"Субсидияланатын маршруттарда ұшуды орындаған кезде ұшу сағатының өзiндiк құны есебiнiң нұсқаулығын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 18 наурыздағы N 159 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2016 жылғы 25 қазандағы № 743 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 29 қарашада № 14472 болып тіркелді

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1-тармағының 24) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Субсидияланатын маршруттарда ұшуды орындаған кезде ұшу сағатының өзiндiк құны есебiнiң нұсқаулығын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 18 наурыздағы № 159 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6856 тіркелген, "Казахстанская правда" газетінің 2011 жылғы 20 сәуірдегі № 133 жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      аталған бұйрықпен бекітілген Субсидияланатын маршруттарда ұшуды орындаған кезде ұшу сағатының өзiндiк құны есебiнiң нұсқаулығында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Осы Нұсқаулықта пайдаланылатын ұғымдар:

      1) лизингтік төлемдер – есептік кезеңдегі қаржылық лизинг шарты бойынша жалдау ақысының сомасы;

      2) кредит бойынша сыйақы – субсидияланатын авиамаршруттарды орындауға жұмылдырылған әуе кемелерінің үлгілерін сатып алуға заем бойынша сыйақы;

      3) ұшу сағаты – ұшақтың ұшып көтерілу мақсатында қозғалу сәтінен бастап оның ұшу аяқталғаннан кейін тоқтаған сәтіне дейінгі жалпы уақыт;

      4) ұшу сағатының өзіндік құны – рейстер құнын есептеу кезінде құрамдас бөлігі болып табылатын ауыспалы шығыстармен қатар әуе кемелерін пайдаланудың орындылығын бағалау үшін қолданылатын негізгі көрсеткіш. Синтетикалық көрсеткіштегі сияқты ұшу сағатының өзіндік құнында өндірістік және қаржы-шаруашылық қызметінің барлық жақтары көрсетіледі: материалдық, еңбек және қаржы ресурстарын пайдалану дәрежесі.";

      7-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) тұрақты шығыстар – осы шығыстарға өндірістік процеске байланысты барлық шығындар, әуе кемелері және әуе кемелері мен қозғалтқыштар үшін қосалқы бөлшектер қаржылық лизинг шарты бойынша жалдау төлемдері, кредит бойынша сыйақы төлемдері, әуе кемесі бойынша барлық тәуекелдерден әуе кемелерін, қозғалтқыштар мен қосалқы бөлшектерді сақтандыру шығыстары, әуе кемелері үшін қосалқы бөлшектер мен компоненттердің жалпы қорын қамтамасыз ету және әуе кемелерін модификациялау шығыстары, әуе кемесі бойынша техникалық инспекциялау, авиация персоналын оқыту шығыстары, сондай-ақ жоғарыда көрсетілген қызметтер бойынша кедендік баждар мен кедендік тазалау және сақтау қызметтерінің шығыстары кіреді;"

      8-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "8. Ұшу сағатының өзіндік құнын есептеу кезінде төмендегі келесі шығыстар есептелмейді:

      нормативтен тыс техникалық және коммерциялық ысыраптарға, тауарлық-материалдық құндылықтардың және қоймалардағы қорлардың бүлінуі мен жетіспеушілігіне басқа өндірістік емес шығыстар мен ысыраптар;

      өндірістік қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланылмайтын негізгі құралдардың амортизациялық аударымдары;

      ластаушы заттардың нормативтен тыс шығарындылары (тастандылары) үшін төлемдер;

      сот шығындары;

      сенімсіз қарыздар;

      шаруашылық шарттардың талаптарын бұзғаны үшін айыппұлдар, өсімақылар, тұрақсыз төлемдер мен санкциялардың басқа түрлері;

      табысты жасырғаны (төмендеткені) үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар;

      ұрлықтан келген залалдар;

      қызмет көрсетуші өндірістер мен шаруашылықтарды (үй-жайларды тегін беру, қоғамдық тамақтандыру ұйымдарына коммуналдық қызметтер құнын төлеу) ұстау жөніндегі шығыстар;

      құзыретті органмен келісілген технологиялық қажеттіліктен басқа денсаулық сақтау, мектепке дейінгі балалар мекемелері, оқу орындарына, кәсіптік-техникалық училищелер объектілерін ұстауға шығыстар;

      сауықтыру лагерлерін, мәдени және спорт объектілерін, тұрғын-үй қорын ұстауға шығыстар;

