұрақтандыру банкінің активтер мен міндеттемелерді сатып алушы банкке беру қағидалары, сондай-ақ тұрақтандыру банкіне берілуге жататын активтер мен міндеттемелердің түрлері бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Қаржы нарығының әдіснамасы департаменті (Әбдірахманов Н.А.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;
3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев A.JI.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.
6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк Төрағасы |
Д. Ақышев |
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 26 желтоқсандағы № 312 қаулысымен бекітілген |
Тұрақтандыру банкін басқару, оларды жасасуға қатысты ерекше шарттар белгіленген мәмілелерді жасасу, консервациялау режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне беру жөніндегі операцияны жүргізу, тұрақтандыру банкінің активтер мен міндеттемелерді сатып алушы банкке беру қағидалары, сондай-ақ тұрақтандыру банкіне берілуге жататын активтер мен міндеттемелердің түрлері
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Тұрақтандыру банкін басқару, оларды жасасуға қатысты ерекше шарттар белгіленген мәмілелерді жасасу, консервациялау режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне беру жөніндегі операцияны жүргізу, тұрақтандыру банкінің активтер мен міндеттемелерді сатып алушы банкке беру қағидалары, сондай-ақ тұрақтандыру банкіне берілуге жататын активтер мен міндеттемелердің түрлері (бұдан әрі - Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы Заңына (бұдан әрі - Банктер туралы заң) сәйкес әзірленді және тұрақтандыру банкін басқару, оларды жасасуға қатысты ерекше шарттар белгіленген мәмілелерді жасасу тәртібін, консервациялау режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне беру жөніндегі операцияны жүргізу, тұрақтандыру банкінің активтер мен міндеттемелерді сатып алушы банкке беру талаптары мен тәртібін, сондай-ақ тұрақтандыру банкіне берілуге жататын активтер мен міндеттемелердің түрлерін айқындайды.
2. Консервациялау режиміндегі банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік (уақытша банк басқарушы) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға (бұдан әрі - уәкілетті орган) оның активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне беру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін, оның ішінде банктің активтері мен міндеттемелерінің бір бөлігін немесе толық көлемде басқа банкке (банктерге) бірмезгілде беру бойынша операцияларды жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда өтініш жасайды.
3. Консервациялау режиміндегі банктің (бұдан әрі - банк) уақытша әкімшілігі активтерді бағалауды жүргізеді және тұрақтандыру банкі қызметінің жоспарын әзірлейді.
2-тарау. Тұрақтандыру банкін басқару, оларды жасасуға қатысты ерекше шарттар белгіленген мәмілелерді жасасу қағидалары
4. Тұрақтандыру банкі өзінің қызметін мынадай ақпаратты қамтитын тұрақтандыру банкі қызметінің жоспарына сәйкес жүзеге асырады:
1) банктің кредиттік портфелінің банк жүйесінің жиынтық қарыздарындағы үлесі, банк тартқан депозиттердің екінші деңгейдегі банктердің жиынтық депозиттеріндегі үлесі;
2) тұрақтандыру банкінің барлық активтері мен міндеттемелерінің сипаттамасы және оларды бағалау туралы мәліметтер;
3) өтімділігі жоғары активтердің және талап етілгенге дейінгі міндеттемелердің сипаттамасы мен мөлшері;
4) активтердің деңгейі төмендеген жағдайда, тұрақтандыру банкінің активтері мен міндеттемелерін, оның ішінде активтерді қайтару (айырбастау) және (немесе) міндеттемелерді қайтару жолымен басқару тәртібі және талаптары;
5) акцияларды өткізу немесе сатып алушы банкке активтерді (міндеттемелерді) сату (беру) талаптары мен тәртібі;
6) тұрақтандыру банкінің шығыстар сметасы және тұрақтандыру банкі қызметінің қаржылық болжамы, оларға мыналар кіреді:
соңғы есепті күндегі жағдай бойынша банктің деректері негізінде жасалған тұрақтандыру банкі құрылған күндегі бухгалтерлік баланс;
тұрақтандыру банкінің қызметі тоқтатылған күндегі болжамдық баланс, пайда мен кіріс туралы болжамдық есеп, ақша қаражатының қозғалысы туралы болжамдық есеп.
5. Тұрақтандыру банкінің міндеттері мыналар болып табылады:
1) тұрақтандыру банкінің активтері мен міндеттемелерін басқа сатып алушы банкке беру жөніндегі операцияларды жүргізу;
2) инвесторға тұрақтандыру банкінің акцияларын тұрақтандыру банкінің меншікті капиталының өсуіне және оның Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес оның жұмыс істеуіне кепілдік беру шартымен өткізу.
