Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар және инновациялар статистикасы көрсеткіштерін қалыптастыру бойынша әдістемені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті төрағасының 2016 жылғы 6 қазандағы № 232 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 8 қарашада № 14404 болып тіркелді

Қолданыстағы

      «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңының 12-бабының 5) тармақшасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1011 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ереженің 17-тармағының 258) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар және инновациялар статистикасы көрсеткіштерін қалыптастыру бойынша әдістеме бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Қызмет көрсету және энергетика статистикасы басқармасы Заң басқармасымен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;
      3) тіркелген бұйрықты алған күннен бастап күнтізбелік оң күн ішінде баспа және электрондық түрде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Қызмет көрсету және энергетика статистикасы басқармасы осы бұйрықты жұмыс бабында басшылыққа алу және пайдалану үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің құрылымдық бөлімшелеріне және аумақтық органдарына жеткізсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының орынбасарына (Қ.К. Орынханов) жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Ұлттық экономика министрлігі
      Статистика комитетінің төрағасы            Н. Айдапкелов

Қазақстан Республикасы  
Ұлттық экономика министрлігі
Статистика комитеті төрағасының
2016 жылғы 6 қазандағы  
№ 232 бұйрығымен     
бекітілді        

Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар және
инновациялар статистикасы көрсеткіштерін қалыптастыру
бойынша әдістеме 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар және инновациялар статистикасы көрсеткіштерін қалыптастыру бойынша әдістеме (бұдан әрі – Әдістеме) халықаралық стандарттарға сәйкес қалыптастырылатын және «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес бекітілетін статистикалық әдіснамаға жатады.
      2. Әдiстеменің мақсаты Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар (бұдан әрі – ҒЗТКЖ) және инновациялар саласындағы статистикалық көрсеткiштерді жинау, есепке алу және қалыптастыру бойынша бірыңғай тәсілдерді әзірлеу және деректердің салыстырмалылығын қамтамасыз ету болып табылады.
      3. Әдістеме ҒЗТКЖ және инновациялар статистикасы бойынша көрсеткiштерді қалыптастыру үшін статистика органдарының пайдалануына арналған.
      4. Осы Әдістемеде келесі анықтамалар пайдаланылады:
      1) зерттеуші мамандар – жаңа білімді, өнімдерді, үдерістерді, әдістер мен жүйелерді, сондай-ақ менеджменттегі тиісті жобаларды құру немесе қалыптастыруға ат салысқан білікті мамандар;
      2) инновацияға жұмсалған шығындар – кәсіпорындар ауқымында орындалатын инновациялық қызметтердің әртүрлі түрлерін жүзеге асырумен байланысты ақшалай түрдегі нақты шығыстар;
      3) инновациялық қызмет – идеяларды нарықта енгізілген жаңа немесе жетілдірілген өнімге; тәжірибелік қызметте қолданылған жаңа немесе жетілдірілген технологиялық үдеріске ауыстырумен байланысты қызмет түрі; инновацияларға алып келетін ғылыми-техникалық, ұйымдық, қаржылық және коммерциялық іс-шаралар жүйесін көздейтін әлеуметтік қызметтерге бастайтын жаңа тәсіл;
      4) маркетингілік инновация – өнімнің дизайнындағы немесе орамасындағы, оның жинақталуындағы, нарықта жылжуы немесе сату бағаларының белгіленуіндегі айтарлықтай өзгерістерді қоса алғанда, маркетингінің жаңа әдістерін енгізу;
      5) өзге персонал – ҒЗТКЖ жобаларына қатысатын немесе осындай жобаларға тікелей қатысы бар білікті немесе білікті емес мамандар, хатшы және әкімшілік-басқармалы персонал;
      6) өнімдік инновация – бұл ерекшеліктері немесе пайдалану тәсілдері жағынан жаңа немесе айтарлықтай жақсартылған болып табылатын тауар немесе көрсетілетін қызметтерді енгізу, сондай-ақ техникалық ерекшеліктердегі, құрам бөліктердегі және материалдардағы, жапсарлас бағдарламалық қамтамасыз етілімдегі, пайдаланушыға қатынасы бойынша достастық дәрежесіндегі айтарлықтай жетілдіру де жатады;
      7) сыртқы шығындар – есепті кезең ішінде шарттар бойынша бөгде ұйымдар орындаған ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер құны немесе басқа кәсіпорындар орындаған ҒЗТКЖ;
      8) техникалық персонал – бұл қызметтік міндеттері техника, физика, биология, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар салаларында немесе олардың бірінде техникалық білімді қажет ететін қызметкерлер;
      9) ұйымдық инновация – кәсіпорынның іскерлік тәжірибесінде жұмыс орындарын немесе сыртқы байланыстарды ұйымдастыруда жаңа ұйымдық әдісті енгізу;
      10) үдерістік инновация – өнімді өндірудің немесе жеткізудің тәсілін енгізу және технологиядағы, өндірістік жабдықтағы және (немесе) бағдарламалық қамтамасыз етілімдегі айтарлықтай өзгерістер жатады;
      11) ішкі шығындар – ҒЗТКЖ-ға шығындар, есепті кезеңде кәсіпорын ішінде орындаған шығындары, сондай-ақ кәсіпорыннан тыс, бірақ ішкі ҒЗТКЖ-ға шығындарын қамтамасыз ету үшін орындалған шығындар.

