Нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу-сату қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2016 жылғы 8 шілдедегі № 309 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 10 тамызда № 14101 болып тіркелді

Қолданыстағы

      «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 шілдедегі Заңы 9-бабының 9-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу-сату қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздері департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Энергетика министрі                        Қ. Бозымбаев

Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2016 жылғы 8 шілдедегі
№ 309 бұйрығымен  
бекітілген    

Нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу-сату
қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу-сату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және электр энергиясын нетто-тұтынушылардан сатып алу-сату тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) электр энергиясын нетто-тұтынушы (бұдан әрі – нетто-тұтынушы) – жаңартылатын энергия көздерінің аралас қондырғыларын қоса алғанда, таратушы электр желісіне қосылған және желіден электр энергиясын тұтыну көлемдері мен оған жалпы белгіленген қуаты бір жүз киловаттқа дейін беру көлемдерін бөлек есепке алу жүйелерімен жабдықталған, өзіне меншік құқығымен немесе өзге де заттай құқықпен тиесілі жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінен электр энергиясын өзінің толық немесе ішінара тұтынуын қамтамасыз ететін жеке немесе заңды тұлға;
      2) уәкілетті орган - ЖЭК пайдалануды қолдау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      3) ЖЭК пайдалану объектiсi – ЖЭК пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруге арналған техникалық құрылғылар және ЖЭК пайдалану объектісін игеру үшін технологиялық тұрғыдан қажетті және ЖЭК пайдалану объектісі меншік иесінің балансындағы, олармен өзара байланысты құрылыстар мен инфрақұрылым.
      3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге ұғымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.

2-тарау. Нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу-сату
тәртібі

      4. ЖЭК пайдалану объектілерін электр желілеріне қосу және артық электр энергиясын сату үшін нетто-тұтынушы күнтізбелік есепті жыл басталғанға дейін 45 (қырық бес) күннен кешіктірілмейтін мерзімде осы Қағидалардың қосымшасына сай нысан бойынша хабарламаны электр желілеріне қосылатын энергиямен жабдықтаушы және энергия беруші ұйымдарға ұсынады.
      5. Нетто-тұтынушы хабарламаға мынадай құжаттар мен ақпаратты:
      1) ЖЭК пайдалану объектісіне және (немесе) оның құрамындағы бөлімдерге берілген сертификаттардың нотариалдық куәландырылған көшірмелерін, сондай-ақ ЖЭК пайдалану объектісінің негізгі генерациялау жабдығының сипаттамаларын;
      2) ЖЭК пайдалану объектісін электр желілеріне қосу схемасының көшірмесін;
      3) электр энергиясын өндіру жөнінде айларға бөліп жасалған болжамды жылдық көлемдерін қоса тіркейді.
      6. Электр энергиясын сатып алу-сату шартын жасау үшін нетто-тұтынушы энергиямен жабдықтаушы ұйымға:
      жеке куәлігінің көшірмесін (жеке тұлғалар үшін);
      құрылтай құжаттарын (заңды тұлғалар үшін);
      энергия беруші ұйымдағы метрологиялық қызметтің есепке алу аспабының тарифтік кестесі көрсетілген электр энергиясын қабылдау мен оның қайтарымына арналған қос бағыттағы есепке алу аспабын бағдарламалауға берген еркін нысандағы анықтамасының көшірмесін;
      банктік деректемелерді ұсынады.
      7. ЖЭК пайдалану объектісін (объектілерді) энергия беруші ұйымның электр желілеріне қосу үшін энергиямен жабдықтаушы ұйым Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес нетто-тұтынушымен электр энергиясын сатып алу-сату шартын жасасады.
      8. Нетто-тұтынушы энергия беруші ұйымның электр желісіне оның өз жағынан шекаралық бөлікке дейін орналасқан нүктесіне ЖЭК пайдалану объектісін электр желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды алғаннан кейін қосылады.

3-тарау. Өзара есеп айырысулар тәртібі

      9. Нетто-тұтынушылар Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасымен белгіленген электр энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарын орнату талаптарын сақтайды.
      Нетто-тұтынушының қолданыстағы электр энергиясын коммерциялық есепке алу аспабын желіден электр энергиясын тұтыну көлемдері мен оған беру көлемдерін бөлек есепке алу аспабына ауыстыру қажеттілігі жағдайында энергия беруші және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйым энергия беруші ұйымның трансформаторлық қосалқы станцияларында орнатылған нетто-тұтынушының коммерциялық есепке алу аспабын ауыстыруды қоса алғанда, нетто-тұтынушыға осындай ауыстырудан бас тартпайды. Коммерциялық есепке алу аспаптарын сатып алу, орнату, ауыстыру және оны одан әрі пайдалану жөніндегі барлық шығындарды нетто-тұтынушы көтереді.
      10. Нетто-тұтынушы өзiне қызмет көрсететiн энергиямен жабдықтаушы ұйымға оның қолданыстағы тарифi бойынша, электр желiсiнен есептi кезең iшiнде өзi тұтынған электр энергиясының көлемiне, нақ сол кезең iшiнде электр желiсiне өзі берген көлемдi шегере отырып, ақы төлейдi.
      Электр желiсiне есептi кезең iшiнде нетто-тұтынушы берген электр энергиясының көлемi желiден нақ сол кезең iшiнде өзi тұтынған электр энергиясының көлемiнен асып кеткен жағдайда, қызмет көрсететiн энергиямен жабдықтаушы ұйым нетто-тұтынушы берген электр энергиясы үшін сатуға арналған өзінің қолданыстағы тарифi бойынша нетто-тұтынушыға жоғарыда аталған асып кету көлемінде ақы төлейдi.
      11. Нетто-тұтынушының желіге берген электр энергиясының көлемі желіден нақ сол кезең ішінде өзі тұтынған электр энергиясының көлемінен асып кеткен жағдайда, энергиямен жабдықтаушы ұйым электр энергиясын коммерциялық есепке алу аспабының (аспаптарының) деректеріне сай нетто-тұтынушыдан шот фактураларды (жеке тұлғалар үшін – шығыс жүктеме құжатын) және нетто-тұтынушы мен энергиямен жабдықтаушы ұйым арасында қол қойылған коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін салыстыру актісін алған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде ақы төлейді.
      12. Ақы төлеу қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы жүргізіледі.

Нетто-тұтынушылардан
электр энергиясын 
сатып алу-сату  
қағидаларына  
қосымша    

Нысан

Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін электр
желілеріне қосуға және электр энергиясының артығын сатуға
арналған хабарлама

      20__ жылғы «____» ________                        № ___
_____________________________________________________________________
  (нетто-тұтынушының толық атауы, заңды мекенжайы немесе тұрғылықты
                      мекенжайы көрсетіледі)
      «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы»
Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 шілдедегі Заңына сәйкес, Сізге
_____ _______________________________________________________________
_____________________________________________________________________
(энергиямен жабдықтаушы және энергия беруші ұйымдардың толық атауы
                           көрсетіледі)
жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін электр
желілеріне қосу және электр энергиясының артығын сату туралы
хабарлайды.
      Қоса берілген құжаттардың тізімі:
      _______________________________________________________________
      _______________________________________________________________
      ______________________________ ________________________________
(Басшы немесе уәкілетті адам, тегі, аты, әкесінің аты (болған
                       жағдайда), қолы, күні)

                          М.О. (егер болса)
Хабарламаны алды ____________________________________________________
              (тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), қолы, күні)