6. Тұрақтандыру банкінің функциялары мыналар болып табылады:
1) тұрақтандыру банкінің активтері мен міндеттемелерін басқару, оның ішінде активтердің активтер бойынша тәуекелдерді жабу және міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті мөлшерде болуын, міндеттемелердің тұрақтандыру банкі активтерінен аспайтын деңгейде болуын қамтамасыз ету;
2) қабылданған активтер бойынша қызмет көрсету және төлемдер қабылдау;
3) Банктер туралы заңның 61-3-бабының 4-тармағында белгіленген талаптарды ескере отырып, міндеттемелерді орындау;
4) қабылданған активтердің жай-күйін бағалауды жүргізу және активтердің сапасын жақсарту бойынша іс-шаралар жүргізу.
7. Тұрақтандыру банкі уәкілетті органмен келісім бойынша Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген тәуекелдің барынша төмен деңгейімен операциялар жүргізеді.
8. Тұрақтандыру банкінің барынша төмен тәуекел деңгейі бар операциялары мыналар болып танылады:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі депозиттер;
2) Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі депозиттер мынадай талаптардың біріне сәйкес келген кезде:
банктердің Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВ-"-тен төмен емес ұзақмерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы немесе Standard & Poor's агенттігінің ұлттық шкаласы бойынша "кzВВ-"-тен төмен емес рейтингтік бағасы бар;
банктер Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "АА-"-тен төмен емес ұзақмерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар бейрезидент-бас банктің Қазақстан Республикасының резидент-еншілес банктері болып табылады;
3) Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "АА-"-тен төмен емес ұзақмерзімді және (немесе) қысқамерзімді жеке рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктеріндегі ықтимал залалдар резервін шегергендегі депозиттер (негізгі борыш пен есептелген сыйақы сомаларын ескергенде);
4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарымен жасалған мәмілелер, оның ішінде "РЕПО" операциялары;
5) Standard & Poor's агенттігінің "АА-"-тен төмен емес ұзақмерзімді борыштық рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар шет мемлекеттердің үкіметтері шығарған облигацияларымен жасалған мәмілелер.
9. Тұрақтандыру банкі ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 5 (бесінші) күнінен кешіктірмей уәкілетті органға тұрақтандыру банкі қызметінің жоспарын орындау туралы ақпарат пен мәліметтерді ұсынады.
10. Уәкілетті орган тағайындайтын төраға тұрақтандыру банкін басқаруды жүзеге асырады.
11. Тұрақтандыру банкінің төрағасы өзінің функцияларын жүзеге асыру кезінде Қағидаларды, жарғыны, тұрақтандыру банкі қызметінің жоспарын басшылыққа алады.
12. Тұрақтандыру банкінің төрағасы:
1) тұрақтандыру банкінің ағымдағы қызметіне басшылықты жүзеге асырады;
2) тұрақтандыру банкі қызметінің жоспарына сәйкес тұрақтандыру банкінің қызметін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді;
3) үшінші тұлғалармен қарым-қатынастарда тұрақтандыру банкінің атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
4) үшінші тұлғалармен қарым-қатынастарда тұрақтандыру банкінің мүдделерін білдіру құқығына сенімхат береді;
5) тұрақтандыру банкінің қызметкерлерін қабылдауды, орнын ауыстыруды және жұмыстан шығаруды жүзеге асырады, оларға көтермелеу және тәртіптік жазалау шараларын қолданады, тұрақтандыру банкі қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларының мөлшерін белгілейді;
6) тұрақтандыру банкінің ішкі қызметін реттейтін құжаттарды бекітеді;
7) тұрақтандыру банкінің қызметкерлері арасында міндеттерді, сондай-ақ өкілеттіктер мен жауапкершілік аясын бөліп береді;
8) әлеуетті инвесторлардың ұсыныстарын қарайды және уәкілетті органға ұсыныс енгізеді.
13. Тұрақтандыру банкінің төрағасы уәкілетті органмен келісу бойынша:
1) егер активтер міндеттемелерді жаба алмаса немесе міндеттемелердің мөлшері тұрақтандыру банкін пайыздық тәуекелге және өтімділік тәуекеліне ұшыратса, тұрақтандыру банкінің активтерін және (немесе) міндеттемелерін банкке қайтару туралы шешім қабылдайды;
2) тұрақтандыру банкі активтерінің сапасы нашарлаған кезде тұрақтандыру банкіне бұрын берілген активті банктің басқа активіне айырбастау туралы шешім қабылдайды;
3) қарыз алушылардың төлем жасауға қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін активтерді қайта құрылымдау туралы шешім қабылдайды;
4) жасасуына қатысты ерекше шарттар белгіленген мәмілелерді жасасу туралы шешім қабылдайды;
5) тұрақтандыру банкінің жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
14. Тұрақтандыру банкі активтерінің жалпы мөлшерінің 10 (он) және одан көп пайызынан асатын көлемде жасалатын тұрақтандыру банкінің мәмілелері уәкілетті органмен келісу бойынша жүзеге асырылады.
