"Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің iшкi тәртiптеме қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы № 819 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 31 тамыздағы № 872 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 4 қазанда № 14283 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Қылмыстық-атқару кодексінің 16-бабы 1-тармағының 16) тармақшасына және "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 50-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің iшкi тәртiптеме қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы № 819 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9984 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 13 қаңтарда жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің iшкi тәртiптеме қағидаларында:

       3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Сотталғандарды мекемеге қабылдауды мекеме бастығының кезекшi көмекшiсi (бұдан әрі – кезекші) арнайы бөлiм мен медициналық бөлiм қызметкерлерінің қатысуымен мекеменің бақылау-өткізу пунктінде жүзеге асырады. Қызметкерлерді үстеме жұмыстарға тарту Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.";

       5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Сотталғандарды мекемеге қабылдау уақытында кезекші сотталғандардың жеке iстері бар қағаз пакеттердің тұтастығын, сондай-ақ мастикалық мөрлерінің тұтастығы мен бар-жоғын тексереді, келген сотталғандарды жеке іс құжаттарымен (жеке басын куәландыратын құжаттар, мамандығының бар-жоғы туралы куәлiк, медициналық картасы және жеке iсi бойынша басқа да құжаттар) салыстырады, келген сотталғандардың киімінің маусымға сәйкес келуін тексереді. Қағаз пакет немесе мастикалық мөр бүлінген жағдайда қарауыл бастығымен бiрлесіп акті (еркін нысанда) жасайды.

      Сотталғанның фотосуретi, сауалнамалық деректерi жеке iсi бойынша анықтамамен сәйкес келмеген, мекемеге келген сотталғандардың маусым бойынша киiмi, жеке iстерiнде құжаттары, денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытынды болмаған жағдайда комиссия осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жеке істе құжаттардың барын тексеруге арналған салыстыру актісін жасайды және оны шаралар қабылдау үшiн инстанциялар бойынша жолдайды.

      Жеке iсте сотталғанды тәртіптік изоляторға немесе жалғыз адамдық камераға қамау туралы материалдар болған жағдайда ол көрсетілген үй-жайға тәртіптік жаза өтелмеген мерзімге ауыстырылады.";

       7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Медициналық қызметкер дене жарақаттарын, тері және жұқпалы ауру белгiлерiн анықтау мақсатында сотталғандарды сыртқы қарауын өткiзедi. Дене жарақаттарын анықтау фактiсі туралы жазбаша түрде қадағалаушы прокурорға дереу хабарланады. Бұдан әрі сотталғандарды шомылдыру және толық санитарлық тазарту жүргізіледі. Бұдан кейін сотталғандар карантин бөлiмшесiне орналастырылады, онда оларға, сондай-ақ ӨББА-ға және ӨЖ-ге сотталғандарға ұзақтығы 15 тәулiкке дейiн медициналық бақылау белгiленедi, медициналық тексеру жүргiзiледi. Карантин бөлімшесінде болу кезеңінде сотталғандар жазаны өтеудің дағдылы жағдайында болады. Мекеме психологтары жаңадан келген сотталғандардың жеке басын зерделеу, оларды жаңа жағдайға бейiмдеу бойынша жұмыс жүргiзедi. Өзіне-өзi қол жұмсауға, өз денесіне қасақана қандай да бiр зақым келтіруге және басқа да заңға қайшы әрекеттерге бейiм адамдар анықталады. Зерделеу нәтижелерi бойынша жаңадан келген сотталғанның әрқайсысына психологиялық портрет жасалады, мекеменiң тиісті қызметiне олармен жұмыс iстеу бойынша ұсынымдар енгiзіледi. Осы кезеңде жұқпалы аурумен ауыратындар анықталған жағдайда, олар оқшауландырылады, мекемеде эпидемияға қарсы іс-шаралар кешенi жүргiзіледi.