2-тарау. ҒЗТКЖ статистикасын қалыптастыру

1-параграф. ҒЗТКЖ жіктелімі

      5. Төрт секторға жіктелген: кәсіпкерлік, мемлекеттік, коммерциялық емес және жоғары білім секторы.
      1) кәсіпкерлік секторға экономикалық тұрғыдан негізделген баға бойынша тұтынушыларға сату және оларға қызмет көрсететін кіріс әкелмейтін жеке меншік ұйымдар үшін өндірісті немесе нарықтық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді қамтамасыз етуді жүзеге асыратын (жоғары білім беру қызметін қоспағанда) кәсіпорындар, ұйымдар және институттар кіреді;
      2) мемлекеттік секторға денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және өнер, демалыс (білім беру қызметінен басқа) саласында нарықтық емес қызмет көрсету үшін, сондай-ақ мемлекеттік басқару, тәртіп пен қауіпсіздікті қолдау, қорғаныс, ғылым және ғылыми қызмет көрсету, жол шаруашылығы; мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорлары және мемлекет тарапынан ұйымдастырылатын және қадағаланатын басқа да мемлекеттік қорлар саласында ұжымдық сипатта қызмет көрсету үшін құрылған мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер кіреді;
      3) коммерциялық емес секторға жеке коммерциялық емес ұйымдардан қаржыландырылатын заңды тұлғалар жатады;
      4) жоғары білім секторына олардың қаржыландыру көздеріне және заңдық мәртебесіне қарамастан университеттер, институттар, академиялар, колледждер және орта білімнен кейінгі басқа мекемелер; жоғары білім институттары басқаратын немесе осылармен қандай да бір қатысы бар зерттеу институттары, сараптамалық зертханалар және клиникалар жатады.