3-тарау. Консервациялау режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне беру операцияларын жүзеге асыру талаптары мен тәртібі, сондай-ақ тұрақтандыру банкіне берілетін активтер мен міндеттемелердің түрлері
15. Банктің уақытша әкімшілігінің активтер мен міндеттемелерді тұрақтандыру банкіне беруі банк депозиторларының және (немесе) кредиторларының келісімінсіз жүзеге асырылады.
16. Банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне тапсыру берілетін міндеттемелерді жабу үшін жеткілікті мөлшерде активтердің болу шартымен ғана жүзеге асырылады.
17. Тұрақтандыру банкіне тізбесі "Пруденциялық нормативтердің және сақталуға міндетті өзге де нормалар мен белгілі бір күнге банк капиталының мөлшері лимиттерінің нормативтік мәндерін және есептеу әдістемесін және Банктің ашық валюталық позициясын есептеу қағидаларын және лимиттерін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 147 қаулысымен бекітілген, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекетік тіркеу тізілімінде № 13919 тіркелген Пруденциялық нормативтердің және сақталуға міндетті өзге де нормалар мен белгілі бір күнге банк капиталының мөлшері лимиттерінің нормативтік мәндері және есептеу әдістемесінің 63-тармағында көзделген өтімділігі жоғары активтері беріледі.
18. Банктің міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне беру мынадай басымдылық бойынша жүзеге асырылады:
1) бірінші кезекке жеке тұлғалардың депозиттері кіреді;
2) екінші кезекке бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорларының және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының, сақтандыру ұйымдарының, дауыс беретін акцияларының жүз пайызы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамына тиесілі (сенімгерлікпен басқаруға берілген) немесе қызметі республикалық немесе жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын заңды тұлғалардың алдындағы міндеттемелер кіреді;
3) үшінші кезекке өзге заңды тұлғалардың депозиттері кіреді.
4-тарау. Тұрақтандыру банкінің активтер мен міндеттемелерді сатып алушы банкке беру тәртібі және шарттары
19. Тұрақтандыру банкі банктің активтері мен міндеттемелерін қабылдаған күнінен бастап күнтізбелік 5 (бес) күннен кешіктірмей оған активтер мен міндеттемелерді беруді жүзеге асыру үшін сатып алушы банкті, сондай-ақ тұрақтандыру банкінің акцияларын сату үшін инвесторды іздейтіні туралы хабарландыру жариялайды.
20. Хабарландыру Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады және хабарландыруда тұрақтандыру банкі туралы жалпы ақпарат көрсетіледі:
1) тұрақтандыру банкі активтерінің мөлшері, тізбесі және түрлері;
2) тұрақтандыру банкі міндеттемелерінің мөлшері, тізбесі және түрлері;
3) инвесторға және (немесе) сатып алушы банкке қойылатын талаптар;
4) тұрақтандыру банкінің сатып алатын активтері мен міндеттемелері бойынша мөлшерін, түрлері және бағаларын (бағалар ауқымын) алдын ала көрсетумен сатып алушы банктің және (немесе) инвесторлардың қатысуға өтінімдерді ұсыну мерзімдері мен нысандары.
21. Қатысуға өтінімдерді беру мерзімі аяқталған күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде әлеуетті сатып алушы банкті және (немесе) инвесторларды алдын ала іріктеу өткізіледі, олардан конфиденциалдылықты сақтау және коммерциялық және банктік құпияны қорғау бойынша жазбаша міндеттеме қабылдау талап етіледі.
22. Тұрақтандыру банкі әлеуетті сатып алушы банкке және (немесе) инвесторларға активтер мен міндеттемелер туралы мәліметтер берген күнінен бастап күнтізбелік 20 (жиырма) күн ішінде әлеуетті инвесторлар және сатып алушы банк тұрақтандыру банкінің сатып алатын активтері мен міндеттемелерінің мөлшерін, түрлерін және бағаларын көрсете отырып, ұсыныстарын береді.
23. Тұрақтандыру банкі ұсыныстарды беру мерзімі аяқталған күнінен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде жиынтық ақпарат қалыптастырады.
