Кепілдік беру туралы шарт жасасу үшін тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының жобасы бойынша құжаттарды қарау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 30 қыркүйектегі № 432 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 7 қазанда № 14312 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұйрық 10.10.2016 ж. бастап қолданысқа енгізіледі

       "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" 2016 жылғы 7 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Кепілдік беру туралы шарт жасасу үшін тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының жобасы бойынша құжаттарды қарау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықтың көшірмесін баспа және электронды түрде ресми жариялауға мерзімді баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрілігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шараларды орындау туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2016 жылғы 10 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының


Ұлттық экономика министрі

Қ. Бишімбаев


  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2016 жылғы 30 қыркүйектегі
№ 432 бұйрығымен
бекітілген

Кепілдік беру туралы шарт жасасу үшін тұрғын үй
(тұрғын ғимарат) құрылысының жобасы бойынша құжаттарды қарау
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Кепілдік беру туралы шарт жасасу үшін тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының жобасы бойынша құжаттарды қарау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" 2016 жылғы 7 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес (бұдан әрі – Заң) әзірленді және Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорынан (бұдан әрі – Кепілдік беру қоры) кепілдік алу тәсілімен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру кезінде кепілдік беру туралы шарт жасасу үшін тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының жобасы бойынша құжаттарды қарау тәртібін регламенттейді.

      2. Кепілдік беру қорынан кепілдік алу тәсілімен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру кезінде Құрылыс салушы мен Уәкілетті компанияға қойылатын талаптар осы Заңның 8-бабында айқындалған.

2-тарау. Кепілдік беру қорының Құрылыс салушы мен Уәкілетті
компанияның өтінімдерін қабылдауы және есепке алуы

      3. Құрылыс салушы мен Уәкілетті компаниядан құрылыс жобасы бойынша өтінімі осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қабылданады.

      4. Кепілдік беру қорының интернет-ресурсында көрсетілген Кепілдік беру қорының жеткілікті капиталы нормативтің шекті мәніне жеткен жағдайды қоспағанда, Кепілдік беру қоры өтінімдер қабылдауды тұрақты негізде жүзеге асырады.

      5. Құрылыс салушы мен Уәкілетті компания өтінімге осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес Құжаттар тізбесін қоса береді.

      6. Өтінімді қарау мерзімі Құрылыс салушы мен Уәкілетті компания кепілдік беру туралы шарт жасасу туралы өтініш берген күннен бастап он бес жұмыс күнінен аспауы тиіс.

      Қаралып отырған өтінім бойынша ескертулер болған кезде, Кепілдік беру қоры ескертулерді жою үшін бес жұмыс күнінен аспайтын мерзім белгілей отырып, тиісті құжаттарды екі рет қана пысықтауға жібере алады. Бұл ретте, өтінімді қарау мерзімі тоқтатыла тұрады.

3-тарау. Кепілдік беру қорынан кепілдік алу тәсілімен тұрғын үй
құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру кезінде Құрылыс салушы
мен Уәкілетті компанияның өтінімдерін қарау тәртібі

      7. Кепілдік беру қорының өтінімді қарауы:

      1) 2-қосымшада көрсетілген құжаттардың тізбесіне сәйкес тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының жобасы бойынша ұсынылған құжаттардың толықтығын тексеру;

      2) өтінімді тіркеу және тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының жобасы бойынша ұсынылған құжаттарды талдау;

      3) кепілдік беру туралы шарт жасасу не жасасудан уәжді түрде бас тарту туралы шешім қабылдау кезеңдерін көздейді.

      8. Кепілдік беру қорының кепілдік беру туралы шарт жасасу не жасасудан уәжді түрде бас тарту туралы шешімі ұсынылған құжаттарды талдау нәтижелеріне негізделеді.

      9. Тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының жобасы бойынша құжаттарды талдау қаржылық және заңдық бағалауды қамтиды.