2-параграф. ҒЗТКЖ статистикасы көрсеткіштерін
әзірлеу бойынша негізгі тәсілдер

      6. ҒЗТКЖ статистикасының міндеті ғылым және технология саласындағы, саясат туралы дұрыс шешім қабылдау үшін талап етілетін ақпараттарды таңдау мақсатында ҒЗТКЖ саласындағы ұлттық күшті өлшеуге негізделген.
      7. Ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалған ішкі шығыстар өзімен әрбір секторға қаржылық қаражат көзі немесе оның меншігіне қарамастан ҒЗТКЖ мақсаттарына жұмсалған жалпы жиынтық шығыстарды білдіреді. Адами ресурстар көрсеткіші ҒЗТКЖ-мен айналысатын персоналдың (зерттеуші-мамандар) толық қамтылу баламасын есепке алу арқылы есептеледі.
      8. Ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалған шығындар ішкі және сыртқы шығындар болып бөлінеді.
      9. Ішкі шығындар деп ҒЗТКЖ-ға белгілі бір кезең ішінде қаржыландыру дереккөзіне тәуелсіз, сондай-ақ кәсіпорын немесе экономикалық сектор ішінде орындалған, ағымдағы және күрделі шығындарды қамтитын ішкі ҒЗТКЖ-ны (ҒЗТКЖ-ға жабдықтарды сатып алу) қамтамасыз ету үшін ҒЗТКЖ-ға жұмсалған шығындар саналады.
      Ағымдағы шығындарға еңбекақы төлеуге жұмсалған шығындар мен өзге де ағымдағы шығындардың жиынтығы кіреді.
      10. Күрделі шығындарға статистикалық бірліктердің ҒЗТКЖ-да пайдалану үшін алынған негізгі құрал-жабдықтарына жұмсалған жыл сайынғы шығындары жатады. Олар толығымен өздері өндірілген кезеңге енгізіледі және амортизацияны есептеуге қатыспайды. Бұл ретте ҒЗТКЖ-ға ішкі шығындарынан ғимараттың, құрылғылар мен жабдықтардың тозуына нақты немесе жоспарланған шығардан алынып тасталынады.
      11. Есептерде көрсетілген шығындар сыртқы шығындар деп, яғни кәсіпорын немесе экономика секторы басқа кәсіпорынға немесе экономика секторына белгілі бір кезеңге ҒЗТКЖ-ны орындау үшін төлеген немесе төлеуге міндетті шығындар есептеледі. Соның ішінде басқа да кәсіпорындармен орындалған және ҒЗТКЖ-ны орындау үшін ұсынылған басқа да қаражаттарымен ҒЗТКЖ-ның шешімдерін алу
      12. ҒЗТКЖ-ға жұмсалған шығындарды қаржыландыру көзі.
      Ұлттық тәжірибеде мемлекеттік бюджеттен ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті қаржыландыру келесі нысандарда жүзеге асырылады: базалық қаржыландыру, гранттық қаржыландыру, бағдарламалық-мақсаттық қаржыландыру.
      13. Кәсіпорындардың зерттеуге және әзірлеуге арналған барлық қаражаттары жеке қаражатқа және басқа кәсіпорындарға алынған қаражатқа бөлінеді. Зерттеуге және әзірлеуге арналған ішкі шығындарды қаржыландыру көзі қызмет секторлары бойынша, кәсіпорындар типтері бойынша жіктеледі.
      14. Ғылыми-зерттеуге және әзірлемелерге ішкі шығындарды қаржыландыру көздеріне құрамына:
      1) меншікті қаражат;
      2) республикалық бюджет қаражаты;
      3) жергілікті бюджет қаражаты;
      4) шетелдік инвестициялар;
      5) өзге де қаражат кіреді.
      15. ҒЗТКЖ іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстары (ҒЗЖ), қолданбалы ҒЗЖ және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ТКЖ) қамтиды.
      16. Ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер мынадай ғылым салалары мен тауар салалары бойынша жіктеледі:
      1) жаратылыстану ғылымдарына кіреді: астрономия, бактериология, биохимия, биология, ботаника, химия, информатика, энтомология, геология, геофизика, математика, метеорология, физикалық география, минералогия, физика, зоология және басқа шектес пәндер;
      2) инженерлік және техникалық ғылымдарға кіреді: азаматтық техника, электротехника, электроника, басқа да инженерлік ғылымдар (химия, механика, металлургия, авияция және ғарыш, материалдарды құру);
      3) медициналық ғылымдарға кіреді: жалпы медицина, клиникалық медицина, денсаулық туралы ғылым;
      4) ауыл шаруашылығы ғылымдарына кіреді: агрономия, мал шаруашылығы, балық аулау, орман шаруашылығы, бақ өсірушілік, ветеринария және басқа да шектес салалар;
      5) әлеуметтік ғылымдарға кіреді: психология, экономика, білім беру ғылымы, басқа да әлеуметтік ғылымдар (антропология және этнология, демография, география, менеджмент, заңтану, лингвистика, саясаттық ғылым);
      6) гуманитарлық ғылымдарға кіреді: өнер (өнер тарихы мен өнер сыны), тілдер (көне және қазіргі тілдер мен әдебиет), философия, көне тарих пен көмекші тарихи пәндермен – археология, нумизматика, палеография, дін, осы топқа кіретін пәндерге қатысты осы гуманитарлық және пәнаралық, әдіснамалық, тарихи және басқа да ғылыми-техникалық қызметке қатысты басқа да салалар мен пәндер.
      17. Ғылым статистикасы бойынша көрсеткіштерді қалыптастыру кезінде әкімшілік көздердің деректері қолданылады: халықаралық аренада Қазақстан Республикасының ғылымды дамытудағы орнын көруге мүмкіндік беретін Web of Science ақпараттық өнімдері деректерінің негізінде есептелген библиометрия көрсеткіштері.