      мәдени-ағарту, сауықтыру және спорт іс-шараларын (демалыс кештерін, спектакльдер мен концерттер өткізу) өткізуге шығыстар;

      кәсіпорындардың қызметкерлеріне тұрғын-үй жағдайларын жақсартуға, бақша үйлерін сатып алуға және үй шаруашылығын жүргізуге берілген несиелерді (пайызсыздарын қоса алғанда) өтеуге шығыстар;

      бақшалық серіктестіктерді абаттандыру (оның ішінде жол салу, энергиямен және сумен жабдықтау, жалпы сипаттағы басқа шығыстарды жүзеге асыру) жөніндегі шығыстар;

      дәрістер, көрмелер, пікірсайыстар, ғылым және өнер қайраткерлерімен кездесулер, ғылыми-техникалық конференциялар өткізуге және ұйымдастыруға шығыстар;

      өндірістік мақсаттарға пайдаланылатын өнімдерді қоспағанда, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарнамалар бойынша, жарнамалық, плакаттық және баспаханалық өнімдер шығару бойынша шығыстар;

      өндірісті вахталық ұйымдастыруды қоспағанда, тауар нарығы субъектілерінің персоналы үшін пәтерлерді, тұрғын ғимараттарды және құрылыстарды, жатақханалар мен қонақ үйлердегі орындарды сатып алуға, жалдауға және ұстауға арналған;

      қаланы абаттандыру, ауыл шаруашылығына көмек көрсету жөніндегі жұмыстарды және осы тәріздес басқа да жұмыстарды орындауға шығыстар;

      білім беру ұйымдарында оқитын қызметкерлердің еңбек демалыстарына ақы төлеуге шығыстар;

      жұмыс корытындылары бойынша сыйлықақы беруге және сыйақының басқа да нысандарына шығыстар;

      кәсіби ауруларды оңалту еміне байланысты шығындардан басқа, авиакомпания қаражаттарының есебінен қызметкерлерге және олардың балаларына емделуге, демалуға, саяхатқа шығуға жолдамаларға ақы төлеу жөніндегі шығыстар;

      міндетті төлемдерді қоспағанда, сақтандыру төлемдері (кәсіпорындармен өз қызметкерлерінің пайдасына жасалған жеке және мүліктік сақтандыру шарттары бойынша кәсіпорындар төленетін жарналар);

      қызметкерлерге, оның ішінде балалар тәрбиелейтін әйелдерге қосымша берілетін демалыстарға (еңбек заңнамасында көзделгеннен тыс) ақы төлеуге, қызметкердің отбасы мүшелеріне демалысты өткізетін жеріне және қайтар жолына жалақы төлеуге, сондай-ақ пайдаланылмаған демалысы үшін өтемақы төлеуге шығыстар;

      демеушілік көмектің барлық түрлерін көрсетуге шығыстар;

      еңбек заңнамасында көзделгеннен басқа қызметкерлерге (қызметкерлерге тамақты тегін немесе төмендетілген бағамен беру, сауықтыру топтарына, секцияларда, клубтарда шұғылдануға арналған абонементтерге, протез салуға ақы төлеу) жеңілдіктер;

      мерейтойлық күндерге немесе қызметкерлерге ынталандыру түрінде берілетін (автокөлік, пәтерлер, ұзақ уақыт пайдаланылатын заттар мен басқа тауарлар, сондай-ақ қызметкерлердің жеке есептерінің пайыздық мөлшерлемелерін арттыру) сыйлықтарды сатып алуға шығыстар;

      мектепке дейінгі балалар мекемелеріндегі, шипажайлардағы және сауықтыру лагерлеріндегі балалар тамақтарының құнын өтеуге шығыстар;

      ұжымдық шартта айқындалған мақсаттар үшін кәсіподақтарға аударым жасау шығыстары;

      тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарды жүргізуге, өнертапқыштық пен рационализаторлық ұсыныстар бойынша модельдер мен үлгілерді жасауға және сынауға (реттеліп көрсетілетін қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) ұсынған кезде қолданылатын жұмыстарды қоспағанда), көрмелер, байқаулар, конкурстар мен басқа да іс-шаралар ұйымдастыруға, авторлық сыйақылар төлеуге және т.б. байланысты шығыстар;

      консультациялық шығыстар;

      өндірістік қызметті жүзеге асыруға тікелей қатысы жоқ шығыстардың басқа да түрлері.".

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті (Б.К. Сейдахметов):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың көшірмелерін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қағаз және электрондық түрде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне жіберуді;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Респубикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму
министрінің міндетін атқарушы
А. Рау