      10. Қаржылық бағалау:

      1) қаржылық есептілікті талдауды, Уәкілетті компанияның және Құрылыс салушының қаржылық жағдайын сипаттайтын негізгі көрсеткіштерді есептеуді;

      2) жобаны қаржыландыру көздерін талдауды;

      3) уәкілетті компанияның баға саясатының барабарлығын талдауды;

      4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкес құрылысы аяқталмаған объектідегі орындалған жұмыстарды салыстыруды көздейді.

      Жұмыстардың орындалған көлемдері өлшенгеннен және инжинирингтік компания зертханалық зерттеулерсіз монтаждалған конструкцияларды ақаулықтардың бар-жоғы тұрғысынан зерттегеннен кейін Актілер бойынша орындалған жұмыстарды объектіде іс жүзінде орындалған жұмыстармен салыстыру жүргізіледі;

      5) құрылысты аяқтау үшін қажетті жұмыстардың толықтығын бағалауды;

      6) құрылыс бюджетінің (сметасының): құрылыстың көлемі мен құнының негізділігін талдауды көздейді.

      11. Заңдық бағалау және жоба бойынша құқықтық, беделділік тәуекелдердің болуын (болмауын) анықтау:

      1) Құрылыс салушының, Уәкілетті компанияның құқық белгілейтін құжаттарын шолу;

      2) корпоративтік басқару туралы құжаттарды, алқалы басқару органдарының шешімдерін және Уәкілетті компанияның негізгі сенімхаттарын шолу;

      3) Уәкілетті компанияның осы Заңның 35-бабына сәйкес сенімгерлік басқаруға берілуі болжанып отырған мүлкіне құқық белгілейтін құжаттарды талдау;

      4) Уәкілетті компанияның жарғылық капиталын қалыптастыру заңдылығын, қатысушылар (акционерлер) туралы мәліметтерді, Уәкілетті компанияның үлестес тұлғалары туралы мәліметтерді талдау;

      5) Уәкілетті компания мен мердігердің (бас мердігердің) қажетті рұқсат беру құжаттарының болуы;

      6) Уәкілетті компанияның мердігермен (бас мердігермен) жасасқан құрылыс мердігерлік шартының негізгі ережелерін талдау;

      7) мүліктік сипаттағы орындалмаған сот талқылауларының болуы немесе болмауын зерделеу арқылы жүргізіледі.

      8) ресми түрде танылған көздерден салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешектерінің болуы (не болмауы) туралы Уәкілетті компания, Құрылыс салушы туралы ақпаратты зерделеу арқылы жүргізіледі.

      12. Өтінімді қарағаны үшін Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнама нормаларының талаптарына сәйкес Кепілдік беру қорының шешімімен бекітілетін мөлшерде Кепілдік беру қорының банктік шотына аудару жолымен біржолғы комиссия алынады. Өтінімді қарағаны үшін алынған комиссия қайтаруға жатпайды.

4-тарау. Кепілдік беру туралы шешім

      13. Кепілдік беру қоры кепілдік беру туралы шарт жасасудан мынадай негіздер бойынша:

      1) Құрылыс салушының, Уәкілетті компанияның Заңда белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;

      2) Құрылыс салушының, Уәкілетті компанияның мынадай шарттарды уақтылы жасаспауы:

      Уәкілетті компания мен Кепілдік беру қоры арасындағы құрылысы аяқталмаған объектімен бірге жер учаскесін кепілге қою шарты;

      Құрылыс салушы мен Кепілдік беру қоры арасындағы Уәкілетті компанияның дауыс беретін акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) кепілге қою шарты;

      Құрылыс салушы мен Кепілдік беру қоры арасындағы Уәкілетті компанияның дауыс беретін акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) сенімгерлік басқару шарты;

      Уәкілетті компания мен мердігер (бас мердігер) арасындағы құрылыс (бас) мердігерлігік шарты;

      3) салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша өтінім беру күніне 6 еселенген айлық есептік көрсеткіштен көп мөлшерде өтелмеген берешегінің болуы;

      4) Құрылыс салушыға, Уәкілетті компанияға қатысты оңалту немесе банкроттық туралы іс жүргізуді қозғау туралы сот шешімдерінің болуы;

      5) Заңға сәйкес тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысы жобасы бойынша құжаттарды тексеру нәтижелері бойынша бас тартады.