      Сотталғанды карантин бөлiмшесiнен тәртіптік изоляторға, жалғыз адамдық камераға немесе медициналық санитарлық бөлімнің стационарына ауыстырған жағдайда осы үй-жайда ұсталуы карантин бөлімшесінде болу мерзіміне есептеледі.";

       9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Күдіктілерді, айыпталушыларды, сотталғандарды және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі балалар үйлеріндегі балаларды тамақтандырудың және материалдық-тұрмыстық қамтамасыз етудің заттай нормаларын және сотталғандардың киім нысандары үлгілерін, сондай-ақ Қамауға алу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден босатылатын адамдардың тұрғылықты жеріне немесе жұмысына жету үшін ақысыз жол жүрумен, тамақпен немесе ақшамен қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 қарашадағы № 1255 қаулысына сәйкес сотталғандардар киім-кешек мүлкімен, кереуетпен және төсек жабдықтарымен қамтамасыз етіледі. Жатын үй-жайында көзге көрінетін жерде сотталғандардың жатын орындарының орналасу схемасы орнатылады. Жатын орындары ауыстырылмайды және перделенбейді.

      Кереуетті жинау үлгісі осы Қағидаларға 2-қосымшада белгіленген.

      Түнгі ауысымдағы жұмыстан кейін демалып жатқандар мен төсек тартып жатқан ауруы бойынша босатылғандардан басқа сотталғандарға күн тәртіптемесімен ұйықтауға бөлінбеген уақытта жатын орындарын пайдалануға жол берілмейді.";

       15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Мекеме қызметкерлерi сотталғандармен "Сiз" деп сөйлеседі және оларды "сотталған азамат", "сотталған азаматша" деп, тегі немесе аты мен әкесінің аты бойынша атайды. Кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерде қызметкерлер сотталғандармен "сен" және "тәрбиеленушi" деп, сондай-ақ атымен де атай алады.";

       22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. Сотталғандар асханаға күн тәртібімен белгiленген сағатта таза киім мен аяқ киімде келеді.

      Тамақтану жасақ, бөлiмше, бригада бойынша асханада немесе жұмыс объектiлерiндегi тамақ тарататын үй-жайда жүзеге асырылады. Егер асхана тұрғын және өндiрiстiк аймақтардың түйіскен жерінде орналасса, жұмыстағы ауысымды тамақтандыру тұрғын аймақтағы адамдарды өндiрiсте жұмыс iстейтін сотталғандардан оқшаулауды қамтамасыз ете отырып, асханада ұйымдастырылуы мүмкін.

      Сотталғандарға асханадан азық-түліктерді және ыдыс-аяқтарды шығаруға жол берілмейді.";

       30-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "30. Тәртіпті сақтау және сотталғандардың даулы жағдайларына жол бермеу мақсатында тамақтану кезiнде асханаларда мекеме әкiмшiлiгінің өкiлдерi мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілері болады.";

       52-тармақ алынып тасталсын;

       55-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "55. Сотталғандардың мекенжайына келіп түскен сауқат, сәлемдеме және бандерольдер олардың ішіндегілерінің тiзбесi мен салмағы сәлемдемелер мен бандерольдерді беруді есепке алу журналына тіркеледі, оның нысаны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 20 тамыздағы № 536 бұйрығымен бекітілген Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдардың мінез-құлқына бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі қызметті ұйымдастыру және жете тексеру мен тінту жүргізу қағидаларында (бұдан әрі - ҚАЖ мекемелерінде ұсталатын адамдардың мінез-құлқына бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі қызметті ұйымдастыру қағидалары) көрсетілген.

      Бiр сауқаттың немесе бандерольдің ең жоғары салмағы "Пошта туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бекітілген Пошта байланысы қызметтерін көрсету қағидаларына сәйкес айқындалады.