3-параграф. ҒЗТКЖ статистикасы
бойынша зерттеулерді өткізу ерекшеліктері

      18. Ғылыми қызметті жүзеге асыратын кәсіпорындарға зерттеу жүргізу кезінде ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді жүзеге асыратын кәсіпорындар мен ұйымдар статистикалық бірліктер ретінде қызмет атқарады.
      ҒЗТКЖ статистикасы саласындағы көрсеткіштерді зерттеу, зерделеу және талдау жылдық зерттеу нәтижелері бойынша қалыптастырылған «панель» негізінде (есепті жылда ҒЗТКЖ-ға жоспарланып отырған шығындар туралы сауалға оң жауап қайтарған кәсіпорындар бойынша) жасалады. Бұл «панельді» алу үшін ғылым статистикасы бойынша статистикалық нысанға қосылған сауалдарға сәйкес респондент келесі жылы ҒЗТКЖ-ны өткізуді жоспарлағаны туралы ақпаратты және келесі жылы ҒЗТКЖ-ға жоспарлаған шығындарды міндетті түрде көрсетеді.
      19. Зерттеуге қызмет түріне және есепті кезеңде ҒЗТКЖ-ға шығындары болған кәсіпорынның мөлшеріне қарамастан әлеуетті кәсіпорындар қатысады. Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылар әкімшілік дереккөздерінің тізімі «панельдің» дереккөзі болып табылады.
      20. Ғылым статистикасы бойынша статистикалық нысанды сондай-ақ экономикалық қызмет түрлері «ғылыми зерттеулер және әзірлемелер» және «жоғары білім» болып табылатын кәсіпорындар толтырады.
      ҒЗТКЖ инновация болғандықтан, инновация статистикасы бойынша жалпымемлекеттік статистикалық байқаудың есеп берген кәсіпорындары статистикалық нысан бойынша «панельді» анықтаудың басқа дереккөзі болып табылады.
      21. Статистикалық байқаумен кәсіпорындарды қамтуды қамтамасыз ету үшін және ҒЗТКЖ статистикасы деректерінің салыстырымдылығын қамтамасыз ету үшін халықаралық деңгейде Еуропалық кауымдастықтың NACE REV.2, экономикалық қызмет түрлерінің жіктелімі ұлттық деңгейде – экономикалық қызмет түрлерінің номенклатурасы қолданылады.

4-параграф. ҒЗТКЖ статистикасының көрсеткіштері

      22. ҒЗТКЖ саласындағы статистикалық байқаудың негізгі көрсеткіштеріне:
      1) зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалған ішкі және сыртқы шығындар;
      2) зерттеулер мен әзірлемелерге жүмсалған ішкі шығындарды қаржыландыру көздері;
      3) ғылыми-зерттеу және жобалау-конструкторлық бөлімшелердің саны;
      4) ғылыми зерттеулерді және әзірлемелерді орындаған қызметкерлердің саны жатады.
      23. ҒЗТКЖ-ны орындайтын ғылым қызметкерлері және басқа да персонал санаттары бойынша персоналдың саны туралы деректер жиналады. Персоналдар саны бөліністе жиналады:
      1) жынысы бойынша;
      2) жасы бойынша.
      Жасы бойынша деректерді ұсынуға арналған санаттар:
      1) 25 жасқа дейін;
      2) 25 – 34 жас;
      3) 35 – 44 жас;
      4) 45 – 54 жас;
      5) 55 – 64 жас;
      6) 65 жас және одан жоғары.
      ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын шығындардың ЖІӨ-ге қатынасы бойынша үлесі келесі формула бойынша есептеледі:

      

