2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 88-бабының 17) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Монополиялық жоғары бағаны анықтау жөніндегі әдістеме бекітілсін.
2. "Монополиялық жоғары бағаны анықтау жөніндегі әдістемені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 301 бұйрығының (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10721 болып тіркелген, 2015 жылғы 29 сәуірде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы нормативтық құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы | |
Ұлттық экономика министрі | Қ. Бишімбаев |
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 24 қарашадағы № 486 бұйрығымен бекітілген |
Монополиялық жоғары бағаны анықтау жөніндегі әдістеме
1. Монополиялық төмен бағаны анықтау жөніндегі әдістеме (бұдан әрі – Әдістеме) 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 88-бабының 17) тармақшасына сәйкес әзірленді.
Осы Әдістеменің мақсаты тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі (бұдан әрі – Субъект) белгілейтін монополиялық жоғары бағаны айқындау болып табылады.
2. Осы Әдістеме монополиялық жоғары бағаны белгілеуден көрінетін үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану бөлігінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың бұзылуы анықталған кезде қолданылады.
3. Осы Әдістемеде қолданылатын ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының заңдарында және Кодексте айқындалатын мағыналарда пайдаланылады.
Осы Әдістемеде тауар деп азаматтық айналым объектісі болып табылатын тауар, жұмыс, көрсетілетін қызмет түсініледі.
4. Монополиялық жоғары бағаны белгілеу туралы мәліметтерді қарау шеңберінде монополияға қарсы орган ведомствосы мынадай іс-әрекеттерді жүргізеді:
1) тауар нарығында бағаларды мемлекеттік реттеудің болу фактісін белгілейді;
2) Кодекспен бекітілген бәсекелестік нарықта қандай да бір тауарды өндіруге, өткізуге немесе сатып алуға арналған мемлекеттің айрықша құқығының (мемлекеттік монополия) болу фактісін белгілейді;
3) тиісті тауар нарығында нарық субьектісінің үстемдік үлесін белгілейді.
5. Осы Әдістеменің 4-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген шарттардың біреуі белгіленген жағдайда, монополиялық жоғары бағаны белгілеу туралы тергеп-тексеру жүргізілмейді.
6. Монополияға қарсы органның ведомствосы монополияға қарсы заңнаманы бұзушылық белгілерінің болуын көрсететін нақты деректерді анықтау мақсатында тауар нарығындағы тауар өндіру (өткізу) бағасының және көлемдерінің серпініне, оның ішінде:
1) Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауардың бағасын Субъектінің тиісті және салыстырмалы тауар нарығында басқа нарық субъектілерінің сондай тауар бағасынан асатын етіп белгілеуіне;
2) тиісті немесе салыстырмалы тауар нарығында баға өсуінің тиісті қарқындарымен салыстырғанда Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауар бағасының өсу қарқынының артуына;
3) физикалық сипатын (мысалы, тауар бірлігінің салмағын) төмендету арқылы Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауар бағасының көтерілуіне;
4) өндіру немесе беру мүмкіндігі болған кезде тұтынушылардың сұранысы немесе тапсырыстары бар тауарларды өндіру және (немесе) беру көлемін негізсіз қысқартуға немесе өндіруді және (немесе) беруді тоқтатуға талдау жүргізеді.
7. Үстем үлесі 90 пайыз және одан астам субъектілер үшін монополияға қарсы органның ведомствосы монополияға қарсы заңнаманы бұзушылық белгілерінің болуын көрсететін нақты деректерді анықтау мақсатында тауарды өндірудің (өткізудің) өзіндік құнына және рентабельділігіне, оның ішінде:
1) Субъектінің тауары бірлігінің өндірістік өзіндік құнының өсуінен кезең шығыстары өсуінің артуына;
2) Субъектінің өндірістік персоналы жалақысының өсу қарқынымен салыстырғанда әкімшілік персонал жалақысының өсу қарқынының ұлғаюына;
3) Субъектіде сала немесе өңір бойынша орташа айлық жалақыдан орташа айлық жалақы деңгейінің артуына қосымша талдау жүргізеді.