      Бiр сәлемдеменiң салмағы бiр сауқатқа белгiленген салмақтан аспауы тиiс.";

       71-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "71. Өтiнiштер адресатқа мекемелердің әкiмшiлiгi арқылы жөнелтiледi. Олар мекеменiң арнайы есепке алу бөлiмдерiнде тiркеледi және үш тәулiктен кешiктiрiлмей адресатқа жiберiледі, ол туралы сотталғанға қолын қойдырып, хабарланады.";

       152-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "152. Сотталғандардың жеке гигиена заттарын қоспағанда, жеке заттары сақтау камераларына тапсырылады. Сотталғандарға тиесiлi темекi бұйымдары мен сiрiңке, оттықтар сақтау камераларындағы арнайы жабдықталған шкафтарда (жәшiктерде) сақталады. Сотталғандардың сақтау камераларынан заттарын және тамақ өнімдерін алуы бекiтiлген кестеге сәйкес жүзеге асырылады.";

       3-қосымшада:

      Ескертпе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ескертпе:

      1. Күн тәртiбi әр мекемеде жергiлiктi жағдайларға, күннiң ұзақтығына, жыл маусымына қарай жасалады.

      2. Егер сотталғандар өндiрiсте бiрнеше ауысыммен жұмыс iстеген жағдайда, күн тәртiбi әр ауысым үшiн жасалады.

      3. Карантин бөлiмшесiнде, жазаны өтеудiң қатаң жағдайында, жалғыз адамдық камераларда, тәртiптiк изоляторларда, уақытша оқшаулау үй-жайларында, сондай-ақ камералық ұстау жағдайларында ұсталатын сотталғандардың күн тәртiбi жеке белгiленедi.";

       6-қосымшада:

      сотталғандардың омырауға және қолға тағатын белгілері үлгілерінің сипаттамасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сотталғандардың омырауға және қолға тағатын белгілері үлгілерінің сипаттамасы

      Омырау белгiсі сотталғанның өлшемі 30х40 мм фотосуретiмен өлшемі 90х40 мм тiкбұрыш түріндегі ақ түстi материалдан дайындалады.

      Белгi жасалатын жерде баспахана бояуымен сотталғанның тегі, аты-жөні және жасақ (бөлiмше) нөмірi көрсетiледi, ал шет-шетi бойынша ені 5 мм жиек жасалады.

      Сотталғандардың қатарындағы бригадирлер және шеберлер тек жұмыс орнында ғана өлшемі 300х120 мм тiкбұрышты нысанда "Бригадир", "Шебер", "Сотталғандардың ерікті ұйымы" деген тиiстi жазулары бар байланатын шүберек тағып жүредi.

      Омырау белгiлері киiмге кеуденiң оң жағына тiгiледi, қолға тағатын белгiлер сол қолдың жеңiне тағылады.";

       8-қосымшада:

      Сотталғандардардың өздерiнде болуға, сауқаттар, сәлемдемелер мен бандерольдер арқылы және мекемелердің дүкендерiнен сатып алуға рұқсат етiлетiн заттар мен нәрселердің тізбесінде:

       1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) темекi бұйымдары, сіріңке, қолшамы және өзге де бейімделген құралдары жоқ оттықтар (кәмелетке толмаған сотталғандардан басқа);";

       9) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "9) алюминий немесе тамақ өнімдеріне арналған пластикалық негіздегі ыдыс (кружка, қасық, тәрелке), электр шәйнегі, зауытта жасалған электр су қайнатқыштар, олар жасақтың тамақтану бөлмелерінде сақталады;";

       10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "10) үстел ойындары (шашка, шахмат, домино, нард, тоғыз құмалақ);

       20) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "20) жылытуды қажет етпейтін тамақ өнімдері (қайнатуды немесе пісіруді қажет етпейтін тез дайындалатын азықтық концентраттар), шай, ерігіш кофе, құрғақ және қоюлатылған сүт, табиғи шырын, балшырын, қантсыз және спиртсіз негіздегі шәрбат, металл немесе шыны ыдыстағы емес алкогольсіз ішімдіктер;";

       23) тармақшаның орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізіледі.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;

      3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеген күнен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның мемлекеттік және орыс тілдеріндегі баспа және электрондық түрдегі көшірмелерін бір данада Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-порталында орналастыруды;

      5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шараларды орындау туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Б.Б. Бисенқұловқа және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне (Б.М. Бердалин) жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.


Министр полиция генерал-полковнигі

Қ. Қасымов