Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу туралы үлгілік шартты, сондай-ақ оны жасасу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің м.а. 2016 жылғы 27 шілдедегі № 343 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 16 тамызда № 14108 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Жаңартылатын энергия көздерiн пайдалануды қолдау туралы" 2009 жылғы 4 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 9-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу туралы үлгілік шарты;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу туралы үлгілік шартты жасасу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздері департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интернет-порталында орналастыруды.

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
міндетін атқарушы
М. Мырзағалиев

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
міндетін атқарушысының
2016 жылғы 27 шілдедегі
№ 343 бұйрығына
1-қосымша

Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу туралы үлгілік шарт

      ___________________________ "___"________________20__ж.

      (шарттың жасалған орны)

      Бұдан әрі Энергия беруші ұйым деп аталатын

      _____________________________________________________________________

      (ұйымның толық атауы)

      атынан ______________________________________негізінде әрекет ететін

      _________________________________________________________бір тараптан

      (лауазымы, Т.А.Ә.)

      және бұдан әрі Энергия өндіруші ұйым деп аталатын

      _____________________________________________ негізінде әрекет ететін

      (ұйымның толық атауы)

      ____________________________________________________ екінші тараптан,

      (лауазымы, Т.А.Ә.)

      бірлесіп Тараптар деп аталатындар төмендегі туралы осы Шартты (бұдан әрі – Шарт) жасады.

1. Шартта пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      1. Шартта мынадай негізгі анықтамалар пайдаланылады:

      1) электр желісіне қосу – Энергия өндіруші ұйымның жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектісін Энергия беруші ұйымның электр желісіне физикалық қосу;

      2) электр желісіне қосу нүктесі – Энергия өндіруші ұйымның жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін Энергия беруші ұйымның электр желісіне физикалық қосу орны;

      3) электр желісіне қосу туралы акт – техникалық шарттардың орындалуын және электр желісіне қосуды растайтын, Тараптардың уәкілетті адамдары қол қойған құжат;

      4) техникалық шарттар – электр желілеріне қосу үшін қажетті техникалық талаптар;

      5) жүйелік оператор – орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды, басқа мемлекеттердің энергия жүйелерімен қатарлас жұмысты қамтамасыз етуді, энергия жүйесіндегі теңгерімді ұстап тұруды, жүйелік қызметтер көрсетуді және электр энергиясының көтерме нарығы субъектілерінен қосалқы қызметтерді сатып алуды, сондай-ақ электр энергиясын ұлттық электр желісі бойынша жеткізуді, оған техникалық қызмет көрсетуді және пайдалану дайындығында ұстап тұруды жүзеге асыратын ұлттық компания.

      Осы Шартта пайдаланылатын өзге де анықтамалар Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасына сәйкес қолданылады.

2. Шарттың мәні

      2. Энергия беруші ұйым Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы № 210 бұйрығымен бекітілген Электржелілік қағидаларға (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10899 болып тіркелген) (бұдан әрі – Электр желілік қағидалар) сәйкес әзірленген және берілген, желіге қосуға арналған техникалық шарттарға сәйкес Энергия өндіруші ұйымға электр желісіне қосу нүктесін ұсыну арқылы электр желісіне қолжетімділікті ұсынуға міндеттенеді.

      3. Энергия өндіруші ұйым техникалық шарттар талаптарын толық көлемде орындауға және техникалық шарттардың қолданыс мерзімі аяқталғанға дейінгі мерзімде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінің пайдалануға беруді қамтамасыз етуге міндеттенеді.

3. Тараптардың құқықтары мен міндеттері

      4. Энергия өндіруші ұйым:

      1) техникалық шарттардың талаптарын осы Шартқа сәйкес белгіленген мерзімде және толық көлемде орындауға;

      2) кешендік сынаулар басталғанға дейін жүйелік оператормен электр энергиясын желіге жіберу мен тұтынуды техникалық диспетчерлеу бойынша қызметтер көрсету шартын жасасуға;

      3) кешендік сынаулар басталғанға дейін сатып алушымен электр энергиясын сатып алу-сату шартын жасасуға;

      4) кешендік сынаулар басталғанға дейін Энергия беруші ұйыммен электр энергиясын жеткізу жөніндегі қызмет көрсету шартын жасасуға;

      5) техникалық шарттар талаптары орындалғаннан кейін, Электржелілік қағидалар талаптарына сәйкес жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісіне кешенді сынаулар жүргізуге міндетті.

