Байланыс саласындағы мемлекеттік монополия субъектілері өндіретін және өткізетін көрсетілетін қызметтерге бағаларды реттеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 24 қазандағы № 221 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 28 қарашада № 14464 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Байланыс саласындағы мемлекеттік монополия субъектілері өндіретін және өткізетін көрсетілетін қызметтерге бағаларды реттеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитеті (Д.В. Голобурда):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2)осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерінің күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберілуін;

      3)Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінде орналастыру үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық мемлекеттік кәсіпорны шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жолдауды;

      4)осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.


Қазақстан Республикасының


Ақпарат және коммуникациялар министрі

Д. Абаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі

      ________________Б. Атамқұлов

      2016 жылғы 24 қазан


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ________________Қ. Бишімбаев

      2016 жылғы 1 қараша

  Қазақстан Республикасы
  Ақпарат және коммуникациялар
  министрінің
  2016 жылғы 24 қазандағы
  № 221 бұйрығымен
  бекітілген

Байланыс саласындағы мемлекеттік монополия субъектілері өндіретін және өткізетін қызметтерге бағаларды реттеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Байланыс саласындағы мемлекеттік монополия субъектілері өндіретін және өткізетін қызметтерге бағаларды реттеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 20-бабының 2-тармағына сәйкес әзiрлендi және байланыс саласындағы мемлекеттік монополия субъектілері өндіретін және өткізетін қызметтерге бағаларды реттеу тәртібін айқындайды.

2-тарау. Байланыс саласындағы мемлекеттік монополия субъектілері өндіретін және өткізетін қызметтерге бағаларды реттеу тәртібі

      2. Байланыс саласындағы мемлекеттік монополия субъектісі (бұдан әрі – субъект) қызметтерге бағаларды өзгерткен жағдайда (өсіру және (немесе) төмендету), күнтізбелік отыз күннен кем емес мерзімде өзгертулердің себептерін растайтын, дәлелді материалдарды қоса отырып, жазбаша нысанда монополияға қарсы органына қызметтер бағаларының өзгерістері туралы хабарлама (өсетiнi және (немесе) төмендейтіні) ұсынады.

      3. Баға белгілеу тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 15 наурыздағы № 134 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттiк монополия субъектiсi өндiретiн және өткiзетiн тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгiлеу қағидаларына сәйкес реттеледі (Нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13588 болып тіркелген).

      4. Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы Кәсіпкерлік кодексінің 90-6-бабының 29) тармақшасына сәйкес монополияға қарсы орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес субъекті өткізетін қызметтердің бағаларына сараптама жүргiзедi.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 17.07.2021 № 215/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Субъект монополияға қарсы органның қорытындысымен бірге байланыс саласындағы уәкілетті органның ведомствосына мынадай құжаттарды қоса отырып, көрсетілетін қызметтерге бағаларды өзгертуге (өсіруге және (немесе) төмендетуге) өтінім береді:

      1) өзгеру (өсу және (немесе) төмендеу) себептерiн растайтын құжаттар (шикiзат, материалдар, көрсетілетін қызметтер құнының өзгеруін (өсуін және (немесе) төмендеуін) растайтын тиiстi шарттардың көшiрмелерi);

      2) қызметтiң әрбiр түрi бойынша бағалар жобасы;

      3) бухгалтерлiк баланс;

      4) пайдалар мен залалдар туралы есеп;

      5) еңбек және жалақы жөнiндегi есеп;

      6) өндiрiстiк-қаржы қызметi туралы есеп;

      7) негiзгi құралдар мен материалдық емес активтердiң болуы және олардың қозғалысы;

      8) тұтастай кәсiпорын және қызметтің әрбiр түрi бойынша жеке шығындар баптары бойынша мағынасын аша отырып, бағалардың жобасын есептеу үшiн қолданылатын кірістер мен шығыстар туралы жиынтық деректер;

      9) еңбекақы төлеудiң қолданылып отырған жүйесi туралы мәлiметтер;

      10) шикiзат және материалдар шығысының қолданылып отырған нормалары, жұмыскерлердiң нормативтiк саны туралы мәліметтер;

      11) бар болған жағдайда, есепке алу саясаты;

      12) бар болған жағдайда, инвестициялық бағдарламалар (жобалар);

      13) ағымдағы және күрделi жөндеуге және негiзгi құралдар құнының өсуiне алып келмейтiн басқа да жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарына бағытталған шығындардың жылдық сметасы;

      14) негiзгi құралдар құнының ұлғаюына алып келетiн, күрделi жөндеу жұмыстарын жүргiзуге бағытталған шығындардың жылдық сметасы;

      15) негiзгi құралдарды пайдалану мерзiмiн көрсете отырып, амортизациялық аударымдардың есептемелері;

      16) өткiзудiң жоспарланған көлемiн растайтын құжаттар - ниет білдіру хаттамалары, шарттар, өндiру (жеткiзу) көлемдерiнiң есептемелерi, жобалық қуаты және оны iс жүзiнде пайдалану туралы деректер, сондай-ақ өндiрiс (жеткiзу) көлемi төмендеген жағдайда, субъектiлер негiздеме ұсынады;

      17) дебиторлық және кредиторлық берешектiң толық жазылуы.

      6. Субъектінің көрсетілетін қызметтеріне бағаның жобаларын қарау кезінде көрсетілетін қызметтерге баға белгілеуге қатысты қосымша ақпарат талап етілген жағдайда, уәкілетті орган оны субъектіден мерзімін белгілей отырып, бірақ бес жұмыс күнінен кем емес мерзімде жазбаша түрде сұрайды.

      7. Байланыс саласындағы уәкілетті органның ведомствосы он бес жұмыс күні ішінде өтінімді қарайды және келіседі немесе одан тиісті жазбаша негіздемемен бас тартады.

      8. Байланыс саласындағы мемлекеттік монополия субъектісінің қызметін мемлекеттік реттеу байланыс саласындағы көрсетілетін қызметтерге бағаларды бекіту арқылы жүзеге асырылады.

      9. Өтінім қайтарылған жағдайда, субъекті оны пысықтайды және осы Қағидалардың 2 және 5 тармақтарында белгіленген тәртіппен енгізеді.