      14. Кепілдік беру туралы оң шешім қабылданған жағдайда, Кепілдік беру қоры жоба бойынша Заңның 5-бабының 8) тармақшасына сәйкес тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы уәкілетті орган бекіткен Кепілдік жарнаның мөлшерін айқындау әдістемесіне сәйкес кепілдік жарнаның мөлшерін бекітеді.

      15. Кепілдік беру қорының оң шешімі Кепілдік беру туралы шарт жасасу үшін негіздеме болып табылады.

  Кепілдік беру туралы шарт жасасу
үшін тұрғын үй (тұрғын ғимарат)
құрылысының жобасы бойынша
құжаттарды қарау қағидаларына
1-қосымша

      Нысан

      "Тұрғын үй құрылысына кепілдік

      беру қоры" АҚ Басқарма төрағасы

      _______________________________

Өтінім

      ___________________________ Сізді Кепілдік беру қорынан кепілдік алу

      (өтінім берушінің атауы)

      тәсілімен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру үшін

      "Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры" АҚ кепілдігін алу

      мүмкіндігін айқындау тұрғысынан талдау жүргізу мақсатында

      _____________________________________________________________________

      (жобаның атауын көрсету)

      жобасы бойынша құжаттар тізбесін қабылдауыңызды сұрайды.

      Осы өтінімге қоса беріліп отырған ақпарат шынайы, толық, сапалы

      және ақиқатқа сәйкес келеді.

      Кепілдік беру қорының өтінімде көрсетілген деректерді,

      сондай-ақ, Өтінім берушінің бірінші басшысы мен бас бухгалтерінің

      жеке басының деректерін жинауы мен өңдеуіне келісемін.

      ___________________________________ жалған, дұрыс емес, сапасыз және

      (Өтінім берушінің атауы)

      толық емес ақпарат ұсынғаны үшін Қазақстан Республикасының

      заңнамасында көзделген жауапкершілігі жөнінде ескертілді.

Жоба бойынша қажетті ақпарат

      1. Құрылыс салушы туралы ақпарат

Ұйымның толық атауы/


Акционерлер/қатысушылар құрамы


Құрылу күні


Заңды мекенжайы: Өңір (облыс, аудан, көше, үй, индекс, тел., электрондық поштасы)


Нақты мекенжайы: Өңір (облыс, аудан, көше, үй, индекс, тел., электрондық поштасы)


Ұйымның атқарушы органының басшысы (Т.А.Ә. (болған жағдайда), лауазымы)


Жобаны іске асыру үшін арнайы рұқсаттардың, лицензиялардың болуы



      2. Уәкілетті компания туралы ақпарат

Ұйымның толық атауы/


Акционерлер/қатысушылар құрамы


Құрылу күні


Заңды мекенжайы: Өңір (облыс, аудан, көше, үй, индекс, тел, email)


Нақты мекенжайы: Өңір (облыс, аудан, көше, үй, индекс, тел, email)


Ұйымның атқарушы органының басшысы (Т.А.Ә., лауазымы)



      1. Жоба туралы ақпарат:

Жобаның атауы


Жобаны іске асыру орны, жер учаскесі бойынша мәртебесі


Жобаны іске асыру мерзімі


Кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысымен бірге ЖСҚ болуы


Жобаның жалпы құны (мың теңге)


Жобадағы тұрғын үй құрылысының 1 шаршы метрінің құны


Жобаны қаржыландырудың болжамды құрылымы (қаржыландыру тетігі және оның параметрлері, қамтамасыз ету құрылымы және басқалары)



      Өтінімге қосымшалар (қосымшалардың тізбесі).