      мұндағы:
        ЖІӨ-дегі ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын шығындардың үлесі;
      ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын жалпы ішкі шығындар (GERD);
      жалпы ішкі өнім.
      24. ҒЗТКЖ статистикасы көрсеткіштерінің мониторингінде ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді орындайтын қызметкерлердің санын сипаттайтын көрсеткіш үлкен мәнге ие. Персонал туралы деректер тікелей ҒЗТКЖ саласындағы қызметке тікелей жұмсалатын ресурстарды бағалауға мүмкіндік береді. Ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді орындайтын қызметкерлер санына зерттеу мамандары, техникалық персонал және басқа да мамандар жатады.
      25. ҒЗТКЖ статистикасы бойынша зерттеу персоналдар саны туралы деректерді жинау үшін неғұрлым қолайлы құрал болып табылады. ҒЗТКЖ бірнеше адамның негізгі (ҒЗТКЖ зертханаларының қызметкерлері) немесе қосалқы (құрастырушы және сынақтан өткізу мекемелерінің қызметкерлері) функциясы болып табылады. Оларда жұмыспен жартылай қамтылған адамдар (жоғарғы оқу орындарының оқытушылары немесе дипломнан кейінгі оқыту оқушылары) қатысады. Негізгі функциясы ҒЗТКЖ болып табылатын адамдарды ғана есептеу ҒЗТКЖ-ға жұмсалған күштің толық бағаланбауына алып келеді, ҒЗТКЖ-ға ғана өз уақытының бір бөлігін ғана жұмсайтын тұлғаларды ғана есептеу асыра бағалауға әкеледі. Сондықтан ҒЗТКЖ-ға тартылған қызметкерлер санын ҒЗТКЖ саласындағы қызмет бойынша толық жұмыспен қамтылу баламасында да көрсеткен жөн.
      26. «Толық қамтылу баламасы» (бұдан әрі – ТҚБ) көрсеткіші көрсетілген уақыт кезеңінде толық жұмыс күні жұмыспен қамтылған қызметкердің ғылыми-зерттеу қызметіне жұмсаған сағат санын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл көрсеткіш республика бойынша, облыстар, астана және республика бөлінісіндегі қалалар, кәсіпорындардың ғылыми қызметін зерттеу негізінде жылына бір рет ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді орындаған қызметкерлер персоналының санаты бойынша қалыптастырылады. ТҚБ-ны есептеуде жалпы емес, кез келген персонал санатының ҒЗТКЖ-ны орындаған әрбір қызметкері бойынша пайыз ескеріледі.
      Толық жұмыспен қамтылудың бір баламасы адам/жыл ретінде қарастырылады. Уақытының 30%-ын ҒЗТКЖ-ға, ал қалған уақытын басқа қызмет түрлеріне (оқыту, жоғарғы оқу орындарының оқытушылық жұмысы, студенттерге кеңес беру) арнаған адам 0,3 ТҚБ ретінде қарастырылады. Сәйкесінше егер ҒЗТКЖ толық жұмыспен қамтылған қызметкер ҒЗТКЖ бөлімшесіне алты айға ғана жұмысқа қабылданса, бұл 0,5 ТҚБ береді. Персоналды бағалау үшін ҒЗТКЖ-да адам/жыл саны шығындар бойынша ұсынылған деректер үшін, сол кезең үшін де қолданылады.
      Мысалы:
      Ұйымда 10 адам негізгі жұмысынан басқа ҒЗТКЖ-мен айналысады.
      Бұл ретте ҒЗТКЖ-ға кеткен жұмыс уақыты төмендегідей бөлінеді: күніне 3 адам 3 сағаттан, 5 адам 4 сағаттан, 2 адам 2 сағаттан.
      Сәйкесінше ҒЗТКЖ-ға кеткен жалпы сан төмендегідей:
      (3 адам.*3 сағат)+(5 адам*4 сағат)+(2 адам*2 сағат) = күніне 33 сағат болады.
      Қорытындыда күніне 10 қызметкер ҒЗТКЖ-ны орындауға 33 сағатты жұмсады. Нәтижесінде әрбір адам бір күнде ҒЗТКЖ-ны орындауға (33 сағ./10 адам) = 3,3 сағат жұмсады.
      Сәйкесінше жыл ішінде ҒЗТКЖ-ға кеткен уақыт 7326 сағатты құрайды.
      (3,3 сағ *10 адам* жыл ішіндегі жұмыс күнінің саны (222 күн)).
      Барлық жұмыстқа кеткен барлық уақыт 17760 сағат (10*8*222). ҒЗТКЖ-ға кеткен уақыт шығынының барлық жұмысқа кеткен қатынасы бізге 0,41 ТҚБ-ны (7326/17760= 0,41 ТҚБ) береді.
      Бұдан әрі адам/жылда қанша ТҚБ болатынын анықтаймыз – 0,41*10=4,1 адам/ жыл.
      Бұл есептеуді республика мен өңірлердің ТҚБ-сын есептеуге қатысты пайдалануға болады.

