"Уранды геологиялық барлау, өндіру және қайта өңдеу кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 297 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2016 жылғы 29 тамыздағы № 635 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 26 желтоқсанда № 14578 болып тіркелді

Қолданыстағы

      "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі Заңы 50-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Уранды геологиялық барлау, өндіру және қайта өңдеу кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 297 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10187 болып тіркелген, 2015 жылғы 10 сәуірде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Уранды геологиялық барлау, өндіру және қайта өңдеу кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларында:

      3-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) атом энергиясы пайдаланылатын объектілер – иондандырушы сәулелену көздері, радиоактивті қалдықтар және пайдаланылып болған ядролық отын, ядролық, радиациялық, электрофизикалық қондырғылар, сақтау және көму пункттері, көліктік қаптама комплектілері мен ядролық материалдар;";

      107, 121-тармақтар алынып тасталсын;

      123-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "123. Бұрғылау қондырғылары еңкіш беттерде орналасуы кезінде, оның етегінен жотаға дейінгі ара қашықтық 3 метрден кем болмауы тиіс, бұл ретте бұрғылау қондырғысы опырылу аумағынан сырт орналастырылуы қажет.";

      124, 158, 159, 201, 208, 245, 246, 247, 250, 252, 256, 257, 260, 261, 262, 263, 282, 285, 286, 327 және 330-тармақтар алынып тасталсын.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлiгiнiң Индустриялық даму және өнеркәсiптiк қауiпсiздiк комитетi (А.Қ. Ержанов):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне жіберуді;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтын 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
Ж. Қасымбек

      "КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасының

      Экономика министрі

      __________________ Қ. Бишімбаев

      2016 жылғы 2 қараша

      "КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрі

      ___________________ Қ. Бозымбаев

      2016 жылғы 23 қараша