24. Сатып алушы банк мынадай талаптарға сәйкес келеді:
1) депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылады;
2) уәкілетті орган жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, банктік шоттарын ашуға және жүргізуге, заңды тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, банктік шоттарын ашуға және жүргізуге, банктік қарыздық операцияларды және кассалық операцияларды жүргізуге берген лицензияның иегері;
3) орындалмаған ертерек ден қою шаралары және уәкілетті орган қолданған шектеулі ықпал ету шаралары және санкциялары жоқ;
4) соңғы күнтізбелік 3 (үш) ай ішінде пруденциялық нормативтерді орындайды;
5) банктің клиенттеріне қызмет көрсету үшін кем дегенде 10 (он) облыс орталықтарында, астанада, республикалық маңызы бар қалада филиалдары бар.
25. Уәкілетті орган жиынтық ақпаратты қарау нәтижесі бойынша инвесторды немесе тұрақтандыру банкінің активтері мен міндеттемелерін сатып алушы банкті таңдау туралы шешім қабылдайды.
26. Тұрақтандыру банкінің активтері мен міндеттемелерін, сондай-ақ тиісті құжаттарды сатып алушы банкке тапсыру қабылдау-тапсыру актісімен ресімделеді.
Қабылдау-тапсыру актісі мынадай мәліметтерден тұрады:
атауы, түгендеу нөмірі, баланстық, бағалау құны, активтер есепке алынған шоттардың нөмірлері, тұрақтандыру банкінің меншік құқығын растайтын құжаттары көрсетілген тұрақтандыру банкінің берілетін активтерінің мөлшері, тізбесі және түрлері;
дебиторлардың тегі, аты, әкесінің аты (олар бар болса), атауы, дебиторлық берешек сомалары есепке алынған шоттардың нөмірлері, қарыз сомалары, банктік қарыз шарттарының жасалу күні мен нөмірі, банктік қарыз шарттарының қолданыста болу мерзімі, банктік қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі, банктік қарыз бойынша тұрақтандыру банкі алған және есептелген сыйақы сомалары көрсетілген, дебиторлық берешек бойынша берілетін талап ету құқықтарының құны мен тізбесі;
жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша берілетін міндеттемелердің мөлшері, жеке тұлғалар - депозиторлардың тегі, аты, әкесінің аты (олар бар болса), заңды тұлғалар - депозиторлардың атауы көрсетілген депозиттер тізбесі, депозиттердің сомалары ескерілген шоттардың нөмірі, депозит сомасы, банктік шот және (немесе) банктік салым шартының жасалу күні және нөмірлері, шарттың қолданыста болу мерзімі, салым бойынша сыйақы мөлшерлемесі, салым бойынша депозиторлар есептеген және алған сыйақы сомалары;
клиенттер, олар жүргізген операциялар және банктің операциялары туралы, бастапқы құжаттар, клиенттермен қарым-қатынастар тарихы және қабылданатын активтер мен міндеттемелер бойынша құқықтар мен міндеттемелерді тиісінше орындау үшін қажет өзге ақпараттардан тұратын берілетін дерекқор (оның ішінде құжаттардың қағаз нысандағы мұрағаттық сақтау орыны).
27. Тұрақтандыру банкінің жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша міндеттемелерді беру кезінде клиенттердің ақшасы сатып алушы банкке оның жаңадан ашқан банктік шоттарына есептеледі.
28. Тұрақтандыру банкінің активтері мен міндеттемелерін беру және (немесе) акцияларын сату бойынша операцияны жүзеге асырғаны туралы ақпаратты уәкілетті орган Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында және уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында мәміле жасалған күнінен бастап күнтізбелік 7 (жеті) күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде жариялайды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 26 желтоқсандағы № 312 қаулысына қосымша |
Күші жойылды деп танылатын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің құрылымдық элементтерінің тізбесі
1. "Тұрақтандыру банкін басқару, жасалуына ерекше талаптар белгіленген мәмілелерді жасау және тұрақтандыру банкінің қызметін тоқтату ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009 жылғы 5 тамыздағы № 183 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5784 тіркелген, 2009 жылғы 9 қазанда "Заң газеті" газетінде № 154 (1577) жарияланған).
2. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне екінші деңгейдегі банктердің қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2011 жылғы 31 қаңтардағы № 8 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6795 тіркелген, 2011 жылғы 7 қазанда Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілері жинағында № 11 жарияланған) бекітілген Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін екінші деңгейдегі банктердің қызметін реттеу мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 7-тармағы.
3. "Кейбір нормативтік құқықтық актілеріне банк қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 25 ақпандағы № 74 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8436 тіркелген, 2013 жылғы 12 маусымда "Заң газеті" газетінде № 85 (2286) жарияланған) бекітілген Қазақстан Республикасының өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін банк қызметін реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 6-тармағы.