8. Нарық субъектісінің іс-әрекеттерінде Қазақстан Республикасы монополияға қарсы заңнамасын бұзушылық белгілерінің болуын көрсететін нақты деректер болған жағдайда, монополияға қарсы органның ведомствосы тергеп-тексеру жүргізу туралы бұйрық шығарады.
9. Тергеп-тексеру жүргізу кезінде Субъектінің монополиялық жоғары бағаны белгілеу жөніндегі іс-әрекеттерін растайтын фактілердің болуын белгілеу қажет.
10. Егер субъектінің үстем үлесі 90 және одан астам пайызды құраған, сондай-ақ салыстырмалы тауар нарығы болмаған жағдайда, монополиялық жоғары бағаны айқындау Әдістеменің 14-тармағына сәйкес жүргізіледі.
11. Салыстырмалы тауар нарығын анықтау Кодекстің 175-бабы
3-тармағының бірінші бөлігінде көзделген өлшемшарттар бойынша жүзеге асырылады.
12. Монополияға қарсы органның ведомствосы тиісті тауар нарығындағы тауардың бәсекелес бағасын айқындайды.
Бәсекелестік жағдайда Субъектімен бір тұлғалар тобына кірмейтін нарық субъектілері белгілейтін, осы тауар нарығындағы тауардың ең жоғары бағасы тауардың бәсекелестік бағасы болып табылады. Бұл ретте, нарық субъектілерінің дербес жасаған іс-әрекеттері тиісті тауар нарығындағы тауарлар айналымының жалпы жағдайына олардың әрқайсысының біржақты ықпал ету мүмкіндігін тиімді шектейтін жарыстастығы шартына сәйкес келетін нарық субъектілері ескеріледі.
Нақ сол тауар нарығындағы бәсекелестік бағаны белгілеу мүмкін болмаған жағдайда, салыстырмалы тауар нарығындағы, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегі салыстырмалы тауар нарығындағы тауар бағасымен салыстыру жүргізіледі.
Бәсекелестік бағаны айқындау кезінде тауардың сапалық параметрлері ескеріледі.
Тергеп-тексеру объектісі тауарының бағасын Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі салыстырмалы тауар нарығындағы тауардың бәсекелес бағасымен салыстырмалы жүргізу монополияға қарсы органның ведомствасы басшысының немесе орынбасарының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады.
Салыстырмалы тауар нарығында бәсекелестік жағдайында қалыптасқан бағаны не салыстырмалы тауар нарығын, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде айқындау мүмкін болмаған жағдайда шығыстар мен пайданы талдау жүргізіледі және негізделген бағасы айқындалады.
13. Егер Субъект белгілеген баға бәсекелестік бағадан асып түсетін болса немесе бәсекелестік бағаны анықтау мүмкін болмаса, монополияға қарсы органның ведомствосы осындай тауарды өндіру мен өткізу қажеттілігін, шығыстар мен пайданы бағалау мақсатында шығыстар мен пайдаға талдау жүргізеді.
14. Шешім қабылдау үшін монополияға қарсы органның ведомствосы талдау, оның ішінде:
1) Субъектінің қаржы-шаруашылық қызметіне;
2) өндіріс шығасыларының ұлғаю себептерін анықтау мақсатында Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауардың өндірістік және толық өзіндік құнының серпініне;
3) Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауардан Субъектінің алатын пайдасына;
4) Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауар бағасының серпініне;
5) Субъектінің тауар өндіру (өткізу) көлемінің серпініне;
6) өндірістік қуаттарды пайдалануға;
7) нәтижесінде Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауар бағасы тікелей немесе жанама қалыптастырылатын шарттарға;
8) өндірістік шығындарға және кезең шығыстарына;
9) Субъектінің инвестициялық бағдарламасына;
10) кредиторлар мен қаржы ұйымдары алдындағы міндеттемелеріне жүргізеді.
15. Қосымша негіздеме Қажет болған кезде Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауар бағасының, өзіндік құнының (шығындардың жекелеген баптары) және рентабельділік деңгейінің өсу қарқыны басқа нарық субъектілерімен салыстырылады.