3-тарау. Инновация статистикасын қалыптастыру

1-параграф. Инновация статистикасы бойынша статистикалық
байқауды жүргізудің ерекшеліктері

      27. Осы кәсіпорын үшін маркетингінің немесе ұйымның өнімі, үдерісі, әдісі жаңа (немесе едәуір жақсартылған) болу талабы инновацияның ең төменгі белгісі болып табылады.
      28. Инновациялық кәсіпорындар өз күштерімен инновацияны қалыптастыратын немесе басқа да кәсіпорындармен бірлескен кәсіпорындарға бөлінеді.
      29. Инновациялық кәсіпорындар жүзеге асырылған инновация типтері бойынша бөлінеді: біреулері жаңа өнімді немесе процессті игерді, басқалары – маркетингтің жаңа тәсілін, үшіншілері – ұйымдық өзгерістерді жүзеге асырды.
      30. Өндіріске енгізушілік инновацияның ортақ белгісі болып табылады. Өнім нарыққа шығарылған кезінде өнім жаңа және жетілдірілген болып енгізіледі. Кәсіпорнының қызметінде шынайы қолданыла бастаған уақыттан бастап жаңа өндірістік үдерістер, маркетинг әдістері немесе кәсіпорындық әдістер енгізілген болып табылады.
      31. Ұлттық деңгейдегі байқау мақсаты кәсіпорынның инновациялық қызметін сипаттайтын көрсеткіштерді жинау мен талдау болып табылады. Инновация статистикасының көрсеткіштерін зерттеу және зерделеу Қазақстан Республикасының барлық аумағында жүргізілетін жаппай (жыл қорытындысы бойынша) статистикалық байқаудың негізінде жүзеге асырылады.
      Инновациялық зерттеулерді жүргізу кезінде салғастырымдылығы қамтамасыз ету үшін байқау кезеңінің ұзақтығы үш жылды құрайды.
      32. Инновациялық зерттеулерде кәсіпорындар әртүрлі жіктелімдерге сәйкес бөлінеді. Маңызды жіктелімдік критерий статистикалық бірліктердің негізгі экономикалық қызметі болып табылады.
      33. Кәсіпорынның өлшемін анықтау үшін қызметшілер саны бойынша көрсеткіш қолданылады. Зерттеулер жүргізу кезінде бас жиынтыққа персоналының саны 10 адамнан асатын статистикалық бірліктер қосылады.
      34. Кәсіпорындардың инновациялық қызметін зерттеу кәсіпорынның барлық шағын, орта және ірі өлшемділіктерін қамтиды. Статистикалық бизнес тіркелім және кәсіпорындар қызметінің түрлеріне сәйкес ірі және орта кәсіпорындар – жалпы әдіспен, ал жұмыс істейтіндер саны 10-нан асатын шағын кәсіпорындар іріктемелі әдіспен зерттеледі. Шағын кәсіпорындардың іріктемелі жиынтығы республикадағы барлық қызмет істейтін шағын кәсіпорындардың 30%-ын құрайды.