      Лауазымы ______________ Т.А.Ә. (болған жағдайда)

      (қолы)

      20__ жылғы "___" "__________"

      Мөр орны (болған жағдайда)

  Кепілдік беру туралы шарт жасасу
үшін тұрғын үй (тұрғын ғимарат)
құрылысының жобасы бойынша
құжаттарды қарау қағидаларына
2-қосымша

Құжаттар тізбесі

      1. Өтінім берушінің құрылтай құжаттары: Жарғы, заңды тұлғалардың - заңды тұлғаның қатысушыларының мемлекеттік тіркелуі туралы анықтама; салықтық есепке қойылғанын растайтын құжат (нотариат куәландырған көшірмелер);

      2. Өтінім берушінің жарғылық капиталының қалыптасуын растайтын құжаттар (нотариат куәландырған көшірмелер);

      3. Өтінім бергенге дейін күнтізбелік 30 күн өткен соң Өтінім берушінің салық және басқа да бюджетке және зейнетақы қорына міндетті төлемдер бойынша берешегінің болуы немесе болмауы туралы салық комитетінен анықтама;

      4. Өтінім берушінің бірінші басшысының, бас бухгалтерінің жеке куәлігінің нотариат куәландырған көшірмелері;

      5. Өтінім берушінің бас бухгалтерін тағайындау туралы бұйрық (түпнұсқа не заңды тұлғаның мөрімен расталған көшірмесі);

      6. Құрылыс салушының соңғы 2 жыл ішінде тәуелсіз аудиторлық ұйым растаған қаржылық есептілігі, қаржылық есептілік баптарының толық жазылуы (қажет болған жағдайда);

      7. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыруға құқық беретін құрылыс-монтаждау жұмыстары түрлерінің тізбесі бар құрылыс-монтаждау жұмыстарына арналған лицензия туралы мәліметтер (болған жағдайда);

      8. Құрылыс салушының құрылыс секторындағы жұмыс тәжірибесі туралы ақпарат (объектілерді пайдалануға беру актілерінің көшірмелерімен расталған тұрғын ғимараттарды, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша салу, пайдалануға берілген шаршы метрлердің саны);

      9. Жобаны жүзеге асыру үшін берілген жер учаскесі актісінің көшірмесі;

      10. Жобаны және аяқталмаған құрылысты жүзеге асыру үшін берілген жер учаскесіне ауыртпалықтардың бары/жоғы туралы уәкілетті органның анықтамасы (болған жағдайда);

      11. Банктік шоты шартының көшірмесі, Заңмен белгіленген мөлшерде құрылыс мақсатына жұмсау үшін жоспарланған ақшалай қаражаттың болуы туралы анықтама (банктік шоттан үзінді);

      12. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы туралы хабарламаның жіберілуін растайтын көшірме;

      13. Конструкциялардың беріктігіне және ғимарат пен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тұрақтылығының техникалық жай-күйі бойынша жобаны техникалық зерттеп-қарау туралы инжинирингтік компанияның қорытындысы (құрылыс басталып кеткен жағдайда);

      14. Уәкілетті компания мен мердігер (бас мердігер) арасында жасалған құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізудің бекітілген жоспары бар шарт;

      15. Уәкілетті орган бекіткен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы үлгі шарттың талаптарына қайшы келмейтін Уәкілетті компания мен үлескер арасында жасалуға жоспарланып отырған тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шартының жобасы;

      16. Өтінімді қарағаны үшін үшін комиссия төлеу туралы түбіртектің түпнұсқасы;

      17. Құрылыс жобасын қаржыландырудың бекітілген жоспары;

      18. Қағаз жеткізгіштегі кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысының көшірмесімен PDF (Portable Document Format) форматтағы электрондық жеткізгіштегі жобалау-сметалық құжаттама.