Айталық, егер осы бойынша Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауар бағасының, өзіндік құнының, пайдасы мен рентабельділіктің өсу қарқыны басқа нарық субъектілерінің осы көрсеткіштерінің өсу қарқынынан айтарлықтай асатын ықтимал болса, бұл монополиялық жоғары бағаларды белгілеу бөлігінде үстем жағдайды теріс пайдаланудың мүмкін болатындығын қосымша растай алады.
16. Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауар өндірумен (өткізумен) тікелей байланысты қажетті шығындар мен пайданы айқындау кезінде мыналар ескеріледі:
1) өзіндік құнға кіретін материалдық шығыстар растайтын құжаттарда (шарттар, шот-фактуралар) көзделген бағаларды және материалдық ресурстардың физикалық көлемін негізге ала отырып, тауардың бір бірлігін шығаруға арналған шикізат, материалдар, отын, материалдық ресурстар энергиясы шығысының қолданылатын нормаларынан және жылдық нормаларынан шыға келе айқындалады;
2) еңбек жағдайлары үшін еңбек заңнамасына сәйкес еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген қосымша ақылар мен үстемеақылар төлеуді қоса алғанда, персоналға еңбекақы төлеуге жұмсалған шығыстар;
3) Субъектінің есепке алу саясатында көзделген әдісті пайдалана отырып айқындалатын амортизациялық аударымдар;
4) қарыз қаражаттары үшін сыйақы төлеуге арналған шығыстар;
5) Субъектінің тауар өндіруіне (өткізуіне) тікелей қатысты басқа да шығыстар;
6) кәсіпорынның тиімді жұмыс істеуін және дамуын қамтамасыз ететін пайда деңгейі.
Пайда Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауарды өндіруден (өткізуден) алынған табыс және тауарды өндіру және өткізу үшін қажетті негізделген шығыстар мен нақты төленген салықтар арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Субъектінің дамуы үшін талап етілетін қажетті пайданың шамасы өндірілетін (өткізілетін) тауардың өзгешелігін, тауар нарығының ерекшелігін және Субъектінің жұмыс істеу шарттарын көрсетуі, сондай-ақ:
жаңа активтерді құруға, қолда бар активтерді кеңейтуге, жаңартуға, реконструкциялауға және техникалық қайта жарақтандыруға инвестицияларды;
тәуекел деңгейін (өндірудің немесе тұтынудың маусымдық сипаты, климаттық факторларға жоғары тәуелділік);
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес ұжымдық шарттарда, Бас, салалық және өңірлік келісімдерде көзделген міндеттемелерді;
жекешелендіру және концессия шарттарында, лицензиялық келісімдерде, инвестициялық шарттарда және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен, оның ішінде әлеуметтік жауапкершілік бойынша өзге де келісімдерде көзделген міндеттемелерді;
Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін айыппұл санкцияларынан басқа, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де төлемдерді ескеруі тиіс.
17. Субъектінің тауардың бір бірлігіне қажетті шығындары мен пайдасын бағалау кезінде қажет болған кезде тиісті немесе салыстырмалы тауар нарығындағы басқа нарық субъектілерінің ұқсас шығындары мен пайдасын салыстырмалы талдау әдісі қолданылуы мүмкін.
18. Егер олардың негізінде тергеу басталған материалдарда шартқа Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауар бағасын көтеруге әкеп соғатын белгілі бір талаптарды енгізу арқылы Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауар бағасын жасанды көтерумен байланысты бұзушылық көрсетілсе, шарттарға талдау жүргізу қажет.
Егер олардың негізінде тергеу басталған материалдарда тауардың физикалық сипаттамаларын төмендету арқылы бағаны жасырын көтерумен байланысты бұзушылықтар көрсетілсе, монополияға қарсы органның ведомствосы сарапшыларды тарта отырып, Субъект тауарының сипаттамаларына сараптама жүргізеді.
19. Тергеу нәтижелері бойынша лауазымды тұлға (лауазымды тұлғалар) Кодекстің 221-бабына сәйкес қорытынды дайындайды.
20. Монополиялық жоғары баға белгіленген жағдайда, монополияға қарсы органның ведомствосы Кодекстің 225-бабына сәйкес монополиялық кірісті айқындайды.