2-параграф. Инновациялар статистикасы бойынша негізгі
көрсеткіштер

      35. Инновациялар статистикасы бойынша негізгі көрсеткіштерге:
      1) инновациясы бар кәсіпорындар саны;
      2) инновация саласындағы белсенділік деңгейі;
      3) инновациялық өнім көлемі;
      4) сатылған инновациялық өнімнің көлемі;
      5) қаржыландыру көздері бойынша технологиялық инновацияларға шығындар;
      6) ұйымдастырушылық инновациясы;
      7) маркетингілік инновация;
      8) жаңа технологиялар және техника объектілерін құрған кәсіпорындар саны;
      9) құрылған жаңа технологиялар және техника объектілерінің саны;
      10) жаңа технологиялар мен техника объектілерін пайдаланған кәсіпорындар саны;
      11) пайдаланылған жаңа технологиялар және техника объектілерінің саны жатады.
      36. Кәсіпорындардың инновациялық қызметінің негізгі көрсеткіштерінің бірі «инновация саласындағы белсенділік деңгейі» көрсеткіші болып табылады.
      Зерттеу кезінде жалғасын табатын және тоқтатқан инновацияны қоса алғанда инновациялық белсенділік көрсеткен кәсіпорын инновациялық-белсенді кәсіпорын болып табылады. Зерттеу жүргізу кезеңінде инновацияларды құрумен байланысты қандай да бір қызметті жүргізген, бұл қызмет инновациялардың нақты пайда болуына әкелген, әкелмегеніне қарамастан кәсіпорын инновациялық-белсенді кәсіпорын болып саналады.
      37. «Инновациялар саласындағы белсенділік деңгейі» көрсеткіші республика бойынша, облыстар бөлінісінде, астана және республикалық маңызы бар қалалар, сондай-ақ салалар бойынша кәсіпорындардың инновациялық қызметін зерттеу негізінде жылына бір рет қалыптастырылады. Осы көрсеткіш инновациялық тұрғыдан белсенді, яғни инновациялық қызметтің қандай да бір түрімен айналысатын кәсіпорындар санының жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жалпы санына арақатынасымен және оны 100-ге көбейту арқылы анықталады:

      

      мұндағы:
      инновация саласындағы белсенділік деңгейі;
      инновациясы бар кәсіпорындар саны;
      жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жалпы саны.
      38. Шаруашылық жүргізуші субъектілердің инновациялық қызметіне қажетті қаржы құралдарын анықтау үшін инновацияны енгізуге жұмсалған шығындардың жіктелімі қарастырылған. Инновациялық үдерістерге жұмсалған шығындарға ағымдағы және күрделі шығындар жатады.
      39. Ағымдағы инновациялық шығындар еңбекақы және өзге де ағымдағы шығындардан тұрады.
      40. Инновацияға кеткен күрделі шығындар жер учаскелері мен ғимараттар, құралдар, бағдарламалық қамтамасыз етілімге кеткен шығындардан құралады.
      41. Технологиялық инновацияларға жұмсалған шығындар туралы деректер есепті жылға есепке алынады, сонда да инновациялық үдеріс қандай кезеңде екендігінің маңызы жоқ.
      42. Технологиялық инновацияларға жұмсалған күрделі және ағымдағы шығындар инновациялық қызмет түрлері бойынша бөлінеді.
      43. Инновацияларға жұмсалатын шығындар қаржыландыру көзіне байланысты бөлінеді:
      1) меншікті қаражат;
      2) республикалық бюджет қаражаттары;
      3) жергілікті бюджет қаражаттары;
      4) шетел инвестициялары;
      5) өзге де құралдар.
      44. Егер талдау үшін кәсіпорын туралы қосымша экономикалық ақпарат қажет етілсе, онда инновациялық зерттеулердің деректерін басқа ақпарат көздерінен алынған деректермен қосу қажет. Статистикалық зерттеулер жүргізу кезінде қамтудың толықтығын қамтамасыз ету және статистикалық ақпараттың сапасын арттыру мақсатында кәсіпорындарға мониторинг жүргізу үшін статистикалық бизнес-тіркелімнің және әкімшілік дереккөздердің статистикалық деректері қолданылады. Әкімшілік дереккөздерден алынатын ақпарат статистикалық бизнес-тіркелімнің деректерімен қатар инновация статистикасы бойынша есеп беретін кәсіпорындардың тобын анықтауға қосымша мүмкіндік береді.

3-параграф. Патенттер статистикасы

      45. Ұлттық деңгейдегі патенттер статистикасы бойынша деректердің негізгі көздері әкімшілік көздердің деректері болып табылады.
      46. Патенттер статистикасы бойынша негізгі келесі көрсеткіштер қалыптастырылады:
      өнеркәсіптік меншік объектілері бойынша алынған қорғау құжаттарының саны:
      1) өнертабысқа арналған патент;
      2) пайдалы модельге арналған патент;
      3) өнеркәсіптік үлгіге арналған патент;
      4) тауарлық белгілерін және қызмет көрсету белгісін тіркеу;
      5) селекциялық жетістіктерге арналған патент.