Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын мемлекеттік ұйымдарының және оның ведомстволарының, қазыналық кәсіпорындарының қызметкерлері, азаматтық қызметшілері үшін мамандығы бойынша жұмыс өтілін есептеу қағидасы мен шарттарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2016 жылғы 22 желтоқсандағы № 342 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 25 қаңтарда № 14723 болып тіркелді.

Қолданыстағы

       "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының 4-тармағының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын мемлекеттік ұйымдарының және оның ведомстволарының, қазыналық кәсіпорындарының қызметкерлері, азаматтық қызметшілері үшін мамандығы бойынша жұмыс өтілін есептеу қағидасы мен шарттары бекітілсін.

      2. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Персоналды басқару қызметіне заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қағаз және электрондық түрдегі осы қазақ және орыс тілдеріндегі көшірмесін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдануын;

      3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы тармақпен көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Жауапты хатшысына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Мәдениет және спорт министрі
А. Мұхамедиұлы

       "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау және

      әлеуметтік даму министрі

      _______________ Т. Дүйсенова

      2016 жылғы 26 желтоқсан

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрінің
  2016 жылғы 22 желтоқсандағы
  № 342 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын мемлекеттік ұйымдарының және оның ведомстволарының, қазыналық кәсіпорындарының қызметкерлері, азаматтық қызметшілері үшін мамандығы бойынша жұмыс өтілін есептеу қағидалары мен шарттары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағида Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын мемлекеттік ұйымдарының және оның ведомстволарының, қазыналық кәсіпорындарының қызметкерлері, азаматтық қызметшілері үшін мамандығы бойынша жұмыс өтілін есептеу қағидалары мен шарттарын (бұдан әрі - Қағида), Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің мемлекеттік ұйымдарының мемлекеттік қызметкерлерін қоспағанда (бұдан әрі - қызметкерлер) мемлекеттік тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру саласындағы ұйымдары қызметкерлерінің жұмыс өтілін есептеу тәртібін анықтайды.

       2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

       1) еңбек міндеттері – жұмыскер мен жұмыс берушінің Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінде, жұмыс берушінің актісінде, еңбек, ұжымдық шарттарда келісілген міндеттемелері;

       2) еңбек өтілі – жұмыскер еңбек міндеттерін орындауға жұмсаған, күнтізбемен есептелген уақыт, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексіне (бұдан әрі - Кодекс) сәйкес еңбек өтіліне кіретін өзге де кезеңдер.

2-тарау. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын мемлекеттік ұйымдарының және оның ведомстволарының, қазыналық кәсіпорындарының қызметкерлері, азаматтық қызметшілері үшін мамандығы бойынша жұмыс өтілін есептеу тәртібі мен шарттары

      3. Еңбек өтіліне жұмыскер еңбек міндеттерін орындауға жұмсаған, күнтізбемен есептелген уақыт, Кодексіне сәйкес еңбек өтіліне кіретін өзге де кезеңдер кіреді.

      4. Мемлекеттік ұйыммен құрылған (бұдан әрі - мемлекеттік ұйым) Комиссияның мамандық бойынша жұмыс өтілін, мамандық бойынша еңбек қызметін басынан бастап, мамандық бойынша жұмыс өтілін есептеу хаттамасына қол қойғанға дейін есептеледі.

      5. Мына құжаттардың кез келгені:

      1) еңбек кітапшасы;

      2) тоқтату күні мен оны тоқтатудың негiзi туралы жұмыс берушiнiң белгiсi бар еңбек шарты;

      3) еңбек шартының жасалуы және тоқтатылуы негiзiнде еңбек қатынастарының туындауын және тоқтатылуын растайтын жұмыс беруші актiлерiненүзiндi көшірмелер;

      4) қызметкерлерге жалақы төлеу ведомосынан үзiндi көшірмелер;

      5) жұмыс берушiнiң қолы қойылған, ұйымның мөрімен расталған не нотариат растаған қызмет ету тiзiмi (қызметкердің жұмысы, еңбек қызметі туралы мәлiметтер тiзбесi);

      6) аударылған мiндеттi зейнетақы жарналары туралы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзiндi-көшiрмелер;

      7) жүргізілген әлеуметтік аударымдар туралы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мәліметтер;

      8) қызметкердің еңбек қызметі туралы мәліметтер қамтылған мұрағаттық анықтама қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжат болып табылады.

      6. Мамандығы және ұқсас мамандығы бойынша жұмыс өтiлiн ұйым басшысы бекiтетiн комиссия анықтайды, оның құрамын тиісті мемлекеттік ұйымның басшысы бекітеді.

       7. Мамандық бойынша жұмыс өтiлi құрамын анықтайтын комиссия, ай сайын қызметкерлердің еңбек өтілін осы Қағидаға және Кодексімен анықтайды.

      8. Мамандық бойынша жұмыс өтiлiн белгілеу жөнiндегi комиссияның шешiмi хаттамамен ресiмделедi және ол мемлекеттік ұйымның кадр қызметінде қалады. Шешімнен көшірме мемлекеттік ұйымның кадр қызметімен бухгалтерияға берiледi.

