"Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 12 желтоқсандағы № 660 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 27 желтоқсанда № 14594 болып тіркелді

Қолданыстағы

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 82-бабының 8-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. «Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9934 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесінде:
      40-тармақтың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
      «40. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жиынтық қаржыландыру жоспарларын өзгертуге арналған өтінім, берілетін нысаналы трансферттер мен кредиттер бойынша, мемлекеттік борышқа қызмет көрсету мен оны өтеу бойынша, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жиынтық жоспарына өзгерістер енгізу, бөлінетін бюджеттік бағдарламалардың атқарушылық құжаттарын орындау, сондай-ақ бюджетті нақтылау және түзету кезіндегі жағдайларды қоспағанда, айына кем дегенде бір рет ұсынылады.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша, тиісті бюджет комиссиясының шешімі бойынша жиынтық қаржыландыру жоспарларын өзгертуге, сондай-ақ бөлінетін бюджеттік бағдарламалар бойынша, мемлекеттік борышқа қызмет көрсету мен оны өтеу бойынша немесе атқарушылық құжаттарды орындау үшін қаражат бөлуге бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің өтінімі - ағымдағы ай ішінде, ал соңғы айда - ағымдағы қаржы жылының аяқталуына үш жұмыс күні қалғанда қабылданады.»;
      187-1-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «187-1. Кредиторлық берешек секвестр салдарынан және/немесе тиiстi бюджеттердiң ҚБШ-да ақша болмаған не жеткiлiксiз болған кезде пайда болғанда-жасасқан шарттарды тіркеу міндетті болып табылатын шығыстардың түрлері бойынша мемлекеттік мекеме аумақтық қазынашылық бөлімшесіне кредиторлық берешек өтелетін айдың 1-і күніне кредиторлық берешек пайда болған шарттың көшірмесін қоса беріп (тіркей отырып) кредиторлық берешек сомасына азаматтық-құқық мәмілені тіркеуге өтінімді және кредиторлық берешектің болуын және сомасын растайтын салыстырмалы акті ұсынады. Салыстырмалы актіге мемлекеттік мекеменің және өнім берушінің басшылары қол қоюы тиіс.»;
      371-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «3) мемлекеттік тапсырысты орындау кезінде - шот-фактураның немесе тауарларды жеткізу туралы жүкқұжаттың (акт) немесе орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің актісі немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де құжат түрінің көшірмелерін ұсынады.
      Квазимемлекеттiк сектор субъектiсi өз қаражаты есебінен орындаған мемлекеттік қызмет көлемі болған кезде 2016 жылы «Мемлекеттік қаржы саласындағы ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуін қамтамасыз ету» мемлекеттік тапсырысын орындауға бөлінген қаражат мемлекеттік тапсырыс шарты бойынша тапсырыс берушінің басшысы не ол өкілеттік берген тұлға бекіткен көрсетілген қызметтер актісі негізінде квазимемлекеттiк сектор субъектiсiнің екінші деңгейдегі банктегі есеп шотына аударылады.»;
      502-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «502. Белгілі бір бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының құрамында бекітілетін және бюджеттік бағдарламалардың әртүрлі әкімшілері арасында ағымдағы қаржы жылы ішінде бөлінуге жататын, бөлінетін бюджеттік бағдарламалардың бөлуі Бюджет кодексінің 33-бабының 3-тармағына сәйкес бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісім бойынша тиісті орталық мемлекеттік органдар айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
      Бөлінетін бюджеттік бағдарламаның әкімшісі ағымдағы қаржы жылының 1 қарашасына дейін бөлінетін бюджеттік бағдарламалардың бөлу тәртібін әзірлейді және оны мүдделі бюджеттік бағдарламаның әкімшілеріне және жергілікті атқарушы органдарға жолдайды.
      Бөлінетін бюджеттік бағдарламаның әкімшісі Қазақстан Республикасы Парламенті республикалық бюджетті бекіту (нақтылау) туралы заңды қабылданған күннен кейін бес жұмыс күннің ішінде бөлінетін бюджеттік бағдарламалардың бөлу тәртібін бекіту туралы бұйрық жобасын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға келісу үшін жолдайды.
