"Пошта туралы" 2016 жылғы 9 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидалар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Байланыс департаменті (В. Ярошенко):
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің интернет-ресурсында жариялауды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Ақпарат және коммуникациялар | |
министрі | Д.Абаев |
Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 29 шілдедегі № 66 бұйрығына қосымша |
Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидалар (бұдан әрі – Қағидалар) "Пошта туралы" 2016 жылғы 9 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес әзірленді және жылжымайтын мүлік объектілеріне пошта индекстерін беру тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) пошта индексi – пошта жөнелтілімiн немесе пошталық ақша аударымын жiберудi жылдамдату мақсатында жылжымайтын мүлік объектiлерiне оларды әкiмшілік-аумақтық сәйкестендіру және жүйелендіру үшін берiлетiн, мекенжайдың шартты цифрлық және әріптік белгiленуі;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық пошта операторы (бұдан әрі – Ұлттық пошта операторы) – пошта саласындағы уәкілетті органмен анықталған, осы Заңмен қарастырылған міндеттемелер жүктелген, ұлттық басқару холдингтің бақылау пакеттерін ұстанатын, акционерлік коғамның құқықтық-ұйымдастыру нысанасында жасақталған пошта операторы;
3) пошта саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – Қазақстан Республикасының аумағында өз құзыретi шегiнде пошта байланысы саласында мемлекеттiк саясатты, мемлекеттік бақылауды, үйлестіруді және реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
4) пошта операторы – Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген, пошта қызметі саласында көрсетілетін қызметтерді ұсынатын жеке немесе заңды тұлға.
2. Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру тәртібі
3. Қазақстан Республикасының аумағында пошта индекстерінің бірыңғай базасын жүргізуді Ұлттық пошта операторы осы Қағидағаларға сәйкес жүзеге асырады.
4. Пошта индексі әрбір жылжымайтын мүлік объектісіне: көп пәтерлі тұрғын ғимаратқа, жеке тұрғын үйге, тұрғын емес ғимаратқа (құрылысқа) беріледі.
Пошта индексі Қазақстан Республикасы аумағындағы жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан жерін сәйкестендіруге мүмкіндік беретін, жылжымайтын мүлік объектісінің бірегей және қайталанбайтын белгіленуі болып табылады.
5. Пошта индексі жеті таңбадан тұрады және ол былайша көрінеді:
1 (бірінші) таңба (латын әріпі) – облыс және (немесе) республикалық маңызы бар қала және астана коды;
2 (екінші) және 3 (үшінші) таңба (араб цифрлары) – облыс және (немесе) республикалық маңызы бар қала және астана ауданының коды;
4 (төртінші) таңба (латын әріпі), 5 (бесінші) таңба (араб цифры), 6 (алтыншы) таңба (латын әріпі), 7 (жетінші) таңба (араб цифры) – жылжымайтын мүлік объектісінің коды.
6. Пошта индекстері барлық түрдегі пошта жөнелтілімдерінде, алушының мекенжайында да, жіберушінің мекенжайында да көрсетілуге тиіс.
Пошта индекстерінде қысқартылған атаулар, шартты әріптер, цифрлар немесе қандай да бір таңбалар болмауы керек. Бұл ретте, осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес жазу тәртібі сақталуға тиіс.
7. Ұлттық пошта операторы орналасқан жерінің мекенжайы бар және "Мекенжай тіркелімі" ақпараттық жүйесіне енгізілген әрбір жылжымайтын мүлік объектісіне пошта индексін береді.
Қазақстан Республикасының аумағында пошта индекстерінің бірыңғай базасын жүргізуді Ұлттық пошта операторы осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырады.
8. Пошта индекстері жөніндегі деректер базасын өзектендіру мақсатында Ұлттық пошта операторы өзінің ақпараттық жүйесін "Мекенжай тіркелімі" ақпараттық жүйесімен интеграциялайды.
9. Уәкілетті органның "Мекенжай тіркелімі" ақпараттық жүйесі мен Ұлттық пошта операторының ақпараттық жүйесі арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл уәкілетті орган Ұлттық пошта операторына "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 23 мамырдағы № 298 қаулысымен бекітілген, Ақпараттық жүйені "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасын, мемлекеттік органның интернет-ресурсын ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке аттестаттаудан өткізу қағидаларына сәйкес жылжымайтын мүлік объектілерін адрестеу бойынша "Мекенжай тіркелімі" жүйесіне кіру рұқсатын беру және одан қажетті ақпаратты тапсыру тәртібімен жүзеге асырылады.
10. Ұлттық пошта операторы пошта индекстерінің бірыңғай базасының ақпараттық жүйесі жұмысының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ пошта индекстерінің бірыңғай базасына кіруді бақылауды жүзеге асырады.
11. Ұлттық пошта операторы және пошта операторлары пошта жөнелтілімдерін жіберуді жүзеге асыру үшін пошта қызметінде пошта индекстерін пайдаланады.
Ұлттық пошта операторы жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының пошта индекстерінің бірыңғай базасына кіру мүмкіндігін уәкілетті органның Интернет-ресурсында және (немесе) меншікті www.postcode.kz веб-сайтында пошта индекстерін орналастыру арқылы ақысыз негізде ұсынады.
12. Ұлттық пошта операторы жергілікті атқарушы органдарға әрбір жылжымайтын мүлік объектісіне берілген пошта индекстері туралы ақпаратты жібереді немесе жергілікті атқарушы органдарға Интернет желісі арқылы әрбір жылжымайтын мүлік объектісіне берілген пошта индекстері туралы анықтамалық мәліметті базаға ашық кіру мүмкіндігін ұсынады.