      5. Энергия өндіруші ұйым техникалық шарттардың қолданыс мерзімі аяқталғанға дейін, берілген техникалық шарттардың қолданыс мерзімін ұзарту үшін Энергия жеткізуші ұйымға өтінім беруге құқылы.

      6. Энергия беруші ұйым:

      1) техникалық шарттарда көрсетілген электр желісіне қосылу нүктесін, техникалық шарттардың қолданыс мерзімі аяқталғанға дейін Энергия өндіруші ұйымға резервтеуге;

      2) Энергия өндіруші ұйым өтінім бергеннен кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде осы Шарттың талаптарын толық көлемде орындаған жағдайда, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінің қуатын беруге және электр желісіне қосуға рұқсат беруге міндетті.

      7. Энергия беруші ұйымның:

      1) техникалық шарттардың қолданыс мерзімі өткенге дейін берілген Энергия өндіруші ұйымның өтінімі бойынша, техникалық шарттардың қолданысын күнтізбелік бір жылдан аспайтын мерзімге бір реттік ұзартуға;

      2) техникалық шарттар талаптары орындалмаған жағдайда, электр желісіне қосылуға рұқсат беруден бас тартуға;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер мен (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда, Энергия өндіруші ұйымға алдын ала жазбаша хабарлап, техникалық шарттарға тиісті өзгерістер енгізуге құқығы бар.

4. Тараптардың жауапкершілігі

      8. Осы Шарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны және (немесе) тиісінше орындамағаны үшін Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Шартты бұзады.

5. Даулы жағдайды қарастыру

      9. Осы Шарттан туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешілуі тиіс.

6. Шарттың қолданыс мерзімі

      10. Осы Шарт Тараптар оған қол қойған сәттен бастап күшіне енеді және техникалық шарттардың қолданыс мерзімі аяқталғанға дейін немесе электр желісіне қосу туралы актіге қол қойылғанға дейін, бірақ қаржы-есеп айырысу орталығының жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымнан электр энергиясын сатып алу шартында көрсетілген, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың жаңа объектісін пайдалануға қабылдау туралы актіні ұсыну мерзімінен кешіктірмей, қайсысының бұрын басталатындығына қарай, қолданылады.

      11. Техникалық шарттардың қолданыс мерзімі ұзартылған жағдайда, осы Шарт талаптарына сәйкес Тараптар осы шартқа тиісті қосымша келісімді ресімдейді.

7. Шартты бұзу жағдайлары

      12. Осы шарт:

      1) Тараптардың келісімі бойынша;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда бұзылуы мүмкін.

8. Форс-мажорлық жағдайлар

      13. Тараптардың Шарт талаптарын орындамауы және (немесе) тиісінше орындамауы форс-мажорлық жағдайлар нәтижесінде болған жағдайда, Тараптар жауапкершіліктен босатылады.

      14. Тараптардың осы Шарт талаптарын орындауға еңсерілмейтін күш салдарынан, яғни аталған жағдайларда төтенше және шарасыздық жағдайлары салдарынан кедергі келтіретін оқиғалар (табиғат құбылыстары, әскери іс-қимылдар және т.б.) форс-мажорлық жағдай деп танылады.

      15. Форс-мажорлық жағдайлар әрекетіне тап болған Тарап, форс-мажорлық жағдайлардың туындау себептерін, сипатын және олардың болжамдық ұзақтығын көрсетіп, растаушы құжаттарды ұсына отырып, олардың туындау сәтінен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде екінші Тарапқа хабарлауға міндетті.

9. Шарттың өзге талаптары

      16. Тараптар, техникалық талаптарды орындау аяқталғаннан кейін және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі электр желісіне қосылғаннан кейін, осы Шарттың қосымшасына сәйкес электр желісіне қосу туралы актіге қол қояды.

      17. Энергия беруші ұйымға тиесілі объектілерде Энергия өндіруші ұйым орнатқан жабдықтардың теңгерімдік тиесілігі мәселелерін реттеу қажеттілігі болған жағдайда, Тараптар осы Шартқа тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.

      18. Тараптардың Шарттан туындайтын және өздері реттемеген қатынастары Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.

      19. Шарт екі данада, мемлекеттік және орыс тілдерінде, әрбір Тарап үшін бір данадан жасалады.

      20. Осы Шарттың барлық Қосымшалары оның ажырамас бөлігі болып табылады.

      21. Осы шартта қамтылған ақпарат құпиялы болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларды есепке алмағанда, екінші Тараптың жазбаша келісімінсіз жарияланбауы және/немесе үшінші тарапқа берілмеуі тиіс.