      Бөлінетін бюджеттік бағдарламалардың бөлу тәртібі бөлінетін бюджеттік бағдарлама бекітілген бюджет құрамында бөлінетін бюджеттік бағдарлама бекітілген жағдайда ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанынан кешіктірмей немесе бөлінетін бюджеттік бағдарлама нақтыланған бюджет құрамында бекітілетін жағдайда Қазақстан Республикасы Парламенті республикалық бюджет туралы заңды қабылдаған күннен бастап бір ай ішінде бөлінетін бюджеттік бағдарлама әкімшісінің бұйрығымен бекітіледі.
      Осы тармақтың екінші, үшінші, төртінші бөліктерінде көзделген нормалар бюджеттік инвестициялық жобалардың техникалық-экономикалық негіздемелерін, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының конкурстық құжаттамаларын әзірлеуді немесе түзетуді, сондай-ақ қажетті сараптама жүргізуді, мемлекеттік-жекешелік серіктестік жобаларын консультациялық сүйемелдеуді қаржыландыруға қаражат бөлу тәртiбiне қолданылмайды.
      Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы және Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы ұйымдастыратын ресми іс-шаралары шеңберінде төлейтін өкілдік шығындар нормаларын бөлу бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша жүзеге асырылады.»;
      545-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «545. МЖӘ объектісін құруға және (немесе) реконструкциялауға байланысты қаржыландыруға (шығыстарды өтеуге) бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының және мемлекеттік бюджеттен берілетін төлемдердің жиынтық көлемі МЖӘ объектісін құру және (немесе) реконструкциялау құнынан аспауға тиіс.
      «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына және 14-баптың 1-тармағының 1), 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген мемлекеттік концессиялық міндеттемелердің жиынтық құны концессия шартының шеңберінде концессия объектісін құру (реконструкциялау) құнынан аспауы тиіс.»;
      548-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «548. Өтемақы төлеу МЖӘ шартында, оның ішінде концессия шартында, белгіленген тәртіпке және кестеге сәйкес және төлеуге берілетін шоттың негізінде жүргізіледі.»;
      559-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «559. Пайдалану шығындарының өтемақысын төлеу концессия шартында белгіленген тәртіпке және кестеге сәйкес және төлеуге берілетін шоттың негізінде жүргізіледі.»;
      560-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «560. Концессионердің пайдалану шығындары өтемақысының жыл сайынғы мөлшері Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 69-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен заттай нормаларды ескере отырып, ұқсас объектілерді пайдалануға арналған мемлекеттік бюджеттен бөлінетін жыл сайынғы төлемдерден (оның ішінде субсидиялар) аспауы тиіс. Ұқсас объектілер, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдар бекіткен заттай нормалар болмаған жағдайда концессионердің пайдалану шығындары өтемақысының мөлшері жоспарлау сатысында есептеу әдісімен айқындалады.»;
      573-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «573. Сыйақы төлеу МЖӘ шартында, оның ішінде концессия шартында, белгіленген тәртіпке және кестеге сәйкес және төлеуге берілетін шоттың негізінде жүргізіледі.»;
      мынадай мазмұндағы 582-1-тармағымен толықтырылсын:
      «582-1. МЖӘ шарттары бойынша қолжетімділігі үшін төлемақы МЖӘ шартында белгіленген тәртіпке және кестеге сәйкес және төлеуге берілетін шоттың негізінде жүргізіледі.»;
      589-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «589. Жалдау төлемақысын төлеу МЖӘ шартында, оның ішінде концессия шартында белгіленген тәртіпке және кестеге және төлем шоттың негізінде жүргізіледі.».
      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бюджет заңнамасы департаменті (З.А. Ерназарова) заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркелгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрық мемлекеттік тiркелген күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Қаржы министрі                             Б. Сұлтанов

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрі
      _________________ Қ. Бишімбаев
      2016 жылғы 15 желтоқсан

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасы
      Ұлттық Банкінің төрағасы
      ________________ Д. Ақышев
      2016 жылғы 21 желтоқсан