      9. Мамандық бойынша жұмыс өтiлiне Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің мемлекеттік ұйымдарында және оның ведомстволарында, білімі туралы құжатында көрсетілген мамандықпен еңбек міндеттемелерін атқарған уақыты кіреді, сондай-ақ:

      1) жағымсыз себептермен қызметтен шығарылған уақыттан басқа, міндетті әскери қызмет атқаруы, офицерлік құрамдағы азаматтар, прапорщиктер, мичмандар, Қарулы Күштердегi әскери қызметшiлердiң мерзімінен тыс қызметі, iшкi, шекара әскерiндегi, басқару ұйымдарында және бұрынғы Кеңес Социалистік Республикасы мен Қазақстан Республикасының азаматтық қорғаныс бөлiмдерiндегі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитеті және Кеңес Социалистік Республикасы, Мемлекеттік қауiпсiздiк комитеті ұйымдар жүйесiндегi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң мемлекеттік Күзет қызметiндегi және Қазақстан Республикасының Республикалық ұлттық гвардиясындағы мерзімдері, мерзiмдi әскери қызмет атқаруы кіреді;

      2) оқу демалысы, жалақы сақталмайтын демалыс, сондай-ақ жүктілікке және бала (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты демалыс, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыстар;

      3) кадрларды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру жөніндегі курсқа жұмыс берушінің жолдамасы бойынша жұмыстан қол үзіп оқуы, сондай-ақ, шетелдегі оқуы кіреді, егер осы кезеңге дейін жұмысшы мемлекеттік мәдениет ұйымдарында, мемлекеттік архив мекемелері, мемлекеттік тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру саласындағы ұйымдарда жұмыс атқарған және оқуы аяқталғаннан кейін бұрынғы жұмыс орнына қайтып оралған болса;

      4) Қазақстан Республикасы Президенттігіне, Парламент, мәслихаттар депутаттығына кандидат ретінде қатысқан, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті депутаты, мәслихат депутаты ретінде лауазымында өкілеттігін тұрақты негізде жүзеге асырғанда;

      5) егер жұмысшы шетелдегі жұмыстарға мамандығы бойынша мемлекеттік мәдениет, мемлекеттік архив мекемелері, мемлекеттік тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт, дін саласындағы ұйымдармен жіберіліп, екі ай ішінде мемлекеттік мәдениет ұйымдарына жұмысқа тұрған болса, көшу уақытын есептемегенде, шетелдегі жұмысы кіреді;

      6) қайта жұмысқа орналасу кезінде жұмыстан заңсыз шығарылуы салдарынан, еріксіз жұмыстан қалу уақыты;

      7) жұмыс бағытына сәйкес келетін білім және (немесе) ғылым саласындағы лауазымдарда мамандықтары бойынша келесі салалардағы жұмыс кіреді (мемлекеттік ұйымның қызметіне байланысты): мәдениет,тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану; тілдерді дамыту; архивтік ісі және құжаттама, дене шынықтыру және спорт, дін.

      8) 1992 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақ ССР-і мен Қазақстан Республикасының партия, кәсіподақ және комсомол ұйымында сайланбалы және өзге де жауапты лауазымдардағы жұмыс уақыты;

      9) ұқсас мамандықтар бойынша еңбек міндеттемелерін атқарған және заңды тұлғаның ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан өткен еңбек қызметі;

       10) сол мамандық бойынша мемлекеттік қызметте болуы.

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт
министрінің
2016 жылғы 22 желтоқсандағы
№ 342 бұйрығына
қосымша

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің және Қазақстан
Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің күші жойылған кейбір
бұйрықтарының тізбесі

      1. "Дене шынықтыру және спорт ұйымдарының мемлекеттік қызметші болып табылмайтын қызметкерлерiнiң мамандығы бойынша жұмыс өтiлiн есептеу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің 2010 жылғы 15 наурызда № 01-01-07/43 бұйрығы (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 6172 болып енгізілген, "Заң газеті" 2010 жылғы 19 мамырдағы № 70 (1692) болып жарияланған).

      2. "Мемлекеттік мәдениет ұйымдары, мемлекеттік мұрағаттар, мемлекеттік тілдерді дамыту саласындағы ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мамандығы бойынша жұмыс өтілін есептеу ережесiн бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2012 жылғы 26 қарашада № 194 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8238 тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінде 2013 жылғы 16 қаңтарда № 22 (27961) жарияланған).

      3. "Мемлекеттік мәдениет ұйымдары, мемлекеттік мұрағаттар, мемлекеттік тілдерді дамыту саласындағы ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мамандығы бойынша жұмыс өтілін есептеу ережесiн бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2012 жылғы 26 қарашадағы № 194 бұйрығына толықтыру енгізу туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2013 жылғы 15 наурыздағы № 55 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8401, "Егемен Қазақстан" газетінде 2013 жылғы 27 сәуірде № 116 (28055) жарияланған).