      22. Осы шарттың барлық өзгерістері мен толықтырулары жазбаша түрде жасалса және оларға екі Тарап та қол қойған жағдайда ғана жарамды және күшке ие болады.

      Тараптардың заңды мекенжайлары, деректемелері және қолдары

  Жаңартылатын энергия
көздерін пайдалану
объектілерін қосу туралы
үлгілік шартқа
қосымша

      актіге қол қою орны

      "___"______20__ ж.

Электр желісіне қосу туралы
АКТ

      ____________________________________________________________

      (жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінің атауы)

      Мына құрамдағы комиссия:

      ______________ _____________________

      (Т.А.Ә.) (лауазымы)

      ______________ _____________________

      (Т.А.Ә.) (лауазымы)

      ______________ _____________________

      (Т.А.Ә.) (лауазымы)

      20___ жылғы "___" __________ __________________________________ жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі 20___ жылғы "___" __________ №_______ Шарт талаптарына сәйкес, электр желісіне қосу жүзеге асырылғандығы туралы осы актіні жасады.

      Энергия беруші ұйымның өкілдері

      _________________________ ___________________

      (лауазымы, Т.А.Ә.) (қолы)

      _________________________ ___________________

      (лауазымы, Т.А.Ә.) (қолы)

      _________________________ ___________________

      (лауазымы, Т.А.Ә.) МО (қолы)

      Энергия өндіруші ұйымның өкілдері

      _________________________ ___________________

      (лауазымы, Т.А.Ә.) (қолы)

      _________________________ ___________________

      (лауазымы, Т.А.Ә.) (қолы)

      _________________________ ___________________

      (лауазымы, Т.А.Ә.) МО (қолы)

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
міндетін атқарушысының
2016 жылғы 27 шілдедегі
№ 343 бұйрығына
2-қосымша

Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу туралы үлгілік шартты жасасу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу туралы үлгілік шартты жасасу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 шілдедегі Заңының 6-бабының 9-1) тармақшасына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу туралы үлгілік шартты жасасу тәртібі мен мерзімдерін айқындайды.

      2. Жаңа немесе жұмыс істеп тұрған жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін құруды (кеңейтуді, қайта құруды) жоспарлап отырған Энергия өндіруші ұйым (бұдан әрі – Энергия өндіруші ұйым) және электр желілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері тікелей қосылатын Энергия беруші ұйым (бұдан әрі – Энергия беруші ұйым) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу туралы үлгілік шарт (бұдан әрі – үлгілік шарт) жасасады.

2-тарау. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін
қосу туралы үлгілік шартты жасасу тәртібі мен мерзімдері

      3. Тиісті объектісі жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру жоспарына енгізілген Энергия өндіруші ұйым Энергия беруші ұйымнан желіге қосуға арналған техникалық шарттарды алғаннан бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде оған жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу туралы шарт жасасуға еркін нысанда өтінім (бұдан әрі – өтінім) жолдайды.

      Өтінімге мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1) Энергия өндіруші ұйымның құрылтай құжаттары;

      2) желіге қосуға арналған техникалық шарттары;

      3) Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы № 210 бұйрығымен бекітілген Электр желілік қағидалар (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10899 болып тіркелген) (бұдан әрі – Электр желілік қағидалар) талаптарына сәйкес әзірленген электр станцияларының қуатын беру схемасы;

      4) Электр желілік қағидалардың 4-тармағына сәйкес Электр станцияларының қуатын беру схемасын келісу туралы Энергия беруші ұйым мен жүйелік оператор хаттарының көшірмелері.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 10.10.2018 № 406 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Энергия беруші ұйым өтінімді және оған қоса берілген құжаттарды алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде қарастырады. Ұсынылған құжаттар осы Қағидалардың 3-тармағының талаптарына сәйкес болмаған жағдайда, энергия беруші ұйым ұсынылмаған құжаттарды көрсетіп, Энергия өндіруші ұйымға 2 (екі) жұмыс күні ішінде тиісті хабарлама жолдайды.

      Энергия өндіруші ұйым Энергия беруші ұйымның хабарламасын алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде құжаттарды ұсынады.

      5. Энергия өндіруші ұйым осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген құжаттарды толық көлемде ұсынған сәттен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде үлгілік шартқа сәйкес Энергия өндіруші және Энергия беруші ұйымдар жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін қосу туралы шартты жасасады.

      6. Тараптар міндеттемелерді орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін қосу туралы шарт Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бұзылады.